Назарбаев: Ресей мен Қытай бізге қатты ықпал етеді
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, экс-президент Н.Назарбаев «Хабар» арнасының «Штрихи к портрету. Лидер» деректі фильміне сұхбат берді. Біз аталған сұхбаттағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кейбір ойларын оқырман назарына ұсынбақпыз.
«Шешілмеген шекара – мемлекеттілік үшін басты қауіп»
Шекараны сызып, бекітпей – тәуелсіз мемлекет бола алмайды. Тәжікстан мен Қырғызстанның арасындағы бірнеше шақырым шекараның шешілмеуі соғыс тудырып отыр. Сол секілді Әзірбайжан мен Армения да. Мыңдап мысал келтіруге болады. Совет одағы мен Қытай арасында қақтығыс болып, көптеген адам қаза тапты. Сосын бізде де, ШҚО-да, Жалаңашкөлдегі шекара маңында ұрыс болып, адамдар қаза тапты. Яғни, шешілмеген шекара – мемлекеттілік үшін басты қауіп.
Әуелі, біз шекараны келісу үшін Ресеймен, сосын Қырғызстан, Тәжікстан және Қытаймен келіссөздер жүргіздік. Бұл келіссөздер 12 жылға созылды.
Мен Қытай төрағасымен бірге біздің шекарамызды бекітіп жатқанда, арада бірнеше шақырым сызылмаған жер қалған. Картографиялық жағынан оның баламасын таптық, бірақ ол көңілге қонымды болмады. Біз зерттей бастадық. Сұрастырдық. Сол кезде делегация құрамында Тоқаев болған және келіссөздерді сәтті жүргізіп жатқан. Ақырында келісімге келіп, құжатты қабылдадық.
Екіншісі – ең қиын шекара ол – Ресеймен арадағы шекара. Ең үлкен мемлекетаралық шекара болуы керек. Қытай мен КСРО төрт рет шешім қабылдаған. Барлығын қарадық. Ауыр шаруа, ауқымды проблема болды. Біз Владимир Путин екеуіміз ақырында шекараны бекіттік.
«Қандай жерді сыйлады?»
Ресей сыртқы істер министрі Лавров «Біздің Қазақстанға ешқашан, ешқандай территориялық шағымымыз жоқ», деп нүктесін қойды. Қалған сұрақтар нақты ресми түрде қойылуы керек. Бүгін кім не демейді? Саясаткерлер, бәрі айтады. Білесіз бе, мұның бәрі шығыс Украина, Қырым контексінде айтылып жатыр. Бердік, алдық, жер сыйладық дегендей әңгімелер болған. Қандай жерді сыйлады? Біз Алтын Орда мұрагері болсақ, Мәскеу княздары бізге алым-салық төлеген. Енді біз 800 жылдық тарихты қайта қарауымыз керек пе? Сондықтан мұндай мәлімдемелерге назар аударудың қажеті жоқ. Қазір интернет, сөз бостандығы бар. Ең бастысы - Ресей билігінің ресми ұстанымы.
«Батыс бізді Ресейден бөлгісі келеді»
Біздің қалауымыз - Орталық Азия мемлекеттерін біріктіру. Бірақ, ол батысқа ұнамайды. Олар қазір барлығымызды Ресейден бөлгісі келеді және оның айналасында жұмыс істеп жатыр. Адамдар қарапайым нәрселерді түсінбейді - бұл Қазақстан үшін пайда. Қытайға қарсы шу да сырттан - бұл Қытаймен араздасуға мәжбүр ететін үшінші күш. Ресеймен де солай. Көрдіңіз бе? Мұның барлығының астары бар.
