Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4241 0 пікір 21 Мамыр, 2012 сағат 06:10

Байбота Қошым-Ноғай: «Сөздің сиқырына арбалып қалған адаммын»

Қазақ әдебиеті қазір қандай халде? Әлем руханиятының кеңістігінде қазақ поэзиясының орыны бар ма? Бүгінгі творчество адамын нендей жайттар толғандырып жүр? Ақын, әрі ғалым Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай осы және өзгеде сауалдарға қатысты ойын ортаға салады.

- Сіз өзіңізді ақын әрі ғалым ретінде таныттыңыз. Қайсысына көңіліңіз толады: ақындығыңызға ма, әлде ғалымдығыңызға ма?

- Ешкім де ақын боламын деп ақын болмайды. Ол адамның еркінен тыс қонатын қасиет. Мен еркімнен тыс сөздің сиқырына арбалып қалған адаммын.

Менің ешқандай ресми ғылыми дәрежем жоқ. Бірақ мені ғалым деп танитын замандастарымның бар екенін көріп әжептәуір толқимын. Шота Уәлиханов ағамыз кезіккен сайын мені кілең «ғалым-ақын» деп еркелететін. Ол кісінің әзілінде де шындықтың ұшқыны бар сияқты.

Бірнеше ғалым ғылыми диссертацияларында менің еңбектеріме сүйеніп өз пікірлерін дәйектейді екен. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Сонымен қатар қазақша «жиендік» жасайтындар да бар болып шықты...

- Шығармашылығыңызда біздің бағзылық бастауларымызға қай тұрғыдан бардыңыз?

Қазақ әдебиеті қазір қандай халде? Әлем руханиятының кеңістігінде қазақ поэзиясының орыны бар ма? Бүгінгі творчество адамын нендей жайттар толғандырып жүр? Ақын, әрі ғалым Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай осы және өзгеде сауалдарға қатысты ойын ортаға салады.

- Сіз өзіңізді ақын әрі ғалым ретінде таныттыңыз. Қайсысына көңіліңіз толады: ақындығыңызға ма, әлде ғалымдығыңызға ма?

- Ешкім де ақын боламын деп ақын болмайды. Ол адамның еркінен тыс қонатын қасиет. Мен еркімнен тыс сөздің сиқырына арбалып қалған адаммын.

Менің ешқандай ресми ғылыми дәрежем жоқ. Бірақ мені ғалым деп танитын замандастарымның бар екенін көріп әжептәуір толқимын. Шота Уәлиханов ағамыз кезіккен сайын мені кілең «ғалым-ақын» деп еркелететін. Ол кісінің әзілінде де шындықтың ұшқыны бар сияқты.

Бірнеше ғалым ғылыми диссертацияларында менің еңбектеріме сүйеніп өз пікірлерін дәйектейді екен. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Сонымен қатар қазақша «жиендік» жасайтындар да бар болып шықты...

- Шығармашылығыңызда біздің бағзылық бастауларымызға қай тұрғыдан бардыңыз?

- Мен еліміздің ежелгі тарихына қатысты өлең, балладаларыммен қатар Олжас Сүлейменов «ақындар айналысатын ғылым» деп атаған тіл білімінің этимология саласында біраз ізденістер жасадым. «Тіл ұшындағы тарих» атты ғылыми-танымдық тұтас кітап жаздым. Этимология тілдің төркінін зерттейді. Ал тілдің төркіні халықтың шығу тегін танытып, тарихтың тереңіне құлаш ұрғызады. Сондықтан бұл салада еңбектенген адам, амал жоқ, тарихшы болуға тура келеді. «Бағзылық бастауларға» барудың сыры осында жатқан шығар.

Олжекең айтқандай, расында да, этимологияға қызығушылық танытатын ақындар аз емес. Алыстан іздемей-ақ, өзіміздің Тыныштықбек (Әбдікәкімов) пен Амантайды (Шәріп) айтсақ та болады. Олардың әрқайсысы бұл салада да бір-бір ғалымның атқаратын шаруасын еңсеріп тастағанын ел біледі.

