Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7043 4 пікір 17 Тамыз, 2021 сағат 18:53

Сеул сапары: Қандай келісімдерге қол қойылды?

Қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан делегациясын бастап, Оңтүстік Корей елінде ресми іс-сапармен жүр. Ресми іс-сапар бүгін басталған. Президент Тоқаевты Оңтүстік Корей елінің басшысы салтанатты рәсім жасап күтіп алған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Сонымен, президент Тоқаев Корей еліне не үшін барды? Қандай келісімдерге қол қойылды? Қараңыз:

Хон Бом Дон - Корейдің ұлт батыры

Президент Тоқаев Корейдің ұлт батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты.

- Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айрықша. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, шынайы отан сүйгіш.

Генерал тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. 2018 жылы батырдың туғанына 150 жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған орай арнайы конференция өткізді. Генералдың есімі қазақ елінің жадында сақталады. Оның мемориалы мемлекет қамқорлығында болады, - деді Қазақстан Президенті.

Қазақ та, корей де Тәуелсіздіктің қадірін түсінеді

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде Корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аударғанын, олардың арасында Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сам сияқты танымал тұлғалар барын атап өтті.

- Жер аударылған корейлерді халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ елінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр. Елімізде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы бар. Корей мәдени орталықтары мен Корей театры жұмыс істейді.

Сондай-ақ, корей тілінде газет шығады. Корей бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етуде. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. Қазақстанда тұратын корейлер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға да белсенді атсалысып жүр. Біздің ынтымақтастығымыз болашақта осындай достық рухта нығая береді деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, президент Мун Чже Инге Корей халқының ұлт батыры Хон Бом Доның қабірінен алынған топырақты табыстады.

Оңтүстік Корей елінің президенті Мун Чже Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор ризашылығын білдіріп, ұлт батыры Хон Бом Доға ең жоғары мемлекеттік награда берілгенін хабарлады.

Сеулде Абай бюсті орнатылды

Айтпақшы, президент Тоқаев Сеулдегі Абай Құнанбайұлына қойылған бюстіңң ашылуы рәсіміне қатысты.

- Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, - деді Қазақстан Президенті.

Абай бюсті Сеулдегі Кибер университетінің аумағында орналасқан. Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған.

Экономика:

6 млрд доллар Корей инвестициясы

Оңтүстік Корей Президентінің резиденциясында екі ел басшыларының ресми келіссөздері өтті. Оған екі тараптың делегациялары қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

- Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын.

Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда корейліктер қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр, - деді.

Президент Мун Чжэ Ин:

- Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатта ашық әрі тығыз байланыс орнатып, белсенділік таныту арқылы Орталық Азиядағы қырқынды дамушы мемлекетке айналды. Сонымен қатар, Қазақстан Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес арқылы және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы министрлер конференциясының теңтөрағасы ретінде де көпжақты ынтымақтастықтың әртүрлі тетіктерінде белсенді көшбасшылық танытып келеді.

Қазақстан Корей Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстар орнаған 30 жыл ішінде біздің қатынасымыз тек қана достық пен ынтымақтастыққа негізделді. Тіпті, пандемия кезінде де біз барлық деңгейде сырттай байланыс орнатып отырдық. Қазақстан Корейдің «Жаңа солтүстік саясат» мемлекеттік стратегиясында аса маңызды әріптес. Біздің өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті бұнымен де бітпейді деп есептеймін, - деді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, Қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корейдің жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Оңтүстік Корей Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын атап өтті.

Қандай құжаттарға қол қойды?

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар  құжатқа қол қойылды. Олар:

1. Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасының Бірлескен мәлімдемесі (ауызша қабылданды);

2. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Корей Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі арасындағы мұрағат ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

3. ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Корей Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

4. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корей Республикасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы су ресурстарын басқару саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қызылорда облысы әкімдігі мен Корей Республикасының Ардагерлер мен патриоттар жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

6. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Корей халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Пусанда Қазақстанның Бас консулдығы ашылады

Одан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Екі ел басшылары брифингте өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, негізгі түйткілдерді талқылаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда-саттық көлемі 5,9 миллиард долларға жетті. Алдағы меже – осы көрсеткішті айтарлықтай арттыру. Бүгін біз пандемиядан кейінгі кезеңде шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келістік. Сондай-ақ, «Самал жел» бағдарламасын жандандыруға уағдаластық. Осы арқылы жаңа инвестиция мен жоғары технологияның елімізге келуіне қолайлы жағдай жасаймыз.

Біз түрлі бағыттағы ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл ретте, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау, тау-кен және барлау, баламалы энергетика салаларының болашағы зор. Қазақстанда инновациялық өндірістерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, коммуникация, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика жобаларына баса мән береміз, – деді.

Корей Республикасының Пусан қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.

- Бұл – серіктестігімізді стратегиялық рухта дамытудың тағы бір жолы. Келесі жылы Қазақстан мен Корейдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады, - деді президент Тоқаев.

Бұл сапарда: 1,7 млрд доллардың 34 келісіміне қол қойылды

Одан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-корей іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Жиында автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауылшаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты.

Қазақстан Президенті корейлік әріптесімен әңгіме барысында біздің елдегі табиғи ресурстарға бірлесіп зерттеу жүргізу туралы ұсыныс айтқанын, кейін табиғи байлықты игеру барысында корей компанияларына құқықтық басымдық берілуі мүмкін екенін жеткізді.

Президент өз сөзінде Қазақстанда баламалы және жаңағыртылатын қуат көздерін дамытуға басымдық берілетінін, жел және күн энергиясын пайдаланудың әлеуеті зор екенін айтып, корей компанияларына осы саладағы инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруды ұсынды. Одан бөлек, президент Тоқаев форумға қатысушыларды Қазақстанда Корей технологиялары бойынша ядролық отынды бірлесіп өндіруге, сондай-ақ, қалдықтарды энергетикалық жою саласындағы жобаларды іске асыруға шақырды.

Президент инвесторларға арналған институционалдық ортаны қалыптастыру туралы айта келе, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының, арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтардың, сондай-ақ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалануға шақырды.

Бұл жиынға Қазақстан тарапынан Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының, «ҚазТрансГаз», Kazakh Invest, «Қазақтелеком», Kaspi.kz және басқа да компаниялардың басшылары қатысқан.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,7 миллиард АҚШ доллары болатын 34 келісімге қол қойылды. Оның 21-і коммерциялық және 13-і коммерциялық емес құжат. 

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458