Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 2755 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:51

Шалқар Естен. Ғасыр саңлағы - ұшатын Джордан

Осыдан 23 жыл бұрын әлем жұртшылығы жаңа баскетбол жұлдызының ғажайып өнеріне қол соқты. Бұл Лос-Анджелесте олимпиада ойындары өткен 1984 жыл еді. 22 жасар Майкл бапкерлер кеңесі таңдап алған 36 үміткердің арасынан жарқырай көрініп, АҚШ-тың ұлттық құрамасының қатарынан ойып тұрып орын алды. Азулы елдің бас командасын осы олимпиадада Джордан мен Патрик Юинг кезек-кезек капитан ретінде алға сүйреп отырды. Өз жерінде өткен дүбірлі жарысты аса сәтті аяқтаған АҚШ баскетбол құрамасы алтын жүлдені жеңіп алса, осы ұжымның сапындағы ең нәтижелі ойыншы Майкл Джордан олимпиадлық турнирдің үздік баскетболшысы болып танылды. Қалың елді Джорданның алаңдағы секіруі таң қалдырды. Ол бейне бір қанатты құс сияқты әуеде қалықтайтын.

Осыдан 23 жыл бұрын әлем жұртшылығы жаңа баскетбол жұлдызының ғажайып өнеріне қол соқты. Бұл Лос-Анджелесте олимпиада ойындары өткен 1984 жыл еді. 22 жасар Майкл бапкерлер кеңесі таңдап алған 36 үміткердің арасынан жарқырай көрініп, АҚШ-тың ұлттық құрамасының қатарынан ойып тұрып орын алды. Азулы елдің бас командасын осы олимпиадада Джордан мен Патрик Юинг кезек-кезек капитан ретінде алға сүйреп отырды. Өз жерінде өткен дүбірлі жарысты аса сәтті аяқтаған АҚШ баскетбол құрамасы алтын жүлдені жеңіп алса, осы ұжымның сапындағы ең нәтижелі ойыншы Майкл Джордан олимпиадлық турнирдің үздік баскетболшысы болып танылды. Қалың елді Джорданның алаңдағы секіруі таң қалдырды. Ол бейне бір қанатты құс сияқты әуеде қалықтайтын.
Майкл 1962 жылы Бруклинде өмірге келеді. Бірақ көп ұзамай оның отбасы Солтүстік Каролина штатына қарасты шағын қала Уилмингтонға қоныс аударады. Балалық шағы туралы даңқты баскетболшы былай деп ой тербейді: «Бес жасымда мен алғаш рет баскетбол ойынына куә болып, ҰБЛ - дағы (НБА) кәсіпқойлар сияқты допты шығыршыққа үстінен салуға қатты құмарттым. Мен сегізінші сыныпта оқып жүргенімде, ол кезде бойымның ұзындығы небәрі 173 см. болатын тұңғыш рет допты шығыршыққа төбесінен енгіздім. Бұған дейінгі жаттығулардың бірде-біреуінде дәл бұлайша биікке секіріп көрген емес едім. Ал сол жолғы ойында өзіме-өзім сене алмадым, қанат біткендей тым биікке көтеріліп, допты шығыршыққа атып ұрдым. Ауыр еңбек, өз мүмкіндігіме деген сенімділік және өзімді күннен күнге көбірек жұмыс істеуге бейімдей білудің арқасында мен арманымдағы баскетболшыға айнала алдым».
Шынымен де Майкл Джордан тек өзінің қиялындағы емес, сондай-ақ баскетбол добын қолына алған сан мыңдаған спортшы армандаған ұлы баскетболшыға айналды. Миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулаған ол тек Американың емес күллі әлем баскетболының шоқ жұлдызы ретінде танылды.
Майклдың анасы да ұлының балалық шағынан-ақ даңқты баскетболшы болуға талпынғанын растайды: «Ол шамамен 11-12 жасында өзінің қайткенде де олимпиадаға қатысатындығын айтып уәде берді. Арманы 1984 жылы орындалды, Майкл бар болғаны 22 жаста еді».
Даңқты ұлын әкесі Джеймс те мақтан тұтады: «Ол өзінің туған ағасы Ларримен үнемі бірге бір баскетбол ойнайтын. Әрине өзінен төрт жас кіші інісін Ларри ұтып кететін. Бірақ жыл өткен сайын Майкл есеп айрмасын айтарлықтай қысқартып отырды. Ал он беске толған шағында ол өзінің ағасын ұта бастады».
Майклдың ата-анасы туралы сөз қозғағанда, оның анасына тартқандығын айта кеткен абзал. Өйткені Джордандар тұқымында бойшаң адамдар әсте болған емес. Олардың ең ұзын дегенінің өзі 183 сантиметрден аспаған көрінеді. Сондай-ақ Майклдың өзі де бойының ұзын болуы үшін аянбай тер төгіп, осы мақсатқа арналған жаттығуларды үзбей жасап отырған. Кім біледі, соның арқасы болар 18 -ден 19- ға қараған жылы оның бойы 12,5 сантиметрге бір-ақ секіріп, 198 -ге жетеді.
Оның мектеп қабырғасындағы жаттықтырушысы Фред Линч былай өткенді былайша еске алады: «Майкл 9- сыныпта оқып жүргенінде бойының ұзындығы 183 см. болды. Сол кездің өзінде ол алаңға мектептің негізгі құрамында шыққысы келетін. Бірақ ол сол тұста жоғары сынып оқушылары әкелетіндей нәтижеге қол жеткізе алмайтын-ды. Әйтсе де Майкл өзінің табандылығының арқасында бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде негізгі құрамнан команданың белді ойыншысы ретінде орын алды. Ал 11-12- сыныптарда оқып жүрген шағында ол тек мектебіміздің емес, сондай-ақ бүкіл Солтүстік каролина штатының үздік ойыншысы болып табылды. Ал кейінірек АҚШ оқушылары арасындағы үздік он баскетболшының қатарында Майклдың да есімі аталды».
Мектепті бітірісімен Майкл баскетбол бағдарламасына жете көңіл бөлінген Солтүстік Каролина университетінде оқуға шешім қабылдайды. Оның мықты баскетболшы ретінде қалыптасып, үлкен жетістіктерге жетуіне осы білім ордасының көп көмегі тиді деуге толық негіз бар. Бұл жерде де Майкл үшін оқудан гөрі өзінің сүйікті ойыны баскетбол маңыздырақ болғаны жасырын емес. Дегенмен ол университеттің негізгі құрамына бірден алына қоймады.Мұндағы бапкерлер назарын өзіне аударту үшін тағы да біраз тер төгуіне тура келді. Ақыры 1982 жылы жоғары оқу орындары арасындағы турнирде ол көпшілікті мойындатты. Джорджтаун университетімен финалдық кездесуде бәсекеге түскен Солтүстік Каролина университеті жиырма жасар, бірінші курстың студенті Майкл Джордан салған шешуші голдың көмегімен жеңіске жетті. Осы оқу ордасының қабырғасында-ақ Майкл ұшатын, әуе Джорданы деген лақап аттарға ие болды. Солтүстік Каролина университетінің баскетболы Майкл Джордан мен Сэм Перкенсонның арқасында АҚШ ЖОО-ларының арасында үш жыл бойы, үлкен нәтижелерге иек артты.
Майкл Джордан өмірінің жарқын беттері әйгілі «Чикаго буллз» командасымен тікелей байланысты екені даусыз.  Осы команданың капитаны бола жүріп ол үлкен биіктерді бағындырды, талайды тамсандырды. Майклдың келуімен өткен он үш маусымда «Чикаго Буллз» Ұлттық Баскетбол Лигасының алты дүркін жеңімпазы атанды. Алты рет ҰБЛ финалдарының ең пайдалы ойыншысы ретінде танылды. 1988 жылы ол ҰБЛ -ның үздік қорғаушысы деген құрметті атаққа ие болды. 1986 жылдың сәуір айында «Бостонмен» өткен кездесуде Майкл 63 ұпай жинап, үлкен сенсация жасады. Оның осы рекорды әлі күнге дейін жаңарған жоқ. Он рет ҰБЛ -дың үздік сұрмергені болды. 1992 жылғы Барселона олимпиадасында АҚШ ұлттық құрамасы тағы да бас жүлдені жеңіп алды. Әрине бұл ретте де АҚШ баскетболшыларының жеңісі тікелей Джорданның есімімен байланысты. Бірақ мұның бәрі де оған халықтың өзі берген «Баскетболдағы ғасыр үздігі» деген ресми емес атақтың қасында түкке тұрғысыз екені сөзсіз.    
1993 жылы Майкл «Чикаго Буллздың» сапында тағы да чемпион атанды. Бірақ дәл осы жыл ол үшін қаралы болды. Әкесі Солтүстік Каролинада қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. 6 -қазан күні Майкл спортпен қоштасатынын мәлімдеді. Жанкүйерлер бұл хабарды жабырқап қабылдады. Өйткені алаңдағы арпалыс кезінде үнемі тілін шығарып жүретін, қарсыластарының қитығына тиетін және еркін де көркем қимылымен, ең бастысы өзіне ғана тән  секіру ерекшелігімен көрермен көңіліне жол таба білген осынау баскетболшымен қоштасуға ешкімнің құлқы жоқ еді. Оны баскетбол сүйер қауым әлі де ойыннан көргісі келетін. Бірақ ол өз дегенінен қайтпады. Спорттан кетті... Дегенмен 1995 жылдың 19 наурызында Джордан қайта оралды. Сүйікті командасы «Чикаго Буллздың» жейдесін киген ол бәсекеге белсене араласты. өз командасының сапында тағы үш рет чемпиондық атақты жеңіп алды. 1999 жылдың қаңтарында Майкл Джордан үлкен спортпен екінші рет қоштасты. Алайда 2001 жылдың соңына таман ол алаңға қайта шығып, бұл жолы «Вашингтонның» жейдесін киеді. Плей-офф сериясына шығу міндеттемесін алған команда жаңа ойыншының арқасында чемпионатты тәп-тәуір бастайды. Бірақ майклдың жарақат алып қалуына байланысты «Вашингтон» көп ұзамай сәтсіздікке ұшырайды. Бұл Майклдың баскетболдағы өміріндегі алғашқы сәтсіздік еді. 2003 жылы да вашингтондықтар плей-оффтан тыс қалды. Ақыры 40 жасар Джордан баскетболмен біржолата қоштасты.

 

 

2009 жыл.

0 пікір