- Ақын көзімен қарап айтыңызшы, әлемнің руханият кеңістігінде қазақ поэзиясының орны бар ма?

- Қазақ поэзиясын әлем әлі тани қойған жоқ деп білемін. Адамзатқа Абай өлеңдері де әлі күнге дейін өз деңгейінде жеткен жоқ. Кеңес өкіметі тұсында біздің бірқатар ақындарымыз орыс тіліне, орыс тілі арқылы сол кездегі одақтас республикалар мен кейбір шет тілдеріне аударыла бастаған-ды. Бұл тамаша үрдіс еліміз тәуелсіздік алғалы бері жалғасын таба алмай отыр.

Тіпті қазақ оқырмандарының өзі де соңғы кездері поэзияны оқудан қалып барады. Өлең жинақтарының таралымы өте аз. Көңіл көншітпейді. Бірақ бұған қарап қазақ поэзиясы тоқырап қалды деп асығыс ой түюге болмайды, өлеңнің өсу, өркендеу үстінде екенін де аңғарамыз. Егер көркем аударма ісін, оның ішінде қазақ ақындарын шет тілдеріне түпнұсқадан аударуды шындап қолға алсақ, «әлемнің руханият кеңістігіндегі қазақ поэзиясының орнын» бағамдау қиын болмас еді.

 

- Әуезов, Мүсірепов, Тәжібаев, Ахтанов, Сүлейменов драмаларындағы, Ұлықбек, Есенғали һәм Сіз енгізген ақ өлең төл поэзиямызға қаншалықты орнықты?

- Қазақ поэзиясына ақ өлеңді Ұлықбек, Есенғали һәм мен үшеуіміз енгізгеніміз жоқ. Әдебиетіміздегі ақ өлеңнің қайнар көзі тасқа қашалған түркі жазбаларында, қазақ хандығы тұсындағы шешендік сөздерде жатыр, жазба әдебиетімізде Жүсіпбек Аймауытов шығармаларында «күйлі сөз» күйінде кезігеді. Өзің атап отырған классиктерімізден басқа бірқатар ақындар өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетімізге ақ өлеңнің әр алуан формасын алып келуге әрекет жасады. Ақын Жүсіп Қыдыров, шығармашылығын ақын болып бастаған қазіргі аға жазушыларымыз Оразбек Сәрсенбай, Дүкенбай Досжан секілді қаламгерлер қазақ поэзиясына ақ өлеңді орнықтыруға көп күш-жігер жұмсады. Бұл кезеңде Сырбай Мәуленовтен бастап Қадыр Мырза Әлиге дейін ішінара бірді-екілі ақ өлең жазған қазақ ақындары да бар еді. Бірақ ақындарымыздың бұл ізденісін мансұқ еткен атақты бір сыншымыздың солақай «ауыр соққысынан» соң поэзиямыздағы ақ өлең қатты «есеңгіреп» қалды. Алпысыншы жылдардан соң ақ өлең алаңында жанкештілікпен тек Сейсен Мұқтарұлы ғана бой көрсетті.

Тіпті ақ өлең жазудан жүрегі шайлығып қалған қазақ ақындары Уолт Уитменнің верлибрін, Исикава Такубокудың танкасын ұйқасты өлеңге түсіріп аударды. Қазақ тіліндегі тәржімелерде Батыс пен Шығыс поэзиясының иісі де қалған жоқ...

Сейсеннің өкшесін басып әдебиетке келген Ұлықбек, Есенғали, Тыныштықбек және мен «өзара келісіп алғандай» қазақ поэзиясындағы ақ өлеңнің жаңа кезеңін аяғынан тік тұруға ат салыстық-ау деймін. Қазір, шүкір, бұған әдебиеттану ғылымы да назар аудара бастады. Бұдан бірнеше жыл бұрын Айгүл Үсенова деген қарындасымыз «Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғапты. Демек, ғылымның көңілін аударған біздің әрқилы ізденістеріміздің із-тұзсыз кетпегені де. Қазір Бауыржан Қарағызұлы, Азамат Тасқараұлы тәрізді талантты жас ақындар қазақ ақ өлеңін жаңа сатыға көтеру жолында жұмыстанып жатыр. Олардың шығармашылық ізденістеріне қарап, қазақ поэзиясында ақ өлеңнің есігі айқара ашылатын күн жақындап қалғандай сезіледі маған.

