Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Әне, көрдің бе? 11973 57 пікір 18 Тамыз, 2021 сағат 12:56

Кеңеске бас имегенбіз, тәлібге тізерлемейміз!

Ауғанстан толықтай тәлібтердің қолына өтті. Алайда 34 провинцияның ішінде «Талибанға» бас имеген әлі де бір аймақ бар. Ол Панджшер шатқалының маңы. Панджшер дегенде есімізге бірден әйгілі Ахмад Шах Масуд түсетіні анық. Кеңес әскерімен арыстанша алысып, артынша тәлібтермен жұлысқан Ахмад Шах Масудтың бекінісі болған Панджшер шатқалы бүгінде тәлібтерге берілуден бас тартуда.

Панджшер аймағында негізінен тәжік ұлтының саны басым. 1996-2001 жылдары Ауғанстанда тәлібтер толық басып алған сәтте де, аталмыш аймаққа кіруден именіп, Панджшердің қақпасынан ары аспаған еді. Енді міне, Талибан билігін мойындаудан бас тартқан барлық күштер, оның ішінде қалаларды ұрыссыз тастауға мәжбүр болған сарбаздар да аталмыш аймаққа топтасып жатыр. Қозғаушы күш ретінде Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд тұр. 32 жастағы Масуд тәлібтерге қарсы соғысуға шақырып отыр. Тіпті үндеу де тастап үлгерді.

«Менің әкем, ауған халқының батыры Ахмад Шах Масуд маған үлкен мұра қалдырды, ол мұра ауған халқының бостандығы үшін күресу жолы. Бұл енді менің ұрысым. Мен және менің жақтастарым қанымызды төгуге дайынбыз. Біз барлық тәуелсіз ауған азаматын, барлық құлдыққа қарсы жандарды бізге қосылып, сан қасіретті бастан кешкен жеріміздегі ең соңғы тәуелсіз аймақ Панджшерге келуге шақырамыз. Барлық аймақ пен барлық тайпаның ұландарына айтарым біреу: Бізбен бірге күресіңдер!

Шетелде күн кешіп жатқан, бірақ жүрегі бізбен бірге соғатын отандастарыма айтарым, Панджшерде берілмеген жандар барын біліңдер. Еуропада, Францияда, Америка мен араб елдерінде тұрып бізге о баста Кеңестік отарлауға, кейін «Талибанға» қарсы күресімізге демеу болғандарға айтарым мынау: Құрметті менің достарым, дәл бұрынғыдай бізге тағы көмектесесіңдер ме? Кейбіреулердің сатқындығына қарамастан, біз әлі өздеріңе сенеміз!

Бүгін мен генерал де Голль француз әскері тас-талқан болғанда не айтқанын еске аламын: «Франция шайқаста жеңілді, бірақ соғыста емес». Біз ауған халқы, тіпті шайқаста да жеңілген жоқпыз, өйткені Кабул шайқасқан да жоқ. Мұнда, Панджшер аймағында бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін қолына қару алды. Бізге рухани демеу болыңдар немесе қатарымызға қосылыңдар. Менің азат достарым, біздің жанымызға көптеп топтасыңдар. Біз жаңа Ауғанстан тарихының парақтарын бірге жазамыз. Ол тиранияға қарсы күрестің жаңа тарауы болмақ. Ұландар, азат жүректі ерлер. Құдайдың қолдауымен біз жеңеміз!», - деді ол.

Панджшерге Ахмад Масуд жасақтарынан бөлек, вице-президент Амрулла Салехтің жақтастары да жиналып жатыр. Бейруттегі Al-Alam арнасының хабарлауынша, олар тіпті тәлібтермен кескілескен ұрысқа түсіп, Парван провинциясындағы Чарикар ауданын азат етіп үлгерген.  Бұл аймақ аса маңызды. Себебі Чарикардағы Саланг туннелі арқылы Кабул мен Мазари-Шарифті қосатын күре жол бар.

Панджшерге шеттегі ауған сарбаздарының қолбасшысы, генерал Дустум 10 мың жасақ жібергенін хабарлады. Дустум Өзбекстанға өтіп кеткен болатын. Алайда Ауғанстанда оған бағынатын жақтастары жетерлік.

Амрулла Салех президент Ашраф Гани тақтан бас тартып, қашып кеткендіктен, Конституцияға сай өзін президент ретінде жариялады. «Сырт күштер менімен қатынас орнатсын», - дейді ол.

Abai.kz

57 пікір