Парламент түрлі көзқарастар дискуссиясы туған кезде пайда әкеледі
Бұрынғы КСРО территориясында парламентаризмді дамыту және өткеннің құрсауынан құтылу процестері енді ғана басталып келеді. Бұл процестер Гүржістанда жап-жақсы, ал Украинада қиындықпен жүріп жатыр. КСРО құрамына кіргенге дейін парламентаризм тәжірибесі болған Балтық бойы елдерінде бұл процестер сәтті жүріп кетті. Ал қалған елдерде, оның ішінде біздің отанымыз Қазақстанда парламентаризмді дамыту өзіндік ерекшеліктерімен жүзеге аса бастағанын байқап отырмыз.
2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Қазақстандағы парламенттік сайлаудың қорытындылары бойынша Мәжілісте «Nur Otan» партиясы 76 депутаттық мандатқа, «Ақ жол» 12 депутаттық мандатқа, «Қазақстан Халық партиясы» 10 депутаттық мандатқа, ал, Қазақстан халқы ассамблеясында 9 депутаттық мандатқа ие болғанын бәріміз білеміз. Аталған партиялардың депуттары қазақ параламентаризміне өз үлестерін қоса бастады. Өткен 6 айдың ішінде 25 заң жобасы талқылануға түсті.
Бұл турасында Премьер-министр Асқар Мамин: «...Оның алтауы Мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауынан туындайды. Бұл – сайлау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, биржалық сауданы дамыту мәселелері туралы заң жобалары. 2021 жылға арналған жоспарда геодезия, биологиялық қауіпсіздік, әскери полиция және қоғамдық бақылау бойынша маңызды заң жобалары бар. Жалпы 2020 жылғы заң жобалау жұмыс жоспары орындалды деп танып, 2021 жылға арналған заң жобалау жоспарын талқылауды ұсынамын. Заң жобаларын уақытында, сапалы әзірлеп ұсыну үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жеке жауапты болады. (…) Осыған орай министрлер заң жобаларын әзірлеу және Үкімет пен Парламентке ұсынуды қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет, – деген болатын.
Парламентаризмге Уикипедия ашық энциклопедиясында: «Парламентаризм парламенттің өкілетті және заңшығарушы орган ретіндегі басым рөлін мойындайтын, заңшығарушы және атқарушы билік қызметтері толық нақтыланған мемлекеттік билік жүйесі. Парламентаризм жағдайында парламент өз алдында жауапты үкіметті қүрады, бақылайды, қажет болған жағдайда отставкаға жібереді. Заңшығарушы қызметі тек парламентке тиесілі. Парламентаризм жағдайында монархтың немесе президенттің өкілетгілігі тек хаттама-өкілетті сипатта болады» деген анықтама берілген.
Осы орайда «Қазақта парламентаризм бар ма, әлде жоқ па, егер бар болса ол қандай деңгейде?» деген заңды сауал туындайды. Енді осыған бірлесе жауап іздеп көрейік.
Парламенттік демократия қоғаммен өте шебер жұмыс істеуді талап етеді. Ал ашықтан ашық өтірік пен зорлық-зомбылық, фальсификация сияқты дөрекі әдістерді қолдану саяси жүйенің нашар жұмыс істеуіне ұласады. Парламентаризм өсіп бара жатқан коррупциямен күресетін құрал болып табылады.
Жалпы айтқанда, ҚР Парламенті – ҚР жоғары өкілді және заң шығарушы орган болып табылып, республиканың заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғарғы өкілді органы болып саналады. Сол себепті, парламент пен парламентаризм өзара байланысты ұғымдар болғанымен екеуі дербес қолданыстағы түсініктер. Бұл орайда, парламентаризм парламентсіз өмір сүре алмаса, өз кезегінде парламент парламентаризм элементтерінсіз өмір сүре береді. Сонымен парламентаризм элементтеріне биліктерді бөлу, өкілдік және заңдылық жатады.
Егеменді еліміздің тарихына көз жібесе, парламентаризмнің негізгі идеяларының қазақ топырағына тамыр салуына Кеңестік империяның құлап, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік және егемендік алған соң ғана мүмкіндік туды. Нәтижесінде елімізде парламентаризм нысандары мен институттарын қалыптастыру барысында оларды басқарудың президенттік жүйесімен қабаттастыра жүргізуге де болатындығын өмірдің өзі айқын көрсетіп отыр.
Егемен еліміздің 30 жылғы тарих үшін қысқа мерзім саналатын осы уақыттың өзінде небір күрделі кезеңдер мен сындарлы сәттерді бастан өткерген Қазақстан парламентаризмі бүгінде қалыптасып, кемелденіп, сындарлы тәжірибе жинақтаған, қоғамдағы реформаларды табысты жүзеге асыруға үлкен үлесін қосып отырған маңызды саяси-демократиялық институтқа айнала білгеніне куә болып отырмыз. Тап осы турасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: “Жоғарғы Кеңестің орнына тұрақты жұмыс істейтін қос палаталы кәсіби Парламент келіп, осы жылдар ішінде еліміздің келбетін өзгерткен заңдар қабылдады”, деп атап көрсетті. Міне, осыдан келіп туындайтын қазақ елінде бой көтерген парламентаризмнің қыр-сырын кеңірек танып-білуге деген сайлаушылардың тарапынан орын алатын қызығушылықтың арта түсуі әлбетте заңды құбылыс.
Парламентаризмді басқарудың президенттік жүйесімен қабаттаса жүргізудің көрінісі ҚР Конституциясына сәйкес Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұруынан танылады.
Бұл орайда он бес депутаттан тұратын Республика Президенті тағайындайтын Сенат төте емес, жанама сайлау арқылы сайланса, қазақ елі сайлаған депуттардан тұратын Парламенттің құзыреті ҚР Конституциясымен белгіленеді және оның сессияларында, Палаталардың органдарының және депутаттарының қызметімен іске асырылады.
Конституциялық өзгерістердің сапасы да, салмағы да жоғары болуы кректігін Парламент Сенаторы Қ.Сұлтановтың «Конституциялық реформа жəне азаматтық қоғам» тақырыбына тоқталады. «Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан əрі демократияландыру», - деген сөзінен аңғаруымызға болады.
Саяси өзгерістер бағдарламасы мен конституциялық реформаларды əзірлеу, оның аса маңызды құрамдастарының бірі ретінде біздің алға басуымыздың басым арнасына айналғандығын Елбасымыздың мына бір пікірінен: «Конституциялық өзгерістер Қазақстанның қуатты, бəсекеге қабілетті жəне демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы жолындағы маңызды кезеңге айналмақ. Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде Парламенттің белсенді жұмысынан үміт артамын» деуінен-ақ аңдаймыз.
Міне, «Nur Otan», «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясы» тарапынан коронавирус жағдайындағы қиындықтарға қарамай, еліміздегі көппартиялық жүйе жаңа сатыға көтерілді деп айта аламыз. Парламент түрлі көзқарастар мен түрлі тәсілдердің таласы туған кезде пайда әкеледі. Қоғам тараптардың уәж-дәйектерін көріп барып, олардың арасынан таңдау жасауы тиіс. Парламенттің тағы бір функциясы – атқарушы билікті бақылау, оның ұрлығына, билігін жеке қамы үшін пайдалануына жол бермейді. Ал атқарушы билік парламентті бақылайды әрі бұл саяси күресте аймақтардағы өзін өзі басқару органдары мен тәуелсіз соттармен күш біріктіреді. Билік тармақтарының осындай бірін-бірі тежеу жүйесі – саяси жүйе мен бәсекенің дұрыс жұмыс атқаруына аса қажет дүние.
Біз осының бәрін осы жолғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен үш партияның жұмыс стилінен танып біле алдық. Оған дәлел мәжілісте қаралған 25 заңның жан-жақты талқыға түсуі.
Тәуелсіздігіміздің қаз басқан күндерінен бастап-ақ елімізде Елбасымыз саяси тәжірибемізге парламентаризм идеологиясын енгізуді мықтап қолға ала білді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың осы бағыттағы талпынысы билік тармақтарының бөлінісі қағидатына негізделген тап осы өкілді билік өркениетті саяси процесті қамтамасыз етіп, қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды құралына айналады деген берік сенімге сүйенген болатын. Шындығын айтқанда, Қазақ парламентаризмнің қалыптасу жолы теп тегіс тақтайдай емес, қым-қуат күрделі болды. Дегенменде ол өз бойына әлемдік және отандық тәжірибенің жақсы үлгілерін жинақтап, оларды қазіргі саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік салалардағы жағдайларға бейімдей білді. Қазір енді соның жемісін көріп отырмыз деп кәміл айта аламыз.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz