ОРАЛМАН ҚАЗАҚТАРДЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАЗАҚ БОЛДЫМ
1989 жылы Алаш көсемдері ақталып олардың еңбектерімен таныстық. Сол жылы маусым айында КСРО-ның Съездер сарайында ақиық ақын Мұхтар Шахановтың 1986 жылдың «Желтоқсан шындығын» ашқан дауысы, ұлты үшін отқа түскен жанкештілігі біздің де қазақ ұлтының өкілі екенімізді білдіріп, ес жиғызды.Тұңғышым да дүниеге келген, Ресейдегі оқуымды, жұмысымды тәрк етіп, «қазақ боламын» деп, сол кездегі Целиноград облысына көшіп келдім. Он шақты ғана қазақ отбасы бар оның бесеуі орыстанып кеткен, қалың орыстың ортасына күмп ете қалдым. Қазақстан деп аталғанмен Ресейден еш айырмашылығы жоқ екеніне көзім жетті. «Балаларым қазақша балабақшаға, мектепке барады, қазақ боламын» деген бар арманымның күлі көкке ұшты. Өз елімде жүріп жойылып кетемін бе деген қорқыныш бойымды биледі. Содан қазақ болғысы келетін пікірлес тауып, анда шауып, мында шауып орыс бала бақшасынан жас мөлшері әр жастағы қазақ балаларының басын қосқанда он шақты болды. Бәрін бір топқа жинап қазақ тобын әупірімдеп әрең аштырдық. Қазақша оқыған тәрбиеші жоқ. Ары іздеп, бері іздеп таппаған соң қазақша білетін бір апайдан өтіндік. Өкінішке қарай аты қазақша топ, заты орыс болды онымыз. Қазақы ортасыз балаларым қазақ болмайтынына көзім жетті.Үміттен күдік басым жылдар өте берді. 1991 жылы тәуелсіздікпен бірге шет елдегі қазақтар Отанына орала бастады.
1989 жылы Алаш көсемдері ақталып олардың еңбектерімен таныстық. Сол жылы маусым айында КСРО-ның Съездер сарайында ақиық ақын Мұхтар Шахановтың 1986 жылдың «Желтоқсан шындығын» ашқан дауысы, ұлты үшін отқа түскен жанкештілігі біздің де қазақ ұлтының өкілі екенімізді білдіріп, ес жиғызды.Тұңғышым да дүниеге келген, Ресейдегі оқуымды, жұмысымды тәрк етіп, «қазақ боламын» деп, сол кездегі Целиноград облысына көшіп келдім. Он шақты ғана қазақ отбасы бар оның бесеуі орыстанып кеткен, қалың орыстың ортасына күмп ете қалдым. Қазақстан деп аталғанмен Ресейден еш айырмашылығы жоқ екеніне көзім жетті. «Балаларым қазақша балабақшаға, мектепке барады, қазақ боламын» деген бар арманымның күлі көкке ұшты. Өз елімде жүріп жойылып кетемін бе деген қорқыныш бойымды биледі. Содан қазақ болғысы келетін пікірлес тауып, анда шауып, мында шауып орыс бала бақшасынан жас мөлшері әр жастағы қазақ балаларының басын қосқанда он шақты болды. Бәрін бір топқа жинап қазақ тобын әупірімдеп әрең аштырдық. Қазақша оқыған тәрбиеші жоқ. Ары іздеп, бері іздеп таппаған соң қазақша білетін бір апайдан өтіндік. Өкінішке қарай аты қазақша топ, заты орыс болды онымыз. Қазақы ортасыз балаларым қазақ болмайтынына көзім жетті.Үміттен күдік басым жылдар өте берді. 1991 жылы тәуелсіздікпен бірге шет елдегі қазақтар Отанына орала бастады. Сол жылдары Целиноград облыстық партия комитетінің иммиграция бөлімін басқаратын (аты-жөнін ұмыттым) Аймышев деген ұлтшыл, намысты қазақ үндемей жүріп-ақ, қазақ мүддесі үшін көп іс тындырды. Бір күні Целиноград көшесінде Моңғолиядан келген үш қазаққа кездестім. Квотасыз көшіп келіпті, қайда барарын білмей жүр екен. Айдан іздегенім жерден табылды. Үшеуін Аймышевке алып бардым да: «Аға Моңғолиядан он үй көшіп келіпті, квотасыз, отбасы бала-шағасы, дүние-мүлкі темір жол бекетінде, кайда барарын білмей күтіп отыр екен. Біздің ауылға қоныстануына қол ұшын беріңіз. Балаларым орыс болып барады құтқарыңыз», - деп мұңымды шақтым. Совхоз директоры Плаксин деген орысқа қоңырау шалды. Ол: «Бізде үй жоқ, жағдайын жаса алмаймын», - деп қарсы болды.
- Аға мен сол ауылда тұрамын, ол өтірік айтады, он үй бос тұр, - деп өтірікті мен айттым. Аймышев маған қарады да, қайтадан Плаксинге қоңырау шалып: «Сен кімді алдап отырсың, ауылыңнан мына бір жігіт келіп отыр. Сенде он үй бос тұр екен. Қазір вокзалдан он үйді көшіріп әкет, әйтпесе ертең орныңнан айырыласың», - деп тұтқаны тастай салды. «Үйіңе кете бер осыдан айтқанымды істемесін мен оны көріп алайын», - деді.
Иә, үш сағат өтпестен бес жүк машинасы оларды ауылға көшіріп әкелді. Менің қуанышымда шек жоқ. Келесі күні «балабақшасы құрысын» деп баламды алдым да солардың балаларына қосып жібердім. Баламды орыс пен орыстанған қазақтардың балаларына жақындатпадым. Алғашқыда балам қазақтарды түсінбей олар менің орысымды түсінбей жүрді, бірақ тез үйренді. Ауылда тұңғыш қазақ сыныбы ашылып, балам қазақша мектеп бітірді. Өзім қазақ болып балаларым орыс болса, «мен қазақпын» деп қай бетіммен айтамын? Балаларым қазақ болып қалғанда ғана «қазақпын» деп айтуға құқым бар. Қаншама «оқымыстылардың» ұрпақтары орыс болып кеткен жоқ па? Қазақ болған ата-анадан не қалды? Түкте емес. Моңғолиядан көшіп келген қазақтардың арқасында қазақ болдым. Жалғыз мен емес солтүстік өңірдің тоқсан пайыз қазағы, оралмандардың арқасында қазақ ұлтына қайта оралғандар.
Моңғолиядан көшті бастап келген ұстаз, қазақтың ән-күйінің жампозы Бүркітбай Қырықбайұлы Софиевка орта мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ берді. Бір күні мектепте 3-4 мұғалімнің басы қосылып, әңгімелесіп отырғанымызда Бүркітбай ағамыз: «Мен армандаған арманыма жеттім», - деп қалды. Біз: « Әрине, әрине», - деп, «Атамекеніне жеткенін айтып отыр» деп ойлап, бас шұлғып жатырмыз.
- Монғолияның ішкі аймағында, қалың монғолдың ішінде 20 жылдай өмір сүрдім. Олар менің атымды атамай «хосох» (қазақ дегені) деп үнемі шеттетіп, кекететін. Әбден арыма тиіп, келеке етіп бітті. Күндердің күнінде менде моңғолша сөйлеп, оқып, жазып, ұлттық киімін киіп, салт-дәстүрін ұстанып, ән-жырын тыңдап, ұлттық тағамдарын дайындадым. (Әрине, күнде емес, үйге моңғолдар қонаққа келгенде). Не керек, итімізге дейін моңғолша үргіздік. Бәрібір «хосох» деп қақсап, шеттете берді. «Моңғол боламын» деген арманыма жете алмадым. Қазақ болғаным үшін сыймадым. Енді, міне, атамекеніме, қазақ еліме жетіп, қазақ бауырларымның арқасында, арманыма жетіп, «моңғол» атандым, - деп бізге қарап жымиды. Мақтамен бауыздады деген осы. Ұят-ай... Бетімізден отымыз шығып, жерге қарадық. Аты -оралман, заты - қазақ бауырларымыздың ықпалымен қаншама қазақша мектеп, колледж, кәсіби лицей, жоғарғы оқу орындары ашылып, іс-қағаздары қазақша жазыла бастады. Солардың арқасында ашылған Софиевка орта мектебінің қазақша оқып, бітіріп жатқан қазақ балалары қатарынан соңғы төрт жыл бойы Целиноград ауданының алды болып, «Алтын белгі» алып келеді. Мектеп директоры Жүрқадам Жексен мен ұжымның маңдай тері, талмай ізденісі зор жетістікке жеткізіп отыр...
Осы күнге дейін Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, атамекен, атажұртымызда тұрып, шалақазақтанып, орысша сөйлеп жүрміз. Өзге елде жүрсе де, ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпай туған жерге оралғандарына ат қойып, айдар тағып күлген әумесер тірлігіміз-ай.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ
«Халық сөзі» газеті