Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3199 6 пікір 8 Қараша, 2021 сағат 12:30

Қырылған кеншілер: Қанды "Ленин" кеніші

7-қараша күні Қарағанды облысындағы Абай кентіндегі шахтада метан газының бөлінісі салдарынан жарылыс болып, алты кенші қаза тапты. Екі кенші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы апат емес. 

1994 жылы, 16 наурызда Саран маңындағы "Ақтас" кенішінде өрт болды, Өрт салдарынан 11 құтқарушы қаза тапты. Қызыл жалын өрт сөндіру құбырының жарылуы салдарынан газдың сыртқа шығып, аймақта тұтанып кетуінен болған еді. Дәл сол жылы, 7 шілдеде "Қазақстандық" кенішінде жарылыс болып, 14 кенші қаза тапты. Тексеру жарылыстың техникалық қауіпсіздікті сақтамағаннан болды деп тапты.

1995 жылы, 24 қарашада "Ленин" атындағы кеніште жарылыс болды. Жарылыс метан газының шамадан тыс бөлінуінен болған еді. Қайғылы оқиғада 13 кенші көз жұмды.1998 жылы, 23 қарашада "Ленин" кенішінде тағы да жарылыс болып, бір кенші қаза тапты.

1999 жылы, 26 қыркүйекте "Ленин" кенішінде кезекті мәрте жарылыс болды. Бұл жолы үш адамның өмірін қиған жарылысқа техникалық қателіктер себепші деп тапты.

2004 жылы, 5 желтоқсанда "Шахтинская" кенішінде жарылыс болды. Жарылыс сәтінде кеніште 89 адам жұмыс істеп жатқан болатын. Жарылыс маңында болған кеншілердің 23 көз жұмды.

2006 жылы, 20 қыркүйекте тағы да "Ленин" атындағы кеніште жарылыс болды. Бұл отыз жыл ішіндегі ең ауқымды апат болатын. Жарылыс салдарынан 41 адам қаза тапты. Жарылыс дүмпуі 4,5 шақырымға дейін естілген еді. Қазақстанда қайғылы оқиғаға байланысты "Аза тұту күні" жаряиланды.

2008 жылы, 11 қаңтарда "Абай" кенішінде жарылыс болып,30 адам көз жұмды. 2 маусымда "Тентек" кенішінде жарылыс болып, бес адам көз жұмса, 12 қазанда кеншілерді көтеретін лифт құлап, "Оңтүстік-Жезқазған" кенішінде алты адам қаза тапты. 2016 жылы, 10 қарашада "Саран" кенішінде кеншілерді көтеру барысында трос үзіліп, үш кенші қаза тапты.

Бұл отыз жыл ішінде болған ең ірі апаттар болатын. Ірілі-ұсақты оқиғалар күнделікті болып жатыр. "Абай" кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына он жылдық есеп көрсеткішіндегі айлықтары берілетіні белгілі болды.

Журналист Нұрбек Бекбау кеншілердің қазасына байланысты АҚШ-тағы кеншілердің өмірін салыстыратын жазба қалдырды.

"Иә. АҚШ-та 1 шахтердің өлімі жұмыс беруші үшін — 40 млн доллар! Сол үшін, Америкада шахтада жазатайым оқиғаны болдырмауға тырысады. Ауыр өтемақы сол үшін қойылған. Ал бізде ше? Қанша?
Неге шахтада апат өте жиі боп кетті? Басты себеп – шахта иелерінің пайда табу жолындағы ешнәрсеге қарамауы.

2008 жылы «Абай» шахтасында 30 шахтердің қаза табуынан кейін прокуратура үлкен тексеріс жүргізген. Содан анықтағаны, шахтадағы құралдардың 70%-ы әбден ескірген. Басты желдету жүйесі желдеткіштерінің өздерінің нормативтерін орындап, тіпті оны 2-2,5 есе артық орындағаны анықталған. Олар 60-шы жылдардан бері әлі қолданылып келеді. Әрі 1967-1982 жылы шығарылған электровоздар қолданылады.

Стационарлық конвейлердің 70%-ы ескірген. Мұндай жағдайда жұмыс атқару - күнделікті өлімге тәуекел етумен тең. Бұл проблемалар бір күнде қалыптасқан жоқ. «Арселор Миттал» басшылығы шахталарды модернизациялауға қанша қаржы жұмсады? Не техника алыпты, осы уаққа дейін? Әлде Советтік құралдарды тозғанша қолданып қалуға тырысып жатыр ма, әлі күнге?!

Шахтердің жағдайы қалай?
Кеншілердің айлықтарының орташа көрсеткіші 150 мың теңгенің айналасында. Мұндай қаражатқа шахтер қалай күн көрмек?
Бұны аз көргендей, шахтерлерді зейнетке 63 жасынан шығарамыз. Одан ертерек шығуына мүмкіндік жоқ. Осы шешімге қол қойғандардың өздерін 63 жасында шахтаның жұмысына салып көру керек еді... Қалай болар екен. Адам өміріне соншалықты селқос қарады деп жүрген Кеңес өкіметінің өзі мұндай қадамға бармаған.

Келесі маңызды мәселе - шахтерлердің құқықтық тұрғыдан қорғалмауы. Қазіргі жағдай бойынша, жұмыс беруші жұмыстан шығара салуы оп-оңай. The Sunday газеті тіпті, қазақ шахтерлерінің жұмысын құлдардың еңбегімен теңегені бар.

Олардың жұмыстары денсаулыққа аса зиян. Бірақ, Кеңес билігі кезіндегідей демалысқа жіберу, арнайы емхананың болуы сынды жүйе толығымен қираған.

Қысқасы, қазақ шахтерінің бүгінгі бейнесі – айлығы аз, жұмысына барса, аман-есен келе ме белгісіз, жұмыстан шығара салуы оңай, ескі технологиямен жұмыс істеуімен қатар, қайтыс бола қалған жағдайда отбасына болмасыз жәрдемақы беріледі.
Қайтпек керек?

Біріншіден, Германияның, АҚШ-тың үздік жүйелерін өзіміздің мемлекетке лайықты көшіру қажет. Лайықты қаражат төленуі мен қатар зейнет жасы қайта қарастырылуы тиіс. Шахтер қайтыс болғаны үшін жұмыс беруші үлкен қаражат төлеу жүйесін ендіру қажет. Бұл арқылы шахта басшылығын технологияларды жаңартуға мәжбүрлейтін боламыз.

Екіншіден, тексеретін ұйымдар қатаң позицияға өтуі тиіс. Шахтаға тексеріске баратын инспекторлар 60-70-шы жылдардағы инструкциямен жұмыс жасауға мәжбүр. Бүгінде осындай 230-ға жуық құжат қайта қарауды талап етеді.

Үшіншіден, болашақта мемлекеттегі шахталарды отандық компанияларға қайтару мәселесін көтеру қажет. Қысқасы, елімізді асырап отырған еңбек адамдарының еңбегі лайықты бағалануы тиіс.

Осыдан 10 жыл бұрын, jaqsy.kz-ке жігіттер осындай мақала жазып еді. 10 жыл өтті, жағдай бірақ сол баяғы қалпында сияқты.." дейді ол.

"Абай" кенішіндегі жарылыстың салдарын жою, себебін анықтау нақты жүріп, алдағы таңда қателіктерден сабақ алатын жүйе болады деп үміттенеміз...

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407