ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ РЕСЕЙГЕ ДЕ, ҚЫТАЙҒА ДА БОДАН БОЛУДЫ «АҢСАМАҒАН»
Қазақтың тарихы, тарихи тұлғалары, тіпті, талассыз тұлғалары жөнінде де бізде әлі күнге дейін талас көп. Аңыз бен шындықтың, ақиқат пен жалғандықтың бір жағына шыға алмаймыз. Көбінесе ауызекі әңгімеде әйтеуір намыс үшін айтыла салған сөздер, әңгімелер жетегінде кетіп қаламыз. Осындай жағдайда біздің қолымызда дерек жетпей жатады. Дерек қайда? Ол - архивте, жекелеген адамдардың қолында, Қытай, Ресей секілді көрші отырған мемлекеттердің архивінде. Сол құжаттардың басын біріктірген «Қазақтың ханы - Абылай» атты екі том кітап «Ел-шежіре» қоғамдық қорынан жақын күндері жарық көрді. Шекараның арғы-бергі жағындағы тарихты қатар қотарып, зерттеп жүрген тарихшылар Нәбижан Мұхаметханов пен Бақыт Еженхан оған кәсіби тұрғыдағы өз көзқарастарын білдірді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Зарқын Тайшыбай деген ағамыз жинақтап шығарған осы қолжазба қаншалықты түпнұсқаға жақын? Таласты, талассыз жерлері жоқ па? Алдымен осының басын ашып алсақ.
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Енді өзіңіз айтқандай, мұндағылар құжаттың нақты өзі ме, емес пе, оны түпнұсқасымен қайта салыстырып отырып айтуымыз керек. Десе де қолымызға тиген бұл екі томдық құжат-кітаптың пайдалану құндылығы жоғары деп есептейміз.
Қазақтың тарихы, тарихи тұлғалары, тіпті, талассыз тұлғалары жөнінде де бізде әлі күнге дейін талас көп. Аңыз бен шындықтың, ақиқат пен жалғандықтың бір жағына шыға алмаймыз. Көбінесе ауызекі әңгімеде әйтеуір намыс үшін айтыла салған сөздер, әңгімелер жетегінде кетіп қаламыз. Осындай жағдайда біздің қолымызда дерек жетпей жатады. Дерек қайда? Ол - архивте, жекелеген адамдардың қолында, Қытай, Ресей секілді көрші отырған мемлекеттердің архивінде. Сол құжаттардың басын біріктірген «Қазақтың ханы - Абылай» атты екі том кітап «Ел-шежіре» қоғамдық қорынан жақын күндері жарық көрді. Шекараның арғы-бергі жағындағы тарихты қатар қотарып, зерттеп жүрген тарихшылар Нәбижан Мұхаметханов пен Бақыт Еженхан оған кәсіби тұрғыдағы өз көзқарастарын білдірді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Зарқын Тайшыбай деген ағамыз жинақтап шығарған осы қолжазба қаншалықты түпнұсқаға жақын? Таласты, талассыз жерлері жоқ па? Алдымен осының басын ашып алсақ.
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Енді өзіңіз айтқандай, мұндағылар құжаттың нақты өзі ме, емес пе, оны түпнұсқасымен қайта салыстырып отырып айтуымыз керек. Десе де қолымызға тиген бұл екі томдық құжат-кітаптың пайдалану құндылығы жоғары деп есептейміз.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Бұл жерде бір кәсіби нәрсе бар, деректану тұрғысынан бұрынғы істелген жұмыс пен кейінгі істелген жұмысты ғылыми қағидаға сай салыстырған абзал. Біраз құжаттар өзгертілген кезде, қай жері өзгерді, қай жері өз күйінде қалды, неге олай істелді деген мәселелерге де көңіл бөлген жөн.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қазір құжат деген нәрсенің өзіне күдікпен қарайтын болдық. Мына кітапта қытай тілінен аударылып берілген нұсқалар да бар екен, орыс тілінен, архивтерден алынған құжаттар да бар. Бірақ біз үйренген, құлағымызға сіңген кейбір деректер бұл жерде басқаша дәйектеледі. Мысалы үшін, Абылай ханның шыққан тегі туралы талас жүр ғой, бұрыннан бар. Бұл жерде өмірбаянын санамалай келеді де, кімнің қолында өсті, кімнің қолынан кімге өтті деген мәселе де сөз болып, содан соң ол ешкімнің түйесін де баққан жоқ, ондай жаңсақ нәрселер айтылуы тиіс емес деген әңгіме айтылады. Мен бір ғана мысалын келтіріп отырмын. Осы тұрғыдан келгенде бұл құжаттар немесе оған берілген әлгіндей түсініктемелер қаншалықты нанымды?
