Жұма, 6 Қараша 2026
Жаһан жаңғырығы 168 0 пікір 6 Қараша, 2026 сағат 14:53

АҚШ тарихындағы тұңғыш мұсылман сенатор

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Бүкіл әлем көз тіккен Америкадағы Аралық сайлау мәресіне жетті. Демократтар Республикашылдарды ойсырата жеңіп, Конгресте басым орынға ие болды.

Бұл Ақүйге қайта орала сала дос-қас демей АҚШ-пен сауда байланысы бар еддерге «тариф шоқпарын» көтеріп, әлсіздерге тізесін батырып, тіпті қару қолдануға дейін барған президент Трампқа ауыр соққы болды. АҚШ-тың өз ішіндегі солшыл басылымдарды былай қойғанда, Германия басылымдарды сайлау нәтижесін – «Трампизмге қарсы көтеріліс» деп бағаласа, Иран басылымдары «Трамптың дәуренінің аяқталуы» деп сипаттауда.

Иран демекші, Трамп пен вице – президент Вэнс те Республикашылдардың бұл жолғы жеңілісі – Иранмен болған әскери қақтығыспен тікелей байланысты екенін ашық мойындады. АҚШ тарихында тұңғыш рет ислам дінін ұстанатын азаматтың сенаттан ойып орын алуы да соның нақты көрінісі болмақ.

Абдул Эль-Сайед (Абдулрахман Мухаммед эль Сайед) 1984 жылы 31 қазанда Мичиган штатының Детройт қаласының маңындағы Рочестер Хиллзде Мысырдан барған мұсылман отбасында дүниеге келген. Мичиган университетін бітірген.

Докторантурада оқып жүрген кезінде Оксфорд университетінің Родс стипендиясын жеңіп алып, 2011 жылы қоғамдық денсаулық сақтау докторы дәрежесін алған Студент кезінде ерлер лакросс командасының капитаны болып, жоғары марапаттарды еншілеген.

2015 жылдың тамыз айында Эль-Сайед 30 жасында Детройттың Денсаулық сақтау басқармасының директоры болып сайланып, АҚШ-тың ірі қалалары тарихында «ең жас денсаулық сақтау директоры» атанады. 2022 жылдың желтоқсанында ол Уэйн ауданының Денсаулық сақтау директоры болған кезінде жаңа бағдарламаны іске қосып, 300 мың аудан тұрғынының 700 миллион доллар медициналық қарызын кешіреді.

2025 жылдың сәуірінде, қазіргі сенатор Гэри Питерс қайта сайлауға түспейтінін мәлімдеген соң, Эль-Сайед Мичиганда 2026 жылы өтетін АҚШ Сенатына сайлауға түсетінін жариялады. 2026 жылдың тамызында праймеризде Стивенсті жеңіп, ресми түрде Демократиялық партиядан додаға түсті.

Содан бастап Трамп пен командасы оны көзге шыққан сүйелдей көрді.

Президент Трамп оны «жиһатшы», «террористік ұйымдармен байланысы бар» деп күстаналаса, вице-президент Вэнс оны «өте жексұрын адам» деп балағаттады.

Оның бәрі Эль-Сайедтың Израильге ұстанған көзқарасынан туындаған. Ол 2024 жылдың қаңтарындағы подкаст эпизодында Израильдың Газа секторындағы қылмыстарын «геноцид» деп атап, атысты дереу тоқтатуға шақырды.

Эль-Саид биылғы АҚШ-тың Иранмен болған соғысын «Америка-Израиль қоғамдық істер комитетінің» (AIPAC) американдық саясатқа ықпалымен  байланыстырды. Ол Израильді «қарақшы мемлекет» деп атап, «АҚШ Израильге әскери көмекті тоқтатуы керек» деп мәлімдеді.

Сонымен бірге «Израильдың АҚШ-ты өз аумағын кеңейтуге бағытталған соғысқа сүйреп апарғанын, АҚШ-тың қыркүйек айында ғана айдаладағы шетелдік үкімет үшін 2000 фунт бомба сатып алуға 2,8 миллиард доллар жұмсағанын, ол ақшалардың американдық мектептер мен инфрақұрылымға жұмсалуы керек екенін» баса айтты.

Эль-Сайед – жеке сақтандыруды үкімет қаржыландыратын жалпы халықтық  медсақтандыруға ауыстыруды, монополияға қарсы күшті шаралар қолдануды және корпоративтік салық жеңілдіктерін жоюды жақтайды.

Эль-Сайед жеңісінен кейін ел алдына шығып: ««Мичиган біздің қаншалықты күшті екенімізді дәлелдеді. Мичиган халқы мен әрқайсы аудан нақты мәселені шешуден жалтарып, менің есім-сойым мен түріме шүйлігіп, жеккөрініштілік тудыруды көздегендердің науқан-тәсілін қабылдамады», - деді.

Ол Трамп пен Вэнске де қайырылып: «Венс, қымбаттым! АҚШ конституцисы бойынша сен қаңтардағы менің ант беру мүрәсіміме қатысасың, бұл парадокс емес пе?! Трамп, саған менің есім-сойымды оқып жариялау қиындық тудыратынын білемін. Бірақ, оқасы жоқ, мені «сенатор» деп атасаң да жетеді», - деп мысқылдады.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір