Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5980 0 пікір 31 Шілде, 2012 сағат 09:21

Қажығұмар Шабданұлы. Уыстағы шу

ҮШІНШІ БӨЛІМ

УЫСТАҒЫ ШУ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам, тас төбемнен ұрыңыз!

Жепаңжүннің[1] «мүләйімдігіне» қарап, «кері төңкерісшілерді жаныштау  дегенді осы момындарым білмей қалар ма екен!» деп те қам жеген кезім болып еді. Бұған жауап іле-шала бірнеше қанды қол помещикті қылжитқан мылтық дауысымен естілді. Ал, «нақтылы кері төңкерісші» деп, Шәуешектен Тұрсын мен Шәкен мұғалімдерді атқанда, «мыналар қалай сығалайды, ойбай!» деп қалған жайым да болды. Гоминдаңша атқаны ма!» деп шошынғаным еді.

Бұл мәселедегі пікірімді көп адамның қолын қойғызып, орталыққа да жолдағамын ғой. Мұнымызға арнаулы жауап келмесе де, көп адамға сауап келгені байқалды. Мұнан соңғы атылғандардан "нахақпын" деп шырылдаған ешкім болмады. Әділет таразысына тура өлшеніп, тура жазаланып жатқандай сезілді. Жанымхан, Рақымжан Сабырқажы, Нәбижандар атылғанда, соларды атқызған үкімге халық жағынан алғыс жауды. Сонау 45-ші жылдың жазғытұрымында гоминдаңнан қашқан біздің топты Боғдада ұстатқан Қабдолланы да өзі теңдесі гоминдаң шпиондарымен қосып атты. Ал, Шың Шысай қырғыннан бергі ең қандықол жендет Лииыңшиді Кулидегі қалың шиырдан тауып әкеліп, атып беруі, Шинжаңдағы жерлік халықтың көңілін алды.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

УЫСТАҒЫ ШУ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам, тас төбемнен ұрыңыз!

Жепаңжүннің[1] «мүләйімдігіне» қарап, «кері төңкерісшілерді жаныштау  дегенді осы момындарым білмей қалар ма екен!» деп те қам жеген кезім болып еді. Бұған жауап іле-шала бірнеше қанды қол помещикті қылжитқан мылтық дауысымен естілді. Ал, «нақтылы кері төңкерісші» деп, Шәуешектен Тұрсын мен Шәкен мұғалімдерді атқанда, «мыналар қалай сығалайды, ойбай!» деп қалған жайым да болды. Гоминдаңша атқаны ма!» деп шошынғаным еді.

Бұл мәселедегі пікірімді көп адамның қолын қойғызып, орталыққа да жолдағамын ғой. Мұнымызға арнаулы жауап келмесе де, көп адамға сауап келгені байқалды. Мұнан соңғы атылғандардан "нахақпын" деп шырылдаған ешкім болмады. Әділет таразысына тура өлшеніп, тура жазаланып жатқандай сезілді. Жанымхан, Рақымжан Сабырқажы, Нәбижандар атылғанда, соларды атқызған үкімге халық жағынан алғыс жауды. Сонау 45-ші жылдың жазғытұрымында гоминдаңнан қашқан біздің топты Боғдада ұстатқан Қабдолланы да өзі теңдесі гоминдаң шпиондарымен қосып атты. Ал, Шың Шысай қырғыннан бергі ең қандықол жендет Лииыңшиді Кулидегі қалың шиырдан тауып әкеліп, атып беруі, Шинжаңдағы жерлік халықтың көңілін алды.

"Жұңго төңкерісінің он мың шақырымдық сапарының бір қадамын ғана бастық» деді Маужуши. «Қазіргі жеңіске қанағаттанып қалмаңдар» деген сөзі еді. Мектептердің көбінесе саяси идеологиялық қызметіне көмектесетін инспекторлық міндетімді құлшына атқарып жүрдім. Бұл негізгі жақтан жиын мен үйрену группалары арқылы жүргізілетін қызмет болды. «Жер майын азайтып, жуан жұдырықтарға қарсы тұрудың» қолданба материалдары да осымен бірге үйреніліп жатыр еді...

