Бүкіл әлемдік дағдарыстың «айылын жимақ түгіл» отқа май құйғандай қаулап, лаулап бара жатқандығын таяуда ғана Астанамызда өткен Халықаралық экономикалық конференцияға қатысушы сарапшылар түгелдей дерлік мойындады. Олардың Астана форумына дейін қандай тұжырымда болғанын бір Құдай білер, ал біздің 2012 жылы «Дағдарыс тыйылмақ түгіл, өрши түседі» деген болжамымызды «Айқын» газетінің оқырмандары жыл басында-ақ білген болатын. Айтқанымыз тұп-тура келді.
Еуроодақ шексіз рецессияның бұғауында тұр. Тіпті, аймақтық валютаның тағдыры не болары белгісіз. Міне, жағдайдың осылайша ушыға түсуіне не «G-8», не «G-20» дөкейлері қанша бас қосса да жауап таба алмай қойды. Демек, бұл «емі жоқ дерт» деуге болатын деңгейге дейін ушыққан сырқат. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «G-Global» форматын ұсынды. Астана форумында біздің Елбасымыздың бұл ұсынысы қатысушылардың барлығынан бір ауыздан қолдау тапты. Сонымен, «дерт неге дауасыз болып тұр?» деген сұраққа жауап біреу-ақ, ол - «үлкендердің үлкен қателігі» дегенді алға тартпақпыз. «G» ағылшынша үлкен деген сөздің бірінші әріпі. Сондықтан да «G-8, G-20» дегеніміз «үлкен сегіздік, үлкен жиырмалық» дегенді білдіреді. Яғни алып мемлекеттерді басқарып отырған сегіз немесе жиырма бірінші тұлға қабылдаған шешімдер өмірдің үлкен қателігі болып келді. Дәлелдейік.
АҚШ «емі» Дағдарыс 2007 жылдың тамызында Нью-Йорк қор биржасында ипотекалық компаниялар құнды қағаздарының күрт құнсыздануынан туындады. Яғни жылжымайтын мүліктерге қойылып келген «көбік баға» жарылды. Әлемдік баға АҚШ мемлекетіндегі бағаға қарап, бой түзейтіні баршаға белгілі. Демек, Нью-Йорк қор биржасында жылжымайтын мүлік бағасы күрт түскен шақта әлемнің қалған мемлекеттеріндегі бағалар да құлдырайды. Қош. Қор биржасындағы келеңсіз хабарды естіген америкалықтар банктердегі депозиттік салымдарын қайтарып алу үшін бірнеше шақырымға созылған кезекке тұрды. Жанталас басталды. Осы кезде банктердің өтем мүмкіндігінде «ши шықты». Кейбір банктер депозиттік салымдарды иесіне қайтара алмады. Ел бұқараның наразылық бой көтерулері жағдайында қалды. Осыны ушықтырмау үшін федералдық қаржы жүйесінің басшысы Бен Бернанке «қажет болса, ақшаны тікұшақпен аспаннан шаша аламыз» деп бөсті. Бұл бөсу емес, ақиқат сөз болды. Иә, айтқанын орындату Бернанкенің қолынан келетін. Іле-шала мемлекеттегі үш банкнот фабрикасы үздіксіз жұмыс жағдайына көшіп, бір жылдың ішінде айналымға мемлекет бюджеті кірістерімен қамтамасыз етілмеген 7 триллион доллар шығарылды. АҚШ тынышталды. Бірақ бұл кезде дерт тұмаудай тарап кеткен еді. Жағдайды ерте болжай алған Қазақстан мен Жапония «уға қарсы у» шарасын қолданды. Қазақстан Президентінің тікелей нұсқауымен екінші деңгейдегі банктерге 2007 жылдың өзінде 4 миллиард долларлық «көмек көрсетілді». Дағдарысқа қарсы күрес шаралары арнайы бағдарламаға айналып, «жол картасын» жүзеге асыруға үкімет, ұлттық банк білек сыбанып кірісті. Сөйтіп, 2008 жылдың өзінде сырттың әсеріне толық тосқауыл қойылып, 2009 жылды аздаған өсіммен қорытындыладық. Айтқандай, қазақстандықтардың орташа кірісі дағдарысқа байланысты қысқарудың орнына екі есе өсірілді. Жапонияда іле-шала «үш сатылы зымыран» бағдарламасы жасалып өндіріске енгізілді. Мұнда тұтынушының сатып алу қабілетін сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Еуропада керісінше қатаң үнемдеу саясаты қолға алынды. Сөйтіп, Қазақстан дағдарыстан толық шығып, қарқынды даму арнасына түсті. Жапония табиғи апаттың ғана зардабымен күресуге мәжбүр боп қалғандығы болмаса, АҚШ «лаңының» зардабын онша сезе қойған жоқ. 2008 жылы АҚШ ел бюджетімен қамтамасыз етілмеген мол ақшаны тағы да айналымға жіберді. Бұл әрекеттерін 2009-2010 жылдары да қайталады. 