Жұма, 18 Қазан 2024
Жаңалықтар 2552 0 пікір 12 Маусым, 2012 сағат 06:30

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Мақпалдың осы көңіліне қарап, «сенбей тұрмын» дегеніне толық сендірерлік жауап іздедім:

- Қалай сендірсем екен? - деп қалдым да қыса түстім. Әлияның мені сендіре алмайтын лажысыздығынан шыққан мүсәпірлік сөзі еді ғой бұл, сол мүсәпірлік өз басыма түсе қалғандай болғанына тыжырынып кеттім.

- Шынымен... рас жақсы көресз бе? - деп сұрады қыз.

- Шындықтардың бәрінен де шын. Ақсақ иә соқыр болып қалсаң да Нұрияштың құдіреті сені маған өмірлік сүйдіреді!

Мақпал иығынан ауып алдына түскен бір бұрымын қос қолына жия ұстап қыса сөйледі:

- Олай болса... шын жақсы көрсеңіз... тілегімді қабылдайсыз ғой?

- Әрине, түгелімен қабылдаймын да!

- Мен әлі де оқимын деген талабымнан үміт үзбеймін... оқушылық қалпымды сақтай тұрайын, көңілімді әурелемей күте тұрыңыз!

- Дұрыс, бірақ, «алаңсыз-қамсыз күт» дей аласың ба? - деп құшағымнан босаттым да, тік тұра қалдым.

- Иә соны өтіндім ғой? Орта мектеп бітіргенімше «аға», «қарындас» болып аталайық, - деп күрсінді Мақпал.

IV

Мақпалдың осы көңіліне қарап, «сенбей тұрмын» дегеніне толық сендірерлік жауап іздедім:

- Қалай сендірсем екен? - деп қалдым да қыса түстім. Әлияның мені сендіре алмайтын лажысыздығынан шыққан мүсәпірлік сөзі еді ғой бұл, сол мүсәпірлік өз басыма түсе қалғандай болғанына тыжырынып кеттім.

- Шынымен... рас жақсы көресз бе? - деп сұрады қыз.

- Шындықтардың бәрінен де шын. Ақсақ иә соқыр болып қалсаң да Нұрияштың құдіреті сені маған өмірлік сүйдіреді!

Мақпал иығынан ауып алдына түскен бір бұрымын қос қолына жия ұстап қыса сөйледі:

- Олай болса... шын жақсы көрсеңіз... тілегімді қабылдайсыз ғой?

- Әрине, түгелімен қабылдаймын да!

- Мен әлі де оқимын деген талабымнан үміт үзбеймін... оқушылық қалпымды сақтай тұрайын, көңілімді әурелемей күте тұрыңыз!

- Дұрыс, бірақ, «алаңсыз-қамсыз күт» дей аласың ба? - деп құшағымнан босаттым да, тік тұра қалдым.

- Иә соны өтіндім ғой? Орта мектеп бітіргенімше «аға», «қарындас» болып аталайық, - деп күрсінді Мақпал.

- Мақұл, - деп мен де күрсіндім, - қарындас, өзіңнің осы қамалып жату жағдайыңды толық айқындап, халық істер бөліміне арыз жазып қой. Ертеңнен бастап үшінші күні жеңешең арқылы тапсырып алайын. Өзіңнің анау мұңдас досыңның арызы да бірге тапсырылсын. Осы өз аулыңның маңынан сенімді байланысшы табамын, сол арқылы хабарласып тұрайық.

- Сіз айтсаңыз, осындағы мектеп мүдірінен сенімдісі болмас еді... аты - Дүйсен, жақыннан ақыл сұрап тұруыма да сол кісі жақсы.

Осындай келісімдермен қол алысып қоштастық. Асыға жүріп кеткен «қарындас» қайрылып тұра қалды.

- Ағай, тоқтаңызшы! - деп күліп жіберді де, қайта жақындап келіп күрсіне тіл қатты. - мынау - қарындасыңыздың естелігі болсыншы! - деп қол орамалын ұсынды. Осы ормалға бүкіл әлемді орап сыйға тартқандай, қуанышпен қос қолдап қабылдадым да, өз қол жаулығымды ұсындым. Ол ала сала сырт айналды да, көкірегіне баса жөнелгендей болды.

Қайтып келіп жатқан соң, таңды ұйқысыз дөңбекшіп атқыздым. Қайта киініп жатқанымда мыңбек пен хатшы оянды. Мектепте жұмысым барын айтып кете бердім. Жаңа шыққан күнді қарсы алғандай шырқай сайраған боз торғай, өз жүрегім сияқты, тым жеңіл де, тым сазды күймен қалқиды, көктемдегі жер бетінің түрлі майсасы мен сырлы иісін жырлағандай, төне, құмарта сайрайды. «Қабағыңды ашқанда неткен қызықты, неткен қылықты едің дүние! Кеше ғана келмеске кеткендей, үмітімді кесе кеткен Нұрың мен Гүлің қайта жанып, қайта жайнауыңды қарашы» дегендей....

Ауыл сыртында бір шақырымдай жерден көрініп тұратын мектепке жеткенімше қоңырау соғылып, сабақ басталып кетіп еді. Мені терезеден көріп шыққан мектеп меңгерушісі қарсы жүріп келіп амандасты. Үйіне қолқалап бастай жөнелді. Бұл сапардағы қызметіме аса разы болатын. Мен де іркілмей, жеңіл бастадым сөзді жүзбектің «қарындасы» жөніндегі сыр тез ашылды: бесік құда - семіз кемпірдің өзінің бөлесі, Омарбек мыңбектің немере інісі екен.

- Құдалықтарын бір жылдан бері қатты жасыратын болды. Ел көзіне араздасып айрылысқандай көрінуге тырысады, -деді Дүйсен мүдір. Бұл ауылға келгелі мыңбектің жеке қонақ үйде бұғып, тұйықталып алуының себебі маған енді түсінікті болды.

- Былтыр жазда жүзбек бір үлкен той жасапты ғой, сонысының не той екенін білемісіз? - деп сұрадым мен.

- Иә, «сүндет той» деп көп ел шақырды. Айрылысты деп жарияланған құда жағының бәрі келді. Оларға ақ сарбас қой сойды. Бұрынғы атасып қойған құдалықтың ақ бата, ақ сарбаспен бекітілгенін осынысынан байқасақ та, басқа ешқандай белгісін көре алмадық. Жүзбек - асқан қу түлкі де, шешесі - аюдың өзі, ақырып қалса бұл ауыл жым болады. Мақпал оқуға өте алғыр, үздік оқушы еді. Аудандық мектептен былтыр жазғытұрым  шығарып әкелді де, жаз басында сол тойды жасады. Оны үйінен шығармайды. Кешегі жиынға жігітше киіндіріп әкелгенін байқадыңыз ба?

- Байқадым, - деп жымидым мен. Дүйсен қосыла жымиғанда ұзын мұрты жыбырлап кетті, «байқадым» деуімнен ол тіпті «байқап» қойған сияқты.

- Мақпал алғашқы екі жылын менен оқыды. Мектептке он екі жасында келді. Кешігіп келу себебі - әжесі оқуына қарсы екен, ес кірген соң, «қайтсем де оқимын» деп қасарысып келгенін естідім. Екі жылда үшінші класты үздік бітіріп, төртінші класқа көшкенде әжесі қайта қамады, жібермей қойды. Гоминдаң мектебімізге қараспай қойған тым әлсіз кезіміз еді. Оқытуының қажеттігін айтып, көндіре алмадық. Мақпал маған өтініш жазып, төртінші кластың оқулықтарын сұрап алды, сонсоң өз бетімен оқыпты. Гоминдаңнан азат болған соң, 45-ші жылдың күзінде аю кемпірді тағы жеңіп, қала мектебіне кетіп еді. Бесінші класқа түскенін естідік. «Алтыншы клас бітірді, енді болды» деп, былтырғы жылы қыс соңында тағы да бітіртпей қайтарып әкелді. Есіл бала енді оқи алмай кетеді ғой! Бойжетті, бұл жөнінен анау кемпірді заң ала алмайды. Сендей жігіт кез болып қалмаса...

- Кез болсын-болмасын, осы қарындастың оқуы үшін мен кіріссем көмектесе алар ма едіңіз?

- Қолымнан келсе... Биған, егер сен талап етсең барымша көмектесейін!

- Сізді көмекке шақырған мен емес, соның өзі. Бұл маңда сізге ғана сенеді екен.

- Тым әдепті еді өзі, суға кетіп бара жатқанда жағадағы талым деп мені қармағаны ғой! Алдымен не көмек керек өзі?

- Аудандық үкіметке арыз жазады, сонысын жеңгесінен тапсырып алып маған сақтап қойсаңыз, мен бүрсігүннен арғы күні кеште осында қайтып келемін.

- Ойпыр-ау, ол керім жеңгесі арызды маған бере қояр ма екен? Өзі жүзбектің інісінің әйелі, сол ауылдың... сол кемпірдің ең сенімдісі, Мақпалдың негізгі бақылаушысы. Кемпірге жеткізіп қоймас па?

- Мақпалдың өтініштерін маған жеткізген де, сөйлестірген де сол, - дедім мен.

- Е,... е... Мақпал оны айналдырып, қолына қондырған екен ғой... мақұл, байқап көрейін!...

Шәйға қарамай, төртінші класқа кіріп, біраз сұрау қою арқылы сабақ игеру жайын байқап қайттым. «Нұрияшым» үлкен үйінің алдында бірдеме істеген болып, қос етекті  ақ көйлегімен ғана жүр екен. Қонақ үйіне жақындап қалған маған бір қарап қойып кірді үйіне. Қайтып шықпады. 45-ші жылдың көктемінде Боғдада қашып бара жатып, осындай көріністен етпеттей жығылғаным есіме түсе қалды. Дәл осындай ұзын ақ көйлекпен қарсы алдымда тұрғандай көріне салып ғайып болғанда, сол тұрған жеріне жете құлап еңіреп едім ғой. «Енді міне тірі... ғайып болған жоқ, өлтіре алмайтын өз шешесінің түрмесіне ғана кіріп кетті. Бұдан құтқарып табысу қиын ба?...»

Орамал мен құман алып шығып, қолыма су құйған жарату жирен жеңгейге, «арызды бейсенбінің кешінде Дүйсеннен алайын» деп қана күбірледі....

Сол айтылған бейсенбі күні таңертең соңғы жүздіктен мыңбектерді қайтардым да, түстен кейін өзім жалғыз аяңдап, жақсы мүдіріме кешете жетіп қондым. Екі қыздың арызы менен бұрын жеткен екен. Мақпалдың қосымша хатында, бұл арыз іске аспай әшкереленіп қалса, өзінің бұдан да қатал қысымға түсетіні, дереу зорлық күшке тап болу мүмкіндігі ескертіліпті. «Сондықтан, арызым басқа біреудің мәлімдеуі ретінде тексерілсе» депті. Дүйсеннің қосқан ақылы дал осы болды. Қайта оралып мұнда келгенім сезілмеуі үшін таң белгі берісімен ешкімге көрінбей жөнелдім...

Айыржап екі бойжеткеннің арызы мен түсінік хатты оқып шықты да, жасырын құдалықтарын бетпе-бет дәлелдеп мойындатпай мұндай мәселенің толық шешілмейтіндігін айтып отырып қалды.

- Бұл қыздарды оқудан шығарып берген Досан  әкім екен, - дедім мен, - шырмаушылардың тірегі әкім болғаны. Егер қыздар әшкере айтысқа шыға келсе-ақ ондай күшті құда шұғыл іске кірісіп ала қашады. Ат сауырына әке-шешелерінің өздері салып береді де, «кім әкеткенін білмейміз» деп, маң қарасын көрсетпей жоғалтады.

- Олай болса заң қызметкерінің біреуіне әйелдер қоғамынан өкіл қосып жіберелік. «Алынған мәлімет бойынша» деген жолмен қатты тергеп көрсін. Ең болмағанда, бізден неке қағаз алмай ұзатса сотқа тартылатынын қадағалап ұқтырып қайтуын тапсырайын, мойындата алмаса да, тіл хат алып қайтады ғой?

- Әйелдер өкілі ретінде Мақпалдың осындағы бас оқытушысы барсын, - Мақпалға айрықша тілектес болып жүрген ол кісі тас кемпірді жібітер бәлкім. Мұндағы қызметін мен қосымша өтей тұрайын.

Айыржап осыған келісті де, содан екі-үш күн өткенде екі қызға үш мықты тексеруші жіберді. Мен ондағы мектеп мүдірі арқылы Мақпалға хат жазып, түсінік жолдадым. Шәкербайды жылата, өзім күле жүріп қыздар мектебіндегі оқытушылықты да көтеріп алдым сөйтіп.

Қос қызметті, қарбалас болуымның пайдасы да, зияны да тиді, пайдасы - Әлияға кездеспеуіме сылтау табылды. Зияны - Өмірбек пен Меһірдің үйленуі жөніндегі күрестен шеттеп, талай қызыл кеңірдек даудан, талай қызыл жұдырық төбелестен қағыс қалдым. Кештерде оқушылардың тапсырма дәптерлерін тексеремін ғой.