Сол 51-ші жылдың күзінде осы ұранмен көше тағы да алау-жалау бола кетті. Бұл жолы жүз толғанып, мың бүктетіліп, қағаз айдағар да шықты көшеге. Тісін ақситып, аузын арандай ашып, тағы да кері төңкерісші іздегендей, әр терезеге бір қарап, жер иіскелеп, аспан қапқандай құтырған бейнемен жұтына шықты. Соңында тозаңдай қаптаған қаранөпір, түгелімен биші. Көпшілігі таңқы құйрық, тарбалақ әйелдер. «Тышшш...таң-таң... тышш...ш...таң-таң» дегендей соғылатын барабан ырғағына сол жасанды айдағарша толғанып, ши аяқ тәйтәйларша қойқаңдап билеп шұбырды. Әлия бір жыл ішінде-ақ он мың еселеп өрбіп, өре жөнелгендей.

Толғанған айдағардың жонында да, толқыған әйелдердің құйрығына да қарамай, толқынды ұранға бар дауысыммен үн қоса ілестім. «Жер майын азайту» ғана емес, бүтіндей қалдыру. «Жуан жұдырықтарға қарсы тұру» ғана емес, жою ұраны бар еді жүрегімде. Социализмге өтудің аралық дәуірінде бұл ұранға қалай қосылмайын, бар қайратымды жұдырығыма жия көтеріп, ұрандап жүрдім. «Бір қадамы ғана кеміген он мың шақырымдық жолда» әйтеуір мына айдағарша жалмап-жайқамай, жаңсақтатпай, «төңкеріс жолы бұралаң» деп бұрмаламай, жырмаламай, ұлы мұратқа нақ өлшем, нық қадаммен жетсек! - осы болды барлық талап-тілегім.

«Жер арендасын азайтып, жуан жұдырықтарға қарсы тұру» науқаны, біз қала көшелерінде ұрандап жүргенімізде ауыл-қыстақтарда орындалып болған екен. Қыс басталысымен «жер егушілердікі» дейтін, «жер реформасының» ұраны көтерілді. «Помещиктерге қарсы тұрып, бай егіншілерді жетім қалдыру, орта егіншілермен ынтымақтасып, кедей-жалданба егіншілерге сүйену» әдісімен жүргізіледі екен. Қағаз айдағар мен таңқы құйрықтардың соңына тізіліп, әрине мұны да ұрандастым. Мектеп оқытушылары мен мекеме қызметкерлерінің үйрену уақыттарында бұл науқанның екпіндісіндей, ұзақ-ұзағынан сөйлеп, құя түсіндіріп, қыза мұрындықтап жүрдім. Іс жүзінде қалай орындалып жатқандығын көрмесем де, осылай істелетіндігіне сенімім толық. Қоғамдық іс қарбалас-асығыс болса да, мектептердегі оқу қызметі тыңғылықты, тиянақты. Сондықтан Мақпалдан басқа жөнінен көңілім тыныш еді.

Қар кетіп, жер қарайған бір күні кеште жатағымда қызықты кітап оқып, ұзақ отырып қалыппын. Таң бозарғанын сағаттың саусағы өртті түрткенінен біліп, төсегіме киімшең құлай кеттім. Қатты ұйықтаппын. Түсімде дене-тәрбие майданында сияқтымын. Маңдайымдағы жігіттер аспанның тұнық зеңгір күмбезіне қызыға қарап, бешпеттерін шеше бастағанда қаңтардың құрғақ зәрлі қары қапалақтай жөнелді. «Япырай мынадай ашық аспаннан қар жауа ма екен!», «мұнысы несі, қыстың қайта түскені ме?» дескен жігіттер киімін қайта киіп, бүрісе бастады. Ал, маған ыстық та, суық та сезілмегендей. Бірақ, майданда бұрқасын жүріп, үскүре бастағаны анық көрініп тұрғандай. Аспанның жаймашуақ ашық шағында борай жауған қармен бірге күн күркіреп, найзағай жарқылдап таңдандырды енді. Асылқан сияқты біреу «мына Құдай алжыған ба?» деп қалып еді. Тағы біреу саңғырлай қостады. «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деп Асанқайғының айтқаны келгені ғой!»

«Кім, кім?... Кім сөйледі?» -деп сыртымыздан Сәрсен дүрсе қоя бергенде, қолымды мен сермей сөйледім.

«Болды, аптықпай-ақ қой, күн ашықта қар жауып, қар жауғанда найзағай жарқылдаса, оған таңданбай бұл сөзге таңданатын не тұр!... Жүр жігіттер, анау сахнаға паналай тұралық!»

Осы сөзбен майдан сахнасына беттеген сияқты едік. Қарсы алдымыздан биік мұнара пайда бола қалды. Оған аса зор бір таразы орнатылғандай. Бір басы көтеріліп, биікке шығып кеткен екен. Екінші басына қарай жүгірдім. Оның табағына қабан, жолбарыс, аю, қабылан, көкжал бөрі сияқты ыңғай жыртқыш аңдар қамалған сияқты көрініп еді. Дәл қасына барып қарағанымда айғыр, бұқа, теке, қошқар, төбет ит сияқты ыңғай үй жануарларына айнала кетті. Маңайында тұрған көпшілік шуылдасып, дауласып тұр екен.

«Үй, анау айғыр емес, ат қой, қарамаймысың бұтына!»

«Ей, аттыкі соншалық болушы ма еді!»

«Ей, ей жолдас, анау бұқа емес, өгіз! Қарасаңшы умасына!»

«Үй, соқыр, ол талыс көзіңе әлі толмай тұрма!» деседі.

Қарқылдаған көпшілік күлкісі мұнара басынан аюша ақырған бір дауыстың аштылығынан шорт тиылды осы шақта. Шалқая қарадым. Қос жұдырығын түйе ақырған сида ғана ақсұры қытай екен. Екі езуінен екі ұры тісі өсіп, ернін түре ақсиып алыпты. «Мынау, қиын шаңбащы, фокс көрсеткелі тұр, шегініңдер!» деп қалды біреу. Мұнара басындағы шаңбащы оң жұдырығын жүрегіне тірей ышқынып, сол жақ жұдырығын биікке көтере берді. Зорая берді сол жұдырық. Оң жұдырығы көкірегіне батқан сайын ышқынып, ышқынған сайын сол жұдырығы өсіп, бір керемет алыптың күрзісіне айналғандай. Тастап кеп жіберсе, осы майданды ғана емес, бүкіл қаланы Боғда тауымен соққандай, жәншіп жіберетіндей көрінді. Шаңбащы сол зор жұдырықтың сұқ саусағын ғана шығарып, екінші рет бажылдай ақырды да, таразының көтеріліп тұрған бос табағын түйіп кеп қалды сол сұқ саусағымен. Сақ еткізді жерге. Таразының хайуандар тиелген басы аспанға фонтандай атылып еді. Бұқа сиырша мөңіреп, айғыр байталша кісінеп, төбет қаншықша қаңқылдап, тозаңдай шашылды. Жұртшылық қарқылдап күлген екен деймін. Менің көзім аспандағы бұқадан айрылмады. Анық көріп тұрған сияқтымын, басы Омарбек мыңбектің басына ұқсап, сақалынан танылып еді. Терісі таңынан айрылып, сыпырыла барып, соның мол қара шапанына ұқсап кетті. Етегінен әйелдің қос етекті ақ көйлегі желбіреп шыға берді осы сәтте. Көзіме өте ыстық көрінген қос етекпен бірге шалқып, қап-қара қос бұрым да шығып еді. Іле-шала бүп-бүтін Мақпалымның өзі шыға келді де, қара шапанды аяғымен серпіп тастап, желге қарсы ұша жөнелді. Ертегілердегі пері қызындай сымбатымен айқындала желбіреді ақ Мақпалдың ақ көйлегі. Енді бір сәтте маған жалт қарап, құшағын жая құйылды аспаннан. «Биған!» дегені гүлдей ернінен білініп, аққудың үніндей бір әсем саз естілді. Шанақты тұнық көгілдір көзі күлімдей төніп, жасаурай жайнады. Өзімді ғана емес бүкіл майданды балқытатындай шыраймен көрінді. «Нұрияш!» деп айқайлаған өз дауысымнан оянып кеттім. Қатты өкіндім оянғаныма. Енді бірер секонд қана сабыр етсем айқасар еді ғой құшағымыз!...

Жасы парлай жөнелген көзімді қайта жұмдым. Дереу ұйықтай қоюға, сол түстің жалғасын көруге қаншалық тырыссам да кірпігім айқасар емес. Бұрық-сарық қайнаған бастауымнан жылт-жылт жылжи берді жылы су. «Мақпал қайда енді маған! Екі жарым жыл! Сауырдан әлдекімнің әкеткеніне де міне он төрт айдан асты. Шынымен құтқарушы әкеткен болса, неге қайтпайды! Ал, Әлиядан табылған күмәнді хаттың жазылған числасына бір жылдан... міне жиырма күн асыпты. Әй сонысы рас хат болды-ау!... Солай болған күндеде менің анықтау үшін жазған хатыма жауап жібермегені қалай?... Басқа біреумен кеткені ғой!... Енді қалай табыла қойсын! Ашық күнде қар жауып, қар жауғанда найзағай шағылғандай алжасқан қисынсыз қиялдың мазағы ғана ғой мына түстегі көрініс!... Солай болса да жерге түскенін көріп, түсімде болса да бір құшып қалсамшы!...»

Сол түсті қайта бір көргім келгені соншалық, түскі демалыстада, кеште де краватқа асыға жетіп құлап жүрдім. Тіпті ұйқышыл болып алдым. Бірақ, қайта көрінбеді Мақпалым!... Жазда демалысқа шығып, Алтайдан тағы бір іздеп қайтуға бекіндім.

Сол қисынсыз қызықты түсті көргеннің екінші күні бір мерекелі күн болды. «Тшшш... таң-таңға»[2] көше тағы да күйлей жөнелді. Жалмаңдаған қағаз айдағарымыз сол бұрынғы қалпында. Ал, таңқы құйрық, тарбалақтарымыздың бір сыпырасы ескілі-жаңалы порымды жерлік масқараттық бояулар арқылы феодалдар мен капиталистерді бейнелеген болып шығыпты. Ұзын шапан, сәлделі сақалды «масқараның» соңында да, ұзын көйлек, ақ жаулықты «масқара» ның соңында да, қатырмалы кастюм, қырлы сым, галстукты «масқараның» соңында да, кофта-юпкалы, бұйра шаш-шылапалы «масқараның» соңында да қып-қызыл, сұлу, біріңғай таңқы құйрықтар жүрді. Жай да емес, қарала жаулардың желкесінен мылтық найзасымен түрткілеп айдап жүрді. Көріністе феодализм мен капитализм үстінен жүргізілген пролетарият дектатурасы еді бұл. Ал, мән жағынан жерлік шағын санды ұлттар үстінен жүргізілген қытай дектатурасы болып та бейнеленді.

Ертеңінде қызыл майданда зор жиын барын естіп, ерте тұрдық. Бұл жиыннан ешкім қалмасын деген бұйрық бойынша жұмысшы-қызметшілеріміз түгел жиналып, үлкен ту, керме туларымыз даярланып болғанша күн сәскеге көтерілді. Қызыл майданға кешігіңкіреп жетіппіз. Үрімжідегі барлық мекеме-мектептер, завод-фабрика жұмысшылары, саяси және әлеуметтік ұйымдар, серіктіктер, жаңадан құрылған сауда, қол өнер корпарациялары түгел жиналып, майданды кептеп алыпты. Күнібұрын белгіленіп, жалау қадалған орнымызға әрең кіріп, әрең сиыстық. Бір бүйірімізден партия мектебі. Бір бүйірімізден жұмысшылар ұйымы қысып, шынтақтасып қалған дауыстар да естіле берді. Өзіміз сиыспай сүзісіп-қағысып тұрғанымызда майдан тәртібін сақтаушы сақшылардың келіп қожаңдауы тіпті қатты тиді. Шекарамызды бөліп тұруды, «басқа орынның адамымен» сөйлеспеуді бұйыра берді.

- Е, мына қысылшаңда сөйлесіп, құда түседі ғой деп тұрмысың! -деп өзінің зейіл дауысына ұқсатып мен зекіп едім, үш орынның ұйғыр, қазағы түгел күліп, ду көтерді. Менің күлкімен қалжыңдағаныма қараған қытай сақшысының өзі де амалсыз күле келіп сұрады.

- Не дедіңіз?

Әлгі сөзді сол дауысыммен қытайша қайталап айтқанымда тағы күлді көпшілік.

- Мен бұйрық орындаушымын, кешіріңіздер! -деп баяулай түсіндірді әлгі сақшы. - Бұл жиынның тәртібі осылай. Әр-бір орын өзара болмаса, басқа орындағылармен сөйлесуге, араласуға рұқсат жоқ. Азда болса аралық шекара сақтап тұрыңыздар! -дей салып жүріп кетті. Бұл жиынның кері төңкерісшілерді жаныштау науқанының бастаушы жиыны екендігін осыдан байқадық.

Сахнадағы микрафонда сөйлеген Бұрһан Шаһиди жаныштаудың бұл мазмұнын жай ғана раймен түсіндіріп келіп, сөзге Уаңжын секретар шығатындығын, жақсы тыңдауды тапсырғанда ғана сәл көтеріліп тоқтап еді. Әр ауыз сөзі бір айқаймен созылып шығатын Уаң секратардың дауысы тым сотқар, өктем екен. Құлағымызға жұдырығын сұққандай, иә, миымызды ыңғуырлағандай, кейде тіпті аса зор жыртқыш желкемізден басып, басымызды мұжып жатқандай тыжырынып, тұқырып қалыппыз. «Шындасам, бір тарының қауызына тығып жіберемін, сендерді менің қолымнан ешкім айыра алмайды, қане еркек болсаңдар маған бір қарап көріңдерші!» дегендей аса асқақтап ақырады. Себепсіз, жазықсыз мына төмендеген жұртшылықты түгелімен жаныштауға бұйырып тұрғандай позициясын айқын көргендеймін осы дауысынан. «Біз аңсаған компартия секретары осы болғаны ма?» -деп зерделедім ішімнен. - «Жоқ, шексіз дектатураның әскери әкімі ғана ғой мынау!...» - Дөрбілжіннен партия мүшелігіне өткізген жолдау қағазды орауымен төс қалтамнан суырып алғанымды сезбей қалыппын. «Бірақ, бұл жексұрын дауыстың да дәл қазіргі аузына алып, азулап тұрған жаулары түгелімен менің де жауым ғой, барлық сөзі кері төңкерісшілерді жаныштау болып тұрғанда қалай күстаналарсың!» -деген ой келгенде жолдаманы жұмарлай қысқан қолым босай қалды. Оны қайтадан төс қалтама сұға салдым.

Асау секретарымыз ат жақты, ұзын-ұзын орсақ тісті, солай да бойшаң ғана сида, ақсұры, келбеттілеу кісі екен. Ақырып тұрған - доңыз айбатпен сөйлей берді. - «Аспанда тор, жерде қақпан, халық жауларының ешқайсысы бізден қашып құтыла алмақ емес! Мен генерал полковник Уаңжын соны да ескертіп қояйын, ешқандай жау бізден қылмысын жасырып құтыла алмайды! Сондықтан, мәселені жасырып өтіп кету дәмесінен аулақ болыңдар!... Кейбіреу, «бас қылмысты кері төңкерісшілер жойылды. Енді жанышталуға тиісті пәлендейі қалмады» дейді. Мұның өзі де кері төңкерісшілер таратқан сөз! Мен Уаң секретар тағы да айтып қояйын, Шинжаң өте асау болып келген район. Мұнда халық жаулары әлі көп, тіпті көп! Әсіресе кері төңкерістік мәселе көп өтілген район!... Кері төңкерісшілердің шығар жолы біреу ғана: Әрқандай мәселені кіші демей, үлкен демей, өздіктерінен тапсырып, кешірім алу ғана!... Жұңго компартиясына әркім өздігінен тізе бүгуі, мәселелерін тапсыруы керек пе, керек емес пе, соны ғана ойлаңдар! Егер тізе бүгу, тапсыру керек емес болса, өлім ғана керек болғаны!...»

