Сағат Батырханова: «Ауруды жасырғанымен, өлім әшкерелейді»
Төртінші билік. Бұл - шындықты шырақ алып іздейтін, қаламын қару еткендердің майданы. Ала-құла қоғамда ақиқатты ажыратуда пәрмені күшті саланың сайыпқырандары аз емес. Соның бірі һәм бірегейі - Сағат Батырханова. Қарағандыдағы қазақ журналистикасының көші ілгерілеуіне шүмектеп тер төккен қазақтың қайсар қызы. Жат елде журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен қазақ қызының қайсарлығына таң қалмасқа лаж жоқ. Жұрты «Қазақтың қайсар қызы» атап кеткен апайымыз көкейде қордаланған сауалдарымызға Праганың төрінен жауап қайтарды. Сағат апайымыз Прагадан сөйлейді...
- Сағат әпке, Еуропадағы қазақ баспасөзіне біраз еңбек сіңірдіңіз. Көптің батылы бара бермейтін мәселелерді жайып салатын «Азаттықта» қазақтың жоғын жоқтадыңыз. Мұңын мұңдадыңыз. Тәтті өтірікке емес, ащы шындыққа сусап тұрған, аңқамыз кепкен ақпараттық кеңістікте «Азаттықты» оқып, әл-дәрмен жиғандай боламыз. «Азаттық» оппозиция ма?
Төртінші билік. Бұл - шындықты шырақ алып іздейтін, қаламын қару еткендердің майданы. Ала-құла қоғамда ақиқатты ажыратуда пәрмені күшті саланың сайыпқырандары аз емес. Соның бірі һәм бірегейі - Сағат Батырханова. Қарағандыдағы қазақ журналистикасының көші ілгерілеуіне шүмектеп тер төккен қазақтың қайсар қызы. Жат елде журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен қазақ қызының қайсарлығына таң қалмасқа лаж жоқ. Жұрты «Қазақтың қайсар қызы» атап кеткен апайымыз көкейде қордаланған сауалдарымызға Праганың төрінен жауап қайтарды. Сағат апайымыз Прагадан сөйлейді...
- Сағат әпке, Еуропадағы қазақ баспасөзіне біраз еңбек сіңірдіңіз. Көптің батылы бара бермейтін мәселелерді жайып салатын «Азаттықта» қазақтың жоғын жоқтадыңыз. Мұңын мұңдадыңыз. Тәтті өтірікке емес, ащы шындыққа сусап тұрған, аңқамыз кепкен ақпараттық кеңістікте «Азаттықты» оқып, әл-дәрмен жиғандай боламыз. «Азаттық» оппозиция ма?
- «Азаттық» оппозиция емес. «Азаттық» - бейтарап, нақтыланған, обьективті, ешбір тараптың адамдық құқықтарына нұқсан келтірмейтін, бір емес, кемінде екі бірдей бұлақ көздерінен расталған хабар тарататын тәуелсіз халықаралық ақпарат құралы. Бар мақсаты, өзіңіз айтқандай, «шетелде жүріп, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау» екені рас. Бірақ, бізді «шетелде жүр» деп шартты түрда ғана айтуға болатын шығар. Себебі, күнделікті әуеге шығатын хабарларда да, тәулігіне 20 сағат жаңарып отыратын сайтта да қос тілде жырлайтынымыз «қазақтың жыры». Қазақстан деген елдің күнделікті тыныс-тіршілігі, болып жатқан түрлі оқиғалар турасында салмақты, жан-жақты, байыпты ақпарат тарату - міне, «Азаттықтың» басты міндеті - осы. «Азаттық» көздеген міндеттер қаншалықты жүзеге асып жатыр? Ол жағын оқырмандардың сайттағы әр мақаланың соңында қалдыратын комменттері арқылы бағалауға болар.
Сіз атап өткендей, көп оқырман алдымен «Азаттықтан» жедел және шынайы ақпарат іздейді деген ой - «Азаттық» журналисінің басты ұстанымы. Тыңдарман мен оқырманға ұсынылатын әр хабар, әр мақаланың өзегі осындай ұстанымнан тұрады.
Мүмкін, ішінара «Азаттықты» оппозиция деп қарайтын ұғым мен түсінік бар шығар, болған жағдайда ол тек қана ресми билік тарапынан болуы ғажап емес. «Барды - бар, жоқты - жоқ» деп жазатын «Азаттықтың» айтқаны ұнамайтын, «Азаттық» десе атының басы үркетін шенді-шекпенді шенеуніктер сонау Кеңес заманындағы сыңаржақ түсініктен арыла қоймағандар деп білген жөн. Дегенмен, қазір мұндай түсініктің де көбесі сөгіліп келе жатыр. Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізгелі 20 жылдан асты. Ал осыдан 5-6 жыл бұрын ғана «Азаттыққа» ықыласпен сұқбат беріп, кезекті бір өзекті мәселені талқылауға қатысатын министрлер жоқтың қасы болатын. Қазір ондай шенеуніктер аздап болса да бар. «Азаттық» сайтындағы онлайн-конференцияға, дөңгелек үстел талқылауларына қатысуға тілек білдіріп, оқырмандар сауалдарына жауап берген министрлер, депутаттар қатары көбейіп келеді.
- Ал Қазақстандағы сөз бостандығы туралы не айтасыз? «Сырт көз-сыншы» дейді. Өзіңіз сыртта жүрсіз. Сонда сырт ел қаймана қазағыңыз туралы не дейді?
- Бұл енді өте ауқымды сұрақ. Дегенмен, бір ауыз сөзбен ғана түйіндесем, қазір Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деп айтуға болады. Бірақ Тәуелсіздігін жаңа алған 1990-шы жылдардың басындағы Қазақстанда, атап айтқанда Қарағандыда сөз бостандығы болған және сол сәттегі сөз бостандығының жемісін қатарлас әріптес журналистер шынайы тұрғыда сезінген едік.
Кеңес үкіметі қалт-құлт етіп тұрған, әрі-сәрі шақ - 1989 жылдың жаз айларында Қарағандыда «Қарағандыкөмір» ғимаратының алдында кеншілер айлап ереуілдеткен болатын. Сол кезде Қарағандының облыстық телевизиясы мен радиосы ереуіл алаңынан күндіз-түні тікелей трансляция арқылы хабарлар таратқан. Сол ереуілдің дабылы Қазақстан үкіметіне дейін жетіп, Алматыдан күн ара басшылар ұшып келіп, кеншілермен келіссөз жүргізгені, бәрі-бәрі қаз-қалпында көрермен мен тыңдарманға жетіп жатты. Бұл сол кезеңде сөз бостандығы болғанының бір көрінісі ғана.
Кейін бұл бостандықтың аясы тарылып, сөз еркіндігі қусырылды. Журналистер көкейіндегіні айта алмайтын, көзімен көріп, қолымен ұстағанды оқырманға боямалап, әспеттеп жеткізетін, «жауырды жаба тоқитын» жағдайға жетті. Журналистер арасында билікті мақтайтын - билікшіл топ, астарлап болса да оқырманның ойындағысы мен қарапайым азаматтардың жанын ауыртатын мәселелерді қозғайтын, билікке оппозиция журналистер тобы пайда болды. Демек, журналист көрмейді емес, көреді, бірақ оның аузы буылған, қол-аяғы матаулы. Бұған алдымен режим кінәлі.
«Сырт көз-сыншы» болғанымен де, былайғы жұрт «қаймана қазақты» қазақтың өзі арқылы танып, біледі. Шетелдіктердің көбі Қазақстан деген ұлан-асыр байлығы тасыған ел, жері кең, қазағының көңілі дарқан екенін біліп болған.
Енді олар осындай бай мемлекетте қазақтың көбі сіңірі шыққан кедей екенін де жақсы біледі.
Өткен жылы 7 ай бойы тиісті жалақыларын талап етіп, ереуілдеген жаңаөзендік мұнайшылар жөнінде бірқатар шетелдік арналар деректі фильмдер көрсетті. Сонда мұнайшылардың құлағалы тұрған үйлерін, олардың қара су мен қара наннан басқа түк жоқ дастарқандарын, балалары мектепке бара алмай отырған отбасыларын көргенде шетелдіктер әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарына қосылғысы келетін Қазақстанда 21 ғасырда да осыншалықты кедейлік болатындығын түсіне алмайтындарын айтады.
Өткен жылдың желтоқсанынан кейін шетел Қазақстанды Жаңаөзенде өз халқына оқ атқан ел ретінде тағы бір қырынан танып, білді...
- Төрткүл дүниеге тарыдай тараған қазақ диаспораларының тыныс-тіршілігінен хабардар боларсыз...
- Әлемнің әр түкпірінде қазақтар тіршілік етіп жатыр. Германия мен Түркияда өткен ғасырлардағы аумалы-төкпелі заманда қоныстанған қазақтардың ұрпақтары өмір сүріп жатса, олардың бір бөлігі атамекенге көштің басын бұрды. Енді бір тобы Қазақстанмен арада бизнес дамытып, ай сайын Қазақстанға барып-келіп отырады. Германияда тұратын Сүлеймен Шатқам сияқты, қай жердегі болсын қазақ жастарына қамқорлық танытып жүретін азаматтарды білемін. Қазақ диаспорасы қайсы елде тұрса да, тілін ұмытпай, салт-дәстүрін сақтап қалуға тырысады. Балалары қазақша сөйлейді.
Чехияда қазақтың студент жастары баршылық. Оншақты жылдан асты, арнайы бағдарламалар арқылы Прагаға келіп, чех тілін бір жылда оқып, үйреніп, мемлекеттік жоғары оқу орындарына түсіп, оқып жатады. Сол жастардың көбі шетелге келген соң өзінің қазақ екенін сезініп, қазақша үйреніп, тілін сындырады.
Чехияда, 4-5 жыл бұрын Қазақстанның батысынан «діни көзқарасымыз үшін қудаландық» деп қашып келген, 200-ден астам қазақ отбасы тұрады. Олар да жаңа ортаға өз қал-қадірлерінше бейімделіп, қазір көпшілігі жеке кәсіп ашып, тіршілік етуде. Чех үкіметінен босқын мәртебесін ала алмаған кейбір отбасылар Францияға, Швецияға кетті. Олардың тағдыры жөнінде кезінде «Азаттықтың» сайтында тізбекті мақалалар да жазылды.
- Ақпарат ағымынан қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары да қалыс қалмауға ұмтылып-ақ келеді. Соңғы жылдары отандық басылымдардың сайттары да жедел даму үстінде. Шетелдегі қазақтар қандай қазақстандық басылымдарды оқиды? Қазақ баспасөзіне деген көзқарастары қандай?
- Менің білуімше, шетелдегі қазақтар қазақстандық немесе қазақстандық емес деп бөліп-жармай, рухани азық алады. Соңғы жаңалық-мәліметтерден хабардар етеді дейтін басылымдардың барлығын да оқиды.
Көптеген ресми және ресми емес басылымдар сайттарының шетелдегі қазақтар арасында өз оқырманы бар. Дегенмен, ақпараттардың жеделдігі жағынан «Азаттықты» оқимыз дейтін таныстар да баршылық. Шеттегі қазақтар көбіне қазақ музыкасы мен әндерін тыңдау үшін сайттарға кіретіндерін де айтып жатады. Танымдық, тағылымдық мазмұндағы басылымдарды көбірек іздейді.
- Қазақстандағы журналистика қазақ тілді және орыс тілді деп жіктеліп жүр. «Қазақ журналистикасының деңгейі төмен, орыс тілді журналистер оқ бойы озық жүреді» деген сыңаржақ пікір қалыптасқалы қашан. Қазақ журналистикасының кемшілігі неде? Сіздің ойыңызша кежегемізді кері тартып тұрған не?
- «Қазақ журналистикасының деңгейі төмен, орыс тілді журналистер оқ бойы озық жүреді» деген пікірді осылай бағалау, осындай пікір айту өздеріне ұнайтындар шығарып алып жүр деп ойлаймын. Иә, қазақ тілді баспасөз бар, орыс тілді баспасөз бар, бұлар бір алаңдағы екі майдан сияқты. Оқырманы - ортақ, ойы - ортақ, мақсат-мүддесі де орайласады, бірақ екеуі екі тілде сөйлейді.
Қазақ тілді журналистердің оқырманы мүмкін орыс тілді журналистерден көбірек болар. Себебі, кез-келген қазақ бір ақпаратты қазақша да, орысша да оқи алады. Ал тек орыс тілін білетіндер сол орыс тілді ақпаратпен шектеледі.
Ендігі мәселе Қазақстандағы орыс тілді ақпаратқа кім, қалай ықпал етіп отыр дегенге келіп тіреледі. Қазақстанның ақпарат кеңістігінде Ресейдің басылымдары мен теле, радио арналарының ықпалы жүріп тұрғанын ешкім де жоққа шығармайтын болар. Екінші мәселе бар. Қазақстан билігі қай тілде сөйлейді? Тек ресми тілде сөйлейді. Тіпті, шетелге шыққанда түрлі форум, конференция, келіссөздер жүргізген кезде президенттен бастап, басқа әкім-қараларыңыз орысша сайрайды да, тілмаштар орысшадан ағылшын тіліне аударып жатады. Сонда Қазақстанда қазақшадан бірден ағылшын тіліне аударатын аудармашы жоқ па? Әлде шенеуніктің қазақшасы қақпай ма? Өзіңіз бағамдай беріңіз.
Қазақ журналистикасының кемшілігі деп айтар болсақ, ол - жалтақтық. Нақты бір мәселе мен тақырыпты талдап жазып, тұжырымдаудың орнына қызылсөзді сапырып, ақыл айтып, көсемсу әлі де кездесіп қалады.
Ақпарат жеткізу тілі - әдемілеп, бипаздап, мақалдап-мәтелдеп жазу-сөйлеуді емес, жалпыға ұғынықты қысқа да нұсқа, айқын, анық тілмен ақпарат жеткізгенді қалайды. Демек, қазақ тілді журналистика көп сөзділіктен арылуы керек.
- Шетелде баспасөз ісі - бизнес көзі. Ал қазақ тілді газет те, телеведение де, радио да мемлекетке қаржылай тәуелді. Үкіметтің асын ішіп, аяғына түкіре алмайдының кебін кешіп отыр. Осы тығырықтан шығар жол бар ма? Келешегін қалай бағамдар едіңіз?
- «Үкіметтің асын ішіп, аяғына түкіре алмайдының кебін кешіп отыр» дейсіз бе? Мүмкін үкіметтің емес, халықтың асын ішіп отырмын деп ойлағанда дұрыс болар ма еді. Мемлекет қаржыландырғанымен, ол салық төлеушілердің қалтасынан шыққан қаржы емес пе? Олай болса, мемлекет тек сол қаржыны қалай, қайда жұмсауды үйлестіруші ғана деп ойласақ, тығырықтан шығудың жолы да табылып қалар.
Ал тереңірек қарасақ, баспасөздің қаржы жағынан мемлекетке тәуелді болғаны қадамын ашып, құлашын кеңге сермеуіне кедергі екені рас. Не істеу керек? Қазір Қазақстанда баспасөзді, оның ішінде қазақ баспасөзін бизнес көзіне айналдырудың жүйелі жолы айқындала қойған жоқ. Жекелеген олигархтардың немесе мүдделі, кландық топтардың қаржысымен шығып жатқан басылымдар бар. Бірақ олардың көбі «киіз кімдікі болса, білек сонікі» деген тәсілмен жұмыс істеп жатыр. Баспасөз, радио-теле арналар қаржылай ешкімге тәуелсіз, өзін-өзі ақтай алатындай жағдайға жеткен уақытта ғана журналистің «аузы - дуалы, сөзі - уәлі».
Өмір осы қалпында тұрып қалмайтын шығар, өркениетті елдердегідей қазақ баспасөзі де қоғам тіршілігін билікке де, басқаға да жалтақтамай жазатын шаққа жетер деп үміттенейік.
- Билік қазақ баспасөзіне мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын қабырға газеті ретінде қарайды. Мәселе қазақ үкіметінің қазақ журналистикасына жүргізіп отырған саясатында. Лауазымды шенеуніктердің басым бөлігі ақпаратты мемлекеттік емес, ресми тілде береді. Осындай дәрменсіздіктен қазақ баспасөзін қайтсек құтқарамыз?
- Биліктің тілі қазақша шықпайынша, қазақ баспасөзі бұл мәжбүрліктен құтыла алмайды. Ол үшін, алдымен, Президент пен үкімет, парламент депутаттары, қала берді облыс, аудан деңгейіндегі әкім қаралар қазақша тіл сындырсын деп тілейік. Болмаса қазақша амандасудан әрі аспайтын лауазымдылардың орыс тіліне табынғаны табынған.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі пәрменін, күшін танытатын заңды негіз болуы тиіс. Жоғары лауазымды шенеунік мемлекеттік тілді білуін, мекемелер қазақша ақпарат беруін міндеттейтін заң болмайынша, қазақ тілі аударма тілдің дәрежесінде қала береді.
Дегенмен, журналистер де өз тарапынан ақпаратты ресми тілде беретін шенеуніктер қазақ баспасөзін оқитындай, оқығанын тоқитындай етіп жаза беруі керек, жаза беруі керек! Сонда ғана оларға «қабырға газетінің» де пәрмені мен күші болатынын, онымен санасу керектігін ұқтыра аламыз.
- «Мемлекетті өз ішінде сынауға болады, сыртқа шыққанда рұқсат жоқ» деген даналықты айтыпты бір ұлы адам. Жаны бар сөз, меніңше. Сіз бұған не дейсіз?
- Мемлекетіңізді өз ішінде сынап жатқан немесе сыртта сынатып жатқан кім бар? Сыртқа шыққанда рұқсат тағы болмасын, бар пікірдің іште өлгені қай бір жақсылық дейсіз. «Ауруды жасырғанымен, өлім әшкерелейді» дегенді де бұрынғы өткен даналар айтқан. Сын тек сын үшін болмай, «жүйелі сөз» иесін тапса, мемлекетті ішінде сынайсыз ба, сыртында сынайсыз ба, оның айырмашылығы жоқ-ау деп ойлаймын. Сол айтылған сын мен сыни пікір көзқарастан бір нәтиже шығып жатса ғана мақсат орындалады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ақмарал Баязитова,
Қарағанды қаласы.
«Абай-ақпарат»