Алдымен себебін анықтайық
"Біздің құрама медаль санымен ТМД елдерінің ішіндегі Ресей мен Украйнадан кейінгі үшінші орын алдық..." депті дейді ҰОК-нің жауапты басшыларының бірі.
Ұялған тек тұрмас деп, амалын тауып мақтанған түрлері болса керек. Шынтуайтына келгенде біздер ТМД елдерінің арасында 13-ші орында тұрмыз. Бізден кейін тек қана Молдава мен Тәжікстан ғана. Медальдардың саны бойынша да 3-ші орында Грузия тұр!
Ал, олимпиададағы ең соңғы орындардың бірінде қалуымыздың себебі жайлы әзірге ауыздарын да ашқан жоқ. Артаев пен Сәпиев секілді бұрынғы спортшылар ғана оны-мұны ұсынып, ҰОК-нің болашаққа деген жоспарларының(әлі бекітілмеген) шетін ашқандай болып жатыр.
Бірақ, бұл себепті анықтау емес - себебінен жалтару секілді.
Қытай ҰОК өздерінің олимпиададағы сәтсіз өнер көрсетіп, АҚШ-тан кейінгі екінші орын алып қалғандарының себебін "Біздер өзіміздің спорттық медицина саласына ғылыми прогресті уақтылы енгізбеуімізден және спортшыларға жаттығуларда қолданудың инновациялық әдістерін сәл кеш енгізуден, әдістеменің жетілмегендігінен және т.б...." себептердің салдарынан ұтылып қалдық деген мәлімдеме жасапты. Яғни, олар олимпиада өтіп жатқан кезде өздерінің кемшіл тұстарын зерттеуді қатар жүргізіп отырған. Сондықтан, өздерінің екінші орын алып қалуларының себебін қысқа уақытта мәлімдеп отыр. Сондағысы АҚШ-тан бір ғана алтын кем түсіп отыр.
Қытай осылай өздерінің кемшілігін ашық жариялап отырғанда, біздіңкілер ебін тауып Қазақстанды әйтеуір бір тізімнің "үштігіне кіргізіп" қойып өз-өздерімізді алдаумен айналысып отырғаны өте күлкілі.
Осы жауаптарын естігенде мына бір анекдот есіме түсіп кеттіғой.
Ілгеріде мақтанғыш біреу құшағын барынша ашып тұрып "Осындай қырық құлаш балық ұстап алдым" десе, ауылындағылар күліп сенбестен "Сәл қысқарсай" депті. Сөйтсе әлгі сабаз "Мақұл! Бірақ, балықтың ауызы мынандай еді" деп, құшағын тағыда айқара ашып көрсетіп тұр дейді. Содан, ауылдастары "Әй! Мынау қоймайды екен. Екі қолын біріктіріп байлап тастайықшы. Көрейік сосын қалай көрсетер екен өтірігін" деп екі қолын алдыға байлап қойса, әлгі сабаз байланған қолдарымен фотодағыдай етіп көрсетіп алып "Сол балықтың көздері мынандай еді!" деп тұр дейді.
Рүстем Ашетаев
Abai.kz