Оппозиция туралы: «Олар қорқақтар»
Қорқақтар. Егер сөйлескіңіз келсе, келіңіз елде сөйлесейік. Егер өзіңізге сенімді болсаңыз, онда барлық қиындықтарды мойныңызға алыңыз және дәлелдеңіз. Бұл жерде ақша ұрлау әділетті емес. Сондықтан мен бұған шыдамаймын. Ең өкініштісі - сол министр, банкир, бай болғандардың барлығы өзім нөлден бастап көтергендер. Олар ұрлап, енді-енді тексеріс басталғанда, кетіп қалады. Барлығы сондай. Маған сол жерге көшіп барған немесе тұратын біреуді айтыңызшы? Жоқ, олардың бәрі қашқындар. Бұл олар үшін ұят нәрсе. Сатқындар, әрине, көңілге тиеді.
Серікболсын Әбділдин туралы
Мен Серікболсын Әбділдинмен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол Колбиннің қол астында Мәскеуге тұрақты өкіл ретінде келді. Ол білімді адам, экономист. Бізде Мемлекеттік жоспарлау комитетінде жұмыс істеді.
Мен оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайлануға көндірдім. Оның үстіне, оған мүлдем белгісіз Шымкенттен депутат болып сайланды. Біз жақын едік. Мен оған сендім. Мен 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен халықтық сайлаудың жұмыстарымен жүрдім, ол өзінің жеке жұмыстарымен жүрді.
Инаугурациядан кейін, ол қызметіне кіріскенде: «Мен Жоғарғы Кеңестің төрағасы боламын», деп талап ете бастады. Шынымды айтсам, мен оны қаламадым, өйткені оның амбициясын, дұрыс емес қарым-қатынасын білдім. Және бұл дауға ұласты. Басқа кандидаттар бас тартты немесе алдын-ала келіскен. Сөйтіп ол Жоғарғы Кеңестің төрағасы болды және Хазбулатовпен (Ресей Жоғарғы Кеңесінің төрағасы) дос болды. Ол Кеңестер елдегі негізгі орган деді. «Барлық билік Кеңестерге!» - деген ұранмен большевиктер Ақ үйді атқылады.
Серікболсын Әбділдин онымен байланыста, ол да барлық билік Кеңесте деп шешті. Парламент нарықтық экономикаға қатысты кез-келген ұсыныстарға тосқауыл қойды. Мен олардың кедергі болатынын үнемі айттым. Әкімдер де маған олардың жергілікті жерлерде кедергі болатынын айтты.
Әбділдин облыстарды аралап: «Біз бәрін өз қолымызға алуымыз керек», - деп жүрді. Нені басшылыққа алғанын білмеймін, қайтқан адамның артынан жаман сөз айтпайды. Жалпы білімді, дұрыс адам еді. Біз дос болдық. Білесіз бе, ең басты дұшпаның достарыңның ішінен шығады екен. Сөйтіп, ол өзгерді.
Батыс демократиясы – біздің мақсатымыз
Демократя дейді. Қандай демократия керек? Көппартиялы жүйе жоқ. Ал сонда партияларды қолдан жасайық па? Ол партия қоғамның ішінен пісіп, өз бағдарламаларын жетілдіріп шығуы керек. Өздерінің белгілі электораты болуы керек. Сонда ғана партия болады. Партияны жасанды түрде жасай алмайсың ғой. Біз соған қарай келе жатырмыз. Ең бастысы тоқтап қалмау керек.
Батыс демократиясы – біздің мақсатымыз. Ал біз әлі жол басындамыз. Бір жағымызда Ресей, екінші жағымызда Қытай. Ал оларда ше? Демократиялары көш басында ма? Бұл мемлекеттер бізге өте қатты ықпал етеді. Ал Қырғызстан демократия аралы екен. Жанымыз ашиды, бізге бауырлас мемлекет. 30 жылда Қырғызстанда не істелді? Олардың әрбір президенттерін мен қолдап келдім. Шақырдық. Қолдау ретінде қаржы, несие бердік. Бірақ ештеңе істелген жоқ. Сондықтан, экономика – барлығының негізі.
Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz