Түркия қазақтары бір мектепке зар болып отыр
Түркияда қазір жалпы саны 10-15 мыңнан астам (кей деректерде 20 мың делінеді) қазақ тұратынын ескеріп, ондағы жастардың қасиетті Отаны - Қазақстанмен рухани байланысын нығайтып, тілін, ділін ұмытпауы үшін қазақ мектебін ашсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның қазақ мүддесі тұрғысынан маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Өйткені Түркиядағы қазақтардың кейінгі жастары тілін ұмытып барады. Ал тілді ұмытқан ұрпақтың ділі де өзгенің кейпін сіңіріп, өзгере беретініне тарихта мысал жетерлік.
Сондықтан 20 миллиондық межеге жете алмай жатқанымызда, әр қазақ, мейлі ол Қазақстанда, мейлі шетелде тұрсын, біз үшін көздің қарашығындай қорғайтын жалғызымыздай екенін ескеру - мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Біз бауырлас Түркиядағы қазақ диаспорасы үшін қазақ мектебін ашудың мүмкіндіктері қарастырылып жатыр ма екен деген сауалымызды ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолдаған едік. Сондағы сауалымыздың ұзын-ырғасы мынау:
1. Түркиядағы қазақтар үшін мектеп ашу мәселесі министрліктің жоспарында бар ма? Жоспарда болса, қашан іске асуы мүмкін?
2. Қазақстандағы қазақ-түрік лицейінің деңгейіндей болмаса да, Ыстамбұлда немесе Түркияның қазақтар көп шоғырланған ауданында бастауыш немесе (кешкі мектеп) ұйымдастыруға қандай кедергілер бар? Бұл мәселе зерттелген бе?

Жауабын да көп ұзатпай алдық. Бірден айтайық, ә дегенде қатты қуандық, бірақ артынша су сепкендей басылдық. Неге дейсіз бе? Себебі Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бізге берген 02-3/938 нөмірлі жауап хатында: «...Ыстамбұлда Абай атындағы қазақ (қарайтып көрсеткен -автор) мектебі бар» - депті. Міне, керемет! Бір жағынан қуанып, екінші жағынан Түркияда бүтін бір қазақ мектебі барын қалай білмегенбіз деп ұялдық, шынын айтсақ.
«Тамыры тереңде жатқан түбі бір тектес Түркия елінде тұратын қазақтар достық пен татулықта өмір сүріп келеді. Қазіргі таңда отандастарымыздың негізгі бөлігі Мәрмәр теңізінің жағасында Измир провинциясында, Анкара қаласына және Ыстамбұл қаласының «Зейтүнбурну» ауданында шоғырланған.
Ал қазақ тілінде білім беретін мектептер жайында айтар болсақ, Ыстамбұл қаласында Абай атындағы қазақ мектебі бар. 2003 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев арнайы барып аталған мектептің тұсауын кескен болатын. Қазіргі таңда бұл мектепте 1800 бала білім алуда», - делінген ресми жауапта. Біздің қуанышымыз да осы тұсты оқығанда басылды. Бұл мектеп тіпті де қазақ мектебі емес еді. Рас, ұлтымыздың ұлы кемеңгері Абайдың есімі берілген. Мектеп жаңадан салынып, ашылған кезде Елбасымыздың арнайы барып тұсауын кескені де рас. Бірақ ол - түрік орта мектебі. Арнайы ашылған қазақ сыныптары да жоқ. Мұны бізге сол мектепке Абай есімін беруге мұрындық болған профессор Әбдіуақап Қара да қуаттады. Әбдіуақап мырзаның айтуынша, бүтін қазақ мектебін ашуға бала саны жетпейді. Ол кісіден осы Түркиядағы Абай атындағы мектеп жайлы сұрағымызға: «Қазақ сыныбы жоқ. Ал мектеп ашу қиын, өйткені қазақтың саны жетпей тұр мектепті толтыруға. Оның үстіне, үлкен қалада шашыраңқы орналасқан», - деген жауап алдық.
Аталған мектептің өзіне тіке хабарласа алмасақ та, онда қазақ сыныбы жоқ екенін басқа да бейресми дерек көздері растап отыр. Сонда еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті мәселенің анық-қанығын білместен, Абай атындағы қазақ мектебі деп жаңылып жазып отырғаны ма? Әлде Абай атында болғасын, қазақ мектебі болар деп топшылай салғаны ма?
Бұдан әрі министрліктің жауабында Түркияның жоғары оқу орындарының түркітілдес филология факультеттерінде қазақ тілі курстары, Түркиядағы «Қазақстан қоры» орталығы қазақ тілі курстарын ұйымдастыратыны, мектептерде сұраныс негізінде қазақ тілі курстары жүргізілетіні айтылыпты. Бұл енді басқа әңгіме. Біздің білмек болғанымыз, екі елдің білім министрліктері арасындағы ынтымақтастық негізінде ашылатын толыққанды мектеп жайы еді. Біздіңше, бұл мәселеге алғышарттар да жоқ емес. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта Түркия мемлекетімен өзара тиімді қарым-қатынас әртүрлі салада қарқынды дамып келеді. Әсіресе білім саласындағы ынтымақтастығымызды ерекше атауға болады. Бұған мысал ретінде елімізде көптеп ашылған қазақ-түрік лицейлерін айтсақ та жеткілікті. Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Қазақстанның да білім беру ісі айтарлықтай дамып, жақсы жетістіктерге жете бастағаны белгілі. Қаржылық мүмкіндіктеріміз де өсті. Мектеп ашу мүмкін болмаса да, қазақ сыныптарын ашуға әліміз келмей ме? Бұған бауырлас Түркия тарапы үзілді-кесілді қарсы бола қоймас. Әсіресе Түркі кеңесі мемлекетаралық ынтымақтастық ұйымын құрып, түбі бір түркілікке ұмтылып жатқанымызда білім беруден басталатын мұндай игілікті істерді жүзеге асыруға болатын секілді. Тек келісіп, кетігін таба білуде. Ол үшін бірінші кезекте ниет керек, сосын қайрат қылу қажет. Мемлекеттік деңгейде.
Р.S.
Ыстамбұлда бір мектепке Абай есімінің берілуі үлкен ілтипат, әрине. Енді сол мектептің ішінен қазақ сыныптары ашылса, қазақ үшін зор құрмет сол болар еді.
«Алаш айнасы» газеті