Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6463 0 пікір 6 Шілде, 2012 сағат 09:23

Мұхан Исахан. Қазақ мемлекетінің астаналары

Қазақ мемлекеттілігінің тарихын қаузағанымызда, еліміздің саяси орталығы  болған қалалардың тарихына үңіліп, ондағы тарих сабағын сараптан өткізуіміз, бізге өткеннен өнеге берері хақ. Ең басты басын ашып алатын мәселе - мемлекеттілік пен астана қатар жүретін ұғымдар. Мемлекет бар жерде астананың, астана бар жерде мемлекеттің болатындығы өзгермейтін заңдылық. Мемлекеттілікті айғақтайтын бірден-бір фактор мемлекеттің астанасы болса, Қазақ мемлекеттілігінің бастау тарихы да астаналар тарихымен астасып жататындығы сөзсіз. Біз бүгінгі мақаламызда тым арыға бармай-ақ, Қазақтың өз алдына түңлігін ту етіп ұстап, дербес мемлекет құрғаннан бергі астаналарының  тарихына қысқаша шолу жасамақпыз.

Бүгінгі өркениетті қоғамның талабы бойынша астана мәртебесіне ие болу үшін астана болар саяст орталық отызға тарта талапқа жауап беруі керек екен. Бірақ, әрбір дәуірдің өз заңдылығы болары белгілі. Орта ғасырлардағы өлшем бойынша  мемлекеттің тағдырына тікелей әсер ететін саяси шешімдердің бір орталықтан қабылданып, мемлекетке бағынышты аймақтардың бір орталыққа мойынсұнуы және мемлекеттің негізгі басқару органдарының белгілі бір орталыққа тұрақтауы, астана ұғымын білдірді.

Қазақ мемлекеттілігінің тарихын қаузағанымызда, еліміздің саяси орталығы  болған қалалардың тарихына үңіліп, ондағы тарих сабағын сараптан өткізуіміз, бізге өткеннен өнеге берері хақ. Ең басты басын ашып алатын мәселе - мемлекеттілік пен астана қатар жүретін ұғымдар. Мемлекет бар жерде астананың, астана бар жерде мемлекеттің болатындығы өзгермейтін заңдылық. Мемлекеттілікті айғақтайтын бірден-бір фактор мемлекеттің астанасы болса, Қазақ мемлекеттілігінің бастау тарихы да астаналар тарихымен астасып жататындығы сөзсіз. Біз бүгінгі мақаламызда тым арыға бармай-ақ, Қазақтың өз алдына түңлігін ту етіп ұстап, дербес мемлекет құрғаннан бергі астаналарының  тарихына қысқаша шолу жасамақпыз.

Бүгінгі өркениетті қоғамның талабы бойынша астана мәртебесіне ие болу үшін астана болар саяст орталық отызға тарта талапқа жауап беруі керек екен. Бірақ, әрбір дәуірдің өз заңдылығы болары белгілі. Орта ғасырлардағы өлшем бойынша  мемлекеттің тағдырына тікелей әсер ететін саяси шешімдердің бір орталықтан қабылданып, мемлекетке бағынышты аймақтардың бір орталыққа мойынсұнуы және мемлекеттің негізгі басқару органдарының белгілі бір орталыққа тұрақтауы, астана ұғымын білдірді.

Қазақтың көне астаналары бүгінгі дамыған қоғамның талабына жауап бермегенмен, өз дәуірінің сұранысын толық қанағаттандыра алды. Көшпенді мәдениеттің заңдылығында астана да көшпенді болды. Саяси шешімдер тікелей ел билеушілердің атынан шыққандықтан, жылдың төрт мезгіліне қарай хан ордасы да өзгеріп отырды. Әйтседе де, Хан ордасын астана деуге болмайды. Бірақ, бүгінгі күннің тілімен айтқанда хан ордасы билеушінің резиденциясы қызметін атқарды. Белгілі зерттеуші Қ.Салғараұлының пікірінше орда деген хан үйі мағынасына келмейді. Ол ханның қарамағындағы елдің ру басылары мен тайпа көсемдері басын қосып, кеңес өткізетін, елші қабылдап, мемлекетік іс атқаратын орын. Сонымен бірге, көшпенді мәдениетте жалпы халықтық құрылтай көбіне астанада емес, бас қосуға тиімді деген белігілі бір жерде өтетін. Яғни, көшпенді мәдениеттің осындай ерекшеліктері Қазақ тарихындағы астаналарға басқаша көзқараспен қарауды қажет етеді.

Тарихшылардың көпшілігі Қазақ хандығының алғашқы астанасы ретінде Сығанақ қаласын көрсетеді. 1480 жылы Бұрындық хан Қазақ тағына отырып, Сыр бойындағы қалалар үшін Шайбаниттермен күрес жүргізіп, нәтижеде Мұхаммед Шайбаниден Сығанақ қаласын тартып алып, оны астана етті. Бірақ, Қазақ хандығы 1456-1457 жылдары Керей мен Жәнібек хандардың өздеріне қарасты елді Шу өзенінің бойындағы Қозыбас өңіріне көшіруімен құрылды. Яғни, 1480 жылы Бұрындық хан Сығанақты Шайбаниттерден тартып алғанға дейін Қазақ хандығының астанасы болмаған деген түсінік шықпауы тиіс. Белгілі тарихшы-археолог М.Елеуовтың пікірінше 1456-1457 жылдары Керей мен Жәнібек хан Қозыбас өңіріне көшіп барғаннан кейін, мұнда Шар (шаһар) деген қала салдырған. Бұл қаланың орны бүгінде Жамбыл облысы, Шу қаласының төңірегінде. Керей мен Жәнібек ханның салдырған Шар қаласы қаладан көрі, үлкен бекініске ұқсайды. Өйткені, археологиялық қазба жұмыстарына қарап, бұнда көп болса 100-150 отбасы өмір сүрген деуге болады. Яғни, 1480 жылы Бұрындық хан Сығанақ қаласын астана еткенге дейінгі аралықтағы жиырма жылдан астам уақыт Шар қаласы Қазақ хандығының астанасы болды. Егер, Қазақ мемлекеттілігін Керей мен Жәнібек ханның Әбілхайырдан бөлініп Шу бойына көшіп баруынан бастасақ, Шар қаласы Қазақтың тұңғыш астанасы саналады.

Қазақ хандығының Шар қаласынан кейінгі астанасы Сығанақ қаласы болды. Фазалаһ Рузбеханидің деректерінде 1480 жылы Бұрындық хан Сығанақ қаласын қоршауға алғанда, қала халқы Бұрындықтың бұрынғы аталары Сығанақтың иесі (Қазақтың бүкіл хандары Орда Ежен ханнан тарайды) еді деп, оған өз еріктерімен қала қақпасын ашып бергендігін айтады. Бұрындық ханның тұсында Қазақ хандығы Сыр бойындағы стратегиялық маңызы бар қалаларды өзіне қаратуға күш салды. Сол кездегі геосаяси жағдай бойынша Сыр бойындағы қалаларға билік ету Орта Азияға әмір жүргізумен бірдей еді. Бүкіл Шығыстан Батысқа жүретін сауда-саттық керуендері осы Сыр бойындағы қалаларды басып өтетін. Сыр бойындағы  қалаларға ие болумен Орта Азиядағы Темір әулеті, Моғолстан, Шайбаниттер, Ноғай ордасына ықпал етуге болатын.

Әсілі, Сығанақ қаласы алғаш рет ХІ-ХІІ ғасырдағы Қыпшақ бірлестігінің саяси орталығы болған еді. Кейін, 1226 жылы Жошының ұлысынан Орда Ежен Ақ Ордаға хан болғанда, ол Сығанақты  өз ұлысының ордасы етті. Кейбір тарихшылар Қазақ мемлекеттілігін Ақ Орданың пайда болуынан бастайды. Егер, осылай пайымдаған болсақ, 1227 жылы таққа отырған Орда Ежен мен 1423-1424 жылдары Ақ Орданы билеген Барақ ханға (Керей мен Жәнібектің әкесі) дейін Сығанақ Қазақ мемлекетінің астанасы болған саналады. Парсы тарихшысы Муин-ад-дин Натанзи да Ақ Орданың өз алдына дербес мемлекет болуы Алтын Орда ханы Тоқта ханның (1290-1312 жылдары) тұсында болған дейді. Муин-ад-дин Натанзи Алтын Орданың екінші бөлігін Көк Орда деп атайды. Көк Орда ұлысына орыс тарихшылары Орал тауынан бастап шығысқа қарай Сібір өлкесін жатқызады. Бұған қәзіргі Қазақстанның солтүстік өңірлері де кіреді. Көк Орданың астанасы Шаңғы-Тара (бүгінгі Тюмень) қаласы болды. Қазақ хандығын Алтын Орда империясының бірден-бір мұрагері деп ұғатын болсақ, 1242 жылы Бату ханның Еділ бойына салдырған Сарай Бату қаласы да Қазақтың  байырғы астанасы саналады. Одан кейінгі Берке ханның тұсындағы Сарай Берке, Жәнібек пен Едіге бидің тұсындағы Сарайшықта көне астаналарымыз болып табылады. Дегенмен, біз тым арыға кететін болсақ, сонау Сақтар кезіндегі Яксарт, Ғұндар кезіндегі Ордос, Үйсіндер тұсындағы Чигунь, Түріктер кезіндегі Еркіне-көн, Өтекін, Суяб, Қарақандар кезіндегі Баласұғын, Тараз, Қимақтар тұсындағы Кимақ, жоғарыда айтып отырған Алтын Орда кезіндегі Сарай Бату, Сарай Беркені Қазақ мемлекетінің астаналары деп айтуға тура келетін еді.

Қазақ деген атпен құрылған мемлекеттің Сығанақтан кейінгі астанасы ерке сылқым Ақжайықтың жағасындағы Сарайшық қаласы болды. 1513 жылы Бұрындық ханды тақтан тайдырып билікке қол жеткізген Қасым хан астанананы Сығанақтан Сарайшыққа көшірді. Сарайшық қаласын ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпақтары тұрғызды. Моңғолша «Сарай» хан ордасы, «жүк» кіші деген мағынаны береді. Яғни, Сарайшық, кіші Сарай мағынасын береді. Бұдан басқа кейбір тарихшылар Сарайшық атауы қаланың алтынмен апталған күмбездері мен мұнаралары айшықталып тұрғандықтан жұрт «Сары айшықты қала» деп атағандығын айтып жүр. Араб саяхатшысы ибн Батутаның деректерінде (1334 ж.) Сарайшық қаласы өз дәуірінің әсем қалаларының бірі болған. Алтын Орда мемлекеті Жәнібек ханның тұсында (1342-1357) барынша гүлденген болатын. Осы кезде Сарайшық қаласы да әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі болды. Тарихи деректерде Мәскеу кньязы Иван Калита Кремльдің үлгісін Сарайшық қаласынан алғандығы айтылады. 1397 жылы Ақсақ Темір Кавказдың Дербент қақпасы арқылы келіп Алтын Ордаға жорық жасағанда Хаджы Тарханды, Сарай Беркені, Сарай Беркені де шауып, бұл қалаларды жермен-жексен қылды. Кейін, Алтын Орданың еңсесін қайта көтерген Едіге би Сарайшықты астана етті. Алтын Орда құлағанда Сарайшық қаласы Ноғай Ордасының орталықтарының бірі еді. 1513 жылы Қазақ тағына отырған Қасым ханның Сарайшықты астана етуінің негізгі сыры Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық, Орал тауларын жайлаған Ноғай елі өз арасынан үлкен Ноғай, кіші Ноғай болып екіге жарылды. Солтүстік Кавказбен Орал тауларын жайлаған Ноғайлар өзара қырқыста Ресейге арқа сүйеді. Ал, Еділ-Жайық арасын жайлаған Ноғайлар түбі туыс деп Қазақ хандығына жақындады. Қазтуған жыраудың; «Мен салмадым сен салдың, қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» деп аталатын атақты толғауы, Қазаққа қарап көшкен Ноғайдың артта қалған өз туыстарына айтқан жыры еді. Қасым хан осы Еділ-Жайық арасындағы Ноғайлы жұртын Қазаққа қосып алу үшін Ақжайықтың жағасындағы Сарайшықты астана етті. Қасым хан өзінің билігі кезінде бүгінгі Қазақстан тереторриясын ғана қамтып қойған жоқ. Біртұтастану жолында рухани күрестер де жүргізді. Ол Ұлытаудағы Алаша ханның басына биік күмбез орнатып, Қазақты Алаш ұранды ел етті.

