Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4055 0 пікір 4 Маусым, 2012 сағат 10:06

Тұрсын Жұртбай. «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...» (жалғасы)

2.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберілген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі  «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, - деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің:

«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,- деп жазуының астары осында.

2.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберілген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі  «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, - деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің:

«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,- деп жазуының астары осында.

28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде:

«Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды - деген мағынада үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, - дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады. Міне, жалпы жағдай осындай болатын... Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қозғалыс»,- деген пікір білдірді.

«Алаш» партиясының үкімет мүшелігіне ұсынған №2 үміткерге 1917 жылы 28 қазанда «Қазақ» газетінде берілген анықтамасы М.Тынышбаевтің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухынан толық хабар береді. Онда:

«25 июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхамеджан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятына Куропаткин генерал-губернатор болып тұрған кезде Жетісудағы бүліншіліктің не себепті болғандығын, айыптың бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікті хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхамеджан. Түркістан уәлаятындағы қазақ-қырғыздың жер-суы переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һам мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ-қырғыз аса таршылықта қалатындығын анықтап доклад жазған Мұхамеджан.

1905 жылы бостандық елестеген кезде Петроградқа һәр облыстан түрлі мәселелер һақында ізденуші қазақтар көп барғанда, қазақтың пәленше-түгенше деп Алашқа аты шыққан кейбіреулері арызшылардың қалтасын қанауды кәсіп қылғанда, басшылық етіп, еңбегін сатпай, қызмет көрсеткен Мұхамеджан. Ол жылдары Мұхамеджан Петрборда оқып жүрген студент еді. Сол жылғы петрборшылар Мұхамеджанның кім екенін, басқалардың кім екенін біліп қайтқан.

Мұхамеджанды өзгерістен кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уәлаятындағы бес облыс һам Бұқара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасының екеуі қазақ еді: Әлихан һам Мұхамеджан. Мұнан көрінеді: Мұхамеджан қазақта бір болса - өзі, екі болса - екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхамеджан қазақ-қырғыз һам мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петрборға барып қайтты»,- деп жазылды.

Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талмауытты тұс осы. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам - Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал-губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да - Мұхамеджан Тынышбаев. Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» - қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:

«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, көп емес. Пішпек, Пржевалскі уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ (үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған»,- деп талдау жасады.

Бұл С.Брайниннің:

«Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтің 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...»,- деп сес көрсететін тұсы.

Әрине, мұны «басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаев пен О.Шкапскийдің 1917 жылы 30 наурызда Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссарлары болып тағайындалысымен Петроградқа шұғыл түрде жолданған төмендегі жеделхаттары «халықтық жендеттің» қандай іс-әрекетпен шұғылданғанынан анық мағлұмат береді. Ж.Дүзбаевтің жарияланымы бойынша ұсынылып отырған бұл жеделхаттардың мазмұны онсыз да түсінікті болғандықтан да, талдап жатпаймыз:

12-мамыр. 1917 жыл. Петроград, (бес адреске). «Бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың зардабынан Жетісудағы егіндік пен шабындық жерлер қурап қалды. Күзде алынатын өнім болмашы ғана, ал шөп мүлде жоқ. Барлығы дерлік күйіп кеткен. Қыста соның салдарынан мал түгел қырылатыны анық. Орыстардың көтеріліс кезінде тартқан шығындарын өтемей орыс пен қазақ-қырғызды татуластыру мүмкін емес. Сондықтан да алдағы үлкен апаттан елді аман алып шығу үшін міндетті түрде шұғыл шаралар қолдану қажет... Өлкенің экономикалық, географиялық және саяси ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен шешім қабылдай алатын, Түркістан Комитетіне тәуелсіз, арнаулы Жетісу Комитетін құруға рұқсат етіңіздер. Комитетті күшейту мақсатымен осы өлкеде туып өскен социал-демократ, меньшевик Илья Шендриковты үшінші Комитет мүшесі етіп бекітулеріңізді сұраймыз. 12-мамыр. 29-нөмір. Шкапский, Тынышпаев (кейбір құжаттарда осылай жазылған - Т.Ж.)»;

31-мамыр. Петроград. Шепкинге. «Бүгіннен қалмай мен Қарқараға жүремін, қырғыздар (қазақтар - Т.Ж.) арасында әлеуметтік реформалар жүргізу қажет. Феодалдық құрылысты әшкерелеп, оны түп-тамырымен құрту керек. М.Тынышпаев»;

Қарқарадан келгеннен кейін Петроградтағы Азық-түлік министрлігіне, Жер қатынастары министрлігіне, Юстиция министрлігіне, Ағарту министрлігіне, Түркістан Комитетінің председателі Шепкинге, Мемлекеттік Дума ішіндегі мұсылман фракциясына және беделді деген газет редакцияларына шұғыл телеграмма соғады:

«Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қазақ-қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері - таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қазақ-қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқаралыға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардың өлігі. Орыстардың қазақ-қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдат бандылар қазақ-қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес... Пржевальскі уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қазақ-қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.

