Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2790 0 пікір 17 Мамыр, 2012 сағат 12:50

Абай орыс қоғамына ой салды

«Абай Мәскеуде танымалдық жағынан барлық рекордқа жетті. Оның кітаптарын букинистерден табу - ерекше сәттілік. Интернетте оның шығармаларын көшіріп алу бойынша бизнес бой көтеруде» деп жазды ресейлік ақпарат құралдарының бірі. Ресейлік «Альпина нон-фикшн» баспасы Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағын жарыққа шығармақшы. Сарапшылар бұл құбылыстың сан қырлы екендігін пайымдайды.

«Абай Мәскеуде танымалдық жағынан барлық рекордқа жетті. Оның кітаптарын букинистерден табу - ерекше сәттілік. Интернетте оның шығармаларын көшіріп алу бойынша бизнес бой көтеруде» деп жазды ресейлік ақпарат құралдарының бірі. Ресейлік «Альпина нон-фикшн» баспасы Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағын жарыққа шығармақшы. Сарапшылар бұл құбылыстың сан қырлы екендігін пайымдайды.

Абай кім?
Бұл сұраққа интернеттен жа­уап іздеушілер саны соңғы уа­қытта күрт артты. Ресейлік та­ны­мал тележүргізуші Тина Кан­де­лаки осы сауалға мақала ар­нап, ақынның шығармашылығы­мен таныстырғаны үшін оппозицияға алғысын білдірсе, Иван Ургант өз хабарында «Жазғытұрымды» оқуға кірісті. Ксения Собчак Абай ескерткіші маңында «Абай мен Пушкин туралы бәрін білетін» ресейлік жазушы бар екендігін жазса, BBC мен Азаттық радиосы Абайдың портретін жасап, шы­ғармашылығын сараптай бастады. Сөйтіп, бастапқыда әлеуметтік желіде «түсініксіз қазақ» атанған ақын шетелдіктер үшін «қазақ әдебиетінің күні», «қазақ Пуш­кині», «поэзиясы ғажап ақын», «Ре­сей оппозициясының сим­волы» мен «бүгінгі фольклордың тақырыбына» айналды. Бірақ Абай туралы ізденіс қазақтың ұлы ақыны жайлы басқа тілдегі ақ­параттың тапшылығын, ресей­ліктердің, оның ішінде әйгілі қа­зақтардың өздері ақын шығар­ма­шылығынан бейхабар екенді­гін айғақтады. Мысалы, атақты әу­леттен шыққан музыкант Байғали Серкебаев Канделакиге Абайды енді оқығалы жүргенін айтса, «Ай­қын» газеті хабарласқан мәс­кеулік қазақ зиялы қауым өкілдері бұл тақырып бойынша жауап бермеді.
Ал соңғы кезде «Абай-ақ­па­рат» қорының вице-президенті Айдос Сарым әлеуметтік желілер көмегімен шетелдік әріптестеріне Абай туралы ақпарат жіберумен айналысқанын айтты. «Фейсбук жүйесі арқылы маған шығып өтініш айтқан ресейлік жол­дастарыма, таныс журналистерге Абай туралы орыс, ағылшын ті­ліндегі дерек көздерін, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің орыс тіліне аударылған нұсқаларын поштамен салумен болдым» дейді саясаттанушы. Мұның өзі «Абай туралы, жалпы еліміз ту­ралы өзге тілдердегі көңілге қо­ным­ды ақпа­рат көздерінің аз­дығын көрсетіп отыр» дейді са­рапшы.
Орыстілді «Википедиядан» Абай жөніндегі мақаланы қарау саны да өскендігін растайды «WikiBilim» қоғамдық қоры құ­рыл­тайшысы Рауан Кенжехан­ұлы. Оның ойынша, бұл оқиға екі мә­селені ескеру керектігін көр­сеткен: бірінші - интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер жаңа әлеуметтік платформаға, ықпалды тетікке айналғанын байқатқан, екіншіден, осы жағдай Абай және оның мұрасына, жалпы қа­зақы мазмұнға жаңаша қарауға түрткі болған. Ол интернетте Абай тура­лы мақалалар, деректер аз кө­рінсе, әркім Википедияға жаңа мә­ліметтерді салу арқылы олқы­лықтың орнын толықтара ала­тынын еске салады.
Ресейлік және әлемдік ақпарат құралдарындағы Абайдың шы­ғармашылығына кенеттен оянған қызығушылығы Қытайдағы қа­зақтардың да назарын аударып­ты. «Ресей жастарының Абайды «аяқ астынан» ұлықтай қалғанын Абай­ды адамзаттың ұлы ойшыл­дарының бірі ретінде танығаны деп түсінсек те, мұның астарында аталған топтың Абайдың гумани­тарлық идеясын пайдалану жағы басымдау болса керек. Былайша айтқанда, бейбіт тәсілімен би­лікке таласудың тамаша құралы ретінде қолданып отырғаны анық» деп есептейді «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясының тілшісі Қалякбар Ұсемқанұлы.


