Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
3992 2 пікір 9 Қыркүйек, 2021 сағат 15:31

Ауғаннан босқын қабылдау міндет пе?

ҚР Сыртқы істер министрлігі Ауғанстаннан босқындар қабылдау мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Tengrinews.kz мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, дәл қазір Қазақстан ауған босқындарын қабылдау мәселесімен бетпе - бет келіп отырған жоқ. Дегенмен, халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде құқықтық құжаттарда көзделген міндеттемелерді орындауға бейім.

«БҰҰ халықаралық қауымдастық мүшелеріне босқындарды қабылдау туралы өтінішпен жүгіне алады, алайда оның заңды күші жоқ. Ауғанстан азаматтары Қазақстанда босқын мәртебесін алуға өтініш білдірген жағдайда, біздің елдің заңнамасына сәйкес, өтініш қаралады. Қазақстан Республикасында БҰҰ -ның 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы конвенциясының міндеттемелеріне толық сәйкес келетін 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Босқындар туралы» Заңы бар», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Департамент заңда босқынның анықтамасы мен елдің құзырлы органдарына пана іздеушілерге жүгіну тәртібі жазылғанын түсіндірді.

«Пана іздеген адам Қазақстан аумағына келгеннен кейін бес күн ішінде немесе сол сәттен бастап ел аумағында болғанда, нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігіне орай уәкілетті органға - Қазақстан Ішкі істер министрлігі Көші -қон қызметі комитетіне босқын мәртебесін беру туралы жазбаша өтінішпен жеке немесе уәкілетті өкіл арқылы жүгіне алады»,- деді СІМ.

Айта кетейік, Ауғанстанда Талибан өкілдері билік басына келгеннен кейін елдің төрт миллионға жуық тұрғыны үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. БҰҰ босқындарды шақырғаннан кейін әлемнің көптеген елдері бірнеше мың адамды қабылдауға шешім қабылдады.

Abai.kz

2 пікір