Бұл көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі - әйгілі қоныс аудару саясаты арқылы қазақ пен қырғыздан бірқатар шұрайлы, егістік жерлерді тартып алуда жатыр.

Көтерілістің тағы бір себебі, менің ойымша, жергілікті феодалдық құрылыс, бұл туралы 1906 жылғы «Известия географического общества» журналында басылған «Киргизы и крестьяне» деген мақаламда жазған болатынмын. Жергілікті бай-манаптармен, осы жолғы сапарымдағы істі одан әрі жалғастырып, үздіксіз күрес жүргізу керек. Жүріп өткен жерлерімде митингілер ұйымдастырып, тіл білетін шешендерді сөйлетіп, елге жаңа үкіметтің саясатын түсіндіру барысында біраз жұмыстар жүргіздім. Жаңа үкіметтің атынан осы жылғы жиналатын алым-салықты қысқартып, манаптық басқару жүйесін тараттым. Елдің бәріне бірдей теңдік жарияладым. Мұндағы ойым - онсыз да қытайлықтар мен орыстардың тонауынан қайыршылық жағдайына түскен аш халықты манаптардың «шығын» деп аталатын алым-салығынан құтқару еді. Алайда, мұндай бірлі-жарымды істелінген шаралар жеткіліксіз, бай-манаптармен күресу үшін демократиялық өзіндік басқаруды енгізіп, бұл өлке өте мұқтаж болып отырған ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Аштықтан қырылып жатқан қара қырғыз халықтарына қол ұшын беріп, олардың күйреген шаруашылығын қалпына келтіріп беру - орыс халқының ар-намысына жүктелген абыройлы міндет. Жетісуда азық-түлік мәселесін шешу үшін міндетті түрде астық монополиясын енгізу керек. Ол басы артық астықты жиып алып, мұқтаж болып отырғандарға теңдей бөліп беруге мүмкіншілік туғызады. Қырғыздардың күйзелген шаруашылығын қалпына келтіру үшін Қытай Түркістаны базарынан мал сатып алып, оны тақыр кедейлерге тегін үлестіріп берген жөн. Соңғыларына сонымен қатар баспана боларлық киіз үй жасап алуларына қаржы бөлу қажет. Қанат жайып кеткен тонаушылық пен күрестің алғашқы қадамдары жасалып жатыр, яғни, шаруалар мен демалыстағы солдаттарды қарусыздандырып, мылтықтарын жиып алдым. Қылмыс үстінде ұсталғандарға дереу сот жүргізу керек... Соған байланысты тергеу ісін жүргізуде басшылық жасайтын прокурор жолдасты, уездік комитеттердің өкілдерінен уақытша құрылған присяжныйлардың сотына төрелік ететін сот өкілін командировкаға жіберулеріңізді сұраймын. Қылмыстыларды маусымның аяғына қалдырмай қатаң жауапқа тартқан дұрыс. Әйтпесе, бандылардың айуандығы шектен шығып барады.

Сот сонымен бірге бай-манаптармен күресу үшін де қажет. Алғашқы сапарда бастап кеткен осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға орыс революциясының міндеті мен мақсатын толық ұғынған, жұмыс істейтін саналы жолдастар керек. Өкімет басшыларынан қазақ-қырғыз халқы аса мұқтаж болып отырған азық-түлік дайындауға және шаруашылықтарын қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат бөлулерін өтінемін. Орыс және мұсылман қоғамдарынан Жетісу өлкесіне бұл іске жан сала кірісетін қызметкерлер жіберіп, көмектесулерін сұраймын...