Осы тұста айта кететін жайт, Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы Сібірдегі Ұбай-Сұбайра болды деген де тарихи деректің бар екенін жоққа шығармауға тиістіміз. Бұл деректі Мұхаммед Хайдар Дулати атақты «Тарихи-Рашиди» атты жылнамасында баяндайды. Онда Қасым ханның Шайбаниттермен Сыр бойындағы қалалар үшін соғысып болғаннан кейін өзінің ордасы Ұбай-Сұбайраға кері көшіп кеткенді жеткізілген. Белгілі ғалым Ислам Жеменей бұл жерде Ұбай-Сұбайра деп Аспара бекінісі айтылып отыр деп пайымдағанмен, тарихшы-археолог Нұрлан Кенжеахмет Тарихи-Рашидидегі Ұбай-Сұбайра деп Көк Орданың орьталығы Шаңғы-Тара, яғни, бүгінгі Тюмень қаласының айтылған деп тұжырымдайды. Себебі, оның айтуынша Орта Ғасырлардағы тарихи карталардың бәрінде Ұбай-Сұбайра деп Шаңғы-Тара қаласы көрсетіледі екен. Демек, Қасым ханның дәуірінде Қазақ хандығының саяси орталығы Сарайшықтан бұрын Ұбай-Сұбайра қаласы болған, яғни сол шақта Қазақ мемлекеттілігінің теріскей шекарасы Сібір жұртын да қамтыған деген сөз.

1523 жылы Қасым хан өлгеннен кейін ұлдары Мамаш, Бұйдаш, Таһир хандар өзара талас-тартыста қаза тапты. Бұл кезде Қазақтың астанасы қандай қала болғандығы туралы нақты деректер жоқтың қасы. Тарихи деректерде Қазақ хандығының қайта етек-жеңін жинап, еңсесін көтерген 1538 жылы таққа отырған Хақназар хан саналады. Хақназар ханның тұсында Қасым ханнан қалған жол түбі туыс жұрт Ноғайлыны Қазаққа қосып алу саясаты екпінді түрде қолға алынғанмен, Қазақ хандығы Сарайшық қаласына ие бола алмады. Орыс патшасы Иван Грозныймен дос болған ағылшын көпесі Антоний Джениксон 1558-59 жылдары Сарайшық қаласы туралы: «Теңізден бір күндік сапарда үлкен өзен жағасында гүлденген Сарайшық деген қалаға келдік. Бұл қала орыс патшасымен дос Измайл деген татар (ноғай) кньязының қол астында екен» деп жазады өз естелігінде.

