Жұма, 22 Қараша 2024
1832 0 пікір 1 Шілде, 2021 сағат 11:37

РефКеңес: Ұлттық жобалардың әзірленуі - халыққа пайдалы болуы тиіс

Бүгін Мемлекет басшысының Қаулысымен құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес кезекті отырысын өткізді. Кеңесте қарастырылған негізгі мәселе – ұлттық жобалардың әзірленуі туралы болды.

Жиын барысында Мемлекет басшысына стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов үкімет пен агенттік бірлесе әзірлеген он ұлттық жобаны таныстырды. Аталған жобалар 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары мен жалпыұлттық басымдықтарды іске асыруға негізделген.

Одан соң, Президент Келімбетовтың жобасы мен кеңес мүшелерінің пікірін тыңдаған соң, бірнеше ұсынысты ортаға салды. Президенттің айтуынша, Үкімет халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған шынайы әрі нақты міндеттерді шешуі тиіс.

- Ұлттық жобалардың әзірленуі мен оның орындалуы артық теорияландыруды емес, прагматикалық тұрғыда болуы тиіс. Сондықтан, ұлттық жобалардың әзірленуі туралы жұмыстардың мақсат-міндеттері де бірыңғай түсінікті болуы керек. Себебі, біздің шын мәніндегі мақсатымыз – бөрікті аспанға ататындай қуанышты емес. Сондықтан, бұл реформалар жөніндегі жоғары кеңес “қиялилардың клубына” айналмауы керек. Өйткені, кабинеттің сыртындағы өмір басқаша, күрделі бағытта дамып жатыр,- деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осы жобаның негізінде қазір ең қажетті мәселені шешуге шешім қабылдануы тиіс екендігін алға тартты.

- Біз қазір алдымен ең қажетті деген азық-түлік бағасының шарықтауы мәселесін және жалпы инфляцияның өсуіне қатысты нақты шешім қабылдауға тиіспіз. Одан бөлек, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты шешілмеген мәселе шаш етектен. Мәселен, елімізде болып жатқан қуаңшылық мәселесі мал шарушалығына кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан біз болып жатқан мәселелерге шынайы қарайық. Бұл жердегі біздің міндет – алдымызда тұрған осы мәселердің шешімін табу үшін үйлесімді жұмыс істеуге тиіспіз,- деді Мемлекет басшысы.

Алайда бұл жобалардың іске асуында жемқорлық мәселесі алға шығатыны да жасырын емес. Бұл жөнінде Президент те алдын-ала ескертіп, стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке мұқият болуды тапсырды.

- Мол қаржы туралы ақпарат шықса, мұндай жобаларды жіті бақылап отырған “әккі аңшылардың” бар екенін де ескеруге тиіспіз. Бұл әсіресе ірі жобаларды жүзеге асыру мен инфрақұрылымдық құрылыс саласына қатысты. Мұндайда бөлінген қаржыны талан-таражға салатында табылады. Бұл бәріне белгілі жағдай. Сондықтан Үкімет пен тиісті агенттік осы мәселені мұқият қарауы тиіс. Ұлттық жобалардың жүзеге асуы ең бірінші халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек,- деді Президент.

Қорытындылай келе Мемлекет басшысы Үкімет пен стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке алдағы тамыз айының 15 іне дейін ұлттық жобалардың нақты әрі қаржылай қамтамасыз етілген нұсқасын енгізуді тапсырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320