Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 11371 12 пікір 14 Қыркүйек, 2021 сағат 15:08

СБЕР дауы: Маминді сотқа берді. Референдум керек!

Қоғам белсендісі Санавар Закирова Қазақстан Үкіметі «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасау мақсатында Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен Меморандумға қол қойғаны үшін Үкімет басшысы Асқар Маминді сотқа беріпті.  Бұл туралы Санавар Закированың өзі Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

«Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Грефпен Меморандумға қол қоюын заңсыз деп тану туралы шағым түсірдім», - деп жазыпты.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданған шағымда:

«03.09.2021 жылы Шығыс экономикалық форумы аясында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы, цифрландырудың платформалық моделі мен  Data-Driven Government туралы Меморандумға қол қойған еді.

Аталған құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу бойынша әріптестіктің негізгі тәсілдерін, мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформация мен реинжинерингті, мәліметтерді талдау әдістері мен жасанды интеллектті қолдануды қамтыған. Цифрлық архитектураның бұл платформалық молделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділі мен жылдамдығын арттырады.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф қол қойған Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру туралы Меморандумды ҚР Конституциясына қайшы және ҚР Азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептеймін», - деп жазылған.

Біз Санавар Закироваға хабарластық. Істің мән-жайын сұрап білдік.

Бұл СБЕР-мен емес, Ресей билігімен жасалған келісім

Санавар Закирова:

- Біріншіден, қандай да бір келісімге қол қоярдан бұрын, олар әуелі қарапайым азаматтардың, қоғамның ойын білдіретін қандай да бір қоғамдық ұйымдардың пікірін сұрауы керек еді. Ал біз бұл жайды Меморандумға қол қойған күні бірақ білдік. Енді айналасы 5-6 айдың ішінде келісімге қол қояды да, одан әрі олар (СБЕР-ред.) барлық мұрағаттар базасын қайта жасап шығатын болады.

Бізде мемлекеттік қызмет түрлерін көрсететін 400-ге жуық платформа болса, соның барлығын СБЕР-ге береміз. Олар оны қайта жасап шығады, сосын ол платформалардың әрі қарай жұмыс істеуін қадағалап, қызмет көрсететін болады.  Бұл нені білдіреді? Біз өзңміздің барлық ақпараттық жүйемізді, барлық құжаттамаларымызды СБЕР-дің бақылауына өткізіп береміз деген сөз.

Қарапайым, сот жүйесін алып қараңызшы, азаматтар сотқа шағым түсіреді, әртүрлі сипаттағы құжаттарын өткізеді. Сол секілді, eGov электронды порталы арқылы біз әртүрлі құжатарымызды аламыз. Енді СБЕР осының барлығына қол жеткізгелі отыр. Ол құжаттардың барлығы құпия болуы керек. СБЕР электронды үкімет бағдарламасын жасайды делік. Сосын ше? Әлгі жасаған бағдарламасы дұрыс істемей қалса, біздің Үкімет тағы сол СБЕР-ге жүгінеді. Олар оны қайта іске қосады. Сол кезде олар бәрібір барлық ақпаратқа қол жеткізетін болады.

Герман Греф ешқандай да ақпараттың жарияға шығып кетпеуіне кепілдік беретінін айтады.  Хош делік. Бірақ, ол Қазақстанның электронды үкімет бағдарламасын өзі жасамайды ғой. Оның командасында ең жоқ дегенде жүзге тарта адам болады. Герман Греф ол жүз адамға кепілдік бере ме? Жоқ!

Екіншіден, егер алда-жалда екі ел арасы ушыға қалса, олар біздің бүкіл жүйемізді бұғаттай алады. Сосын нағыз коллапс болады. Өйткені, біздің Үкімет оған қарсы түк істей алмай қалады.

СБЕР-дің 51 пайызы Ресей билігіне тиесілі. Сонда біз, келісімді СБЕР-мен емес, Ресей билігімен жасасып отырмыз. Біз өз еркімізбен бөтен мемлекетке электорндық жүйемізді тапсырып беріп отырмыз. Бізде бар 400 платформаны жаңағы шет мемлекетке өзара интеграция аясында деп, өз еркімізбен бере салмақпыз. Олар біздің не істеп, не қойып жатқанымыздың барлығына қол жеткізеді. Бұл дұрыс емес!

