Сейсенбі, 26 Қараша 2024
2390 1 пікір 3 Қараша, 2021 сағат 16:21

Қазақстанда журналистерге қысым артқан

2 қарашада әлемде журналистерге жасалған қылмыспен күрес күні атап өтіледі. Осы күннің маңызын қоғамға еске салған "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстанда "журналист мамандығын қауіпсіз деп санауға келмейді" деп мәлімдеді.

"Жыл басынан бері "Әділ сөз" журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірген 77 жағдайды тіркеді, ақпарат құралының 7 қызметкері ұсталған, 16 журналиске күш көрсетілген, журналистің ізіне түскен екі жағдай, 30 қоқан-лоқы тіркелген" деді Тамара Калеева 2 қарашада Facebook жазбасында.

Оның айтуынша, Қазақстанда журналистерге күш көрсеткендер немесе кәсібіне кедергі келтіргендер көп жағдайда жазасыз қалады, кейде "кінәлілердің жауаптан жалтаруы абсурдқа дейін барады". Мысалы, Көкшетауда 716.kz тілшісі Оксана Матасоваға күш көрсеткен ер адам үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Полициядағылар істің тоқтатылуын "күш көрсеткен адам журналистің өзін таныстырғанын естімеді" деп түсіндірген. Петропавлда журналист Самат Жақыпов, Наталья Волкова және телеоператор Төлеген Имановқа сауда орталық күзетшілері жұдырығын түйіп, ұмтылған. Оған видеоайғақтар болса да, полиция журналистердің өздерін кінәлі деп тапқан.

"10 маусымда полицияға "Ақжайық" газетінің бас редакторы Азамат Майтанов өмірі мен денсаулығына қауіп төнгені жөнінде шағым түсірген. Ешкім жауапқа тартылмады. 2019 жылдың шілде айынан бері Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюроасында журналистерге жасалған шабуыл тергеліп келе жатыр. Жәбірленушілер полицияға шабуылдаушылардың суреті мен видеосын берсе де, тіпті кейбірінің аты-жөнін анықтап берсе де, мұнда да жағдай солай болып отыр[іс сотқа жеткен жоқ, кінәлілер жазаланбады]" деп жазды Тамара Калеева.

Ол өз жазбасында Қазақстан сөз бостандығы бойынша рейтингіде тіпті Гондурас, Пәкістан, Оңтүстік Судан сияқты елдерден артта қалғанын (180 елдің ішінде 155-орында тұр) атап өтіп, әлем үкіметтерін журналистерге шабуыл жасау оқиғаларын зерттеуге шақырған БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің сөзінен мысал келтірген.

2019 жылы шілдеде Алматыда баспасөз мәслихатынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілеріне бір топ әйел шабуыл жасап, тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсаған, оператор Тоқмолда Құсайыновты ұрып, кәсіби видеокамерасын сындырған. Осы оқиғадан бері екі жарым жылға жуық уақыт өтсе де, кінәлілер әлі жазаланбады. Полиция тергеу амалдары жалғасып жатқанын айтқан.

Азаттық тілшілері елдегі ірі саяси оқиғалар кезінде жиі кедергіге ұшырап, аңдуға тап болады. Жуырда Нұр-Сұлтан полициясы Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап барған топтың ұсталуын камераға түсірген Азаттық тілшілеріне кедергі келтірген.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095