Қырғызда бар «Байрақтар», қазақта бар қай мақтар?
Қырғызстанның Ұлттық Қауіпсіздік комитеті басшысы Қамшыбек Ташиев елдің түркиялық және ресейлік дрондарды сатып алатынын мәлімдеді.
«Біз бұл жабдықты мемлекеттік бюджет есебінен сатып аламыз. Көп ұзамай Түркиядан «Байрактар» жеткізіледі, мұндай қару әлемнің 5 елінде ғана бар, біз де солардың бірі боламыз. Біздің ұшқышсыз басқаратын мамандарымыз да сол жерде дайындалады. Біз Ресейден Orlan-10E дрондарын сатып аламыз, бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы да бөлінді»,-деді Ташиев.
Бірақ ол қанша дрон сатып алынғанын және оларды сатып алуға мемлекеттік бюджеттен қанша ақша бөлінгенін нақтыламады.
Орталық Азия елдерінің ішінде әзірге түркиялық соққы жасаушы дрондар Түркіменстан елінде бар. Оны Түркіменстан тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай өткен әскери парадта Ашхабад көрсетті. Салтанатты шеруде үш соққы жасаушы дрон алаңда байқалды. Олар түркиялық «Байрақтар ТБ2» соққы жасаушы дрондары болатын.
Түркиялық дрондардың саудасы Қарабақ соғысынан кейін қыза түсті. Себебі Әзербайжан басқыншы армян күштерін дәл осы дрондардың көмегімен өз тарихи жерінен ысырып шығарды. Әр әскери операцияның видеосы арнайы сайттар мен Әзербайжан қорғаныс министрлігінің парақшасында жарияланып отырды. Оны күллі әлем көрді. Байрақтардың мүмкіндіктеріне таңдай қағып жатты. Себебі бұған дейінгі соғыстарда да соққы жасаушы дрондар қолданылып келсе де, дәл Қарабақтағыдай масштабта қолдану бірінші мәрте орын алды. Түркия өз дрондарын Сирия мен Ливияда да сәтті қолдана білді. Сирияда 2020 жылдың ақпаны мен наурыз айында Асад күштерін ығыстырса, Ливияда ресейшіл Хафтардың әскерін талқандап тастады. Сондықтан үш бірдей әлем елінде соғыс жүргізген бұл дрондар ұрыс даласында өз тиімділігін нақты көрсетті. Оған қызығушылар мен сатып алушылар саны артты.
Түркиялық дрондарға қызығушылық танытушылардың басым бөлігі Орталық Азия елдері. Оған екі себеп бар. Біріншіден, Орталық Азия елдерінің төртеуі түркі тілдес елдер. Екіншіден, басым бөлігі аталмыш дрондардың ұрыстағы тәжірибесіне көздері жетті және Анкарамен өзара әріптестік орната білген.
Қазақстан да соққы жасаушы дрондарды сатып алуға ұмтылуда. Қазір еліміздің әуе кеңістігін күзетуде қытайлық соққы жасаушы Wing Loong дрондары бар. Сондай-ақ SkyLark дрондары барлау және бақылау қызметтерін атқаруда. Отандық «Шағала» барлау дроны жақында сынақтан сәтті өтті. Енді ресми Нұр-Сұлтан түркиялық «Байрақтар» сатып алуға оқталып отыр. Келіссөздер басталып та кетті дейді. Ашық ақпарат көздеріне сенсек, Анкараның өнімі данасына 4 млн долларды құрайды-мыс. Қорғаныс саласы үшін көп қаржы емес.
Асхат Қасенғали
Abai.kz