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Ежелден келе жатқан аңыз әңгімелердің өз тарихи шындығы бар. Сондықтан кейде құжат құжат бойынша кетуі керек. Ал құжатты салыстырып, зерттеу екінші кезектегі әңгіме. Тарихи деректерді салыстыруды нағыз кәсіби тарихшылардың міндетіне қалдыру керек еді. Ал жалпы айтқанда, мына жердегі құжаттардың бәрін тауып, жинақтап шығару - нағыз еңбек. Ұлы тұлғалар жөніндегі талас-тартыс әрқашан жүре береді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл жерде архивтерден алынған құжаттар ғана емес, түрлі деректер мен дәйектерді жинақтап, содан энциклопедиялық үлгіде жасалған авторлық пайымдар да берілген. Осы маңайда жаңсақ басқан тұстары да болуы мүмкін деп ойладым. Мысалы үшін, Абылай ханның орыстарға жазған хатын алайық. «Сіздің шекараларыңыздан біздің жеті мың жылқымызды айдап өтіп кетті. Сол жылқымызды құба қалмақтар алып кеткен болуы керек. Сіздің де шекарашыларыңыздың қатысы болуы мүмкін. Жылқымызды бізге қайтарып берсеңіздер. Әйтпесе, біз қалмақтармен ашық далада бетпе-бет кездесер едік», - дегендей хат жазады. Сосын Ресейдің ресми өкілінен жауап-хат алады. Онда: «Соншалықты көп жылқының өткенін байқаған жоқпыз, ал алдағы уақытта болса, біз екі елдің қарым-қатынасы үшін, ол мәселеге қайта оралып соғамыз, қалмақтардың малын да түгендейміз, ішінен бөтен мал шықса тексереміз, малды санаған кезде өз адамдарыңызды қатыстырсаңыз да болады. Егер басы артық мал болатын болса, қайтартып беруге әзірміз», - деген жауап бар. Ондай құжаттарға дау-талас жоқ. Себебі, оның қандай архивтен алынғаны, қай жерде тіркелгені бәрі көрсетілген. Ал менің айтып отырғаным, осындай құжаттарға қосымша жекелеген автордың пайымдары көп орын алып жүр. Осы жөнінде сұрақ қойып отыр едім ғой.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Абылай ханның заманы күрделі, айтыс-тартысқа толы заман болды ғой. Сондықтан шиеленіскен тарихи мәселелер көп. Сондай мәселелерді бір кітаптың ішінде шешіп беру мүмкін емес. Ол қанша құжат жинаса да, бір кісінің қолынан келмейді. Әр түрлі мұрағаттардың басын қосқанда айқындала түсетін жайттар бар. Құжаттар әр жерде жатыр. Мысалы, Абылай ханның 1781 жылы жазған хаты Бейжіңде әл күнге дейін сақтаулы тұр. Сондай мәліметтерге қолымыз жетпей жатыр. Сондай құжаттарды жинақтап, басын қосса, жаңағындай тарихи мәселелер түбегейлі шешілмесе де, бірте-бірте басы ашылар еді деп ойлаймын.
