13.07.12. Былтырғы 30 желтоқсанда Үкіметтің «Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру және оларды жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастау туралы» №1672 Қаулы қабылдағаны белгілі. Осыған байланысты Алматыда 35 ескерткіш жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алынды.
Олардың ішінде 11 ғимарат: бұрынғы Әуежай, «Медеу» қонақүйі, көпес Муровтың үйі, София шіркеуі, Ходжаевтің үйі, Генерал-губернатордың кеңсесі, Жетісу облыстық ұлттық істері жөніндегі бөлімнің ғимараты, Алматы - 1 темір жол вокзалының ғимараты, Әмбебап дүкен, Қазақ СРО ІІХҚ-нің клуб-театры, бағбан Бреусовтың үйі, 9 мүсін ескерткіштері: В.И.Лениннің 2 ескерткіші, Кировтың ескерткіші, Л.П.Емелевтің кеуде мүсіні, П.Виноградовтың кеуде мүсіні, Қазан революциясы күрескерлеріне арналған ескерткіш, М.Фрунзенің ескерткіші, М.Калининнің ескерткіші және бюсті, сонымен қатар 15 археологиялық ескерткіш, олардың қатарында Ұлжан, Көкқайнар, Құрылысшы, «Заря Восток» шағынаудандарында орналасқан қорған қорымдары бар. - Ескерткіштерді Мемлекеттік тізімнен шығарудағы басты мақсат - Алматы қаласының Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін ретке келтіру, - дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра, музей-кітапхана бөлімінің бастығы Ләззат Сағындықова. - Ең алғаш Алматы қаласының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі Қазақ КСР-ның Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 26 қаңтардағы №38 қаулысымен бекітілген. Ал жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізімі Халық депутаттарының Алматы қалалық советі атқару комитетінің 1984 жылғы 26 қаңтардағы №2/35 шешімімен бекітілген болатын. 1985-1988 жылдары толықтырулар енгізілген. Осы жылдары Алматыдағы мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіштердің саны небәрі 77 болған. Алматы қаласында орналасқан 35 нысан арнайы мамандандырылған мекемелердің жүргізген тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы «Тарихи-мәдени мұра нысандарын тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сонымен қатар оларды тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесінен айыру туралы қорытынды дайындау жөніндегі арнайы комиссиясының» шешімі негізінде толық түгел жойылған немесе тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқан деп танылды және оларды Мемлекеттік тізімнен шығару ұсынылды. Сондай-ақ Алматы қаласы Әкімдігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №4/840 қаулысымен 118 нысан Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішінің Мемлекеттік тізіміне енгізілді. Осы орайда, тізімнен шығарылған нысандарға нақтырақ тоқтайық. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес, Тарих және мәдениет ескерткiшiн мәртебесінен айыруға, оны Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастауға нысан толық түгел жойылған немесе тарихи-мәдени мәнін жоғалтқан жағдайда ғана уәкілетті органның, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының уәкілетті органның арнаулы комиссиясымен келiсiлген ұсынысы бойынша, тарихи-мәдени сараптаманың қорытындысы негiзiнде Үкiмет шешiмiмен жол берiледi. Алматы қаласында орналасқан археологиялық ескерткіштер 2000 жылдарға дейін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде болмағандықтан, мемлекеттің қорғауына және бақылауына алынбаған. Осының салдарынан археологиялық ескерткіштер әртүрлі себептерге байланысты жойылу процесіне ұшыраған. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысандары - сәулет және қала құрылысы ескерткіштеріне қалпына келтіру жұмыстары, археологиялық ескерткіштерге зерттеу жұмыстары қолға алынып және көптеген тағы да басқа ел игілігі үшін маңызды жобалар іске асырылды. Аталған бағдарлама аясында қала аумағында орналасқан археология ескерткіштерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде анықталған 15 нысанның көбісі (Ұлжан, Көкқайнар, Құрылысшы ықшамаудандарында орналасқан ескерткіштер) жаппай заңсыз басып алу салдарынан, рұқсатсыз құрылыстар салынып, жаппай шаруашылық іс-әрекеттер нәтижесінде олардың апатты жағдайда екендігі белгiлi болды. Осының ішіндегі кейбір ескерткіштерге қазба жұмыстары 70 жылдардың соңы мен 90 жылдардың басында жүргізілгендігі анықталды. Мәселен, орта ғасырлар қонысы (б.з.д. X-XIII ғғ.) Достық даңғылының бойында Х.Мұқан, Тайманов көшелерінің қиылыстарының мүйісінде орналасқан. Қазіргі таңда ол жерде Алматы Шекарашылар училищесі (қазіргі Әскери институт) орын тепкен. Бұл қонысты алғаш 1922 жылы археолог ғалым В.Городецкий 1922 жылы анықтаған. Кейін 1979 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, оның орнына қазіргі әскерилер институты салынған. Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде шағатай тілінде жазылған тиын дирхемдер табылған. Бұл дирхемдердің Алматы қаласының тарихын анықтауда бірден- бір дерек көзі болып табылатынына еш күмән келтіре алмаймыз. Кейін 1985 жылы Тереңқара қонысын (Құрылысшы ықшамауданының және «Заря Восток» елді мекенінің солт. бөлігі, Тереңқара мен Ащыбұлақ өзенінің ортасы, қола дәуірі б.з.д. IX-VIII ғ.ғ) археолог Ф.Григорьевтің бастамасымен анықталып, 1985-1992 жылдары «Қазжоспаржаңғырту» институтының экспедициялық тобы қазба жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда оның орнында сауда құрылыс базары орналасқан. Жаппай заңсыз басып алу салдарынан апатты жағдайдағы археологиялық ескерткіштердің қалдықтарына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелді. Зерттеу жұмыстары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен (археологиялық жұмыс тобының басшылары Горячев А., Ахтанов Г.) жүргізілген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлер Алматы қаласы тарихының мұражайында және Марғұлан атындағы археология институтының қорында сақталуда. Зерттелген нысандарға «Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты» РМҚК олардың жойылып, тарихи-мәдени құндылығы жоғалғандығына байланысты, мемлекеттік тізімнен шығару туралы тарихи-мәдени сараптама қорытындысын берген. - Сәулет ескерткіштеріне келсек, тізімнен шығарылған ескерткіштер көбісі 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында әртүрлі себеп-салдарынан (өртену, өзінің бастапқы келбетін жоғалту, бұзылу) жойылып кеткен. Мәселен, 1858 жылы салынған 90-жылдарға дейін бұзылып кеткен бұрынғы София шіркеуінің орнында бүгінгі күні 2000 жылдары жаңадан тұрғызылған шіркеу тұр. Сонымен қатар бұрынғы Верный генерал-губернаторының кеңсесінің бастапқы келбеті 30-жылдарда өзгеріске ұшыраған, кейін онда әскери аурухана орналасқан. Оның өрттен кейінге қалдықтары ұзақ жылдар бойы қаланың ортасында тұрды, сөйтіп, оның орнына 2000 жылдары жаңадан тұрғын үй салынған (Қазыбек би мен Достық даңғылының қиылысында орналасқан 9 қабатты ғимараттың орны). Ал мысалы, Алматы - 1 темір жол вокзалы, Қазақ КСР ІІХК-нің клуб театры сияқты ғимараттардың бастапқы келбеті танымастай өзгеріске ұшыраған, нәтижесінде көркемдік құндылығын жоғалтқан. Жалпы айтқанда, Тізімнен шығарылып отырған сәулет ескерткіштері жоғарыда айтылған әртүрлі себептерге байланысты бүгінгі күні олар тарихи-мәдени, көркемдік құндылығын жоғалтқан және көбісі толығымен жойылып кеткен. Мүсіндік өнер ескерткіштеріне тоқталсақ, мысалы, С.Кировтың ескерткіші, Л.П.Емелевтің бюсті 80 жылдардың аяғы 90-жылдардың басында жоғалып, құрып кеткен. Кеңес дәуірі идеологиясының символына айналған В.И.Лениннің 2 ескерткіші, П.Виноградовтың кеуде мүсіні, Қазан революциясы күрескерлеріне арналған ескерткіш, М.Фрунзенің, М.Калининнің ескерткіштері тарихи құндылығы мен саяси маңыздылығын жоғалтқан. Бірақта олар тізімнен шығарылып, ескерткіш мәртебесінен айырылса да, бұл ескерткіштер кезінде атақты мүсіншілердің қол туындылары болғандықтан оларды біз бұзып тастамай, тек қаламыздың Әуезов ауданында орналасқан саябағына көшіреміз. Болашақта ол жер Кеңестік мүсін саябағына айналады, - дейді Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра, мұражай-кітапхана бөлімінің бастығы Ләззат Сағындықова. Сөйтіп, бүгінгі күні ескерткіштер тізімі біраз ретке келтірілді, яғни қазіргі кезде жойылып, өзінің тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқан кейбір нысандар (жоғарыдағы 35 нысан) тізімнен алынып, ал жаңадан анықталған нысандар мысалға ҚР Орталық мұражайының ғимараты, «Көктөбе» телемұнарасы, «Достық», бұрынғы «Есік» қонақүйі, М.Төлебаевтың, Ғ.Мүсіреповтің, М.Мақатаевтың ескерткіштері, Боролдай сақ қорғаны және т.б. нысандар мемлекеттік тізімге жаңадан енгізілді. Болашақта ескерткіштер тізімін тағы да 4 тарихи-мәдени мұра нысанымен толықтыру көзделуде. Қазіргі кезде Алматы қаласында 146 нысан тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін алып, мемлекеттің қорғауына алынған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006 жылы Алматы қаласының Әкімдігіне қарасты Мәдениет басқармасында «Тарихи-мәдени мұра» бөлімі алғаш рет құрылған. Қазір Мәдениет басқармасы тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін ретке келтіріп, ескерткіштерді есепке алу, төлқұжаттандыру бойынша жұмыстарды толығымен аяқтады. Қазір ескерткіштердің меншік иелері немесе пайдаланушыларымен «ескерткіштерді қорғау міндеттемесін» рәсімдеу және ескерткіштерге қорғау тақтайшасын ілу жұмыстары аяқталу үстінде. Сондай-ақ ағымдағы жылы Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары анықталып, оны жергілікті өкілді органның (мәслихаттың) бекітуіне ұсынылады және олар Алматы қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері мен жаңадан анықталған объектілердің орналасуы тіркелетін тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-кестесіне енгізілетін болады. Шаһар басшысы Ахметжан Есімов биылды Алматы қаласындағы «Мәдениет жылы» деп жариялағаны мәлім. Осы орайда тарихи-мәдени мұра нысаны - Алатау ауданына қарасты 430 гектар жерді қамтып жатқан Боралдай сақ қорғандары орналасқан аймақта үлкен этномәдениет орталығы мен туристік инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар ескерткіштер - 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалы, Ы.Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайы қайта жөндеуден өтеді. Ағымдағы жылы Д.Қонаевтың, Ә.Қастеевтың, Ә.Марғұланның мүсіндік өнер ескерткіштерінде жөндеу жұмыстары жүгізілді. Өткен жылдары Б.Момышұлы мен Н.Тілендиевке ескерткіш орнатсақ, биыл көшірілетін «Қазан революциясы күрескерлеріне арналған» ескерткіштің орнына Райымбек батырға ескерткіш қойылады. Қорыта айтқанда, Алматыдағы тарих және мәдениет ескерткіштеріміздің саны салыстырмалы түрде алғанда Кеңес Үкіметі тұсында 77 нысан болса, ал қазіргі күні 146 болып отыр. Яғни бүгінгі күні мемлекет тарапынан еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және қорғау бойынша атқарылған іс-шаралар сан алуан, бірақта осы салада әлі де бірқатар жұмыстарды атқару қажет.
|