«Қызыл кеңірдек дау» Меһірдің үй ішінде өтіп жатыпты: Ахыметжан Қасымидың сөзінен жіби қалған әкесі Шәуешектегі бай туыстарының сүп сиқырымен қайта мұздай қалған екен; жомарт құдағилардың қабылдасқан сандығын қайтарып тастапты да, Меһірді мекемесіне де жібермей қамап, шапалақтап жатыпты. «Аллаһуакбар айтысып қойған жерге қай жүзіммен, қалай бермей құтылмақпын, барасың сонда, дайындал» деп шапалақтайды екен, «дайындалуы» - алтын алқа, жақұт сырға, гауһар көзді салып сызылып отыра қалу болса керек, ал Меһірдің «дайындалмауы» - соларын лақтыру, келген меймандарының көзінше заң сөйлеп айтысу көрінеді.

«Қызыл жұдырық төбелес» дегені тіпті қызық. Сұлудың әкесінен дәмелі болып жүрген мырзалар Меһірдің үйіне Өмірбектен сандық кірген күні Мұсасына міне қойыпты: Өмірбекті осы өларада жоғалта салу пиғылына шындап келген сияқты. Күндіз киілмеген киім, көрінбеген сақал мұрттармен кеште шыға келетіндер көбейіпті. Бақайдың азғана тобын жарып өтіп, Өмірбекті жабыла сүйреп ала жөнеледі екен. Жұдырықтар тұмсықтардан екі-үш рет бойалғанын естідім. Өштесушілер сандықтың кіргенін біледі екен де, қайта шыққанын білмейді екен. Олардың кім екенін сақшы мекемесі де білмейді дейді. Бақайдың темір жұдырығынан жығылған біреулерін серіктері көше сақшысынан «тартып әкетіп», із-тозын білдірмей құтқарыпты. Қазір Өмірбектің қорғаушылары әр күні соның үйінде түнеп жүр екен.

Жасырын құдалықты тергеушілер бір апта жүріп қайтты. Бейтаныс қарындастың байланған жері мойындапты. «Күйеу мен қалыңдықтың өздері ауданға барып, рұқсат қағаз алмай той жасамаймыз» деп тіл хат беріпті. Таныс қарындастың байланған жері бесік құдадан безгендіктерін айта беріпті. «Сыбанып алып айтысқан жуан кемпір алдырар емес» десті. Сөйтсе де кең тұсау, ұзын арқанға еріксіз көніп берген тіл хатын көрдім: «қызымның өз разылығынсыз, аудандық үкіметтің рұқсатынсыз ешкімге ұзатсам сотқа тартылуға разымын! Қадиша» деп жуан бармағын батпита басыпты. «Аяғына тағы жаз, тағы жаз. -депті сонан соң, тіл хат жазып отырған ауыл жігітіне, Мақпалды екі-ақ ай қалған оқуы үшін енді тағы қаңғыта алмаймын! Қыз молда болып, мал таппай-ақ қойсын, қартайған мына өзімді күтеді, оқуына қарсы десеңдер қазір апарып қамасаңдар да дайынмын, міне бармағым» деп жаздырып, тағы бір батпитыпты.

Үй сыртынан тыңдап тұрған Мақпал осы тіл хат жазылып болысымен кіріп келіп, құшақтай құлапты «шеше» тізесін:

- Апатай, жібер мені мектебіме... қор етпе мені! Ая мені! Мақсатыңыз қашан да, қайткеніңізде де іске аспайтынын айтып едім ғой, апатай! Онан да өз ойлануыма, өз еркіме жіберіңіз. Осылай қамап отырып көндірем демеңіз біреуге...

- Адыра қалғыр-ау, біреуге көндірем деп қашан қамаппын? - деп жуан кемпір итеріп жіберіпті қызын, - жоқты көкімей ары жүр ары!... Баяғы бір сөзді естіп, әлі қоймайды, өз күдігі бұл, өзім тірі тұрғанда тіпті де бермеймін оған.

- Сол ойың болмаса соғым үшін қамаймысың, оқудан неге қалдырасың, бұлай қамайтындай не жазығым бар менің? - деп оқыс еңіреп жіберген Мақпал сыртқа шыға жөнеліпті.

Ең сүйікті оқушысы келе жығылып сөйлегеннен егілген ұстазы ол еңірей жөнелгенде қоса еңіреп бетін басыпты.

- Осы жолы бізбен бірге жіберіңіз, - депті сонан соң Беки өтініп, - ең үздік, ең мінезді, озат оқушы еді, өз үйімде енді бір ай ғана оқытып, мектеп бітірген куәлігін әперейін, аман қайтып келуіне кепілдік етейін... осы өз аулыңыздағы мектепке мұғалім болады!

- Қамқорлығыңа рахмет, балам! - деп қалың ернін қымти жымиыпты кемпір, - мұғалім - сығаным болудың менің балама керегі жоқ, өздерің бола беріңдер! Сендерді шақырып әкеліп, тергетіп отырған осы қызымның өзі екенін байқадым, сығаным болғаны осы емес пе, енді оқытсам әзәзілім болып шығар, қойдық енді оқытуды!

Бір көзін сығырайта қарап, қозғалақтай тыңдап отырған халық істер бөлімінің тергеушісі жүзбекке бажырая қарап сөйлепті осы кезде:

- Сіздің шешеңіз ғой, не деп отырғанын естідіңіз бе? Бұл кемпірді заң қайтпек деп сапылдатып қойғансыз ғой, оныңыз түсінікті. Шақырыңыз онбасыларыңыз бен мектеп оқытушыларын!

- Шырағым-ай, тым арыдан кеттің-ау, -деп түлкі жүзбек күңкілдепті, - шешем екені рас, тапқан шешеге баланың үкімі қашан жүруші еді. Мені де желкелейді әуелдесеңіз не дауа бұған? Шақыр десең шақырайын!

Сыртқа шыға біреуге бұйырып, мектептің мүдірі - мен екі мұғалімін, өз ауылындағы онбасыны келтіріпті. Тергеуші дауыстап Мақпалды да шақырып отырғыза сөйлепті сонан соң:

- Біз осы жақтағы заңсыз жасырын құдалықтар мен бесік құдалықтар жөнінде жұртшылықтың мәлімдеуі бойынша келгенбіз. Басқалары мойындап заңға тиянақтады. Аудандық үкіметтің рұқсат қағазынсыз ешкім қыз ұзатпайды мұнан соң! Бұл үйде де қамалып отырған бір бала бар...

Тергеуші Мақпалдың жазған арызы бойынша келгендіктерін осылай жаба тоқып, бұл үйдің берген жауабы мен әлгі тіл хатын, Мақпалдың жаңағы зарын түгел оқып беріпті.

- Сіздердің естеріңізде болуы үшін әдейі шақыртып оқып беріп отырмыз, - депті соңында, - осы баланың тағдырына мұнан соң бәріңіз де назар аударыңыздар! Зорлық-зомбылық, қинау-қамау, оқуға жіберуді талап еткендігі үшін ұру-соғу сынды жаман істер болса аудандық үкіметтің халық істер бөліміне уақытында мәлімдеңіздер! Қарындас, сен өзің де мәлімдеп тұр мұнан соң! Тым болмағанда осы отырған ауылдастарыңа жеткіз де жауапкершілік арт! Оқуды да, тұрмысты да тек өз еркің ғана біледі. Еріктісің, түсініп ал! - деп қасақана зеки доғарыпты сөзін.

Мақпал қазірше оқи алмаса да осы сөзден біраз жеңілдік, кеңшілік тыныс табатынын түсініп, өзім де кең тыныстағандай болдым. «Зорлыққа ұшырамай енді бірер жыл тұрса, бостандық дегенің компартия арқылы алдымен бізге тимей ме?»

Қосымша оқытушылықтан босаған күні іздедім Өмірбекті, мектебінен таптым. Оқытушылар бөлмесінде Арысбекпен сөйлесіп отыр екен. Бір бұрыштағы үстелде тұқырып Қайсен жеке отыр. Инспекторлыққа тағайындалғанымнан бері, әсіресе мектебіне екі-үш рет келіп, оқушылардың сабақ игеру жайын тексеруімді көрген Арысбек алдыма түсе жорғалайтын болған. Бұл жолы да тік түрегелді. Қолын менен бұрын созып амандасты:

- Жақсы келдің Биған, жоғары шық! Жә, мына Өмірбектің ахуалын естідің бе?... Шортый, не деген іс бұл, хулигандарға тоқтау айтпаса бір күні өлтіріп кететін сияқты,  - деп жыпылықтата сөйлеп келіп бір тынды, -бұған бірдеме десеңдерші!

- Оған «бірдеме» айтатын өздеріңіз ғой, қасқыр қамап жүрген қошақан сіздердікі, -деп жымидым мен, өздеріңіз не ұйғарымға келдіңіздер?

Арысбек құнжыңдай күлді де, екі иығын бір көтеріп қойып, құйқылжи сөйледі:

- Біз не дейміз, оқу-ағарту бөліміне барып мәлімдейін деп отыр едім, өзің келдің. Мына Өмірбек сотқарларды оқушыларға қаматып ұстап, сақшыға тапсыруды өтініп отыр. Сақшы мекемесінің тергеу бөлімі соны айтыпты. Оқушыларды көше сотқарларымен қақтығыстыруымыз қалай болар? Осыдан өлім-жітім сияқты оқыстық туылса өздерің ие боласыңдар ма?

- Бұған сақшы мекемесі міндетті болуға тиісті яки өздері ұстап тиым салсын, тия алмаса қатерге түскен Өмірбектердің өздері соққылап тиюға рұқсат етсін! Екеуінің бірі ғана!

Осы кезде Сәрсен Саясат кіріп, менімен бас изеп амандасты да, есік жақтағы бір үстел шетіне отыра қалды. Маған қарап сөйледі Өмірбек:

- Өткен күзде сен көріп таныған сотқарларды әнеу күні сақшыға мәлімдеп ұстатқанмын, сол төртеуін қамаған күні кеште он бесі шығып, бізді ұрып кетті. «Бұлар емес екен» деп қолындағыларын ертеңіне сақшы қоя бере салды... сақшы мекемесі тентектерді тиғысы келсе осылай істей ме? Көше тәртібін сақтау бөлімінде соларды қолдайтыны бар екенін байқадым...

- Ы-м, - деді Сәрсен босағада отырып, - өзіміздің сақшы мекемесі сотқарды қолдамақ па?

Өмірбек оған көз қырымен бір қарап қойып, мектеп меңгерушісінен өршелене талап етті:

- Маған ие боласыздар ма, жоқ па?

- Ие боламыз ғой, әрине ие боламыз, -деп Арысбек үстелін ойлана шертті, - Қайсен, мына Биғанның сөзі заңға сиымды сияқты. Мектеп атынан сақшыға сен ілесіп барып сөйлесші... көмекші күш талап етсе жігіт оқушыларды түгел жіберейік.

- Оқушыларды көше сотқарларымен төбелестіргеніміз болмас, - деді Қайсен қоңыр даусымен жымия сөйлеп, - бұл малғұндарды лүкшектікке тәрбиелеп алып, тия алмай қоярмыз!

Былтыр өзіміз сайлаған оқу бөлімі меңгерушісінің енді өлімімізге де қарайласпайтындай көрінген мына мінезіне ішімнен түйіншектеле қарап отырып қалдым.

- Рас, солай болады екен-ау! -деп қалды Арысбек, түйткілсігендей төмен қарап шытынып үстелін шертті. Жаңағы сөзінен қайта жалт бергелі отырғанын осы шырайынан байқадым. «Бәсе, жиен қызыңнан айнуым тегін емес еді ғой» деген оймен жымия қарағанымда жалғастырды сөзін, - тойыс* және ұлтшылдық мәселеге де айналып кетер, мектебімізге көше сотқарлары түгел өшігіп, жағамыздан алып жүрсе қайтпекпіз, оқушыларды төбелеске салуымыз жарамайды екен!

- Оқушыларды төбелестірмейміз, -дедім мен, -тек тұс-тұсынан қамап, сақшының түгел ұстауына көмектесіп берсе болғаны. «Өмірбек өлмесе мүрдем қапсын, байланысымыз жоқ» дейтін пиғылдарың болса онда да қолқаламаймыз, адам табылады. Басқа мектептер, әсіресе ұйғыр ерлер мектебі мен Моңғол мектебі-ақ көмектеседі, -деп орнымнан түрегеліп едім, Қайсен қолын уқалай түрегелді:

- Барсақ барып, сөйлесіп көрейікші!

- Жоқ, сен бишара өзіңді сақта, пыс етіп өліп қалсаң басқа өгіздерден ұят болар. Біз қырылып қалсақ та жұмысың болмасын, қолыңды майла да отыр үстеліңде.

Осы сөзбен жедел басып жөнеле беріп едім, Сәрсен қарқылдай күлді, Қайсен алдыма түсе жөнелді де, Арысбек шығып атына ұмтылды.

Күн түс болып қалған, шақшырайған ыстық шақ еді. Қайсен екеуміз көйлегіміздің жеңін сыбанған күйімізде сақшы мекемесіне кіре бергенде атын көше қарсысындағы ағашқа байлай сала Арысбек те жетті. Аудандық сақшыға жаңадан бастық болып келген майор Әлібектің өз кеңсесіне бастадым мен.

- Үй, Биған, бөлім бастықтарына айтсақ та жетпей ме, ұят болмай ма? - деп күбірледі Арысбек. Мен сөйлей барып есігін қақтым:

- Майордан біз ұялғанымызбен өлім ұялушы ма еді?

- Кіріңіз! - деді іштен жуан дауыс, бар бітімі кесек, еңгезердей  қара майор есік ашып қарсы алды:

- Ой, өңшек интеллигент* жиналып бір-ақ келіпсіңдер ғой? - деп екі шекесіне жарылып түскен қою қара шашын артына сілке тастап, қол алысты, - жоғары, жоғары шығыңдар! Терезе жақ қабырғаға қатар қойылған креслоларға былқ-былқ ете түстік. - Жә, сақшы мекемесінен «түйенің бейітінде несі бар» деп қашатын мұғалімдер бекер жиналып келмеген болсаңдар керек. Қане тыңдайын.

Мен сөйлеп Меһір мен Өмірбектің тілеу қосуынан бері бастан кешкендерін бір-ақ ағыттым.

- Бұл қанішерлікке көше сақшылары немқұрайды қараса, Өмірбекті қорғауға, жоқтауға тиісті мектебі «пәлен болады», «түген болады» деп қорқып, бой тартса, бұл азаматымыздың тағдырына кім жауап бермек? Жесір кемпірдің жалғыз баласы еді, осыны сізге жеткізіп, ақыл сұрауға келдік, -деп тоқтадым.

- Майор жуан кеудесін кере күрсініп алып, шорт-шорт қайырды сөзін:

- Бұл кірісулерің дұп-дұрыс. Біздің мекемеде ондай сотқарларға іш тартушы кейбіреу жоқ деуге болмас, тексеріп көрелік. Бірақ, әнеу күнгі төртеуін мәселе таба алмадық деп маған мәлімдеп қайтарған. Біз нақ қылмыс үстінен түссек қана ұстап тұра аламыз және бұлар едәуір саны бар топ көрінеді. Қырқысып жатқанда жүгірген екі-үш сақшы біреуін де ұстай алмай қалып жүр. Көмектеріңізді борыштылықпен қарсы алайық, жақсы келдіңдер! Оларды түгел ұстаудың ақылы былай болсын, - дей келе нақтылы шаралар айтып, бізді шұлғытып қайтарды.

Бұрын жалшы да, пима басушы да, шофер де болып өскен, төңкеріс кезінде Майтау жұмысшыларын қозғалысқа ұйымдастыру арқылы ғана бедел тапқан осы жұмысшының сақшылық пен заң қызметіне мамандануына қуанып қайттым.

Өмірбектің үйіне кешете барып, бір қуаныштарының үстінен түстім сол күні. Шешесі өзінің қуанғандығы кейпімен танау желбезегін кере сайрап отыр екен. Мені жымия қарсы алғандықтан Өмірбектің танауы жайыла қалды. Бақай иығымнан қаға құшақтап, қасына тартып апарып отырғызды. Шешеміз басынан бастады сөзін. Қуаныштан шашуша шашылып ұзын сонар сеңше қақтығыса шұбатылатын «ақ еділ» кемпір сөзінің тоқ етер түйіні былай екен:

Меһірді бай мырзасына зорлап ұзатудан тетелес сіңілсі құтқарыпты. Кеше тағы да қузауға, қинауға түсіп еңіреп отырған Меһір мен ақырып тұрған әкесінің арасына тұра қалыпты ол:

- Әке, қарыздар кісіңізге мен бар ғой, мен... мен барайын. Меһірді қинай бермеңізші, ол өлсе де бармайды оған, -дегенде әкесі аңыра қарап тұрып қалыпты, - дада түсініңізші! Меһідің қимай жүрген жігіті барын сіздің қимайтын жеріңіз де естіп болған. Меһірді оған зорлап берсеңіз де бақытты бола алмайды, ақыры ажырасып қайтып келеді, қор болады әке!... Өзіңізге де ұят келеді. Мен... мені... ешкіммен жаман атым шыққан жоқ, ақыры мені де бересіз ғой біреуге, оларды қимасаңыз мен-ақ барайын!

Әкесі мырс етіп жымиыпты да, қолындағы жаза шыбығын лақтырып тастап жүре беріпті.

- Ақыл деген неменің парқын қара, оқыған қызда ми қалады дегенге сеніп көр енді, - деп ханымына қарап күбірлей кетіпті. Бүгін түстен кейін ханым құдағи сандықты қайта кіргізе қоюды сұрап, кедей құдағиына келіндерінің біреуін жіберген екен.

- Ал, балалар, тілеулерің қабыл болды, «таңертең апарады» деп сәлем айттым! - деді шешеміз.

«Қасқыр соғу» науқанын осы сандықпен орайластырғым келді:

- Сандықты таңертең емес, түске жақын, көшеге халық құжынаған шақта мекеменің жалтыраған жеңіл арбасымен жіберейік, -дедім, - төрт көшеден айнала, базарды қақ жарып дабырамен барсын. Кімнің кімге апаратын сандығы екені туралы айқайлай еретін бір-екі «даңғойымыз» болса, тіпті жақсы! Әйтеуір бар қасқырдың құлағын едірейтетін болсын!

Мақсатты түсінген Өмірбек пен Бақай құптай күлід бұл сөзімді. Шайқасты ертең кеште жүргізудің оңдылығын шешемізден жасырып сыбырладым. Ұйғыр достардан көбірек қол жию жөнін ақылдастық....

Таңертең қызметке келісіммен мекеменің жеңіл арбасын сұрап, сандық апаруға жіберіп бердім де, Махмұт Керімге «қасқыр» соғуға мәжбүр болған жайымызды түсіндірдім. «Сыпыра қала қасқыры» деп тұспалдап айтып едім, Өмірбектің қатер астында қалған жайын өзі де естіп, ызаланып жүр екен, ұйғыр ерлер мектебінің ең мықты оқушыларынан кемінде жиырмасын шығаратындығын айтты. Қазақ ерлер мектебінен Мәулен мен Қиялзат қырық-елу «жауынгер» ертіп шықпақ болғанын хабарлаған болатын. Соғысқа төте қатынасуға «Бақай қосыны» мен өзімнің шақырып қойған сығайларым тағы бар еді. Бұл аттанысқа қарулы сақшы да аз шықпайтыны белгілі болған. Тіпті көшеге симай кететін де сияқтымыз. Оқушыларды төрт көше түйілісінен алыстатып, шолақ көшелерге қашқандарын ұстауға орналастырмақ болдық...

Ақшам үйріле төрт көшеге Өмірбек шықты. Қасында Бақай мен ең мықты үш серігі ғана бар. Олар күнбатыс жақ бұрыштағы пимашының қатарынан ашылған шарапханаға кірді, қарсы жағындағы асханада төрт-бес жігітпен бірге арақ ішкен болып мен отырмын. Баяғыдағы бала қарақшылардан құтқарушы аға сайыпқыраным Ғарыпбек пен Бектемір мені ішуге қузаған болып қыза даңғырласады. Боз көз, момын Бектемір де мұндай көмекке келгенде сайыпқыран болып жетілген еді. Төр жағымыздағы үстелде шылқа мас бейнемен төрт-бес ұйғыр жігіт отыр. Олар араққа Махмұт Керімді қузаған болады. Бақай мен Өмірбек «шайқақтай» кірді де, бір үстелге отыра кетті. Үш серігі көше ортасында «мылжыңдасып» тұр.

Сөйтіп, бір-бірімізбен «байланыссыз» дуылдасқан үш топ болдық. Салбырамалы шамның жарығы толық жетпейтін бір күңгірт бұрышта отырған үш-төрт бейтаныс мұртты үш тобымызға да қарап-қарап алып, күбірлесіп қояды.

- Біз кеттік! -деді екеуі түрегеліп, біреуі мастықтан тәлтіректеген болып сыртқа шыға ысқырды. Дәрет сылтауымен мен түрегелдім, Махмұт та тұрып менің соңымнан шықты да, батыс жақ көшеге жөнелді. Төрт көшенің әр тұсында екіден-үштен, бестен-алтыдан қалжыңдасып бейтаныстар да жиылған екен, хабаршыларының ысқыруымен ырғатылысып жақындай түсті асханаға. Мен ілби жүріп сырт жақтарына өтіп кеттім, санай өттім, он сегізі түсті көзіме.

Алдыңғы екі тобы асханаға кіріп, басқалары тағы да топ-тобымен қылжақтасқан болып тұрып қалды. Іле-шала асханада зекіріскен үндер естілді де, әлгілер Өмірбекті ортаға алып, жұлқыласа шықты сыртқа. Төрт көшенің баяғы Розы қасапқа дүкен болған бұрышынан өте тоқтап, қысқа-қысқа екі рет ысқырдым, клуб жақ көшеден Махмұттың да дәл солай екі рет ысқырған дауысы естілді. Оған дейін сарт-сұрт төбелес басталып кетіп еді. Әр көшеден, әр қақпадан шыға-шыға ұмтылды біздің жігіттер.

Тұс-тұсынан қоршала соғылған бейтаныстардың бірнешеуі мен тұрған жаққа сытыла қашты. Оң жағымдағы бұрыштан айнала бергендерінде үш сақшы алдарынан шығып мылтық кезей қойды да, артынан қуып жеткен жігіттер бассалды.

Асхана алдындағы төбелес майданының дәл ортасынан өктем үн естілді осы мезетте.

- Тоқтатыңдар! Тоқтатыңдар!

- Мынаны ұрған кім? -деп зекірді біреуі, сақшы екен.

- Мен! -деген Бақайдың дауысы естілді. - Пышақ шығарған соң тептім. Әне жатыр пышағы!

- Мынаның ышқырында жан мылтық бар, алыңыздар, -деген Ғарыпбектің қарлығыңқы дауысы естілді іле-шала, жүгіріп бардым. Ғарыпбек дәу біреудің екі қолын артына қайырып басып отыр екен. Ұмтылып келіп тінткен сақшы айтылған ышқырдан алты атар суырып алды да, қолына құрсау сала қойды.

- Құралдарын жоғалтып жібермесін, тінтіңдер бәрін, деп бұйырды сонан соң.

Он шақты сақшы қатар тұрғызылған он сегіз бейтанысты лезде тінтіп шығып, пышақ пен темір шоқпарларды әр жерден теріп әкеліп алдарына қойды.

Оқушылар қаптай жетті әр көшеден. Қашып бара жатқанынан тағы да алтауын ұстапты....

Көшеге әрең сиып шұбырған көп адамның ортасындағы жиырма тұтқын түрме қақпасына ап-аман кірді. «Ап-аман» дегенім, «мұрттарын да», бет-аузын қаптата жапсырған «қырма» сақалдарын да, беттеріне шеберлікпен жағылған бояуларын да бұзғызбай, тіпті қолдарын тигізбей, жасану-жабдықтану ерекшеліктерін ғана ап-аман әкелуіміз еді. Әйтпесе төбелес деген бірін бірі соғып салмай, сойып салмай іс бітіруші ме еді. Сақшыға қойған талабымыз тағы да сол «ап-амандық» жөні болды: тергеушілер көргенше тұтқындардың гримдерін жуғызбай-бүлдіртпей сақтауды қайта-қайта тапсырдық.

Екі-үш күн өткенде сол жиырма төрттің өздері бір-біріне сырттай ғана сыбайлас төрт-бес топ екенін естідім. Бұлар тергеуі біткенше аз күн жататынын, орындарына ұйымдастырушылары ғана келетінін майор айтты. Келетіннің бірі - төрт-бес содырдың қожасы мырза лейтенант екен. Алты атар соныкі болып шықты...

Арты шулы Меһірдің жолы тазартылған май айы - аты шулы Оспаннан Бәйтіктің тазартылған май айы болды. Оспанның Шонжыға қашатын Өмірбек пен Меһірдің кешегі тойын тойлап отырғанда естідік. Тұрған Әлиев тойға осыны байланыстыра сөйлеп тост көтергенде дастарқандастар ду көтерілді. Тұрған әкім рюмкасын «құдасы» Әлібек майормен қағыстырды. Екінші ретте Әлібек түрегеліп, әкім «құдасына» жауап қайтарды: осы той қарсаңында «манжүрияның» тұтас азат болуы үшін тост көтеретінін, бұл тойдың өзі де осындай жеңістердің күшімен болып жатқанын, бұл жеңістер әлі де талай азат Меһірлердің бақыт тойын көрсететінін айтып, «құдасынан» бастады да, түгел қағыстыра көтерді...

Әркімнің өзі теңдес құдасы өзіне тәтті де қадірлі ғой, құдасын құдасы, құдасын андасы, андасын құдасы... тағы-тағы бірін бірі тауып, тартып ішкізіп, артып ішкізіп отырып би басталып кеткенін сезбей қалыппыз. Үш-төрт газ шам ілінген Өмірбектің кішкене ауласы үйріліп, ойнақтап кетіпті. Қызулы құда-андалар үйден қунаңдай шығып, биге шұнаңдай жөнелгенде мен де сыртқа шығып, түкпірде отырған Бақайдың қатарындағы орындыққа жайғастым. Бір офицермен билеп жүрген Әлия қып-қызыл бөрте болып, балбұл жанып тершіп алыпты. Маған көз қырын тастап қойып, офицеріне балқығандай наздана қарайды. Қалай қылықтанса да сұлуым көзіне су мұрындай көрініп қалған қалпында сол жиренішімді сезгендей, офицерінің бауырына кіре, жабыса биледі, бір аяғы офицердің борбайының арасынан өтіп-өтіп кетеді.

- Сен қырдан қайтып келген соң анауың осы үйден бір-екі кеш күтіп, бірсыпыра отырып қайтқан, -деп күбірледі Бақай, - үйіне мен апарып салғанмын. Мына қылығы саған көрсетіп жүрген қыры, сені қызындырмақ, қызықтырмақ болса керек.

Мен жауап қатпай күлімсірей қарай бердім, Әлия да офицердің қырлы иығынан дамылсыз сығалайды. «Неғұрлым осыныңа кетсең екен, бикешім, -дегендеймін, - опасыз көзіңді маған тағы да жаутаңдатпай, көз жасыңды көрсетпей кетсең екен! Иә, иә, дұрыс, кіре түс бауырына, кіре түс! Қабырғамды қайыстырмай, бақытты қабағыңмен қалшы менен!»

- Сен құсаланып отырған жоқпысың? -деп тағы күбірледі Бақай.

- Жоқ, шын қуанып отырмын, оның жайын кейін естірсің!

- Бәсе, солай боларсың!...

Әлиев үйден шыққалы екі-үш қызбен билеп үлгіріп еді, біреуіне тіпті төніп алыпты, сөз айтқан бейнесі бар. Жарқын мінезді, әділ ойлы осы қайраткердің осындай бір міні бар еді. Өзінің екі бала тапқан аса көркем әйелінен, көсеу сирақ болса да жат әйелдерді жақсы көретін, қыз-келіншек біткеннің бәріне қызығып қырындай жүретін. Ендігі сәтте Әлияға төне түсті міне, бұрыннан үйреністі, таныс-біліс сияқты жатырқаусыз-именіссіз күлімдей жабысты. Әлиев оны бұралта жөнелгенде офицер тұнжырап, көз алмай қарап қалып еді, босасымен тағы да өзі іліп әкетті. «Дүние толған гүл ашады, уы да гүл ашады, балынан уының гүлі өжетірек, сұлуырақ көріне ме, қалай? Бал екен деп кейде уын иіскеп қою содан болады ғой. У гүлін иіскеп уланатындар да аз емес. Нұрлы гүлім қайта табылмаса мен қайтер едім? Сол уланған бетіммен осыған тұнжырай қарап отырар ма едім? Жоқ, мұны бұрынырақ сезгемін ғой, бал арасынша тағы бір жұмбақ сырлы гүлге ұшар едім. Ол да болмаса көшерімді жел, қонарымды сай біліп, мағынасыз-берекесіз қаңбақша домалап кете беретін сияқтымын ғой, неткен бақытты едім! Мына бейшара гүл бет қызылы шашылмай, әркімге айпарадай ашылмай, ішінен күйіп таусылмай-ақ осынысымен кетсе екен!»

Гармон дара би күйіне үйіре жөнелді осы кезде. Әлия ыршып шықты, көбелекше көлбеңдеп айнала жортып келді де, менің алдыма биік өкшесін тақылдатып тұра қалды. Мені жалғыз кісілік биге тартуы еді. Көп алдында бетін қайтарғым келмеді, ыршып тұрып сартылдата жөнелдім. Бірақ, жүзіне қарап та қоймай, шалдырмай тайпалтып барып бір құдашаны тарттым да, қайта айналып келіп отырдым.

Әлия офицерінен сырттап барып, маған қарсы бұрышқа жайғасыпты. Одан сыртқа шыққан болып бір кетті де, қақпадан қайта келіп менің қасыма отырды.

- Биге неге тартпадың? -деп күбірледі ол.

- Кезегің қиын екен, - деп жымидым мен, -аядым, тұс-тұсыңнан тартып, көрінгеніміз сүйрей берсек нең қалады?

- Қырдан қайтқалы көрінбей қойғаның да аяғаның ба?

- Рас, ол да аяғаным. Бұл жолы да хат жаза алмай кетіп едім ғой, аман қайтатынымды білмей, тағы да біреудің құшағында жүргеніңде көрінсем, одан тағы айрылыссаң обал емей не болмақ? Анау офицерің жалтақтап отыр, жақсы жігіт өзі, енді одан айрылушы болма!

- Рас айтып отырмысың осыны, мен басқа біреуді таба алмайды деп ойлаймысың?

- Рас айтамын, бәрімен келіссең бірін де ұстай алмай қалуың мүмкін...

Ойын басқарушы «ақ танса» жариялады, биге әйелдер тартатын танса еді бұл. Маған аңырғанси қарап, сөйлеуге ыңғайланған Әлия тағы ыршып тұрды, офицер жаққа қарап қойды да, маған иілді:

- Жүр бір айналып өтейік, көңілді биле, кейін сөйлесерміз!

Вальске ырғатыла шықтық. Әлия зілдей шындық сөзімді шыбын құрлы көрмегендей, мәз бейнеге кіре күлімсіреп, бұратыла ырғалды. Менің де иығымнан сығалап, офицеріне қарай берді. Бақай айтқандай оны да «қызындырмақ, қызықтырмақ» білем.

- «Кейін естірсің» деп қыстыкүні осы бейшара офицерді қақпаңнан бір қайтарып едің ғой, - деп ернімді сипай берген құлағына күбірледім, - маған да сол сөзің ғой, «кейін сөйлесерміз!»

Әлия менен өтініш-тілекті сөз естігендей бейнемен қылықтана, басын шайқай, сықылықтай күлді; бұл пішінімен сырт көзге мені өзіне сөз айтып келе жатқандай көрсетпек екенін байқадым. Көз алмай қарап отырған офицеріне жақындап қалып едік, оған мойнын бұра күлімдеп, менің сөзіме «жауап қайтарды», оған да естілетіндей үнмен сөйледі әдейі:

- Сіз мұндай сөзді айта бермеңізші! Құлағыма жақпайды мұндай сөз!

