Келесі министр кім болмақ?..
Әне-міне, дегенше Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары да аяқталады. Ертең, 8 тамыз – Олимпиаданың жабылуы рәсімі өтеді.
Қазақстан биыл 27 спорт түрінен 96 олимпиадалық лицензия ұтып алған еді. Ал медаль алған 83 елдің ішінде 79 орында тұрмыз. Қоржынымызда 7 қола.
Қазақ спортындағы бұл «жеңіліске» (сәтсіздікке) жауапты деген тұлғалардың бірсыпырасының аттарын атап жаздық, кеше.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары һәм қазақ қоғамы, спорт саласының сарапшылары Қазақстанның олимпиадалық құрамасының бұл нәтижесіне көңілтолмастық айтуда. Қазақ жұрты жолын тосқан, жүлде күткен жүзге таяу спортшының ең азы бір-екеуі алтын алуы керек-ті. Өкінішке орай, қоржынымызға алтын түгілі, күміс те түспеді. Сегіз спортшымыз қола жүлдемен шектелді. Рас, бірінің - бабы келмеді, бірі - мінезсіздік көрсетті, үшіншісіне - сәттілік серік болмаса, төртіншісін - төреші жығып берген сәттер көп болды. Барлығын өздеріңіз де көрдіңіздер. Халықтың қалтасынан шыққан қаржының күшімен ғана күн көретін Қазақстан спортына айтылар сын көп. Ал кінәлі кім?..
Қазақ спортындағы жабық саясат спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықты өршітіп, кәсіпқой спорт клубтары шенділердің қалтасын қампитатын қамбаға айналғанын БАҚ бұрыннан жазып келеді. Оны өткен жылы президент Тоқаевтың өзі де айтты. Кәсіпқой спорт клубтарын бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату керектігін айтты. Үкіметке тапсырма берді. Оның үстіне, біздің елде спорт федерацияларын кәсіби мамандар емес, әкім-қаралар басқарады. Демек, кей спорт түрлері, кейбір басшының жеке меншігіне айналып кеткен десек те болады. Қысқасы, қаржысы мол қазақ спортына үлкен реформа керек.
Осы жолғы Токио Олимпиадасынан кейін бюджеттің бүйрін сорып отырған спорт федерациялары мен Ұлттық олимпиадалық комитет және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі елдің, ел басшылығының назарына жағымсыз нәтижесімен ілінгені анық. Ендеше, осыдан кейін қазақ спортының көлеңкелі тұсына май шамның жарығы түсе ме, әлде қалыптасқан жүйе өз дегенін жасай бере ме?..
Қазақстанның спорт саласына айтарлықтай өзгеріс керектігін саясатшылар мен спорт сарапшылары да айтып жатыр. Мысалы, саясаткер Мұрат Әбенов: «Менің ойым - президент Тоқаев Токиодағы Олимпиададан кейін Даулет Тұрлыханов сияқты халық құрметтейтін азамматарды спортты басқаруға қайтару керек. Әрине, мінезі бар, анау-мынау саяси ойындарға көнбейді, бірақ жүрегі таза, мемлекетшіл тұлға! Тек Қазақстан емес, бүкіл әлемнің спорт саласы мойындаған талантты маман. Олигархтар сияқты спорттан ақша табу үшін емес, қазақ елінің намысын қорғайтын батырымыз», - деп жазыпты.
Ал спорт комментаторы Жандос Айтбайұлы: «Біздің балуандар мен боксшылар мәдениетті, сабырлы. Кейде тым мәдениетті болып кететін секілді. Бұл спорт қой. Бәлкім мәдениет пен спорт министрлігін екіге бөлу керек шығар», - деп ой тастайды.
«Chinovnik_kz» телеграм арнасы осы жолғы Олимпиада аяқталған соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова доғарысқа кететінін жазыпты. Тіпті, оның орнына министрлікті басқаруы мүмкін деген потенциалды үміткерлердің де аттарын атаған екен. Сонымен, Ақтоты Райымқұлова «отставкаға» кетсе, оның орнына Мәдениет және спорт министрлігін кім тізгіндеуі мүмкін?
«Олимпиадалық құраманың нәтижелеріне жауапты тұлғаларды қызметінен алу туралы шешім Токио Олимпиадасының жабылуынан кейін ғана қабылданады. Қазіргі таңда, ҚР Мәдениет және спорт министрі лауазымына үш кандидатура қаралып жатыр. Олар: Ерлан Қожағапанов, Арыстанбек Мұамедиұлы және Серік Сәпиев», - деп жазады «Chinovnik_kz».
АҚПАРАТ ҮШІН:
Ақтоты Райымқұлова
Жасы – 57-де. 2019 жылдың 17 маусымында ҚР Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған. 2014 жылдан бастап аталған министрлікте қызмет істеген. Ал 2016 жылдан бастап вице-министр қызметін атқарған.
ҮМІТКЕРЛЕР:
Ерлан Қожағапанов
Жасы – 52-де. Қазір ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі. Кеден қызметінің полковнигі. Аталған салада біраз уақыт қызмет атқарған. «Астана» президенттік кәсіпқой клубын, Қазақстанның футбол федерациясын басқарған. ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі болған. Алматыда әкімнің бірінші орынбасары болып жүріп, биыл сәуірде министр Ақтоты Райымқұлованың қасына ауысқан.
Арыстанбек Мұхамедиұлы
Жасы – 58-де. 2014 жылдан 2019 жылға дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі болған. Қазір ҚР Ұлттық музейінің директоры.
Серік Сәпиев
Жасы – 37-де. Бокстан Олимпиада чемпионы. Үш мәрте Әлем, екі мәрте Азия чемпионы болған. Бэл Баркер кубогінің 2012 жылғы иегері. 2017 жылы Мәжіліске депутат болған. Бір жылдан кейін отставкаға кетіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт істері комитеті басшылығына ауысқан.
Сонымен, ҚР Мәдениет және спорт министрі ауыса ма? Ауысатын жағдай болса, ол қызметке кім лайық? Талқылайық, мәртебелі оқырман...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz