Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4432 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 08:08

Зікірия Жандарбек. Түріктердің Ата жұрты қайда?

Бүгінгі күні тарих ғылымы алдында түрік халықтарының  шыққан тегі мен Ата жұртының қайда екендігін анықтап алу қажеттігі туып отыр. Өйткені, евроцентристік бағыттағы зерттеушілердің дені қазіргі Қазақстан территориясы - қазақ халқының Ата жұрты емес деген пікірді алға тартып, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп қойғалы да қаншама уақыттың жүзі болды. Мысалы, тарихшы-этнограф, марқұм Н.Масанов былай деп тұжырымдайды: «Сторонники миграционной теории считают, что предки казахов были недавными мигрантами и довольно поздно пришли на территорию Казахстана, а  сам казахский народ не имеет никакого отношения к древным насельникам региона и не ведет свое происхождение от  индо-иранского субстрата. Эту точку зрения так или иначе вот уже на протяжении более 200 лет поддерживает большинство исследователей»[1,58]. Ал, орыс антропологы В.П.Алексеев болса, «андронов мәдениеті» өкілдерінің индоевропалықтар болғанын алға тартады.[2,14]  Бұл ғылыми тұжырымдар, сонда түріктердің Ата жұрты қайда? деген заңды сұрақты туындатады. Жауап бұл сұрақтарға да дайын. Түріктер Шығыстан, Сібір ормандары мен Моңғол үстіртінен, Алтай тауларынан келді деген тағы да «ғылыми тұжырымды» ұсынады. Оған дәлел де жоқ емес. Моңғол үстірті мен Сібірден табылып жатқан көне түрік сына жазулары бұл тұжырымның да ғылыми негізі барлығын мойындауға мәжбүр етеді.

Бүгінгі күні тарих ғылымы алдында түрік халықтарының  шыққан тегі мен Ата жұртының қайда екендігін анықтап алу қажеттігі туып отыр. Өйткені, евроцентристік бағыттағы зерттеушілердің дені қазіргі Қазақстан территориясы - қазақ халқының Ата жұрты емес деген пікірді алға тартып, оны ғылыми тұрғыдан негіздеп қойғалы да қаншама уақыттың жүзі болды. Мысалы, тарихшы-этнограф, марқұм Н.Масанов былай деп тұжырымдайды: «Сторонники миграционной теории считают, что предки казахов были недавными мигрантами и довольно поздно пришли на территорию Казахстана, а  сам казахский народ не имеет никакого отношения к древным насельникам региона и не ведет свое происхождение от  индо-иранского субстрата. Эту точку зрения так или иначе вот уже на протяжении более 200 лет поддерживает большинство исследователей»[1,58]. Ал, орыс антропологы В.П.Алексеев болса, «андронов мәдениеті» өкілдерінің индоевропалықтар болғанын алға тартады.[2,14]  Бұл ғылыми тұжырымдар, сонда түріктердің Ата жұрты қайда? деген заңды сұрақты туындатады. Жауап бұл сұрақтарға да дайын. Түріктер Шығыстан, Сібір ормандары мен Моңғол үстіртінен, Алтай тауларынан келді деген тағы да «ғылыми тұжырымды» ұсынады. Оған дәлел де жоқ емес. Моңғол үстірті мен Сібірден табылып жатқан көне түрік сына жазулары бұл тұжырымның да ғылыми негізі барлығын мойындауға мәжбүр етеді. Мысалы, зороастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестадағы» деректерге сүйеніп, қазақ жері ариилердің жері болды деген пікір алға тартылып жүр. «Авестадағы» Ранха өзенін - Еділ өзенімен, Ардви өзенін Амудария өзенімен, ал, Ариянам Вайджа өзенін Сырдария өзенімен шендестіреді. [2,24] Ал Қаратаудағы «Арпаөзен» шатқалындағы, Аңрақай тауындағы «Таңбалы тасқа» салынған суреттер осы «Авеста» кітабында баяндалған оқиғаларды бейнелейді деген тұжырым жасалған[2,27-29]. Бұл жерде осы бір ғылыми тұжырымдарға қарсы ғылыми тұрғыдан жауап беру мүмкін бе?- деген сұрақ туындары анық. Сұрақтарға жауап бар және ол жауап, басқа емес, осы «Авеста» кітабындағы деректердің өзінен табылады.  

Көне дәуір ескерткіші, зоорастризм дінінің негізгі кітабы болып табылатын «Авестада» Сырдария өзенінің көне аты «Канха» деп аталады. [3,36;201] Осы Канха өзені жағасындағы халықты ирандықтар «кангар», қытайлар «кангюй» деп атады. Бұл халықты осы күнге дейін тарихта ирантілдес болды деген пікір қалыптасқан және ол пікір әлі өзгере қойған жоқ. Алайда, канха немесе қаңлы атауы ирантілдес халықтар құрамында кездеспейді және Канханы Иранның шығысындағы ел деп атайды. Демек, кангардың да, кангюйдің де ирандықтарға ешқандай қатысы жоқ. Ал түркілердің өзі Сыр бойын мекендеген халықты «қаңлы» деп атағаны бұрыннан белгілі және осы қаңлы атауы бар қаншама ру, тайпаларды түркі халықтары құрамынан кездестіре аламыз. Олай болса, қазақ және өзге де түркі халықтары атаулары құрамында «қанх» компоненті бар ру, тайпалардың шығу тегін осы «Канхамен» байланыстырғанымыз дұрыс. Мысалы, қаңлы, қоңырат, кенгерес, кенегес т.б. атаулардың түп негізі Сырдарияның көне атауымен байланысты екендігі күмән тудырмайды. Алайда, бұл пікірдің қазіргі отандық тарих ғылымында қалыптасқан «Түркілер Сібір ормандары мен Моңғол үстіртінен, Алтайдан келді» деген қалыптасқан пікірге қайшы екендігін де білеміз. Соған қарамастан түркі халықтарының шыққан тегі мен жеріне қатысты жаңа тұжырымды ұсынып отырмыз. Бұл бір жағынан түркі халықтарының негізгі шыққан жерінің қайда екендігін, қазақ ешқашанда қазіргі өзінің тұрған жеріне сырттан көшіп келмегендігін білдірсе, екінші жағынан өзінің түп тарихын қайта қарастыруға мүмкіндік алады. Ол үшін көне тарихи дерек көздерін қайтадан сараптаудан өткізу қажеттігі туындайды. Енді сол дерек көздеріне кезек беріп, түркінің шыққан тегіне қайта талдау жасап көрелік.

Рашид ад-диннің «Жылнамасында» Нух пайғамбардың солтүстіктен оңтүстікке қарай үшке бөліп, оның бір бөлігін үлкен ұлы Хамға бергенін, Хамнан қара нәсілді халықтар тарағанын; екінші бөлігін Самға бергенін, одан араб, парсы мен жалпы индоевропалықтар тарағанын; үшінші бөлігін Яфетке (Яфес) бергенін, Яфеттен түркілер мен моңғолдар және т.б. халықтар таралғанын жазады[4,80]. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» де осы аңыз қайталанады[5]. Осы Нух пайғамбардың ұлы Яфестің баласын не немересін түріктер Булджа (Абулджа) хан деп атайды.

Рашид ад-дин «Жылнамасында» Абулджа ханның тұрған жері туралы мынадай деректер келтіріледі: Абулджа ханның жайлауы Ортау мен Қазтауда болды және осы маңайда Инандж атты қала бар еді. Ал қыстауы Бурсун, Какян, Қарақорұм атты жерлерде. Осы жерлерге жақын Талас, Қары-Сайрам атты қалалар болды. Қары-Сайрам қаласы көне, әрі үлкен. Ол қаланы көргендер бір шетінен екіші шетіне жету үшін бір күн жол жүру керектігін жазады[4,80].  Орыс зерттеушісі Н.Березин Рашид ад-дин келтірген осы деректі талдай келе, Қазтау Сырдария өзенін жағалай созылып жатқан Қаратау, Ортау Талас Алатауы деп есептейді[4,80]. Бұған қоса қалалар атауынан да бұл жерлердің түркілерге тән екенін байқауға болады. Жалпы бұл деректер түркілердің шыққан жері осы Сыр бойы мен Қаратау мен Алатау болғандығын көрсетеді. Ал Қары-Сайрам қаласы туралы дерек те түріктің түп қазығы осы Сыр бойы болғандығын нақтылай түседі. Қары Сайрам аталған қала түрік дүниесінің рухани тірегі болған Түркістан емес пе деген заңды сұрақ туындатады. Өйткені, Оғыз қаған аңызының түріктер арасына тараған нұсқасында Оғыз қағанның астанасы «қырық қақпалы Қарашық» атты қала екендігі айтылады. Түркістанның «Қырық қақпалы Қарашық» деп аталуы көнеден келе жатқан атау екендігін тарихи деректер де айғақтайды. Мысалы, Молла Мұхамметсадық Сапабекұлының «Түркістандағы тарихи зиарат» атты еңбегінде Қожа Ахмет Йасауидің «қырық қақпалы Қарашыққа» келгендігі жазылады[6,].  Ал, Махмуд Қашғари «Қарашуқ Фарабтың басқа аты» дейді[7,50]. Ортағасырлық араб деректерінде бұл қала «Шавғар» деген атпен белгілі. М.Қашғари сөздігіндегі топонимикалық деректермен шұғылданушы мамандар «Қарашуқ» сөзіннің «Қаратау» деген мағына беретінін айтады[8,109]. Ал, «Шавгар» сөзін қазіргі қазақ тіліне аударар болсақ, ол да «Қаратау» болып аударылады[9,131]. Олай болса, Рашид ад-дин «Жылнамасындағы» Қары Сайрам көне Түркістан болып шығады.

Қытай деректерінде «Кангюйдің бес кіші хандығы» туралы дерек бар. Бұл деректер біз жоғарыда ұсынған тұжырымның дұрыстығын нақтылай түседі. Осы бес кіші хандықтың бірі - Сусе деп аталады. Сусе Сырдария өзеніне Арыс өзенінің құяр сағасынан Жаңақорған жеріне дейінгі аралықты қамтиды. [10,216] Қытай деректерінде осы иеліктегі Шы қаласы туралы мынадай мәліметтер бар: «Шы, келесі Кюша (Гейшуана) Думо өзенінің оңтүстігінде  жатыр. Кіші Кангюйге  қарасты көне Сухо қаласының жері ... Онда Темір қақпа деп аталатын тау бар. Бұл жер екі хандықтың түйіскен жері. Қала алтын құлыппен жабулы. [Қалада] ғибадатхана бар. Онда әрбір құрбандық шалған сайын 1000 (мың) қой сояды. Жорыққа шығар алдында [халқы] осында келіп тізе бүгеді. Хандықта бес жүз қала бар» [11,274-275]. XX ғасыр басында  осы Кангюй мәселесімен айналысқан орыс зерттеушісі Г.Бронников Шы қаласы мен Сусе хандығының бір екендігін жазған болатын. Ол: «Төмендегі Тхань жазбасы Сусе иелігінің  жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Сусе Ұлы Хань әулеті билеген дәуірде Кангюйге бағынған болатын... Бұл иелік Тхань династиясы кезінде Сухо, одан кейін Шы деп аталды»-дейді де, ондағы ғибадатхананың бар екендігін, оған Кангюй халқының келіп Құдайға құлшылық ететінін жазады[12,1-2].
Егерде біз А.Н.Бернштамның Кангюйдің бес кіші хандығының орналасуы туралы пікірін дұрыс деп қабылдар болсақ, онда Сусе иелігі Түркістан аймағына сай келеді. Ал Түркістан аймағында Шы қаласына Түркістаннан өзге сай келетін қала жоқ. Өйткені, оның мынадай екі себебі бар. Біріншісі, «Шы» сөзінің қазақша аудармасы - «тас». Түркістанның көне атауы Қарашұқ - Қаратау екенін біз жоғарыда айтып өттік. «Тас» пен «Тау» арасындағы мағыналық байланыс барлығын ескерер болсақ, онда қытай деректеріндегі Шы қаласының көне қырық қақпалы Қарашұқ қаласы екендігіне күмән қалмайды.
Екіншіден, Шы қаласында ғибадатхананың болуы, оған Кангюй халқының әрбір құрбандық шалған сайын мың қой сойып, құбандық шалуы, әскері жорыққа шығар алдында мұнда келіп, тізе бүгуі, көне тарихта жазылып қалған болса, онда Түркістанның екінші Мекке атануы Қожа Ахмет Йасауи атымен ғана байланысты еместігін, бұл жердің көне дәуірден киелі мекен болғандығын білдіреді. Қожа Ахмет Йасауидің өзі бұл жердің киелі мекен екендігін сезген сияқты. Әйтпесе, сол дәуірдегі ірі саяси және экономикалық орталықтар болған Отырар, Сайрам, Тараз сияқты қалаларға тоқтамай көне Қарашұқ қаласына келуі көп нәрсені аңғартады.
Сонымен бірге, орыс зерттеушісі Б.И. Вайнберг «Авестадағы» көне Тұран жеріндегі барлық географиялық жер-су атауларына талдау жасай келе Канхаға қатысты мынадай ой айтады: «Не совсем понятен эпитет Канхи «пресвятая», так как и «праведным» зорострийским областям Канха и земли туранцев в целом не относились. Может быть здесь сохранился какой-то отголосок представлений о Канхе как религиозный центр туранцев, связанным именно с культом Ардвисуры» [13,204].
Ал, археолог Е.Смагулов Шавгар атауының соғды тіліндегі формасында жеткенін, соғды тілінде де «Sawgar» - «Қаратау» аталғанын және көне Канг сақтарының /турлардың/ киелі орталығымен байланысты айтылғанын жазады[9,131]. Демек, бұл деректердің барлығы киелілік сипат Түркістан жерінің көнеден келе жатқан айрықша белгісі екендігін көруге болады.
Бұл деректерге мән беріп, арнайы тоқталып, талдау жасаудағы мақсат - Сыр бойының түркі халықтарының тарихи тағдырындағы орнын анықтау болатын. Жоғарыда келтірілген деректердің барлығы Сыр бойының түркі халықтарының Ата жұрты, киелі мекені екендігінен хабар береді. Түркілер осы жерде дүниеге келіп, осы жерден әлемге тарады. Мұны  «Оғыз қаған» дастанында баяндалатын оқиғалар желісі де бұл тұжырымның тарихи негізі барлығын көрсетеді. Ендігі кезекті Оғыз қаған туралы деректерді талдаудан басталық.
Рашид ад-дин «Жылнамасында» Оғыз қаған туралы мынадай деректер бар: «Абулджа ханның Диб-Бакуй деген ұлы болды. Ол өз әкесінен күшімен де, құдіретімен де, билігімен де жоғары дәрежеге қол жеткізді. Оның төрт ұлы болды: Қара хан, Ор хан, Көз хан, Гур хан. Бұл халықтың барлығы дінсіз болатын. Қара хан әкесінің тағына ие болды... Оның бір ұлы дүниеге келді. Ол үш күнге дейін анасының емшегін ембеді. Осы себептен анасы жылап, ғибадат жасады. Анасының түсіне ұлы келіп, «Егер сен бір шын жаратушыға мойынұсынатын болсаң, мен сенің сүтіңді емемін» - деп аян береді. Анасы Қараханнан да, халықтан да жасырып, бір жаратушыға мойынұсынады... Осылай Оғыздың дүниге келумен шынайы хақ дін де дүниеге келеді.
Оғыз ержеткен соң Қара хан інісі Көз ханның қызын айттырып, құда түседі. Оғыз қызға бір жаратушыға мойынұсынасын деп шарт қойды. Қыз қабыл етпеді. Бірақ үйленді. Баласының әйелін ұнатпайтынын көрген Қара хан Гур ханның қызын айттырып, алып берді. Оғыз ол қызға да осындай шарт қойды. Ол да қабыл етпеді. Ұлының бұған да көңілі толмағанын көрген Қара хан енді Ор ханның қызын айттырды. Оғыз хан ол қызбен үйленбей тұрып, кездесіп, мән-жайды түсіндіреді. Қыз Оғыздың талаптарын толық қабыл етіп, мойынұсынады. Оғыз бұл әйеліне зор ілтипат көрсетіп, құрметтейді. Бірде Оғыз серіктерімен аңға шығып кеткенде, Қара хан үйінде сауық кешін өткізіп, оған келіндерін де шақырады. Сөйтіп, келіндерінен жағдайларын сұрап, үлкен келіндеріне «Сен екеуің кіші келінге қарағанда сұлусыңдар. Бірақ сендерге ұлымның ешқандай ілтипаты жоқ. Оның есесіне кіші келін реңсіз болса да, оны өзіне жақын тартады, құрметтейді. Мұның себебі неде? - деген сұрақ қояды. Сонда келіндері өздеріне Оғыздың қойған талабын, өздерінің ол талапты қабыл етпегенін, кіші келіннің Оғызбен бір екенін айтады. Мұны есіткен Қара хан ағайын-туыстарын шақырып, кеңес құрады. Оғыздың өзге дінді қабылдағанын, оны бүгін тоқтатпаса, ертең елді бүлдіретіні, сол үшін оны оны өлтіру керек деген шешімін айтады. Бұл хабарды есіткен кіші әйелі Оғызға астыртын кісі жіберіп, әкесінің шешімін хабарлайды. Оғыз қасындағы серіктерімен соғысқа дайындалады. Бұл соғыс жетпіс үш жылға созылып, соңында Оғыз хан жеңіп шығады»[4,81-82]. Бұл жерде түсініксіз бір мәселе бар. Қарахан Абулджа ханның тікелей немересі ме, әлде одан көп кейінгі ұрпақтарының бірі мен деген сұрақ. Шындығында Қара хан Абулджа ханның тікелей ұрпағы емес екен. Ол туралы Оғыз қаған туралы басқа аңыздарда Абулджа ханнан Оғыз қағанға дейін қаншама ұрпақ өткендігін көруге болады. Мысалы, «Оғыз қаған» аңызының Марданбайұлы Есқали Қоңырати нұсқасында Оғыздың әкесі Қарахан Яфестің тоғызыншы ұрпағы. Бұл хандардың барлығы мәжусилік дінін ұстанғаны туралы айтылады[14,276]. Бұл Оғыз қағанның Яфестен тараған халықтарды бір Тәңірге мойынұсынуға шақырып, халықты иләһи дінге бет бұрғызған киелі тұлға болғандығынан хабар береді. Басқаша айтқанда, Оғыз қағанды Түркі даласынан шыққан пайғамбар деп тануға болады. Рашид ад-дин Шыңғыс ханның да осы Оғыз қағаннан келе жатқан Тәңір дініне мойынұсынғанын жазады[4,83]. Олай болса, бұл түркілердің ұзақ ғасырлар бойына Оғыздан қалған Тәңір дініне мойынұсынып, сол дінде болғандығын көрсетеді.
Сонымен бірге, Оғыз қаған алғаш рулық, тайпалық жүйелерді топтастырып, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін алғаш қалыптастырған тұлға. Бұл Оғыз қағанның түркі тарихындағы орны қаншалықты маңызды боғандығын көрсетеді.
Қазір біз Оғыз қағанның өмір сүрген кезеңін дәл айта алмаймыз. Алайда, түркі тарихындағы тұлғалардың өмір сүрген дәуірлеріне қарап, Оғыз қағанның өмір сүрген кезеңін шамалап анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, Алпамыс батырдың тарихта өмір сүрген кезеңі біздің дәуірімізге дейінгі XIII-ші ғасыр деген болжам бар. Ал, ирандықтар Афрасияб атап кеткен Алып Ертоңға б.д.д. VII- VIII ғғ. өмір сүрген. Олай болса, Оғыз қағанның өмір сүрген кезеңі біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасыр шамасы болуы мүмкін. Бірақ қазір тарихшылар айтып жүргендей Мөде қағанның Оғыз қаған еместігі айқын.