Социал-демократтар, меньшевиктер, халықшылдар және т.б. партиялардан осы үндеуді қолдап, қолғабыстарын тигізулерін сұраймын. Большевиктерді әдейі шақырмай отырмыз. Демагогиямен айналысып, бос сөйлеп жүргендер өзімізде де жеткілікті. Ұлы Русь, орыстар мен мұсылмандар, шалғай түкпірдегі Жетісу қырғыздарының басына ауыр іс түскен шақта бар көмегін аямай, олардың бай-манаптар езгісінен босанып, басқа да Россия халықтарымен қолтықтасып прогрестің кең жолына шығуына көмектеседі деп сенемін. 85. Уақытша үкіметтің Түркістан Комитеті мүшесі М. Тынышпаев»;

«1917 жылғы тамыз. «Орыс-қырғыз арасындағы шиеленіскен ауыр жағдайды қалпына келтіру үшін бірінші кезекте олардың шығындарын өтейтін қаржы сұрап мамыр айының басынан Ташкентке 41, 61, 67, 70, 85, 96, 103, 123 нөмірлермен, Петроградқа 29, 42, 79, 113, 127, 256 және 344 нөмірлермен телеграммалар жөнелткен едік. Жауап жоқ... Қолға түскен орыс бандыларына сот жүргізу үшін жергілікті комитет мүшелерімен бірге уақытша присяжныйлар сотын құруын сұрап, Юстиция министрлігіне екі рет хабар жіберген болатынбыз. Өкінішке орай, оған да әлі жауап жоқ. Бұл, әрине, бандылармен күрес жүргізу жұмысына үлкен кесірін тигізуде. Ташкентте отырып бұл жердегі жағдайды көріп-білу мүмкін емес, жауапсыз жандардың іске араласуы жағдайды шиеленістіргеннен басқа пайда бермейді. Сіздің игі ниетпен жіберген комиссияңыз, сот өкілдері мен солдаттарыңыз істі тек насырға шаптырады. Соның қырсығынан жергілікті халықтың сенімінен айрылып қалуымыз мүмкін. Тірнектеп жиған абыройымызды уыстап төгетін бұндай іске араласудан бас тартамыз. Өтінішіміз қанағаттандырылмаған жағдайда отставкаға береміз...

Жазалаушы экспедиция мен жауапсыз адамдардың орнына шынайы интеллигенция өкілдері: судьялар, дәрігерлер, тергеушілер, комиссарлар керек, мұқтаж болып отырған 11 миллион сом ақша керек; эпидемиямен күресу үшін дәрі-дәрмек керек, алыс аудандармен байланыс жасап тұруға автомобильдер керек. Илья Шендриков керек... Ал, сіздердің экспедицияларыңыз орыс-қырғыз қатынасына кесірін тигізіп, біздің еңбегімізді еш ететіні анық. Шешімдеріңізді қайта қарағандарыңыз дұрыс болар еді. 349. Шкапский, Тынышпаев»;

«А. Ф. Керенский үкіметі Жетісу тұрғындарының шығындарын өтеуге 11 миллион 150 мың сом қаржы бөлді.

11-қазанда Түркістан комитеті өзінің №47 қаулысымен түскен ақшаның 5 миллионы қазақ пен қырғыздың, 6 миллионы орыстардың шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсалатын болды. Жергілікті халыққа бөлінген ақшаға Шығыс Түркістан базарынан мал, ал, орыс шаруаларынан арзан бағамен астық алынып аш елге тегін үлестірілетін болды. Бұған қоса сол ақшаға киіз үйлер, дәрі-дәрмек, т.б. қажетті заттар алу жоспарланды».

Мұхамеджан Тынышбаев пен О.А.Шкапскийдің «патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасына жасаған жендеттігі» осындай болатын. Ал «Жетісудағы өзара қырғынды тоқтатып, оларды аштықтан арашалаған О.А.Шкапскийді және онымен қоса тағы да 40 адамды большевиктер Алматының түрмесінде атып тастады. Азаматтық ұятын сақтап қалған Санжар Асфандияров қана бұл кезде «кесімді жазасын өтеу үшін» жер аударылып кеткен «жендетке» араша түсу райымен:

С.Асфандияров: «Дұрыс деректің өзін, Брайнин мен Шафироның қолдан құрастырып отырғанындай, тарихи оқиғаны дұрыс түсінуге бөгет жасайтын «деректермен» толықтырудың қандай қажеттілігі бар еді? Мысалы, 1917 жылы Тынышбаев пен Шкапский қазақ ауылын тас-талқан етті - деген жорамалды неге ұсынған? Мен де сол жылдары Жетісуда қызмет еттім, сондықтан да: «Ондай қырғынның болуы мүмкін емес, болған жоқ», - деп толық сендіре аламын. «Жетісуда қазақ-қырғызды қырып жатыр», - дегенді 1917 жылы Петроград қаласында өткен Демократиялық кеңесте әйгілі Топчыбашев айтты, бірақ ол қанқұйлы істі Шкапский емес, қоныстанушы кулактар жүзеге асырды. Ол сондай бір сұрғылт тұлға еді...

Брайнин: Алайда ол Уақытша үкіметтің комиссары болды емес пе?

Асфандияров: Қазақтарды қырып салуға Тынышбаев еш қашанда бармас еді.

Брайнин: Ол демонстрацияға шығушыларға қарсы сөйледі.

Асфандияров: Тынышбаев Қытайдағы қазақ босқындарына келмей тұра тұруды өтініп, Қытайға өзінің агенттерін жіберді (Жетісуда жаппай қырғын мен ашаршылық жүріп жатқан - Т.Ж.). Оның Жетісу кулактарының алдында тізе бүккені рас, бірақ оның қазақтарға қырғын ұйымдастырғысы келді деу - өтірік».

Иә, Брайнин мен Шафиро халық қамқоршысынан - «халықтық қасапшы мен қарақшы» жасап шығарғысы келді. Тынышбаев пен Шкапскийдің Уақытша үкіметтің алдында жанталасып жүріп мәселе қоюының нәтижесінде: 1. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жаппай қырып-жоюдың зардаптарын анықтап, жазықсыз жандарды қырып салған жазалау отрядының командирлерін жауапқа тарту үшін тергеу комиссиясын құрғызды. Бұл, сол тұстағы ең үлкен ерлік іс еді. Тергеуден сескенген қоныстанушылар мен әскери жасақтар «әскери серуеннен» бой тартып, қазақ-қырғыздың өз отанына қайтып келуіне дес берді. 2. Отанына қайтып оралған қазақтар мен қырғыздарды қоныс адарушылар ата мекеніне қайтадан жолатпады. Қыстауларына қондырмады. Олардың мал-мүліктерін тартып алды. Астықтың бағасын үш жүз есеге көтере сатты. Соның нәтижесінде қазақ-қырғыз жаппай аштыққа ұшырады. М.Тынышбаевтің Жоңғар жоталарындағы босқын елдің әзірше елге қайтпай, толастай тұруын өтінуінің осындай мәні бар еді. Сондай-ақ, аштар мен баспанасыз қалғандарға және егіндік тұқым алу үшін Уақытша үкіметтен 11 миллион сомнан астам қаржы бөлгізді.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1917 жылы Уақытша Үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, 1917 жылы 24 сәуірде Түркістан автономиясының төрағасы, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда «Алашорда» үкіметінің мүшесі, заң актілерінің авторларының бірі болды. 1918 жылы Уфадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетінің (Комуч) кеңесіне қатысты.

Осы кездегі саяси жағдай туралы Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында:

«Қазан төңкерісін - мен және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдар, соның ішінде Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа Қожықов, Әбдірахман Оразаев бар, Түркістан өлкесінің барлық реакцияшыл буржуазияшыл-ұлтшылдарың барлығын: «Кеңес өкіметін мойындамаймыз, дербес буржуазияшыл Қоқан республикасын орнатамыз!»,- деген ұранмен Жалпытүркістандық төтенше құрылтайдың туының астына жидық. Осы құрылтайда премьер-министр Тынышбаев бастатқан үкімет құрылды, кейін оны Мұстафа Шоқаев ауыстырды. Қоқан республикасы Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының негізін қалады, ол 1918 жылдың басында (-?) талқандалды»,- деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 148-бет) көрсетті.

Мұндағы: «басмашылар қозғалысы... 1918 жылдың басында (-?) талқандалды»,- деген дерек жаңсақ кеткен сияқты. Анығында мұхараммдар қозғалысы 1928 жылдың ортасына дейін ұласқан болатын. Ал 1918 жылы 4 қыркүйек күні М.Тынышбаев пен Ә.Ермеков Сібір Колчак үкіметінің қабылдауында болып, автономияның жалпы ережелерін талқылады, сонымен қатар қазақ ұлтының сеніміне ие болуы үшін Облыстық комиссарды не оның орынбасарын қазақтан тағайындауды талап етті, 5 қыркүйек күні тұтқындағы алаш көсемдерін, соның ішінде Б.Сәрсеновті түрмеден босатуды ұсынды. Бұл сапарда М.Тынышбаев пен Колчак үкіметінің арасында белгілі бір дәрежеде байланыс орнады.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1919 жылы Колчак үкіметіне қазақ даласын басқарудың жобасын ұсынды.

Мұны түсіну үшін М.Тынышбаевтің 1919 жылы 16 көкек күні «мәртебелі билеуші Колчакқа» жолдаған «Жетісу облысындағы қазақтардың жұтқа ұшырауы» атты баянхатындағы (мәтін іріктеліп алынды):

«1916 жылы тамыздың басында майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлыққа қарсы қазақтар көтеріліске шықты, ол Пржевальский, Пішпек, Жаркент, Верный уездерін қамтыды. Оларға қарсы Ташкент, Ферғана және Семей қалаларынан жазалау отрядтары жіберілді. Жазалау отрядының екі айдан астам уақытқа созылған қуғынынан соң 200 000 қазақ (облыстағы қазақтардың 20%) қазан айында қарлы шыңды асып Қытай жеріне ауды. 1916-1917 жылдың қысында босқындар ашаршылыққа ұшырады. Әйелдері мен балаларын сатты. 1917 жылы ақпан мен наурыз айларында босқындардың арасында сүзек індеті тарады. Көкек айында жаңа өкіметтің кешірімін естіп отанына жаяу-жалпылап, аш, жалаңаш жетті.

Крестьяндардың оларға өшіге қарап, астығын сатпай қоюының кесірінен... індет үдей түсті... Аштық Түркістан, Каспий, Сырдария, Жетісу, Лепсі, Қапал уезін қамтыды... 1918 жылы аштықпен қоса іш сүзегі Семей, Ақмола, Торғай облыстарын жайлады... Одан Әндіжан мен Ташкентке тарап, Сібірге ойысты. Сібір уақытша үкіметі Жетісуға баруға тиым салды...

Верныйдан жолдаған оннан астам жеделхатқа қарамастан Петроград тек 1917 жылдың қазанында, большевиктердің төңкерісі қарсаңында, Жетісуда мәлім мөлшерде ғана ақша қалғанда қаражат босатты. Персиядан келген 2-казак полкінің көмегімен большевиктер облыстағы үкіметті тартып алғанша (1918 жылы ақпанда) Қазақтарға бөлінген 5 000 000 сомның тек 1 000 000 сомын ғана жұмсап үлгерді. Большевиктерге қарсы күрескен белсенді қызметкерлердің біразы қашып кетті, олардың кейбіреуі қолға түсіп, атылды (Мысалы, үкімет комиссары Шкапский т.б.)

...Қапал және Лепсі уездеріндегі «контрреволюциялық» әрекеттерді басу үшін 1918 жылы мамыр айында облысқа аты шулы Мамонтов (Мақаншы ауылындағы ұрыс кезінде оққа ұшты) жолай Верный, Қапал, Жаркент, Лепсі уездерін қырғынға ұшыратып, тонады... 1918 жылы маусым айында Сібірдегі төңкерістің хабары жеткенде (Семей қаласынан жіберілген «Алашорданың» арнайы адамы арқылы) Қапал мен Лепсі уездерінің қазақтары бас көтерді, қазақ қайраткерлері бірнеше жасақ құрып, Семейден келген жасақтарға қосылды...

Бұл оқиға қызылдардың ызасын оятып, қарусыз қазақтарды жаппай қырып, шаруашылығын ойрандады. Тек қана Лепсі уезінің Садыр болысының бес ауылынан ғана 5000 ересек адам өлтірілді, ал уез бойынша қаза тапқандардың саны 8000-нан асты. Менің әкемнің ауылындағы 6 жастан жоғары еректердің бәрі де өлтірілді, қыстақтары мен киіз үйлері өртелді, 15 әйел мен 17 бала тұл боп қалды...

Жоғарыдағыны мәлімдей келе Сіздің құзырыңыздан: 1. Ашаршылық пен қайыршылыққа ұшыраған қазақтарға 510 000 пұт астық... 2. Большевиктерден азат етілген қазақ шаруашылығына 5100 соқа, 51000 орақ, 255000 шалғы, 10000 балта, 1000 ара босаттырсаңыз екен... 3. 1918-1919 жылға тиесілі барлық алым-салық, ақшалай салғырт алынып тасталса екен... 4. Қазақтардан ат жинау тоқтатылсын... 5. Жаз шыға қайыршыланған қазақтар өзінің шаруашылығын қалпына келтіру үшін қыстақ пен киіз үй салу үшін орманнан ағаш кесуге рұқсат берілсін... 6. Большевиктерден босатылған қазақтардың түтін басына 150 сомнан қайтымсыз көмек берілсін, большевиктерден босатылған қазақтарға жиыны 7 650 000 сом, ал большевиктердің қол астында қалған қазақтарға 18 450 000 сом, барлығы 261 000 000 сом қаржы босатылуы қажет. 7. Дәрі-дәрмектің, дәрігерлердің жетімсіздігіне байланысты қауіпті індет ауруы таралып кетпес үшін дәрігерлер мен фельдшерлер жіберілсін... 8. М.Төлебаев сияқты қазақ қайраткерлері тұтқыннан босатылсын...»,- деген «басқарудың жобасына», яғни, бұлжытпайтын шындыққа жүгінсе жетіп жатыр еді.

Анкеталық анықтама (жалғасы): «1918-1919 жылдары Шығыс «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі, 1920 жылы Солтүстік Жетісудағы «Алашорда» отрядын бейбіт қарусыздандырып, қазақ атты әскер полкі ретінде ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.

«Алашорданың» Жетісудағы бөлімін басқарған М.Тынышбаев дербес «Алаш» жасағын да құрды. Оған Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, Серікбай Ақаев, Төлембай Дүйсебаев, Мәжит Күдерин, Н.Ниязов, Қанатхан Сыртанов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Алдаберген Омаров, Кеңсаба Үмбетбаев, Базарбай Мәметов, Мырзақан Төлебаев, Керімбек Күдербеков, Біләл Сүлеев сынды алаш қайраткерлері Жетісу «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ еді. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді «жазалау әскері» деп қабылдап, «жергілікті қоныс аударушы-большевиктер» қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша ұмтылды. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі де кейін тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Большевиктер мен Жетісу казактарының жүздігінің «қызыл қырғыны» туралы М.Тынышбаев Колчак үкіметіне:

«1918 жылы облыс қазақтары қоныстанған мекеннің барлығы дерліктей большевиктердің зомбылығы астында өмір сүрді, олар алуға жарайтын нәрсенің бәрін тартып алды. Тұрғындардың дүние-мүлкін түк қалдырмай тонап алды, қазір ауыр зардап шегіп отыр, кейбір шаруашылықтар мүлдем жойылып кетті, түтін басы санағы жүргізілмеді, оны қазір жүргізу де мүмкін емес, берілген мағлұматтар шындыққа сай келмейді. Соған қарамастан бұл қазақтар 800-ден астам жасақ шығарып отыр (ал 1000-нан астам адам соғыс майданында жүр), біздің жігіттер ең жауапты шепте жүр, офицерлердің айтуынша, олар ең сенімді әрі ержүрек жауынгерлер болып саналады екен, алайда, біздің жігіттер қаруландырылмаған, немесе нашар қаруланған. «Контрреволюционер» деп айып тағылған біздің жігіттер Верныйдан, Жаркенттен, Пішпектен, Нарыннан, Гавриловкадан, Қапалдан, Лепсіден жасырын кетіп қалып, қазақ жасағын құрды, сөйтіп, Сібір отрядтарымен бірігіп шайқастарға қатысып жүр. «Алашорданың» мүшесі, Құрылтай жиналысының мүшесі, ең жігерлі қайраткер Отыншы Әлжанов Мақаншыда (Үржардың маңында) большевиктердің қолына түсіп қалды, оны айуандықпен отқа өртеп өлтірді»,- деп хабарлап, жағдайды түзету жөнінде 8 баптан тұратын ұсыныс жасады.

«Алашорда» үкіметі әскери кеңесінің мүшесі және Жетісудағы босқын мен ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмек комитетін басқару үшін Семей қаласына келіп, бірден үкімет ісіне кіріседі. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовпен бірігіп заң актілері мен үкімет нұсқауларына қол қояды. Ал А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков бастаған «Алашорда» үкіметінің мүшелері босқынға ұшыраған қазақтардың жағдайымен танысып, қытай үкіметімен біріге отырып тиісті шара қолдану мақсатында Шәуешек қаласына аттанады. Бұл туралы Ы.Жайнақов:

«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды. Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметінің отряды Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады...»,- деп хабарлады.

Ағайынды «большевик - партизандар» Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық ауданнан:

«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Аманжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак-орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ-қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов»;

«Сергиополь - Шәуешек жолы бос. Мақаншыда ешкім жоқ, өйткені оның іші толған өлікке үйіліп жатыр, тіпті, құдықтар да бос емес. Тек атты қазақтар ғана байланыс жасай алады... Маған Шәуешекке барып консуль Долбежевпен, облыс комиссары В.В.Балабановпен, «Алашорданың» Жетісудағы кеңесінің мүшесі Тергеусізовпен кездесуге рұқсат беруіңізді сұраймын. Өйткені офицерлер мен жүздіктер, оның ішінде Көкпекті жүздігі, кейбір партизан жасақтары соғыста сенімсіздік байқатты. 400 казак жасағы қашып кетті, майданда тек «Алашорда» еріктілері ғана қалды, олар жан аямай шайқасты, өздері қаза тапса да казактардың қалдығын тауды паналауға мәжбүр етті... Бақты бекетінде осы маңдағы үш болыстан құрамында 150 алаш еріктісі бар екі жүздік жасақталды. Олар облыстық комиссар Балабанов пен алаш өкілі Тергеусізовтің қарамағына берілді... Қалғандары Бақты мен Үржар арасындағы жергілікті тұрғындардан құралған қорғаныс жасақтарына көмектесуге кетті. Сергиополь мен Үржарда да жасақтар ұйымдастырылды. Олардың барлығы Семейден келе жатқан Алаш атты әскер полкінің құрамын толықтырады»,- деген (Полковник Ярушин) жеделхаттар жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 216-217).

Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев Семейден оқ-дәрі, қару-жарақ алып шықты. Ол бұл қаруларды «Алашорда» әскеріне өткізіп береді. Ол туралы өзінің көрсетіндісінде:

«1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтов отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» - деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякөзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша-желтоқсан айы болатын»,- деп мағлұмат берді.

Жетісу майданының дайындығын бақылауға келген АНТАНТА-ның өкілі Ч.Элиоттың келуіне орай шеруде көзге түскен алаш жасақтары туралы «Рабочий день» басылымы 1918 жылғы 6 қараша күнгі санында:

«Қазір құрамында 500 адамы бар қазақ жасағы Жетісуда большевиктерге қарсы соғысып жатыр. Сонымен қатар Жетісу облысында - 8 мың ерікті бар, Семейде - 2 мың, Оралда - 2 мың, Қостанайда - 450 жасақ бар. Таяуда сэр Элиот және Бірінші Дала корпусының командирі Матковский Семейге барып, қазақ атты әскерлері бөліміне өте риза болып қайтты. Жан саны 6 миллионға жуық, ұланғайыр жерді алып жатқан қазақтар қалыпты жағдайда 40 мың солдат шығара алады»,- деп жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 225) жазды.

Міне, Шығыс «Алашорда» әскері осындай қанды майданда соғысып жатқан кезде кеңес өкіметімен келісімге келуге мәжбүр болған А.Байтұрсыновтың қызыл комиссарларға:

«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды»- деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатты.

Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды.

Ал С.Брайниннің қосалқы серігі Ш.Шафиро: «Қазақстандағы ұлттық қозғалысты мадақтау орын алып отыр ма, жоқ па? Егерде мұндай бағыт Украинада орын алып отырса, онда Қазақстанда неге болмауы тиіс? «Алашорда» туралы Мартыненконың кітабі ерекше орын алады. Бір кезде «Алашорданың» өмір сүргенін жоққа шығарған адамдар болған. 1923 жылы Кенжин: «Алашорданың бағдарламасы дегеніміз - Құрылтай кеңесінің депутаттарына берген тапсырыс қана», - деп жазған болатын. Әлі есімде, 1929 жылы Қызылорда қаласында Мартыненко маған жүгіріп келіп, сондай бір мәз-мәйрам күйде өзінің «Алашорданың» мөрін тапқанын айтып еді. Мөр! Енді «Алаштың» өмір сүргенін ешкімде жоққа шығара алмайды... Біз осы арада Байтұрсыновты халықтың қамын жеген азап иесі ретінде көрсеттік, ол дұрыс емес. Кейде түрмеде отырудың өзі Байтұрсынов үшін пайдалы болды... Алашорда зиялыларының халық арасында беделі өте күшті болды. Бұқараның қозғалысқа ілескені анық, бірақ бұл революциялық қозғалыс емес еді. Сондай-ақ, бұқараға алашордалықтардың ықпалы күшті болғанымен де, мұны революциялық емес деуге де келмейді. Біз өзіміздің зерттеуімізді Жетісудағы азамат соғысының тарихын жазу үшін бастағамыз, сол кезде алашордашылардың қозғалысы туралы мәселеге тап келдік те, «Алашордаға» және оның бастау көзіне арнайы зерттеу жазғымыз келді. Бар мәселе осыдан келіп шығып отыр»,- деген мазмұнда екі жағын кезек-кезек қамшылады.

