Орыс патшаларының ішінде қазаққа оң көзімен қарағаны Брежнев
“Мұқағали” киносында Ақын, Брежневтің суретін өртейді. Орыс патшаларының ішінде қазаққа оң көзімен қарағаны Брежнев еді. Қонаевтың сойына тілі келмей Димаш атап, сол сөз айналымға енді. Қазір әлем Димаш деп әндетеді! Сол Брежнев дәуірінде Мұқағали Алматыдағы “алқаш ақын” қауесетінен қашып, кербез де сұлу келіншек Викторияны жетектеп Мәскеуден байыз тапқанын былайғы жұрт білмейді. Мұқағалидің отты жырлары, ғаламат ғашықтық махаббат лирикалары сол жылдары жазылған!
Қазаққа мейірімі өткен тағы бір кісі Брежневке дейін республиканы басқарған Пономаренко деген беларус. Айдаудағы Әуезов пен Сәтбаевты елге әкеліп жағдайларын жасаған. Сәкен, Бейімбет, Ильясты ақтаған. Сол тізімде Шәкәрім мен Мағжан да болған. Жылға толмай Хрущев Пономаренконы Үндістанға Елші етіп қумағанда бар мықтыларымыз елуінші жылдары ақталып кетер ме еді?
Шәкәрім ЦК ақталу тізіміне енген соң ұлтжанды азаматтар бірнеше рет қағаздарын дайындап, кейінгі басшы Қонаевқа кіргізген. Қонаев “әлі уақыты келмеді, түбі бір ақталады” деп қайтарып отырған.
Қазір жаңа тарихты жазып, сериалдар түсіргенде осындай тарихи анық фактілерді көрсету міндет.
Көпұлтты елміз. Отанымызға бар ұлыс адал қызмет етсін дейміз. Олай болса, олардың тәуелсіз Қазақстанға адал қызметіне өнеге болар Тұлғалардың жақсылығын да айту парыз! Әсіресе бұл Халық Ассамблеясының бірінші қасиетті ісі!
Осыны оқып-естіп білген соң айтамыз. Керегіне жаратар еститін Үкіметіміз бар болса!
Махат Садық
Abai.kz