Хақназар ханның тұсында хандықтың негізгі күресі Сыр бойындағы қалалар үшін Ташкент билеушісі Баба сұлтан мен Бұхар ханы ІІ Абдоллаларға қарсы бағытталды. Кезекті күрестердің бірінде Хақназар хан мен Бұқар ханы ІІ Абдолла Баба сұлтанға қарсы одақ құрады. Өзіне деген ізеттілігі үшін ІІ Абдолла Түркістан өлкесіндегі қалаларды Хақназар ханға сыйға тартады. Бұл кезде Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы болды. Кейбір деректерде Хақназар ханның тұсында Созақ пен Сауран қаласы да саяси орталықтардың бірі ретінде көрсетіледі.

1580 жылы Хақназар хан Баба сұлтан тарапынан қастандықпен өлтірілді. Оның орнына уақытша отырған Шығай хан Баба сұлтанға қарсы күресте ІІ Абдолламен одақты күшейтіп, нәтиже Шығайдың ұлы Тәуекел Баба сұлтанды өлтіріп, Қазақ хандығы Сыр бойындағы қалаларға иелік етті. 1582 жылы таққа отырған Тәуекел ендігі күресті Бұқар хандығымен жүргізді. Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы туралы нақты деректер жоқ. Деректердің жиынтығына қарап Тәуекел хан кезінде алғашқыда Созақ, кейін Ташкент, соңынан Самарқан қаласы астана болды деуге болады. Бұл кезеңде бір қаланың тұрақты астана болмауының себебі, Тәуекел хан Бұхар хандығын жаулап алуға күш жұмсап, Бұхар хандығына қарасты қалаларды басып алып, ол қалаларды біртіндеп астанаға айналдырып отырды. Тәуекел ханың тұсында Қазақ хандығы желкесін күдірейте төңірегіне сес көрсете алатын алып империяға айналды. Оның тұсында Ноғайлы жұрты, Ташкент билеушісі Баба сұлтан, Шығыстағы Ойраттар, оңтүстіктегі Бұхар хандығы Қазақ хандығының алдында тізе бүкті.

1598 жылы Тәуекел хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына інісі Есім хан болды. Оның кезінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының астанасы болды. Есім хан Нахшбанди тарихатының өкілі бола тұра, Яссауи тарихатының орталығы болған Түркістанды хандықтың астанасы етті. Түркістан тек рухани орталық емес, сол кездегі Сыр бойындағы қалалардың ішінде ең гүлденген қалалардың бірі-тін. Тарихшылар Түркістан қаласын Есімнен кейін екі жүз жыл Қазақ хандығының астанасы болғандығын айтады. Десекте, Есім ханның тұсында Қазақ хандығы өз ішінен екіге жарылды. Тәуекел ханның інілерінің бірі Тұрсын өзін Ташкентте хан етіп жариялап, осы төңіректегі Қатаған-Жайма тайпасын жеке-дара билей бастады. Осы кезден бастап Ташкент Қазақтың Ұлы жүз тайпаларының астанасы бола бастады. 1628 жылы Есім хан Ташкентке басып кіріп Тұрсын ханды өлтірді. Бұдан кейін Қазақ хандығы қайта біртұтас мемлекетке айналды.

