Былшыл түс
Өңімде болса, өңменім үзілсін, сізге өтірік, маған шын, түлкінің кәкәсы болғыр, түнде ешбір тәрбиелік мәні жоқ, әлеуметтік астарсыз, мән-мағынасыз, үлгі-өнегесіз түс көріппін. Тура өңімдегідей, «Хабар» мен Ұлттық арна сияқты тұп-тұнық, түрлі-түсті, тіпті музыкасы бар түс.
Сонымен, түсімде үкіметтің құрамында жүр екенмін. Құрамында болғанда, кәдімгідей бел ортасында отырмын, қайын-жұрттың төріне қонжиғандай. Жан-жағым – өздерің күнде телебізірден көріп жүрген міністір, депутат, сенатор, әкім. Ойбой, солармен қатар шолжиып мен отырмын! Үлкен залға жиналыппыз. Өздеріңе мәлім аса көп езу тарта бермейтін үкіметтің бір мүшесі ыржиып амандасты. Әлгі желкілдек депутат та жүгіріп келіп, қолымды алды. Елім деп еңірегендердің бір-екеуі бас изеп өте шықты. Соған қарағанда, маңызды біреу болғанға ұқсаймын.
Бәрімізді президент жинаған екен. «Неге жинады екен?» – дескен жұрт. Ешкім білмейтін сияқты. Бір-екі сенатор маған ала көзімен қарап отыр. Мені біледі деп күдіктеніп отырған сияқты. «Өлләхи, дым білмеймін!» – дегенді ыммен сездіре алмай отырмын.
Президент мінбеге көтеріліп, сөз бастады:
– Ағайын! – деді кәдімгі түсінікті тілде. – Сіздер мен біздерге ел сенеді, айтқан сөзімізге, істеген ісімізге, басқан қадамымызға дейін зер салып, қадағалап, бізге үмітпен қараған елдің сенімін ақтауымыз керек. Ең бастысы – өтірік айтпайық!
Зал ду қол шапалақтап, әр жерден «дұрыс», «шындық керек», «ақиқат аспандасын» деген жалынды сөздер шығып, біреулер толқып, көздеріне жас алып жатыр. Байқаймын, залға өмірі өтірік айтпағандар жиналған сияқты. Оған шүба бар ма?! Өзім де отырмын ғой!
– Шындық керек! – деп, президент сөзін әрі жалғады. – Сөзімізге айқындық, ісімізге жариялық керек. Шындықпен іске көшейік дегендеріңіз қолдарыңызды көтеріңіздерші?
Түгел көтердік! Қарсы, қалыс болмады.
– Мен сіздерді сол үшін шақырдым бүгін. Шындыққа көшейік. Ол үшін Елбасының «Ақиқат пен әділдік әліппесі» деген кітабын талдайық. Ол кітапты кім оқыды?
Зал түгел қол көтерді! Тіпті кейбіреулері екі қолын көтеріп отыр. Мен де көтеріп, әуелі мені көрсін дегендей жартылай орнымнан тұрып кеттім.
– Өте жақсы! – деді президент. – Керемет! Бәріңіз оқыған екенсіздер!.. Менен басқа. Мен ғана оқығам жоқ. Себебі Елбасының ондай кітабы жоқ! Сондықтан бәріңізді осында жинадым! – деп столды бір қойғанда, әлгі сарайдың барлық есігі сарт-сұрт құлыптанып, жарығы әлсіреп, іші суып, түрмеге айналып кетті!
Шошып ояндым. Балконға шықсам, күн бұлт екен...
Соңғы күндері ауа райы өзгерсе, сынған жерлерім сыздап, түсіме қайдағы бір былшылдар кіретін болып жүр...
Асқар Наймантаев
Abai.kz