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Ресейде кітапта қамтылғандай Абылай хан заманына қатысты құжаттардың көп болуы нені көрсетеді? Бұл жерде Қазақ мемлекетінің болғанын, оның жетекшісі Абылай ханмен санасқандығын көрсетеді. Сол дәуірде басты тұлға Абылай болған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ресейдің өкілдері шекарадағы генералдарына үнемі тапсырма беріп отырады. «Абылай ханды абайлаңдар, қылыштың тәуірін жіберіңдер, мынандай сыйлық беріңдер», - деп. Содан соң барлығының өздерімен жазысқан хаттары бар. Жансыздардың да хаттары бар. «Абылай хан Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр», «Абылай хан уәде беріп, Қытайға бетін бұрып жатыр», «Абылай хан сол жаққа кетіп қалар ма екен?» дегендей хаттар бәрі. «Абылай ханның көңілін табыңдар. Мөрлі, әдемі қылыш сыйлаңдар», - дейді. Абылай ханның көңілін алу арқылы, қазақтың көңілін алғысы келіп отыр ғой енді.
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Осы жерде Абылай ханның дипломаттық шеберлігін байқауға болады. Қытай деректерінде Абылай ханды Ресейге жақындап тұр дейді. Ол Ресей арқылы Қытайға ықпал етіп отыр. Ресейге де, Қытайға да ішін алдырмай тұрған сияқты. Екеуін де пайдаланып, шекараны сақтап отыр, қарап отырсаңыз. Тек қана сақтап қана қойған жоқ, кезінде ұлттық этнотерриториямызды барынша қалпына келтірді. Мысалы, жоңғарларға кеткен территория түгел қайтты, оңтүстігі болсын, шығысы болсын, қай жағынан алып қарасаңыз да солай. Қытайдың бақылағаны, Ресей мен Абылай хан қалай болмақ? Немесе Ресей «Абылай хан Қытаймен қалай болады немесе мұсылман әлемімен қандай қарым-қатынаста болады?» деп алаңдайды. «Мұсылман елдері үлкен лига құрып жатыр екен» деген ақпарат Қытайға да барған екен. Бұның бәрі, қазіргі сөзбен айтқанда, ақпараттық шабуыл, жан-жақтағы елді адастыратын. Осының бәрін Абылай қолдана білді. Бұл оның құндылығын арттырды. Сол арқылы оларды қазақ елімен санастыруға мәжбүр жасады. Ол кезде Ресейдің негізгі бағыты Еуропада болатын. Үнді мұхитына, Орта Азияға шығу үшін көшпенділермен текетіреске баруды олар да қаламайтын. Сондықтан оларды пайдаға, мүддеге байлау арқылы, өзіне баурау саясатын жүргізді. Абылай ханның түп мақсаты Қазақ мемлекетін нығайту.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Қазір біз зерттеп жатқан Абылай ханның хаттары бар. 1760 жылдың соңында елшілік арқылы жіберген бір хатында: «Менің құзырым оңтүстігім Сарыбелге жетті, шығысым Шорғаға жетті, ортам Лепсіге жетті», - деп жазады. Ол деген не? Сарыбел деген мына Арқадағы Сарыбел емес, ол - Сарыбел Қастек, Қордай. Ал шығысындағы Шорға дегеніміз, Қытайдың Гүрбелжің ауданына созылып кірген Тарбағатайдың шығыс сілемі. Сонда қарасаңыз, Абылай ханның заманында территория өстіп қалыптасты және одан кейін 1771 жылы шаңды жорық кезінде қалмақтар Еділден ауа көшкенде, әулеттің бір тобы осы Алматы, Қастек, сосын Ыстықкөлді көздеп көшкен екен. Ал оны Абылай хан әр түрлі тәсілдермен ығыстырып жіберді, оның ішінде дипломатиялық тәсілдер де бар. Қытайдың патшасына хат жазып: «Мына қалмақтар сіздердің де, біздердің де мазамызды алған, тағы да келе жатыр. Бұл жерге тұрғызуға болмайды», - деген сияқты. Соңында қалмақтар Қытайдың Іле төңірегінен ауып кеткен. Соның бәрі Абылай ханның қазақтың жері үшін игерген еңбегі.