Қос автордың кереғар ұстанымдарын дәл аңғарған І.Құрамысов:

«Алашорда туралы үнемі айтып отыру керек, бір минутта мұны естен шығаруға болмайды... Ол туралы, ауыл тағдыры туралы айтып отыру керек... Ауылдың - малды жыртқыштарша қыруының, қозғалыстың Орта Азияға ауысуының кілті сонда... Бұл кітап бізге көп нәрсе берді. Біршама кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан, мәселенің батыл қойылуы - авторлардың табысы. Бұл тек қана олардың ғана емес, институттың, ұжымның - әзірше екіұшты ұжымның - Брайнин мен Шафироның табысы, қорыта айтқанда бәріміздің де жетістігіміз»,- деп тұжырымдады.

Мұндағы «екіұшты - двузначного» деп астарлап отырғаны Шафироның жоғарыдағы ұстатпайтын екіұшты сөзі ғана емес, сонымен қатар «Алашорда» туралы да болса керек. Қаншалықты «қызылданып» кетсе де, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжаттардың жариялануына «екіұштылар» да мүдделі еді. Қалай дегенмен де, отызыншы жылдардағы үкімет қайраткері сексенінші - тоқсаныншы жылдардағы идеолог ғалымнан гөрі мәселені терең түсінгені анық танылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұстанымы туралы салыстырмалы түрде толығырақ пікір қозғауға мүмкіндік туды. Кеңесте сөйлеушілерге, оның ішінде «екіұшты» төрағалық етіп отырған Орталық Комитеттің екінші хатшысы І.Құрамысовқа да:

«Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетемін», - деген Брайнин, айтқан уәдесінде тұрып, шынымен де І.Құрамысовқа көресіні көрсетті.

Ол өзінің Н.Тимофеевпен қосарланып жазған «Большевик Казахстана» журналының 1937 жылғы қыркүйектегі санында жарияланған «Жапон - Герман барлауының ұлтшыл агенттері туралы» атты мақаласында:

«Тура дәл осы кезде (1919 жылы - Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов (Құрамысов деп те түсініңіз - Т.Ж.) қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті»,- деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.

Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Түркістан темір жолында, Түркістан су шаруашылығы жүйесінде, Түркістан атқару комитетінің Жерге орналастыру комиссиясында бас маман болды.

Тергеуге берген көрсетіндісінде Жерге орналастыру басқармасы бастығының орынбасары Кәрім Әлімбаев:

«Ол кезде Түркістандағы жерге орналастыру комитетінде алашордашылар Есполов, Қожықов және Тынышбаев жұмыс істеді, олар Жер жөніндегі комиссариаттың басты бағыттарына сөзсіз ықпал жасады»,- деп (Алашорда қозғалысы», 3 том, 25-бет) әшкереледі.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Халық ағарту институтында оқытушы болды. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы, 1926-1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, участке бастығы қызметін атқарды.

Жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық Комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» әрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М.Тынышбаевті «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тәжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «тынышбаевшыл» Ф.Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М.Тынышбаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір составқа «біреуі алдынан тартып, екеуі - артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орынына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы - Қордай - Бішкек; Алматы - Шоқпар - Құланды - Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев - Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге әрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті. Оған не амал табылсын. Бұл жобаға қарсы шыққандардың:

«- Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар»,- деген сәуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сәуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді» (Ф.Осадчий. Қазақтың тұңғыш теміржол инженері. Өркен, 1989 жыл, 12 тамыз).

Өкінішке орай, үш күнге созылған бұл салтанатқа жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нәтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышбаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені «Алашорда» көсемінің кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жататын. Сөйтіп, жоғарыдағы жоба кезінде «халық жауының қастандық әрекеті» ретінде бағаланды.

Ал мұндай «қастандық әрекеті» үшін М.Тынышбаевтің тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371