Оғыз қаған туралы аңыздарға арнайы тоқталып, талдаудағы мақсатымыз, түркі халықтарының Батысқа да, Шығысқа да таралуы Оғыз қағаннан бастау алатынын және олардың негізгі таралған орталығы Сыр бойы болғандығын көрсету. Бұл аңыздар астарында тарихи шындық жатқандығын қазіргі бізге дейін жеткен түркі халықтары құрамындағы ру, тайпалардың алғашқы топтасу кезеңі осы Оғыз қаған атымен байланысты болғандығынан көреміз. Оның үстіне Оғыз қағанның үш ұлының шығысқа кетуі, үш ұлының батысқа кетуі де құр аңыз емес, негізі бар оқиға. Оғыз қаған ұлдары өздері ғана кетпей, өздерімен бірге Сырдың көне атын  бірге ала кетті. Оны біздің дәуірімізге дейін жеткен «Канха» атауының түркілер тараған ұлан-ғайыр аймақтан кездесуі, бұл халықтардың түп қазығының қайда екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы,  қаңлы, қоңырат, кенгерес, кенегес, Алтын қаңлы, Қаңлы елі, Қанға баба, Канг-дез сияқты ру, тайпа аттары мен жер атауларының Хинган тауларынан Қара теңіздің солтүстік жағалауларына дейінгі аралықты толық алып жатыр. Бұл атаулардың барлығының  «канг» деген бір түбірге байланысты екендігін көре аламыз. Бұл олардың бір кездері бір негізден тарағанын көрсетеді. Бұл атаулардың ішіндегі қаңлы, қоңырат, кенгерес, кенегес сияқты атаулар ру, тайпаларға тиесілі. Қаңлылар қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт халықтары құрамында бар. Қоңыраттар қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ т.б. халықтар құрамында бар. Ал кенгерес  яқұт халқы құрамындағы тайпаның аты. Кенегес өзбек, қарақалпақ т.б. түркілер арасында кездеседі. Бұл халықтардың таралу географиясына назар салар болсақ, онда бұл ру, тайпалардың қаншалықты үлкен территорияны алып жатқанын және олардың барлығы бір негізден өрбігенін көреміз.
«Алтын қаңлы», «Қаңлы елі», «Қанға баба», «Қандөз» деген атауларды алар болсақ, бұлардың барлығы жер атауларына қатысты екендігін байқаймыз. «Алтын қаңлы» Қытайдың солтүстігіндегі Манжурия аймағындағы Хинган тауындағы асудың аты. «Қаңлы елі» деген жазу Маңғыстау жеріндегі  «Ерсарының қайрағы» атты тасбағанда көне түркі әліпбиімен жазылған жазу. «Қанға баба» - Маңғыстауда, Каспий теңізі жағасындағы әулиелі жер аты. «Қандөз» Сыр бойындағы жер атауы. Бұл Қандөз атауы Авестадағы Сиявуш салдырған «Канг-дез» қаласымен байланысты екендігіне күмән жоқ. Бұл атаулар арасындағы да ортақ негіз «канх» деген түбір екендігін көреміз. Олай болса, түркі халықтарының түп негізі Сыр бойы деген тұжырымның дұрыс екендігін көрсетеді. Және осы тарихи үдерістер басында Оғыз қаған тұрғандығына да күмән тумаса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    История Казахстана: Народы и культуры. Учебное пособие / Масанов Н. и др. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2001.
2.    Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Летопись трехтысячалетия. -Алма-Ата: «Рауан», 1992.
3.    Авеста. Избарнные гимны Видевата. -Москва: «Дружба народов», 1993.
4.    Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т.І. кн.1. -Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952.
5.    Әбілғазы. Түрік шежресі. Алматы:
6.    Молла Мұхаммед Садық Сапабекұлы. Түркістандағы тарихи зиарат// Ясауи тағлымы. -Түркістан: «Мұра», 1996.
7.    Материалы по истории киргизов и Киргизии. Вып. 1. -Москва: Наука, 1973.
8.    Чороев Т.К. Топономические данные М. Кашгари. //
9.    Смагулов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның ортағасырлық тарихы. -Түркістан: «Мирас», 1998.
10.    Бернштам А.Н. История Памира-Алая. -Москва: 1952.
11.    Бичурин И.А. Собрание сведении о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.ІІ. -Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1953.
12.    Бронников Г. Кангюй, Канглы или Кан, юечжи. -Москва: 1914.
13.    Вайнберг Б.И. Этнография Турана в древности VIII в. д.н.э. - VIII в. н.э. -Москва: Вост.лит., РАН, 1999.
14.    Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және Түркология. -Алматы: «Ғылым», 1987.


Жандарбек Зікірия Заманханұлы,
Тарих ғылымдарының кандидаты
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.
Түркістан қаласы.


«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458