Тоқаевтың мәлімдемесі Путиннің мысын басты...
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуде Кремльдің Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымына ашық түрде күмән келтірді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей диктаторы Владимир Путинмен хаттамалық кездесу барысында күтпеген жерден Ресейдің Украинаға қарсы соғысы тақырыбын қозғап, Мәскеудің ұстанымына қайшы келетін бірнеше мәлімдеме жасады.
Тоқаев өз сөзінде Қазақстан бұл соғыстың түпкі мәнін түсінбейтінін айтып, әңгіме қандай да бір «азаматтық соғыс» туралы емес, дәл мемлекеттер арасындағы қақтығыс жайында болып отырғанын баса айтты.
Белгілі болғандай, Кремль 2014 жылдан бері барлық келіссөз алаңдарында Украинадағы оқиғаларды «азаматтық соғыс» деп сендіруге тырысып келген еді.
Сонымен қатар Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай Астана үшін себептері әлдеқайда түсінікті болып көрінетін басқа халықаралық жанжалдардан өзгеше екенін атап өтті. Мысал ретінде ол Әзербайжан мен Армения арасындағы көпжылдық текетіресті келтіріп, бұл қақтығыстың себептері айқынырақ әрі тарихи тамырда жатқанын айтты.
«Ал мұнда (Украинадағы соғыс туралы) мұны түсіну өте қиын», — деді Қазақстан Президенті.
Осылайша Тоқаев Астананың Украинадағы соғысқа қатысты Кремльдің көзқарасын бөліспейтінін көпшілік алдында ашық білдірді.
Қазақстан көшбасшысының бұл сөздеріне Путиннің реакциясы да назар аудартады: ол бұл уақытта көзін төмен жіберіп, аяғын тынымсыз қозғалтып отырды.
Бұдан әрі Қазақстан Президенті әскери әрекеттерді тоқтатып (соғысты дамылдатып), «Стамбул формуласы 2.0» форматына оралуды ұсынды. Оның айтуынша, кезінде сол үдеріс аясында «айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген еді».
Тоқаев бұл тақырыптағы сөзін аяқтаған соң, Путин көп сөзге бармады. Ол тек Қазақстан Президентін «Украина бағытына қатысты егжей-тегжейлі мәліметтерден» хабардар етуге ниетті екенін айтумен ғана шектелді.
Осы туралы пікіріңізді Abai.kz ақпараттық порталының Telegram-дағы парақшасына жазыңыз...
Abai.kz