- Әдебиеттің қоғамға ықпалы бар ма?

- Көркем әдебиет - ғылым емес. Саясаттың сойылын соғып та жетістірмейді. Ол қаламгердің таным-түйсігімен, көкірек көзімен адамның қалтарыс, құпиясы көп жан-дүниесін зерттейді, өзінің көркемдік-эстетикалық қызметі арқылы жаңа ұрпақтың рухын ізгілікке тәрбиелейді. Бұл - ұзаққа созылатын үдеріс. Яғни, көркем әдебиет ұлттың (адамзаттың) болашағы болып табылатын келешек ұрпақтың қалыптасуына қызмет етеді. Ал адамдар рухани жетілген сайын қоғамды өзгертуші күшке айналады.

- Әдебиеттегі өзіңізден кейінгі буын өкілдеріне көңіліңіз тола ма?

-Бір аңғарғаным, әдебиеттің басқа саласымен шұғылданатындарға қарағанда ақындар тез жетіледі екен. Олар отызға иек артқанда-ақ қалыптасып үлгереді. Қазір қазақ әдебиетін өрге сүйреп келе жатқандар ақындар деп айтуға болады. Бұл әңгіме әдеби ортада (өз арамызда деген жөн шығар) әңгіме арқауына айналып та жүреді.

Көпшілігі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болмағандықтан кітаптарын мемлекеттік тапсырыспен шығара алмай жүрген, бірақ дарыны мен қабілет-қарымын әлдеқашан танытып үлгерген Мұратхан Шоқан, Танакөз Толқынқызы, Алмас Темірбай, Құралай Омар, Азамат Тасқараұлы, Мөлдір Дарханбаева, Бауыржан Әліқожа, Динара Мәлікова, Талғат Ешенұлы, Бақытгүл Бабаш, т.б. ондаған жас ақындардың (барлығын бірдей түгендей алмағаныма ғафу өтінем) өлеңдері туралы арнайы мақалалар жазылып, салиқалы пікір айтатын уақыт келіп еді, бірақ әдеби сын жанры мен сабырлы сыншыларымыз кешігіп жатыр.

Мен шартты түрде соңғы буын аталатын осы қыз-жігіттерден үлкен үміт күтемін. Олардың біздің әдебиетімізді өрге сүйрей алатынына сенемін.

- Қазақ әлемі неден сақтанып, неге ұмтылуы керек?

- Көпке топырақ шашып отырғаным жоқ, бірақ жасы да, жасамысы да бар біздің замандастарымыздың бойын жағымпаздық дерті меңдеген, екіжүзділік пен жемқорлық өмір салтына айналып барады. Қазақ осындай мінез-құлық пен іс-әрекеттен арылу керек. Айналамызға көз тастасақ, қазақ ғылымы кенже қалып бара жатқанын пайымдаймыз. Қазақ жастары шынайы білім алуға ұмтылуы керек. Әркім қолынан келетін пайдалы іске ат салысқаны абзал. Абай атамыз: «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!» - деп күйінбеуші ме еді...

 

- Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың бейбіт сопылық ілімін жалғастырушы, мақсым Исматулла Әбдіғаппарды жылдан аса заңсыз, ал, ең бастысы, жазықсыз қудалау толастамай тұр» деп Елбасыдан араша сұраған ашық хаттарға қолыңызды қойдыңыз. Бүгінде Исматулла мақсымға қатысты соттың екінші сатысы өтті, хабардар шығарсыз. Жалпы осы дін төңірегіндегі құбылысқа және Исматулла мақсымның істі болуына бейжай қарамауыңызға не себеп болды?

- Иә, бұл соттың екінші сатысы өтіп жатқанынан әртүрлі БАҚ арқылы хабардармын. Қазіргі күні «Сопылар ісі» бойынша сотталған сегіз азамат Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр екен. Бұл азаматтарға қатысты үкімнің 2011 жылы қазанның 19-ы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында шыққанын білеміз. Сот үкіміне сәйкес, «сопылық ағымның жетекшісі» аталған Исматулла Әбдіғаппар 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Исматулла Әбдіғаппар ғана емес, ҚазҰТУ-дың профессоры Саят Ыбыраев - 12 жылға, Ербол Исабеков - 9  жылға, Ербол Рахымбаев - 8 жылға, Сайпулла Моллақанағатұлы - 8 жылға, Думан Берікбосынов - 8 жылға, Жадыра Сүлейменова - 6 жылға, Арнур Куникин - 5 жылға, Әлия Әшірқұлова - екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылыпты.

Адвокаттар алғашқы инстанцияда көптеген заң бұзу болғанын, алдын ала тергеу кезінде айыпталушыға қарсы жауап берген жәбірленушілердің «таққан дәлелдері нақтыланбағанын, кейбір жәбірленушілердің сот кезінде жауаптарынан бас тартқанын», «айыпталушы Саят Ыбыраев қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айыпталып, алты бап бойынша да кінәсі дәлелденбегенін» алдын ала тергеу кезінде Саят Ыбыраевқа қарсы жауап берген «17 жәбірленушінің төртеуі сотқа мүлде келмегенін, қалған13-інің бірде-біреуі сотта айыпталушыға қарсы жауап бермегенін» айтады.

Тіпті Алқа билер сотының бір мүшесі сот отырысына төрт рет, енді бірі екі ай бойы қатыспаған. Бірақ соған қарамастан сот үкімі шыққан кезде олар сотқа үздіксіз қатысқан алқа билер құрамында болған.

Заңгерлер осы секілді өрескел заң бұзу әрекеттері болғанын тілге тиек етіп отыр. Мұның бәрі де соттың әділдігіне күмән келтіреді. Мен әділет үстемдік құруы тиіс деп санаймын. Бұл іске бейжай қарай алмайтынымды осы тұрғыдан түсініңіз.

- Өзіңіз аттап кетпейтін «шекаралар» бар ма?

- Адамгершіліктен асқақ қағида бола ма? Қандай қиын жағдайда да ар-ұятты жоғалтуға болмайды.

- Қазір сізді қандай мәселе мазалап жүр?

- Мазалайтын мәселе өте көп. Қаламгер ретінде, азамат ретінде, пенде ретінде... Қайсыбірін айтайын! Дүниенің етек-жеңі қусырылып келеді...

- Аға, күнделік жазасыз ба? Болса, күнделіктегі жаныңызға жақын бір ойыңызбен бөліссеңіз?

- Күнделік жазбаймын... Кейбір ой-толғамдарымды қағазға түртіп қоятыным бар. Мектепте оқып жүрген кезімде, студенттік кезеңнің алғашқы жылдарында бірнеше дәптер күнделік жазып едім. Көбіне достарыммен арақатынасымды, ғашықтық сезімдерімді түсіргенмін. Сол күнделіктерім қолды болып, қолдан-қолға өтіп, ақыры жоғалып кетті. Болашақта жазатын шығармаларыма өмір шындығын арқау еткім келген. Шындығында, күнделік жақсы оқылатын эпистолярлық жанр ғой. Орыс әдебиетінде мұның өте жақсы үлгілері бар. Лев Толстойдың, Михаил Пришвиннің күнделіктері көркем шығармаға бәс тіге алады. «Парасат» журналында біраз уақыттан бері жарияланып жүрген Герольд Бельгердің күнделіктерін асыға күтіп отыратын оқырмандарды білемін.

Әңгімелескен Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502