Дөйдала «жауабына» өзі тағы сықылықтай күліп, мені үйіре жөнелді. Офицері алдында мені менсінбегенсіп, масқаралағандай көрінгеніне ызалансам да, өзінің шынайы масқаралығын жасыра салғым келді, ойнақы көзінің обалды жасын көрмей, осы офицерін өзіне рас қызықтыруым абзалдық сияқты. «Құлағыңа жақпағаны жақсы» деп күбірлей сала белінен тарта бүріп үйіре жөнелдім, бар құштарлығыммен жабысқандай-ақ жүзіне төне қарап, ұршықтай зырқыраттым. Ақпалы жорғасын да, аппақ санын да, қып-қысқа, қып-қызыл іш киімдерін де толық көрсеткендеймін офицеріне. Гармон тоқтасымен қолынан жетектеп әкеліп сонысының қасына отырғыза сала жөнелдім. «Сүйегіне біткен жорға-жүйрік іздесең міне, толық көрсеттім де, сізге тарту еттім» дегендей жымиыспен бас изеп тастап, өз орныма барып отырдым.

- Жақсы істедің-ау, - деп мырс-мырс күлген Бақай ойлана сөйледі, - тұнық шыңыраудың түбі жақын, таяз сияқты көрінетіні бар ғой, қырға кетуіңнің алдында осыдан бірдеме сезсең де сұлулығын қимай жүргендей едің. Оның сені таяз сияқты көрсетіп еді. Жақын жүрген адамдардың арасына жарты ми кіреді, бір-біріңе жабысып жүрген соң ғана пікір қатыстырмай қойғанмын. Ақылсыз сұлу, жігіт сорына бітетінін білетіндігіңді терең түкпіріңе сақтап жүріпсің ғой?

- Жоқ, мұнымда пәлендей «шыңыраулық» жоқ, - дедім мен, - «ер батқан ат жорға болады» дейді ғой, сұлулығын қимағаным емес, өзімді қылмысқа-опасыздыққа қимай қиналып жүргенмін. Сонымның өзі сорлы тұнық таяздық екен. Өзі опасыз адамға опалы боламын деп опық өртіне кете жаздаппын. Шашымды ағартқан арманым қайта табылған соң ғана толық ақыл тапқандай болдым.

- «Арманың» кім ол? Нұрияң табылды ма?

- Табылды.

- Не дейсің, өлгені өтірік болды ма?...

- Иә, пәк махаббат өле ме?...

Екеуіміз бір-бірімізді жетектей жөнелдік сыртқа. Төңкерістік романтизмнің теңізінде жүзуге екеуміз де құмар сияқтымыз. Реализмнің қалың тойшыларын жарып өтіп бара жатқанымызда, соның дәл ортасында офицерімен билеп балқып жүрген Әлия бір-екі рет қарап қойып қала берді. Көше айналып қайтып жеткенше Мақпал күйін толықта шертіп болып едім.

- Жарайсың! - деді Бақай, қақпа алдында қолымды алып тұра қалды, - «қыз - қылығынан» көрінеді. Оқу үшін саған қойған талабынан-ақ мақтаулы Нұрияшыңның расымен табылғанын байқадым, мұрттарыңа жетіңдер! Жә, менің өз сөзділігім қайта ұстады енді. Сені тұнық шыңырауға балағаным жарамсақтан емес. Менің құдайларға: «жанымды ептесең епте, жарамсақ етпе» деген өтінішім барын түсінетін шығарсың... «шыңырауымның» шын екенін енді мойындатайын. Қылшылдаған жігіт шағыңда қиылып тұрған дайын сұлуды ермек ете тұрмай, осы күндесіңе бере салып жөнелуің де шыңыраулығың емес пе?

- «Ол алсын, менен жыламай қалсын» дегенім ғана ғой. Артын ойламасам... сол шыңырауыңның түбінде несібесін ойсыз теріп жей жүре беретін қолбаңдаған су қоңызы болмаспын ба?

- Міне мойындадың, су қоңызы емес, шыңыраудың өзі болғаның, шыңырау түбінде қораз жасай ма? - деп күлді Бақай.

- Шыңырау түбі қараңғы келеді, онда қораз түгіл есектің айғыры да бар шығар? - деп мен күлдім, - онда не қилы тажал қасқырлар жасайды. Шыңыраусынған адамның жүрегіне олардан да жабайы жыртқыш мақлұқтар пайда болмақ... мен дәлелдейін, тоса тұр: өзін шыңыраумын деп таныған адам алдымен саңырауға айналады; өзінен басқаны тыңдамайтын болады. Онан соң көзден айрылады; көрмей-ақ білемін деп асқақтайды. Сөйтіп, ой қуатынан да айрылады; көрмей-ақ білемін деп асқақтайды. Бәрін ойлап біліп болғанмын, дүниеде мен бас қатыратын іс жоқ деп есептейді. Бәрін де инстенкттік түйсігімен кесіп-піше салатын болады. Адамгершілікке жат, жыртқыш мақлұқтар ұясына - қайдағы «шыңырауға» итере көрме мені! Тағдыр мені жер бетіндегі адал қарапайым адамзат ортасынан, әсіресе өзіңдейлерден айыра көрмесін! Маған тілеген шыңыраулық тілегіңнен өзіңе тілеген жаңағы тілегің бүкілдей басқа ғой. «Жанын ептесең епте, жарамсақ етпе» деп маған неге тілемейсің? Адамзат санасына аса қиыннан бітетін, ең асыл тілек осы емес пе?

- По, мені не қып жібергеніңді сезбей де қалдым-ау! Болмасқа кеткен қара қасқа екенсің, ендеше ал! -деп Бақай қарқылдай күлді де, құшақтай алды. Енді құшақтаса қарқылдадық...

Әділетті тергеушім, менің қай дәрежедегі, қаншалық тоңмойын кері төңкерісші екенімді енді айқындаған шығарсыз. Әлемде Данышпан көсемге ұқсағысы келмейтін, шыңырау ойлы болғысы келмейтін кім бар? Тым болмағанда көсемше атын алсақ екен деп көсеулесіп, найзаласып, шоқпарласып, қырқысып жатпайсыздарма? «Бұрынды-соңды болып көрмеген» көркем мәдениет төңкерісінде жарамсақтық белеті жоқ мендей улы шөп жасауы мүмкін бе? «Болмасқа кеткен қара қасқа» екенімді ең жақын досым да әшкерелеп отырғанда, жұла салмасаңыз кеңірдегіңізді басқа біреу жұлып әкетер ме екен?

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Тойс (орысша)  - қайталап айтқанда, яғни.

* Интеллигент - оқымысты.

0 пікір