Сенбі, 23 Қараша 2024
2137 0 пікір 30 Тамыз, 2021 сағат 15:20

Жамбылдағы жарылыстан 106 тұрғын үй зақымдалған

Жамбыл ауданы, Байзақ ауданында болған оқиға салдарынан жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталды. Оның 106-сы тұрғын үй, 12-сі коммерциялық нысан. Бұл туралы Жамбыл облыстық әкімдігі хабарлады. 

Сапарбаевтың айтуынша, анықталған 106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтетін болса, қалған 71-і жеңіл зақымдалған, олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және қосымша жергілікті бюджет, өңірдегі демеушілер қаражаттары жұмсалады.

- Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталса, қалған үйлер бойынша құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті,-деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен құрылған Үкіметтік комиссия төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр бұған дейін оқиға орнына келіп, мән-жаймен жан-жақты танысқан болатын. Комиссия мүшелері, арнайы мамандар келген шығын көлемін анықтау және нақтылау бойынша тиісті жұмыстарды жүзеге асыруда.

- Әлеуметтік нысандарға қатысты тоқталсақ, 3 мектепке зақым келген. Әсіресе, қатты зардап шеккені – Жібек Жолы ауылындағы білім ордасы. 118 бала оқитын білім мекемесінің іргесі 1956 жылы қаланған. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Ауыл халқы санының өсімі ескеріліп, Үкіметке 150 орындық жаңа мектептің құрылысы бойынша ұсыныс жолдаймыз. Салынатын жер белгіленді, құжаттары барынша қысқа уақытта дайындалады. Жеңіл зақымдалған Үшбұлақ мен Базарбай ауылдарындағы мектептер демеушілер есебінен қалыпқа келтірілуде. Олар бірінші қыркүйекке дейін дайын болады. Дәл сондай бір медициналық пункт те бір апта ішінде толығымен жөнделеді,-деді Б. Сапарбаев.

Қазіргі таңда Тараз қалалық орталық ауруханада 28 науқас ем алуда. Оның 4-інің жағдайы орташа ауыр. Оларға қажетті барлық медициналық көмектер көрсетілуде. Өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрі-дәрмектер мен дәрігерлер жеткілікті.

Жалпы, медициналық көмекке жүгінген түрлі деңгейде жарақат алған 98 адамның ішінде қарапайым тұрғындар жоқ, барлығы әскерилер мен төтенше жағдай саласының қызметкерлері.

Қазіргі таңда хабарсыз кеткендер іздестірілуде. Облыс әкімі олардың ата-аналары мен туған-туысқандарымен кездесіп, тиісті түсіндірме берді. Іздеу жұмыстарына әскерилер, ТЖД мамандары, кинологтар, тиісті мамандар, қызметтік иттер, атты адамдар жұмылдырылған. Арнайы дрон құрылғысының мүмкіндігі де барынша пайдаланылуда. Қазіргі таңда 180 адам, 40 шақты техника жұмыс жасауда.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338