1642 жылы Есім ханнан кейін Салқам Жәңгір Қазаққа хан болды. Оның кезінде де астана Түркістан қаласы болды. Салқам Жәңгір Шығыстағы Жоңғарларды ғана ойсырата жеңіп қойған жоқ, Бұхар хандығы мен Ауғанстан шаһының арасындағы соғыста 100 мың әскермен Бұхарлықтарға көмек қолын созып, Ауғанстанды басып алды. Қазақ хандығы Салқам Жәңгір ханның тұсындағыдай бұрын-соңды қатты күшейген емес-тін. Салқам Жәңгірден кейін 1680 жылы таққа отырған Тәуке хан Қазақ хандығының одан ары күшейе түсуіне бар күш-жігерін салды. В.Я Басиннің пікірінше оның кезінде Қазақ хандығының астанасы Ангрен қаласы болды. 1682  жылғы Қазақ хандығына келген Орыс елшілері Тәуке ханға Ангрендегі ордасында жолыққанын айтады. Ал, 1694 жылы келген Орыс елшілері Феодор Скибин, Матвей Трошихин Тәуке ханға Түркістанда кездескен. Тәуке ханның Ангреннен астананы қайта Түркістанға көшіруінің себебі, сол кезде Иранның Сафефиттер динацтиясы Орта Азия хандықтарына едәуір қауып төндірген болатын. Бұл кезде Бұхар хандығы бұрынғы айбынан айырылып, Иранға тәуелді болудың аз алдында тұрды. Осыны ескерген Тәуке хан астананы Ангреннен қайта Түркістанға көшірген сыңайлы. Сонымен бірге, Тәуке хан тұсында жалпы Қазақ құрылтайлары Ангрендегі Күлтөбе, Сайрамдағы Мөртөбе де жыл сайын өтіп тұрды.

Тәуке ханнан кейін оның орнына отырған Қайып (1715-19), Болат (1719-31), Әбілмәмбет (1731-1771) хандардың тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болып қала берді. Тәуке хан өлгеннен кейін үш жүздің кіші хандары елді жеке-дара билей бастады. Ұлы жүздің орталығы Ташкентте болып Жолбарыс хан мұнда билік жүргізді. Әбілхайыр хан кіші орданың орталығын алғашқыда Түркістан, кейін Қазалы мен Хиуаға тікті.

1771 жылы Әбілмәмбет ханның өлімінен кейін Абылай хан Түркістанда үш жүздің ханы болды. Ресейдың қатын патшасы оны тек Орта жүздің ханы деп таныды. Орыс шенеуніктері Абылай ханға арнап Қызылжарда хан ордасын салды. Бірақ, бұқара халық Абылай ханды күллі Қазақтың ханы деп қабылдады. Себебі, ол өз дәуірінде Қазаққа көрші төңіректегі мемлекеттердің барлығымен күрес жүргізді. Ресей, Цинь, Жоңғар, Өзбек хандығымен болған күрестердің барлығында жеңіске жетті. Десекте, Абылай ханның үлкен саяси қателігі Тәуке ханның тұсында Қазаққа бағынышты болған түбі бір туыс Қырғыз бен Қарақалпақты уысымыздан шығарып алдық. Абылай хан 1781 жылы өлгеннен кейін Қазақ хандығы бөлшектеніп кетті.

1819 жылы Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғанда жетпіс қойды құрбандыққа шалып, Түркістанды жаулап алуын үлкен мереке ретінде тойлады. Қоқандықтардың Түркістанды жаулап алуын бұлайша ұлан-асыр етіп тойлауының себебі, Түркістан Қазақ хандығының астанасы ғана емес, Орта Азия халықтарының рухани орталығы еді. Түркістанға иелік ету арқылы күллі Түрік әлеміне ықпалы етуге болатын. Оның бірден-бір себебі Түркістанда атақты әулие Қ.А.Яссауидың мазары орналасқан және Яссауи тарихатының аситанасы (парсыша: астана) бар болатын. Сонымен бірге, мұнда Хақназар ханнан бастап онға тарта Қазақтың ханы, жүздеген Қазақтың би-шешендері мен батырлары жерленген еді.

Абылай ханның өлімінен кейін оның ұрпақтары әр өңірде жеке-дара билік жүргізді. Уәли хан Көкшетауды, Ғұбайдола мен Бөкей хан Қарқаралыны орталық етті. 1801 жылы Еділ мен Жайық өзенінің арасына Бөкей ордасы құрылды. 1824 жылы Бөкейдің ұлы Жәңгір хан Орда қаласын батыстық типте тұрғызып, оны Бөкей ордасының астанасы етті. Кенесары хан ұдайы Ресей отаршылдығына қарсы күрескендіктен хан ордасының тұрақты орталығы болмады. И.В.Ерофееваның айтуына қарағанда 1850-60 жылдары Сыр бойындағы Қазақтың соңғы хандары Тоғай мен Әликен хан өздерінің ордасын Иқан қаласы еткен.

