Дүйсенбі, 15 Қыркүйек 2025
Саңлақ 178 0 пікір 15 Қыркүйек, 2025 сағат 12:21

Қазақстанға алтын жауған Әлем чемпионаты

Суреттер: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

14 қыркүйекте Ливерпуль (Ұлыбритания) қаласында бокстан әлем чемпионатының соңғы сайыс күні өтті. Финалдық кезеңге сегіз қазақстандық спортшы жолдама алған болатын. Ливерпуль – Қазақстан боксы үшін алтын жауған чемпионаттардың бірі болды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Назым Қызайбай – күміс жүлдегер

Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақтың ақтық жекпе-жегінде үндістандық Минакшимен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта Минакши 4:1 есебімен басым түсті. Екінші кезең 3:2 есебімен Назым Қызайбайдың пайдасына аяқталды. Дегенмен төрешілердің шешімі бойынша үндістандық боксшы жеңіске жетті. Осылайша, Назым Қызайбай (48 келіге дейін) Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы күміс жүлдені салды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Санжар Тәшкенбай – әлем чемпионы

Қазақстандық былғары қолғап шебері Санжар Тәшкенбай Ливерпульдегі (Ұлыбритания) әлем біріншілігінің чемпионы атанды. Жерлесіміз 50 келіге дейінгі салмақтың финалында Алдарқхишиг Баттулгамен (Моңғолия) өзара мықтыны анықтады. Санжар Тәшкенбай жекпе-жектің бірінші кезеңінен бастап тізгінді қолына алды. Толық үш раунд бойы басымдығын сақтап қалған жерлесіміз төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін) әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді салды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Махмұд Сабырхан – әлем чемпионы

Махмұд Сабырхан бокстан Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы 55 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Махмұд ақтық сында Рафаэль Лосано Серраномен (Испания) алтын жүлдені сарапқа салды. Отандасымыз үш раунд бойы басымдық танытты. Нәтижесінде Махмұд Сабырхан еш қиындықсыз жеңіске жетті.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Алуа Балқыбекова – әлем чемпионы

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Алуа Балқыбекова Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізді. 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова қарсылас шақ келтірмеді. Отандасымыз ақтық сында түркиялық Бусе Наз Чакыроглумен кездесті. Тартысты жекпе-жектің қорытындысы бойынша Алуа Балқыбекова екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Аида Әбікеева – әлем чемпионы

Қазақстандық боксшы Аида Әбікеева Ливерпульдегі (Ұлыбритания) әлем чемпионатының финалында жеңіске жетті. Бұрымды боксшымыз 65 келіге дейінгі салмақтың ақтық жекпе-жегінде өзбекстандық Навбахор Хамидованы жеңді. Алғашқы екі раунд өзбек қызының пайдасына аяқталды. Дегенмен Аида үшінші раундта жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, жеңісті суырып алды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Төрехан Сабырхан – әлем чемпионы

Қазақстандық былғары қолғап шебері Төрехан Сабырхан Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем біріншілігінде алтын медальға ие болды. Отандасымыз 70 келіге дейінгі салмақта үздік атанды. Төрехан ақтық жекпе-жегінде жапониялық Сэвон Окадзавамен қолғап түйістірді. Жекпе-жек тең дәрежеде өтті. Дегенмен Төрехан Сабырхан үшінші раундта қарсыласынан айласын асырып, жеңісті суырып алды. Осылайша, 19 жастағы Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Наталья Богданова – әлем чемпионы

Қазақстандық бұрымды боксшы Наталья Богданова Ливерпульдегі (Ұлыбритания) әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды. 70 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова қарсылас шақ келтірмеді. Отандасымыз ақтық сында Лекеиша Перголитимен Аустралия) өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Наталья Богданова еш қиындықсыз қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Сурет: Qazaqstan Olympic team тегерам арнасынан алынды.

Айбек Оралбай – әлем чемпионы

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль алды. Былғары қолғап шебері 90 келіден жоғары салмақтың финалына дейін жетті. Айбек Оралбай ақтық сында өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді. Бірінші және екінші раундта өзбек боксшысы басым түсті. Дегенмен Айбек Оралбай соңғы үшінші кезеңде қайсарлық танытып, жеңісті суырып алды.

Қорытынды: Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен командалық есепте топ жарды.

Abai.kz

0 пікір