2016 жылы Жер дауы кезінде де осындай жағдай болған. Ақыры не болды? Халық наразылығына ұласты. Кейін бұл мәселені тоқтатып қойды (мораторий жариялап).

Меніңше, дәл осы СБЕР-мен келісімді де біз осылай тоқтатып тұрсақ, бұл біз үшін дұрыс шешім болар еді. Өйткені, біздің биліктің барлық тармағында «Nur Otan» партиясы. Оппозицияны билікке жолатпайды. Осындай олқылықтардың болуының бір себебі де осы – оппозицияның жоқтығы. Егер біз бұл меморандумды 5-6 жылға шегеріп тұрсақ, сол уақыт ішінде қандай да бір оппозициялық партияны тіркей алсақ, онда мүлде басқаша шешім қабылданар ма еді.

Сомасының өзі бас айналдырарлық. 500 млн доллар деген тым көп. Осының бір бөлігін ғана біздің ІТ мамандарға беретін болса, біздікілердің өздері-ақ жасап шығар еді.

Ресей мәлімдемелері – Донбасс сценарийін меңзейді

Неге Ресей? Украинамен соғыстан кейін Ресейдің беделі түсті. Ресей Думасы депутаттарының Қазақстанға қатысты ақпараттық шабуылы көбейді. Жириновскийден бастап, олар: «Қазақстан деген мемлекет жоқ», «Солтүстік Қазақстан Ресейдің жері», «Қазақстанның жері – Ресейдің сыйлығы», - деген мәлімдемелерді жиілетті. Осының өзі-ақ  Ресейдің бізге деген көзқарасын білдіреді. Тіпті, Донбасс сценарийін меңзейді.

Осындай шабуылдарды жасай отырып, олар Қазақстанды өз ықпалында ұстап қалғысы келеді. Бүкіл әлемдік қауымдастық Ресейдің Қырымды тартып алуы мен Донбаста соғыс ашуын қолдамайды. Ресей жалғыз қалды. Сондықтан, Беларусь пен Қазақстанды бар күшін салып, Ресеймен интеграциялауды көздеп отыр. Қазақстан үшін бұл өте қауіпті.  Біз Тәуелсіздікті оңайлықпен алған жоқпыз. Қайтадан Тәуелсіздікті беріп қою – өліммен тең. Егер біз Тәуелсіздігімізден айырылсақ – біз өз тілімізді өлтіреміз, мәдениетімізден айырыламыз. Сондықтан, Ресеймен интеграция Қазақстан үшін өте қауіпті. Бізге, ең тиімдісі – Тәуелсіз мемлекет бола отырып, Ресеймен де, Қытаймен де, АҚШ-пен де достық қарым-қатынасты сақтау.

Сбербанкке АҚШ санкциясы салынған екен. Демек, Қазақстан үкіметі Қазақстанды соққының астында қалдырғалы отыр деген сөз. Санкция салынғандармен әріптестік жасаушылар да автоматты түрде санкцияның зардабын тарататын болады. Бұл дегеніңіз Мамин бізді де санкцияға итермелеп отыр ғой. Біздің экономика оны көтере ме? Жоқ!

Референдум керек!

Менің шағымымды қабылдамауы да мүмкін. Олар менің арызымды тіркеді. Енді соттың 5 күн уақыты бар. Менің шағымымды қараудан бас тартуы да мүмкін. Жұма күні біз сот шағымды қарай ма, жоқ па, соны білеміз. Ал шағымды қабылдап, мен сотта жеңілген күннің өзінде, мен апеляцияға беремін. Заңда көрсетілген тәртіппен жүремін. Содан соң, қоғамдық ұйым құрсам да, халыққа бұл шешімнің заңсыз екенін түсіндірумен айналысатын боламын. Ең құрығанда, биліктен бұл мәселе бойынша Референдум өткізуін талап етемін.

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5255