1860 жылдары Ресей империясы Қазақ даласын толық жаулап алғаннан кейін Қазақ халқын үш тереторриялық әкімшілікке бөліп биледі. Орынбор губернаторлығына Торғай, Орал, Бөкей ордасы кірді. Батыс Сібір губернаторлығына Ақмола, Семей облыстары еніп, орталығы Омбы қаласы болды. Түркістан губернаторлығына Жетісу және Сырдария облыстары кіріп, орталығы Ташкент қаласы болып белгіленді.

1917 жылы құрылған Алаш Орда үкіметі астана етіп Семей қаласын таңдады. Алаш Орданың батыс өлкесінің орталығы Жымпиты болды. Алаш Орда үкіметі құлап, орнына 1920 жылы Каз Ревком құрылды. Оның астанасы Орынбор қаласы болды. 1924 жылғы Мәскеудің межелеу саясаты Түркістан Республикасына қарасты бес республиканы жеке-жеке отау етіп шығарды. Осы кезде Түркістан Республикасына қарасты Жетісу және Сырдария облыстары Қазақ Республикасына өтіп, астана болып бұрынғы Ақмешіт қаласының аты өзгертіліп Қызыл орда қаласы болып бекіді. Негізінде сол кездегі Қазақ зиялылары Түркістан немесе Ташкентті астана етіп таңдамақ болған көрінеді. Ташкенттің Қазақ Республикасының астанасы болуына өзбек ағайындар таласып, Мәскеу 1930 жылға дейін Ташкентті екі республикаға ортақ қала деп бекітті. Кейін, Қазақтардың күшейіп кетуінен қорыққан Мәскеу Ташкентті Өзбекстан Республикасына берді. Түркістанның астана болмауының себебі де қаланың діни сипаты басым болғандықтан, большебиктер Түркістанның астана болуына қарсы болды.

1929 жылы Түркісіб темір жолының салынумен Қазақ АССР-і Іле өзенінің жағасына астана салмақ болады. Бірақ, инфрақұрылымның жоқтығына байланысты жаңа астана ретінде қәзіргі Алматы қаласына таңдау түседі. «Бабырнамадан» жеткен дерек бойынша Алматының орнында орта ғасырларда Әлма-әту деген қала болған. Кейін, бұнда Ресей отаршылдары Верный бекінісін салды. Сөйтіп, Алматы қаласы 1929-1998 жылдар аралығында Қазаққа астана ғана емес, құнары мол құтты мекен бола білді. Осы жылдар аралығында Алматы қаласында қаншама тарихи оқиғалар болды. Қазақ халқы қәзіргі тәуелсіздікке Алматы астана болып тұрғанда қол жеткізді.

1998 жылы астана елбасының бастамасымен Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Бұндағы негізгі саясат солтүстікті қазақтандыру немесе Қазақ мемлекетінің біртұтастығын сақтап қалу болатын. Бүгінгі Астана туралы таңды таңға, айды айға атырып қойып әңгімелеуге болады. Бұл үдеріс өз үдесінен шығып, бүгінде Астана Қазақтың мемлекеттілігінің алтын қазығына айналды. Астананың айбары Қазақ мемлекетінің айбарына айналды. Елбасымыздың абыройы да Елорданың өркен жаюымен өсе түсті. Кезінде, Ақмолаға астананың ауысуы туралы түрлі әңгімелер болғанмен, қәзір жұртшылық Елбасының бұл шешіміне мыңда бір алғыс айтады. Ендеше, Астананың өсіп-өркендеуіне дәйім Хақтың көзі һәм халықтың сөзі тура болсын деген тілек білдеріміз!

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364