Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 2321 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:31

Үрімшіде ұйғырлар көтеріліп, жексенбіде кемінде 140 адам қаза тапты

 

 

Үрімші қаласында 2009 жылы 5 шілдеде орын алған оқиғалардың көрінісі.

Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасының орталығы Үрімшіде жексенбі күні болған қақтығыстарда кемінде 140 адам қаза тапқан. Бұл туралы Синхуа агенттігі жергілікті әкімшіліктің хабарына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Синхуа агенттігің хабарлауына қарағанда, 5 шілде күні кешкі сағат 20-ның шамасында Үрімшіде тәртіпсіздік кезінде адамдар соққыға жығылып, машиналарға және басқа да орындарға өрт қойылып, ұрлық-қарлық сияқты оқиғалар орын алған. Сол түнде бірнеше жазықсыз адам қаза тауып, милицияның бір қызметкері қаза тапқан. Қазіргі уақытта жағдай бақылауға алынған.
Синхуа агенттігі тәртіпсіздіктің орын алуына ұйғырлардың шеттегі басшысы Рәбия Қадыр жетекшілік ететін «Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің» интернет және басқа да ақпараттық көздер арқылы «Батыл болу керек», «Қақтығыс ұйымдастыру қажет» деп сөйлеген сөзі себеп болды деп айыптайды. Сондай-ақ, Синьхуа агенттігі жергілікті құзіретті мекеме өкілінің «Жоғарыдағы айғақ бұл тәртіпсіздіктің алдын-ала дайындалып және жергілікті қылмыстық топтар арқылы жүзеге асқанын көрсетеді» - деген сөзі келтірген.
Алайда, BBC – дің орыс тіліндегі интернет нұсқасындағы ақпаратқа қарағанда, Үрімшідегі тәртіпсіздік салдарынан 800 адам жараланған.
Тәртіпсіздіктің орын алуына себеп болғаны әлі белгісіз. BBC – дің ақпараты, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық республикасында тұратын ұйғырлар мен этникалық қытайлардың арақатынасы бұған дейін де тым күрделі жағдайда болып келгенін айтады.
Сонымен бірге, BBC-дің веб-сайтында Үрімшідегі демонстрацияны жергілікті ұйғырлардың ұйымдастырғаны айтылады. Алайда, олар қандай талаппен шыққаны әзірге белгісіз. Жүздеген адам полициямен қақтығысқан. BBC-дің ақпарат тізбегінде оқиғаға куәгер болған аты-жөнін атамаған бір адам алғашында демонстрацияға шыққан адамдардың саны жүзге жуық болған, кейіннен олардың саны мыңдаған адамға жеткен дейді.
Үрімшіде жүрген американдық студенттің сөзіне қарағанда, демонстрацияға шыққандар полициямен қақығысып, автобустардың терезелерін шаққан. Полиция болса, оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған.
Жапония мен Германиядағы ұйғыр құқыққорғаушылары Үрімшіде жаппай тұтқындаулар орын алды дейді. BBC-дің хабарларына қарағанда, Қытай үкіметі ұйғырлардың өзін-өзін басқару талаптарын орындамай келеді. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті ресми Пекинді Шыңжаң ұйғыр автономиялы республикасында адам құқықтарының өрескел бұзылып отырғанын айыптап отыр.
Шыңжан провинциясының жаңа басшысы Ву Нонг Үрімшіде болған қақтығыс салдарынан 260 автомашина қирап, 200 үйге айтарлықтай зиян келген дейді. Ал, ұйғыр ұйымдары бейбіт демонстранттар мемлекет тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтуда.
Шыңжан провинциясында 8 миллионға жуық ұйғыр қоныстанған. Олардың бірқатары тәуелсіздік алмақ ниетте.

 


Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
“Азаттық” радиосы 6 шілде 2009 жыл

0 пікір