Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3322 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:42

Фарида БЫҚАЙ. ҚАШЫР ҚАЛАЙ ТЕРЕҢКӨЛ АТАНДЫ?

Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұ­рын маған Мүкаш Жаман­балинов ақсақал хабарласып:
- Оу, қызым, сүйінші, әлгі Тереңкөл болыстығының мөрін таптым! Тез жет! - деген. Апыл-ғұпыл киініп, жүгіріп жеткенімде, Мүкаш ата сарғайған қағаздарын ақтарып, біртүрлі қобалжып отыр екен.

Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұ­рын маған Мүкаш Жаман­балинов ақсақал хабарласып:
- Оу, қызым, сүйінші, әлгі Тереңкөл болыстығының мөрін таптым! Тез жет! - деген. Апыл-ғұпыл киініп, жүгіріп жеткенімде, Мүкаш ата сарғайған қағаздарын ақтарып, біртүрлі қобалжып отыр екен.
- Әкем марқұм Мүбарак Уәлиұлы діни білімі терең, медре­седе сабақ берген молда болған адам еді. Қазақ баласының басы­на төнген қуғын-сүргіннің зар­дабын тартып, небәрі 37 жасында өліп кетті. Қаукен әжеміздің ай­туынша, ішінде араб, латын әріп­терімен жазған қолжазбалары, жер-су атаулары жазылған ескі географиялық карталарымыз, екі-үш дөңгелек мөр, бір төрткүл мөр, көптеген кітапшалар салын­ған сандықты түн ішінде әкейді жерлеген соң-ақ, зиратының ба­сына апарып бірге көмеді. Әже­міз­дің бізге айтып кеткен осы бір аманат сөзі өмір бойы жүрегімде жүрді. Қайтсем әкемнің зиратын табамын деген ой мазалай берді. Қуғын-сүргін жылдарының нәу­бетінен сескеніп қалған үлкендер жағы бізге зияны тиеді деді  ме, атылғандардың зираты қай жерде жатқандарын да айтып кетпеді.  Содан әркімдерден сұрастырып жүріп, әкемді жерлеген жерді ал­пыс жылдай уақыт өткенде іздеп таптым-ау ақыры. Ағайын-туыс, бауырларды жинап ас бердік. Әжемнің айтқаны есімізге түсіп, ел ақсақалдары бар,  мәйітті  қаз­баламай, зиратты айналасын те­реңдей қазып жүріп, әлгі темір сан­дықты тауып алдық. Сан­дықтың ішінде кітаптар да, мөр­лер де, барлығы да сақталыпты. Дөңгелек және төрткүл мөрлер ба­сылған қағаздар сол күйінде қа­лыпты. Енді мөрлер жайына тоқ­талайын, міне, қарап ал өзің,- деп  қолыма ұстатты. Қолыма алып қарасам, шынында да, мөр­лердің таңбасы басылған шежі­релі қа­ғазда арабша жазулар бар екен. Мү­каш ата бұл мөрде "Төр­тінші ауыл, Тереңкөл болысы, Пав­ло­дар уезі, Семей губерниясы" деген жазу бар деп түсіндірді. Яғни, бұл біздің қазіргі Қашыр аталып тұрған ауданымыздың әуелден келе жатқан атауы көрінеді.
- Әкем медреседе ұстаздық  етіп, іс-қағаздарын жүргізді. Мар­құм сандық толы қағаздарын өзім­мен бірге көміңдер деп бекер айт­қан жоқ қой. Ол да өз әкелерінің өз­деріне тапсырған аманаттарын осылай орындауға, келер ұрпақ бізге жеткізу үшін мұрат етіп кетті. Тереңкөлдің, Ұялы мен Ұрықтың, Үйірлітүптің, Аққулының байырғы атау­ларын қайта оралту сендердің мін­деттерің қарақтарым, біздің жа­сы­мыз болса, жетпістен асып бара­ды, - деп Мүкаш ата әңгімесін аяқ­тап еді. Сол екі арада "Қашыр ау­даны­ның байырғы Тереңкөл атауы қайта оралса" деп жиі-жиі ма­қала жазып, жергілікті билік ба­сын­дағыларға, ономастикалық ко­миссия мүшеле­ріне ой тастаймын, осы ойымды жүзеге асырамын деп жүріп ар­дақты ұстаз Темірболат Дәйкенов аға да өмірден өтіп кетті.
Жамбыл Артықбаев деген ға­лым Қашыр сөзі ертедегі сөздіктер­де кездеспегенімен де, ол қазақтың сөзі, көне топоним дегенге келіп бір тоқталды. Бірақ бұл сөз осы күнгі қазаққа түсініксіз. Ақсақал­дар­дың мазасыз күй кешіп жүрген­дері де осы. Қашыр деген атау бізге Тереңкөл болыстығы өмір сүрген ХІХ ғасырдан кейін, өзге ұлт өкіл­дері жерімізге қаптап келе бастаған тұста орыстардың Качиры деп айта бастауынан пайда болған секілді. Осы сөзді Қашыр деп бертін ғана қазақшалап жазып жүрміз. Аудан­ның сол кездегі әкімі Оразкелді Қайыргелдинов "аталардың амана­тын орындау - парыз" деп өзі бас­тап, ауданның байырғы атауының қайта оралуына белсенділік көрсет­ті. Аудандық мәслихат отырысында талқыланып, мақұлданып, "аудан­ның аты болмаса да, аудан орта­лығы Тереңкөл ауылы аталсын" деп облыстық мәслихаттың қарауы­на ұсыныс жіберді. Кейбір өзге ұлттар өкілдерінің тарапынан туған түсінбеушіліктен бұл ұсыныстың өтпей қалуы да мүмкін еді. Әкімдік қызметкерлері бүкіл ауылды ара­лап, Тереңкөл ауылы деп атайтын болсақ, қарсы емессіз бе деп қол жинады. Өз жерімізде, өз елімізде, өз ауылымызда тұрып ата-баба­лардың ата қонысын өз атымен атап, қайта оралтуға өзгелердің ке­лі­сімін сұрап осылай шарқ ұрдық...
Өткен жылғы желтоқсан айы­ның суық күндерінің бірі еді. Кеш­ке қарай үйдегі телефон шыр ете қал­ды. Трубканы көтерсек, облыс­тық ауыл шаруашылық департа­мен­тінің сол кездегі бастығы Нұр­жан Әшім­бетов екен. Қашыр жаққа хабар­ласыңызшы, жақсы жаңалық бар! - деді ол.  Дәл сол күні "Қа­зақ­­стан электролиз зауытының" ал­ғашқы кезегі іске қосылып облысқа жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев келген еді. Жақсы жаңалық деген соң, қызғушылық­пен түн ішінде Қашыр ауылының әкімі Ермек Мұсағитовтың үйіне телефон шалдым. - Бүгін Елба­сын көріп, қолын алып, аманда­сып отбасыммен бөлісіп, өзімді қояр­ға жер таппай отыр едім. Бәрі­нен бұрын Қашыр атауы жөнінде айтқанын қараңызшы! Ең үлкен қуаныш осы!- деген соң, ертелетіп сол жаққа қарай жолға шығып кет­тік. Әңгіменің ұзын-ырғасы былай екен. Павлодар мен Беларусь жағы бірлесіп ауыл шаруашылығына керекті шағын кешенді тракторлар жасап шығаратын зауыт ашқан болатын. Электролиз зауытынан кейін өз жерімізде құрастырылатын жаңа тракторларды көрмекке осы жерге Елбасы келеді. Өзін күтіп тұр­ған аудан, ауыл әкімдеріне жа­қын­дап келіп сәлемдеседі. Ауыл-ел­дің жағдайын сұрап танысады. Қа­шыр ауылының әкімі Ермек Мұ­сағитов пен сол ауданның Песча­ное ауылының әкімі Шайза Ұқпае­валармен амандасып хал-жағдай­ларын білген соң, Елбасы:
- Сендер қай ауылдансыңдар?-деп сұрап қалады. Екеуі де жарыса:
- Қашырдан келдік! - дейді. Елбасы: Қашырдан?! Қашыр деген не сөз өзі? - деп қасында тұр­ған облыстың бұрынғы әкімі Қайрат Нұрпейісовке бұрылады. Трактор­ларды көрсетеміз деп жи­на­лып тұрған жергілікті басшы­лардың үлкен тобы күтпеген жер­ден қой­ылған бұл сұраққа не айтар­ларын білмей бір сәтке бәрі де аб­дырап қалады. Өзгертеміз Нұр­сұлтан Әбішұлы, міндетті түрде өз­герте­міз!- дейді сол кездегі облыс әкі­мі Қайрат Нұрпейісов. Бұл әңгі­мені сол жерде тұрғандардың бәрі естіп, бірінен соң бірі  біздің тіл­ші­лер қосынына  хабарласып, сүйін­ші сұрады. Ауыл шаруашы­лығы департаментінің сол кездегі бастығы Нұржанның қуанып, бізді іздеп түнделетіп асыға теле­фон шалып жүргені осыдан екен. Қашырдың атауы жайындағы қуанышты бұл әңгімені біз дереу Мүкаш ата бастаған ақсақалдарға жеткіздік.
- Ойпырым-ай ә!.. Біздің ата-бабаларымыз Президенттің келуін күткен екен ғой!- десті олар. - Ел­басының шағын бір ауылдың атына сонша мән бергенін қара­шы! Ұлық болсаң кішік бол деген осы!.. - деп  ақсақалдардың жас балаларша мәре-сәре қуанғанын өз көзіммен көрдім. Әумин деп бата беріп, бет сипасты. Елбасы Астанаға жеткен күні ертесіне бел­гіленген уақытына сәйкес об­лыстық мәслихаттың кезекті сес­сиясы өтті. Қашыр ауданының ор­талығы Қашыр ауылын Терең­көл ауылы деп атауға депутаттар бір­ауыздан қолдау көрсетті. Қуан­ғандары ма, асыққандары  ма аудан әкімдігі темір қаңылтырға "Тереңкөл ауылы" деп ақ сырмен жазып, аудан орталығының кіре­берісіне  сүт фермасының атауы секілді екі таяққа шанши салды. Қасында "село Теренколь" деген орыс тіліндегісі де қалмай қосар­ланып, қатар жазылып тұр. Солай жазылған жазу сол күйі әлі тұр. Елдікті, егемендікті, тәуелсіздіктің талаптарын бір-ақ ауыз сөзбен жет­кізген Елбасыдан біздің әкім-қаралар қашан үлгі алып, ойланар екен. Бір қауым елді, облыс тұр­ғындарын қуантқан Елбасының облысқа сапары менің есіме жиі-жиі түсе береді. Жазсам деп оқта­лып көп жүрдім. Неге жазбасқа?.. Ендігі мәселе тағы да аудан әкім­дерінің қолында тұр. Ауданның атауын да Тереңкөл деп атап, ауыл, елді қуантып, ата-баба­лар­дың, Елбасының аманатын орын­дау біздің міндет - парызымыз.

 

 

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
"Егемен Қазақстан" газеті 4 шілде 2009 жыл

0 пікір