Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Саңлақ 10005 16 пікір 21 Шілде, 2021 сағат 13:10

Әлем халқы тікелей көреді, Қазақстан ақпарат күтеді

Әлем халқы асыға күткен Олимпиада ойындары да келіп жетті. Пандемияның салдарынан бір жыл кейінге шегеріліп, 23 шілдеде тұсауы кесілетін спорт сайысы ерекше болмақ. Вирус жұғу қаупін ескере отырып, көрермен қатысуы шектелген. Сондықтан да дүбірлі доданы тек қана телеарналар арқылы көретін боламыз. Көреміз деппін-ау, көреді. Қазақстан халқы Олимпиада ойындарын көру бақытынан айырылды. Көршілес елдер трансляциясын сатып алса, біздің мемлекет ондай келісім жасаспапты. Себеп, "тым қымбат" екен. Бұл әрине қоғамның түсініспеушілігін туындатып отыр. Қоғам белсенділері мен қарапайым халық өз ойын нақты білдіруде. 

Мұхтар Тайжан: Ұлттық кеңес жұмысына атсалысуға дайынмын

Олимпиада ойындарының көрсетілуіне қатысты белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: "Біз өзіміздің ұлттық телеарналарымыздан Олимпиада ойындарын тамашалай алмайтынымызды қатты ренішпен қабыл алдым. Олай болатын болса Қазақстанның Олимпиадаға баратын командасын Президентке сонша дақпыртпен таныстырамыз, егер оларға жанкүйер бола алмасақ? Қалайша біз өзіміздің балуандар мен боксшыларымыздың, гимнастшыларымыз бен теннисшілеріміздің жеңістерін көре алмаймыз? Ұлттық мақтаныш деген осы емес пе?!

Қазақстан бірнеше млрд долларға ЭКСПО өткізеді, сонша ақшаға ЛРТ салады, әлемдік діндер Саммитін өткізеді, Еуразия журналистерінің саммитін жасайды, Сирия үшін Астана келіссөзін жүргізеді, бірақ өз халқына Олимпиада ойындарын көрсете алмайды! Бұл қалай болғаны? Қалжыңдап отырсыздар ма? Бар болғаны 5 млн доллар ғой бұған керегі! Бізде кез келген орден тасушы-фермер жыл сайын бұдан көп субсидия алады!

Мен біздің Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығы бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, халық үшін оң шешім табады деп ойлаймын. Өйткені Тимур Құлыбаев пен Данияр Абулғазин миллиардтаған, бірнеше миллиондаған долларларымен Форбс Қазақстан тізімінің бірнеше жылдан бері көшін бастап тұр ғой. Бұл байлықты олар тек адал да ауыр еңбегімен ғана емес, Қазақстан мемлекетінің көмегі, оның жер байлығы арқасында жинады емес пе?

Міне енді өз мемлекетіңе көмектесетін уақыт туды нағыз. Егер Ұлттық мемлекеттік телеарналарда бар болғаны 5 млн доллар табылмай жатса осы екі батыр патриотизм мен елге деген алғысын білдіріп, Олимпиада ойындарының трансляциясын қамтамасыз етеді деп сенемін!

Ал егер сіздер бұл міндетті орындай алмасаңыздар Ұлттық Олимпиада комитетінде несіне отырсыздар? Ұлттық Олимпиада комитетіне жетекшілік ету деген тек әлемдік спорт элитасы жанында сән үшін жүру емес, ол сонымен бірге халық алдындағы үлкен жауапкершілік! Біздің көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь, мысалы, Олимпиада ойындарын көрсетуге лицензия алып алған. Бұл жерде Габон, КХДР, Замбияғ Конго, Ауғанстан, Куба мен Гондурас туралы айтпай-ақ қойайын, олар да өз халқына Олимпиада ойындарын көрсетеді.

Ал, мұнай мен газға бай, қарыштап дамып жатқан Қазақстанда мұндай мүмкіндік жоқ! Егер осы қарапайым ғана шаруа шешімін таппаса, нағыз ұят сонда болады! Онда Олимпиада комитетінің басшылығын ауыстыру туралы мәселе көтеру керек! Бірақ біз сіздер үшін кішкентай ғана осы мәселе оңай шешіледі деп үміттенеміз! " дейді.

Руслан МЕДЕЛБЕК: "Бізде комментаторлар даярлайтын мектеп ашқанмен, дәріс беретін маман жоқ!" - 27.06.2014: ақпараттық-танымдық сайт - Еl.kz

Ал белгілі спорт журналисі, бүгінде Токио төрінен Олимпиада ойындары жайлы ақпарат таратуға аттанған Руслан Меделбек болса: "Қазақстан арналары Токио олимпиадасын көрсетпейтін сияқты. Көрсетпейді емес "көрсетпейтін сияқты". Қазақстан телеарнасының түсініксіз, жанкүйерлерге бұл жағымсыз хабарды "қымсына" естірткен пресс-релизінен қазірше соны аңғардық. Көрермен 2018 жылы Азия ойындарын көрсете алмағанда қатты ренжіген. Ол кезде де ақша жоқ деген еді. Бұл жолы "Өзбекстанның каналдары көрсетіп жатыр екен" деген сын ойнамай қалады. Егер ойындар көрсетілмесе олимпиада аяқталғанша телеарна басшылығы, мәдениет және спорт министрлігі сынның астына көмілмек. Иә, олимпиада көрсету құқығы тым қымбат шығар. Себебі ойындар көрерменсіз өтеді, шығыны шаш етектен. Сондықтан бір жыртықты екіншімен жамауға тырысады. Мұны телеарна басшылығы да түсінсе керек. Халыққа олимпиада көрсету құқығы қымбат па, арзан ба қызықтырмайды. Салығының ақшасы мемпропагандаға кетіп жатқанда төрт жылда бір болатын үлкен доданың трансляциясын талап етуге толық хақылы. Олимпиадаға әлі бес күн бар, Пресс-релиздегі "әлі" деген сөзге үміт артуға тура келеді. Жанкүйерге олимпиада көру бақыты бұйырсын. Қазір басқасы маңызды емес" деген ойда.

Жылдық бюджеті бірнеше млрд теңге болатын телеарналар да Олимпиада ойындарын көрсетпейді. Алайда көрсетуге қатысты келіссөздер жасап жатқандарын мәлімдеді. "Қазақстан" ұлттық телеарнасы Баспасөз қызметкері келесідей хабарлама таратты: "XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты көрермендер мен әріптестерімізден келіп түсіп жатқан сауалдарға байланысты келесіні хабарлаймыз.

Токио Олимпиадасының тікелей трансляциялар құқығы "Dentsu Inc." компаниясына тиесілі. "Қазақстан" телерадиокорпорациясы мен "Хабар" агенттігі" АҚ "Qazaqstan", "Qazsport", "Хабар" телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөздерді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ. Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы.

Қазіргі кезде "Qazaqstan", "Qazsport", "Хабар" телеарналары қазақстандық спортшыларды қолдау және отандық көрермендерге Олимпиададан жедел ақпарат ұсыну бойынша жан-жақты әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Телеарналардың Ұлттық Олимпиада комитеті мен шетелдік ірі ақпарат агенттіктерінен фото,-видеоматериалдар алу мүмкіндігі қарастырылған.

XXXII Жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар". 

Қазақстан халқында көк экранның артында спортшыларымызға жанкүйер болып, үйде отырып, тақым қысу мүмкіндігі жоқ. Әлем халқы тікелей эфирден көретін ойындарды, біздің елдің азаматтары сайттағы ақпараттар арқылы оқуға мәжбүр.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095