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қытай жағы келіп, қолқа салады ғой. «Осы біз Ресеймен соғысатын болсақ, түбі солай болуы мүмкін, онда сендер кімді жақтайсыңдар?» - дейді. Мына жерде құжатта тіркеліп, көрсетілген екен. Сонда: «Біз аз ғана шағын халықпыз, өз тіршілігіміз өзімізде, екі жаққа да жақтаспаймыз», - деп, екі жақтың да көңілін алып қояды. Абылай хан жай ғана батыр, хан емес, асқан әбжіл саясаткер екенін осы жерде көрсетеді. Кітаптың артықшылығы сол, сіздердің сөздеріңізбен айтқанда, Абылай ханның мемлекет құрудағы, территория қалыптастырудағы саясаткерлік еңбегі жақсы көрінген екен.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Жалпы Орта Азия еліндегі халықтар біреу жақпаса, басқа бір жаққа көшіп кете беретін, еркін жүрген. Кеңістік үлкен болған. Дегенмен осы Еуразиядағы түркі, моңғол тектес халықтардың түбіне жете жаздаған осы Ресей пен Манчжурия. Бұлардың шекаралары бір-бірімен түйіскенде Орта Азия халықтарының, бәленбай мың жылдан келе жатқан елдердің тарихы түбегейлі өзгереді. Бұл үлкен өзгеріс. Ал осындай қиын жағдайда, өзінің шеберлігі болмаса жұтылып кетуіміз әбден мүмкін еді. Мысалы, жоңғарлар Қытайға жұтылып кетті. Бұл үлкен жойқын күштің ортасынан қазақтарды сақтап қалды. Оған үлкен шеберлік керек болды. Ондай шеберлікпен жасалған әрекеттердің құжат жүзіндегі дәлелі Ресей мен Қытайдың мұрағаттарында өте көп. Қытай жағы көп игерілмей жатыр, бірақ. Қытай Ресейге қарағанда біраз әлжуаздау болды ғой ол заманда. Сондықтан Абылай ханның саясаты біраз еркіндеу болған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мына жерде бір дерек оқыдым, Ресей жағы: «Қазақтардың алдында мыңғырған малы тұрғанда мықты. Сондықтан бұларды отырықшылыққа көшірсек, біраз әл-қуатынан айырылады», - деген екен.
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Оныңыз рас. Мысалы, Ресей жоңғарға әскер аттандырмастан бірнеше жыл бұрын, қазақты зерттей бастады. Сондағы басты тақырып, біз жоңғарға әскер аттандырғанда қазақтардың реакциясы қалай болады? Жоңғарлармен бірлесіп, бізге шабуылдай ма әлде, жоңғарларға қарсы бола ма деген. 1754 жылғы ресми қытай деректерінде: «Қазір Абылай ханның әскері жоңғар әскерінен күшті. Енді біз әскер аттандырмасақ, қазақтар жол ортадан пайда тауып кетеді», - дейді. Көрдіңіз бе, бұлар соған дейін бақылаған. Қытай әскерлері Ілеге келгеннен кейін Абылай ханға өзінің генералдарын жіберіп сөйлесті. Абылай ханға өздерінің саясатын түсіндіріп: «Біз қазақ жеріне баса көктеп кірейін деп отырған жоқпыз, бізге қарсыласымыз Әмірсананы ұстап берсін», - дейді. Жіберген генералдары: «Біз барғанда Абылай хан 3 рет тізерлеп, 9 рет шоқынып сәлем берсін», - деп сәлемдеме айтады. Қоқан-лоққысы көп. Абылай хан қабылдамайды. Сонда Абылай хан ел аралап жүр екен деген мәлімет жібереді. Бұл Абылай хан соғысқа дайындалып жатыр деген сөз. Деректерде 30 мың әскермен келіп тұрғанда, Абылай хан бас имеген. Қазақ мемлекетіндегі ең күрделі кезең Абылай ханның тұсында болды. Абылай хан сондай деңгейге көтерілмегенде тағдырымыздың не болатынын Құдай біледі.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Кез келген елдің тарихы өзінің мүддесі үшін жазылады. Тіпті бұрмалап жіберген тұстары да болады. Ал оны ажырату біздің міндетіміз. Оны ажырату үшін бізге ең үлкен арқау болатын не дегенге келген кезде, ол - халықтың жадындағы тарих. Мысалы, қытайлар біздің елге келіп, қаңғып жүреді ғой, дегенмен қазақ даласына соншалықты адам келген бе? Екіншіден, қазақ даласында айтарлықтай әскери қимыл жасай алды ма? «Ал оның нәтижесі қандай болды?» дегендегі деректердің барлығын Қытайдың деректерінде әр түрлі ғып жазады. Ұстаған үш қазақты тарихтарында дардай ғып жазады. Ал қазақтарда «Қалмақ қырылған» деген жер атауы да бар. Бұл қазақтардың жадында қалған тарихи шындықты білдіреді. Екінші жағынан, қазақ халқы басқыншылардың алдында өзін төмендетпегенін білдіреді. Мысалы, бұл кітапқа Абылай ханның тұңғыш хатының тұңғыш нұсқасын енгізіпті ғой. Ол хат шынында да жазылған. Бірақ ол Қытай патшасының қолына тигеннен бұрын өзгертілген. Сонда қарасаң, қазақ хандығы Қытайдың бодандығын аңсаған болып шыға келеді. Кейіннен моңғол, қалмақ тілдеріндегі 1-2 нұсқасын тауып, сонымен салыстырып көрдік. Сонда Қытай нұсқасының жалған екендігі көрініп қалды.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы жерде сіздің әңгімеңізге амалсыздан кірісейін деп отырмын. Сонда мына жерде Абылай ханның атынан Ресейге берілген, Қытайға берілген хаттардағы: «біз бодан боламыз» деген сөздердің біразы жалған болып тұр ғой.
Нәбижан МҰХАМЕТХАНОВ: Хаттарды оқып көретін болсаңыз, ойлау жүйесі қазақтың ойлау жүйесі емес. Қытай тілін білеміз, ал қазақтардың ойлау жүйесі басқаша. Өңделген нұсқалары архивтерге кіріп отыр. Оның олай емес екенін мына Бақыттар құжат арқылы дәлелдеп отыр. Мұнда екі түрлі өзгертілген нұсқаларға да тарихи талдау жасау керек. Қытайдың, болмаса, Ресейдің жіберген елшілері болсын, өздерінің еңбектерін асыра көрсетіп, патшадан жоғары мәртебе алғысы келеді. Құжаттардың өзі өте күрделі жағдайда жазылады. Жеке адамның көзқарасы бар, арадағы делдалдың көзқарасы бар.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Ортадағы делдал демекші, хан, сұлтандардың хаттарын қасындағы көмекшілер жазып берген. Кейде тіпті олары жансыз болып шығатын. Екіншіден, мұндай тарихи оқиғаларға өзіміз объективті көзқараспен қарауымыз керек. Сол кездегі хан, сұлтандардың қазақтың территориясын кеңейту керек деген мақсаты болғаны анық. Қытайлар 1760 жылға дейін қазақтарды батысқа қарай ығыстырмақ болған екен. Бұл нені білдіреді? Екі ел бір-біріне бодан болмағанын білдіреді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мысалы, Абылай хан кішкентай кезінен Қайып ханның қолында өседі, орыс әскерінің қаруын ұрлап алатыны сол кез, бала кезі. Бір хатта ол да Ресей ұлықтарына шағым түрінде жазылған. Қайып хан қайтыс болғаннан кейін Сәмекенің қолына келеді, содан кейін сарайдан сарайға көшіп жүрген адам сияқты көрсетіледі. Сіздерден сұрайын дегенім, осының басын ашып алсақ, түйе бағып кеткен жерін алатын болсақ, мысал үшін, мен ойлаймын, бұл жерде Абылай ханды төмендету үшін емес, оның соншама күрделі өмірді бастан өткергенін айту бар, Бұқар жыраудың да айтқаны солай сияқты. Мына кітапты оқыған оқырманның бәрінде: «Осының қай жағы жөн?» деген сұрақ туады ғой. Сіздер тарихшы ретінде не деп айтасыздар?
Бақыт ЕЖЕНХАН: Тағы да тың деректер табылып жатыр. Абылай хан 1760-62 жылдары өзі жазған хатында өзінің қайдан шыққаны туралы шежіре жазған. Ондай мәселелерді шешу үшін тағы да көптеген мұрағаттарды ақтару керек.
Нәбижан МҰХАМЕТХАН: Абылай ханның хан әулетінен екенінде күмән жоқ. Оның түйе бағып, Төле бидің қасында жүргені де тарихи шындық. Тектен текке аңыз қалмайды ғой. Жалпы Абылай хан туралы дүдамал ойлардан арылуымыз керек. Біз бұл кітапты не үшін жазамыз? Тарихтан ғибрат алу үшін жазамыз. Тарихтың заңдылығын ашу керек. Осындай құбылыстар қандай заңдылықты білдіреді? Қазақ халқының өскендігін білдіреді. Шынайы тархшы тарихтың заңдылығына бағынуы керек.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мысалы, Әбілқайыр мен Барақ сұлтанның арасындағы нәрсені «араларында бақастық пайда болды, содан өлтіре салды» деп айтады. Мен ойлаймын, даңқы шыққан ханды бақастық үшін өлтіре салу негізсіз сияқты. Бұл жерде күрделі нәрселер бар ғой. Сол ашылмай қалған сияқты.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Бір-екі ұсақ себеппен ондай тарихи шешім қабылдамау керек. Ол туралы тарихта баршылық. Оны тағы да зерттеу керек. Мысалы, Абылай хан туралы Қытай деректерінде жаңадан табылып жатқан мінез-құлқы, салмақтылығы, аз сөйлеп, көп ойлайтындығы сияқты көптеген сипатты нәрселер бар. Тіпті өзінің қасында жүрген арғындардың бай-манаптарынан қарапайым жүретініне дейін жазылған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Біз енді пікірімізді тиянақтасақ. Бұл өзі пайдалы кітап дейсіздер ғой.
Бақыт ЕЖЕНХАН: Ауызекі тарихи деректерді де ешқашан ұмытпауымыз керек. Өйткені ол біздің бағдаршамымыз. Халықтың өз санасындағы тарихи деректер сусындатпаса, анандай деректерден әбден адасуымыз мүмкін.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сіздердің сөздеріңізден менің түйген түйінім, біріншіден, бұл пайдалы кітап, ішінде соншама құжаттар, деректер, мағлұматтар, пайымдар бар. Жалпы қарапайым оқырман үшін өте керек нәрсе десек, екіншіден, кәсіби тархшылар үшін жетілдіре түсуді қажетсінетін еңбек. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, біздің кең байтақ жеріміз, сол жеріміздегі аяғынан нық тұрған тәуелсіз Отанымыз, қазіргі ұстанып отырған көпжақты саясатымыз, осының бәрі қарап отырсақ кезінде Абылай салған жолға дөп келеді екен. Осындай көлемді, қажетті кітапты талдауға қатысып, татымды ой айтқандарыңыз үшін сіздерге мың да бір рахмет!
Газеттік нұсқасын дайындаған - Балжан МҰРАТҚЫЗЫ