Неге Абай?

Егер ресейлік оппозициялық топтар Мәскеуде Абайдың емес, басқа ақындардың, мысалы, Пуш­­кин, Маяковский, Окуджава ескерткіші маңына жиналғанда не болар еді? Абайға қатысты «ғаламдық жарнаманың қазақ қоғамы мен билігінің салиқалы мәдени саясатының арқасында емес, Ресейдегі демократиялық күш­тердің аяқ астынан Мәскеудің ортасындағы Абай ескерткішінің жанына жиналуының нәтижесінде мүмкін болғаны ойландырады» дейді Айдос Сарым. «Дәл осы үр­діске салса, Мәскеулік оппози­цияшылар Шевченконың да, Гандидің де маңына топтасуы мүмкін еді. Сонда олардың ұраны «Оккупай Абай» емес, «Оккупай Шевченко» немесе «Оккупай Ганди» болып шығар еді. Барлық мәселе Абай ескерткішінің Кремльге жақындығынан туын­дап отыр. Егер біздерге қазақтың атын әлемге паш ету үшін біресе Боратқа, біресе Навальныйға рақмет айтумен болсақ, осындай тірлігі үшін бюджеттен қаражат алып отырған ұйымдар мен ме­кемелерді не үшін қаржыланды­рып отырмыз?!» деп орынды сауал тастайды саясаттанушы.
Дегенмен, Абайдың қазіргі Ресей қоғамында танымал бо­луының тағы бір себебі - оның идеяларының шынымен әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, тіпті, бүгінгі күнмен үндес шығуында шығар. Мәселен, әлеуметтік же­лілерде көптеген жас ресейліктер Абайдың қоғам, әділдік, адамзат туралы ұлағатты сөздерін жаппай қайталай бастады. «Олар неге Абай­ды ұлықтап жатыр? Пушкин­ін, Горькийін, Толстойын ардақ­тап, басына көтерсе, тақиясына тар келеді дейсіз бе?! Хакім Абайдың ұтқан жері де, ұтар жері де - осында» деп ойлайды Ұсем­қан­ұлы. «Абай өз еңбектерінде мо­ральдық қасиет мен қоғамдық жауапкершілікті шебер жым­дастыра білді, адамдық қасиет пен азаматтық борыштың бірдейлігін бірегей бейнелеумен қатар, әрбір азаматтың ел алдындағы, ұлт ал­дындағы өтеуге тиісті парызын философиялық жолмен пайым­дап берді. Абайдың асқақтығы - осында» деп түйіндейді Қа­лякбар Ұсемқанұлы.

Абайды қазақ біле ме?
Ресейлік және әлемдік ақпарат құралдары «абай» сілкінісінен кейін ақын жайлы телехабарлар шығарып, интернетте ақын шы­ғармаларының орысша аудар­маларына сілтемелерді жарыса жариялап, «абайтанушылар» қа­тары көбейсе, қазақстандықтар не шара жасады? Қазақтың ұлы ақынын осы бір сәтті пайдаланып, әлемге насихаттай алды ма? Осының өзінде «біраз нәрсені тындыруға болады. Біздің шағын кәсіпкерлеріміз «Оккупай Абай» деп футболка жасап шығарса, оны елде жүрген шетелдіктер де, өзіміздің азаматтар да сатып алар еді. Осындай жағдайды пайда­ланып, экрандарға Абай туралы фильмдерді, сөрелерге Абайдың кітаптарын, дискілерін көптеп шығару да мүмкін еді» деп топ­шылайды Айдос Сарым.
Дегенмен, ол соңғы оқиғаларға байланысты қазақ жастары ара­сынан екі түрлі реакцияны бай­қа­ғанын жеткізді: біразы - «Мі­неки, біз қандаймыз!» деп мақта­нумен болса, екіншілері - «Осы­ның не қа­жеті бар?!» деп күңкіл­деумен жүрген. «Тарихта кейбір кездері аяқ астынан пайда болған құ­былыстар мен оқиғалар кезде­седі. Бірақ олардың тарихқа ық­палы, олардың салдары керемет болып шығады. Сол сияқты Абай­дың орысқа, артынан әлемге та­н­ылуын біздер ең алдымен оны жаңадан, жаңаша белсенділікпен насихат­тауға, Абай мұрасын те­реңірек зерттеу үшін пайдаланып қалуы­мыз қажет» деп есептейді Са­рым. Ол үшін журналистер, са­­рап­шылар, ойшылдар Абай фе­номені хақында, ол өмір сүрген қоғам мен қазіргі қазақ қоғамы туралы ойларын ортаға көбірек салса дұрыс болар еді. «Баяғыда бір данышпан ағаларымыздың әңгімесі бар еді. Толғанып тұрған бір ағамыз: «Абай ескірмейді!» де­геніне қарап, екінші бір ке­меңгер азаматымыз: «Абай ескір­мей, қазаққа ес кірмейді!» деп әзіл­деген көрінеді. Бұл, әрине, әзіл. Бірақ бұл әзілдің астарында үлкен зіл бар екені де хақ» дейді саясаттанушы.