2011 жылы мемлекеттік борышты ішкі жылдық жалпы өнім мөлшерінен асырып, 15 триллион доллар екенін конгресс заңдастырды. Қысқасы, «доллар иелері» айналымға 40 миллиард доллардан артық басы артық ақша шығарып елдегі дүрлігісті, қысқартуларды тоқтата алды. Дегенмен жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздарды «қайтаруға» қол жеткізе алған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды АҚШ, Жапония, Қазақстан қысқартуларды «жүргізбеді», айналымдағы ақшаны молайтып, тұтынушылардың сатып алу қабілетін арттыра отырып, дағдарыстың ауыртпалығын жеңді деген тұжырым. Еуроодақ «шаралары» Дағдарысты өз өмірлерінде сезіне бастаған Еуроодақ басшылығы да оған қарсы күрес шараларын «іске қосты». Олар евро бағасын арттыру, үнемдеу және қысқарту саясатын қалап алды. Евро бағасы өскен кезде евро-тауар бәсекелестік қабілетін жойды. Үнемдеу саясаты іске қосылғанда тұтынушының кірісі азайып шыға келді. Қысқартулар басталғанда белсенді тұтынушылар саны азайды. Парадокс. Еуроодақтағы жағдайдың неге түзелмей тұрғанын енді түсіндіру қиын емес. Біріншіден, тұтынушының кірісі азайып, сатып алу қабілеті кеміген шақта ұсыныс іркіліске ұшырайды да бұл тауарлы өндірісті тежелуге итермелейді. Бар болғаны осы. Нәтиже - рецессия. Өндірістік рецессияның беретіні - толмаған бюджет. Толмаған бюджеттен алатынымыз - тағы да қысқартулар. Қысқартулар тағы да тұтынушы кірісін азайтады. Бұл өз кезегінде сатып алуды кемітеді. Қайтадан бюджет кірісі азаяды. Осы цикл қайталана береді. Мінеки, Еуроодақтың бүгінгі жағдайға жетуін және оның бұл дағдарыстан жуыр маңда шыға қоймайтынын осы жағдай толық түсіндіріп тұр ғой. Демек, біз Еуроодақ биыл түгіл 2013 жылы да, тіпті, одан кейінгі кезеңде де рецессиядан құтыла алмайды десек, болжамды жоғарыда айтқан өндірістік процесстердің орын алуын байқағандық деп ойлаған жөн. Жағдайды түзеу - дағдарысқа қарсы күрес шараларын аймақ бойынша 180 градусқа бұру арқылы ғана жүзеге асатын іс. Бұған Еуроодақ басшылығы бара ала ма, ол жағы енді уақыт көрсететін жағдай. Бір қайран қаларлығы - сол өткен күзде Еуроодақтағы жағдайды талқылауға қатысқан АҚШ экономика министрі Тимоти Гейтнер «бұларың дұрыс емес» деудің орнына, «қатаң үнемдеу» саясатын қолдағаны белгілі. Неліктен? АҚШ - Еуроодақ қайшылығы Неліктен екені бізге белгілі. Егер Тимоти Гейтнер «бұларың дұрыс емес» десе, Еуроодақ Жапония мен Қазақстан секілді тұтынушылардың кірісін өсіріп, сатып алу қабілетін арттыруға баруы тиіс. Мұндай жағдайда айналымға жаңа евро шығады. Доллар-тауар валютаның құнсыздануы арқылы жеткен өтімділік қабілетінен айырылады. Рецессия енді Еуроодақта тежеліп, АҚШ-та өріс алатын болады. Бұл АҚШ үшін «қажет емес». Қысқасы, Еуроодақ пен АҚШ саясатқа бір топтың мүддесін қорғағандай болғандарымен, экономикаға келгенде «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деудің шырмауында қалған сыңайлы. Анығын айтсақ, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық», «бүл болмасаң күл бол» деп отырған АҚШ жағы. Ал Еуроодақ басшылығы жетім бала күйін кешуде. Алпауыт көрінетін АҚШ саясатына қыр көрсетуге олардың қауқары жоқ. Былтыр қыста өткен Давос форумында Ресей экономисі Алексей Кудрин «Батыста жағдайды бағамдай алатын білімі бар басшы болмай тұр» деп салған еді. Ол жақтағылар оның бұл сөзіне шамданған жоқ. Ал таяуда өткен Астана форумында біздің Елбасымыз АҚШ ұстанған саясатты «өртті бензинмен сөндіру» деп бағалады. Мұны форумға жиналған саясаткерлер де, халықаралық қоғамдық ұйымдар жетекшілері де, даңқты экономист ғалымдар да толығымен құптады және мойындады. Турасын айтсақ, Еуропа тауарының сапасыздығынан, өтімсіздігінен рецессияға жол беріп алған жоқ. Айналымға шыққан доллар массасының шектеусіз көптігінен осындай күйге түсті. Өкініштісі сол, не Ангела Меркер, не тұңғиық тереңіне үмітсіз батып бара жатқан Грекия, Испания, Италия мемлекеттерінің қайта-қайта ауысып жатқан басшыларының бірде-бірі АҚШ жағына «ау, бұларыңды қойсаңдаршы» деп көрген емес. Кінәнің неден екенін білсе де, ауыздарын ашуға қабілетсіз. Францияның жаңадан сайланған Президенті бұл мәселе төңірегінде не дейді оны уақыт көрсетер, бірақ біздің болжамымыз ол да алпауыт АҚШ басшылығына тура қарап, бірдеңе айтады деп үміттенудің өзі қиын. Қорыта айтқанда, әлем, әсіресе, Еуроодақ дағдарыстың «құрбаны болуы» әбден мүмкін. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін бүлдірді» дегенді өмір мысалынан көретін кез алыс емес секілді. Бұл - 2007 жылы басталған дағдарыстың жанға бататын ең ауыр зардабы болмақ. Ал ол зардапты болдырмайын десе, АҚШ мемлекетінің өзі «құрдымға» кетеді. Бар пәле - доллар Бүкіл дерттің қоздырушысы Теодор Рузбельт заманынан қалыптасқан «ұзын доллар» саясаты. Қазіргі таңда ақиқатқа тура қарар болсақ, АҚШ ешқандай қарусыз-ақ, тек қана доллардың күшімен бүкіл әлемді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап тұр. Бұл - үлкен билік. Үлкен биліктен айырылу өліммен тең. Оның үстіне дәл қазіргідей жағдай. Біреулер «АҚШ қор биржаларындағы мұнай бағасын арзандату үшін Иранға соғыс ашады» дегенді айтуда. Ал біз болсақ, «Иранға соғыс ашу - долларды өлімнен аман алып қалудың бір жолы деп түсінеді» дегенді ақиқатқа жақынырақ деп ойлаймыз. Ол - ол ма, былтырғы көктемде Африканың солтүстігін «жалмап өткен» төңкерістер сол доллар ықпалын сақтау жолындағы бір лаң болғаны сөзсіз. Яғни АҚШ өндірістік рецессия түгіл, долларды сақтау үшін адамдарды да мың-мыңдап құрбандыққа шалып жатыр. Иә, қазіргі дағдарыс та «үлкендердің үлкен қателігінің» жемісі. Бірінші қателескендер Бреттен Вуд келісіміне қол қойған мемлекеттер басшылары. Екінші қателік АҚШ жағының айналымға шығарылатын доллар массасын мемлекеттегі алтын қазынасымен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемесінен бас тартуына көнген мемлекеттер басшыларының қадамынан өріс алды. Сөйтіп, АҚШ басшылығы мемлекетке қанша қажет болса, сонша доллар басып шығарып алу мүмкіндігіне ие болды. Әлемді доллар деп аталатын жасыл бояулы бағасыз қағаз қаптап кетті. Мұның салдары Грекияның еуроаймақтан шығуымен ғана емес, тұтастай Еуроодақтың ыдырауымен тынса жақсы. Жоқ онымен тынбайды. Өйткені доллар басып шығаруды сәл тежесе, АҚШ деп аталатын алып мемлекет дүниежүзі картасынан жойылуы әбден мүмкін. Солай. Үлкендердің үлкен қателігі адамзатты экономикалық құрдымға итере түсуде. Сондықтан адамзат тұтасымен құрдымға кетпеуі үшін ешкімге, еш мемлекетке зардабы тимейтіндей жолмен доллардан бас тарту жөніндегі Н.Ә.Назарбаев ұсынысын қолдаудан басқасы қалған жоқ. АҚШ гегамон болуына әлем жол бере қоймайды. Соны түсінетін кез жетті. Таңшолпан БЕКБОЛАТ
|