Абайды әлем біле ме?

Соңғы оқиғалар «Абайдың идея­сы тек қазақ халқының ақыл парасатының жауһары ғана емес, әлем халықтарына ортақ рухани байлық екенін тағы бір рет дә­лелдегенін» айтты Ұсемқанұлы. Оның айтуынша, Абай 116 ұлт­тың тіліне, оның ішінде қытай тілі­не де аударылған. «Абай жолы» эпо­пеясының өзі 1980 жылдары Үрімшідегі «Шынжаң халық баспасынан» төте жазумен жарық көріп, бүгінгі күнге дейін 5 мәрте басылып, 15 мың тиражбен та­ралған. Шыңжаң халық радио­сынан (қазақ тіліндегі) қытай қазақтарынан шыққан әйгілі диктор Мұратбек Тесебаевтың оқуындағы 80 сағаттық дыбыстық жазбасы неше мәрте таратылған. Сол дыбыстық жазба Қасым Аман­жоловтың «Анық Абайы­мен» қосылып, аудио альбом етіп жасалып, жұртқа таратылған. Оны Қытайдағы қазақтілді кез келген қазақтілді сайттардан тыңдауға болады... Тіпті, Қытай қазақтары арасында «Абайды оқымаған қазақ - қазақ емес» деген тәмсіл бар екен. Шынымен Үрім­шіде Абайдың портретін қазақ отбасыларының үйінен де, қазақ мейрамханаларынан да көру таңсық құбылыс емес. «Бұл да - біздің Абайға деген құрме­тіміздің бір көрінісі секілді» дейді жур­налист.
Дегенмен, қазіргі таңда Абай­ды, оның қара сөздері мен өлең­дерін аудару арқылы насихаттау аздық етеді деп есептейді Қа­лякбар Ұсемқанұлы. «Абайды Қазақстан өзінің рухани көсемі ретінде дүниенің түкпір-түкпіріне үгіттейтін кез жетті. Бір ғана мы­сал: Қытайдың күңзі (Конфу­ций) институты әлемнің барлық же­рінде бар. Қазақстанның өзіне де ірге теуіп үлгерді, ендеше, неге Қазақстанды, қазақ халқын на­сихаттау негізінде дүниедегі әр елден Абайтану орталықтарын ашпасқа?! Абайды және оның ақыляларын жастар жүрегіне жеткізу үшін оқушылар арасында жылына бір рет Абай шығарма­ларын тақырып еткен халық­аралық жиналыс өткізіп, осы ар­қылы жастардың идеялық жақ­тағы тұтастығын қалып­тас­тырмасқа?!» дейді Ұсемқанұлы. «Мәселе - Абай идеясының қазақ өміріндегі орнын тануда тұр» деп тұжырымдайды тілші.
Сарапшылар Абайды әлемге таныту мәселесін талқылап жат­қан осы тұста, Мәскеуде поли­цейлер әлемді дүрліктірген, «құ­нанбаевшылар» атанған қоғамдық топты Абайдың ескерткіші ма­ңынан «тазартуға» кіріскенін ха­барлады ИТАР-ТАСС. Сөйтіп, апталар бойы әлемдік ақпарат құралдары талқыға салған оқиға бір-ақ күнде саябырсып, ескерт­кіш маңында бірде-бір жан қал­маған. Енді Абайға деген қызығу­шылық алдағы күндері қазіргі­дей сақтала ма? Әлде жылдам тұтан­ған «абай» жарығы бір сәтте қайта сөне ме? Ең бастысы, ресейліктер көме­гімен өз ақынын енді ғана тани бастаған қазақтар Абайды оқып үлгере ме екен? Себебі Ай­дос Са­рым айтпақшы, «Абайдың кейіпкері емес, оның оқырманы болған заманда қазақ қоғамы анық өзгереді».

Айжан КӨШКЕНОВА

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502