Уаң секретардың бұл жолғы сөзі ашты дауысына қарағанда халықты ыңғай сыбап-тілдеп тұрғандай естіліп, іс жүзінде жауды ғана рахымсыз жазалауды бұйырып жатты. Майданға симай сығылысып тұрған жұртшылық осы сөзден-ақ жаншылып, бір-біріне жабысып қалғандай, майдан кеңіп, әр-бір орынның шекарасына алаңқы, ашық жолдар пайда болды.

Көзім Уаң секретарда, құлағым соның аспандағы өктем дауысында еді. Қызқметтес бір ұйғыр жігіт арыт жақтан келіп жеңімнен тартты. «Арт жақта біреу шақырып тұр» деп ымдаған жағына қарай жылыса бердім. Өз қызметтестерімнің арасынан әрең өтсем, «арт жақта» деп тағы ишаралайды біреуі. Енді жылжысам «шекара»-дан өтіп кететін сияқтымын. Нұсқалған жақтағы әркімге бір қарап, тұрып қалып едім. Ыңғай көк бешпет-сымды партия мектеп оқушыларының соңғы тізбегінен бір ұзын бойлы, сом денелі ұйғыр әйел қол бұлғап шақырды да, өзі де жылжыды маған қарай. Сығылып тұрған жұртты кимелей жетіп, қолымнан тартып қыспақтан шығарды.

- Есіміңіз кім? -деп сұрады менен.

- Биғабіл!

- Бізнің бір сабақдаш қызның акасы[3] екенсіз, «сізні ау шеттен күтемін!» -деп шығып кетті. Тез барың!

- Қайдан келіпті, кім ол?

- Алтайлық.

- Мақпал! -деді бір қазақ қызы, кідіріп қалған ұйғыр әйелдің арт жағынан кимелей жетті.

- Аһ, Мақпал? -деп бадырая қарап тұрып қалыппын.

- Ие, Мақпал. Сіздер осы жерден өткенде таныпты, жылай берген соң...

- Қалай кетті? -деп сұрай сала, нұсқаған жағындағы «қамалды» бұза-жара жөнелдім.

Майданның оңтүстік жақ сыртындағы дәретханаға алқына жетіп, алақ-жұлақ, тапыр-тұпыр жүгіріп, үш рет айланып та үлгеріппін. Көрінбеп еді.

- Биған! -деп дабыстады сағынышты үн. Ар жағындағы тар көшеден естілді. Өзінше, маған зәрулі-зәрусыздығын, менің сағынышымның қаншалық дәрежеде екендігін байқағысы келіп баспалап, қарап тұрған сияқты. Жүрегімнің лапылын, аяғымның лыпылынан біле қойғандай, бір қалтарыстан шыға жүгірді. Мен де ыршыдым. Тоқ омырауы мен қыпша белінен көк шиянфу бешпет-сым да жарасым тапқандай, аппақ ажарын аша түскен екен. Желкесіне түскен көк шапкасын қолына ала ұмтылғанда түюлі қос бұрымы тарқатылып, алқымын орай ұйтқыды. Айнадай тұнған аялы көзінен меруерт-моншақ төгіп, құшағын аша жетті. Ышқына өксіп, асыла кетті мойныма.

- Биған!... Биғашым!...

- Сәулешім, Нұрияшым! -деп құшып, өн бойын сылай беріппін. Сүйе беріппін. Бетін далдалап, сырт айлана сыбырлады Мақпал.

- Ел қарап тұр екен, кейін жаным, кейін! -деп құшағын жазды да, бір қолымды қос қолдап ұстап, жең ішінен сипалай берді. Үнсіз-тілсіз төніп, іштен тынып қараса бердік бір-бірімізге. Толық маңдайы мен түп-түзу қырлы мұрнына, бетіне түскен сызат, таяз тыртықтар байқалды көзіме.

- Шынымен Мақпалымның өзімісің, иә, түсімде көріп тұрмын ба?

- Өңімде көргеніме өзім де сене алмай тұрмын! -дегенде қос жанарындағы қос көлшік тағы да ағытыла кетті. Дірілдей шықты үні. - Үрімжіге қашан келдің?

- Былтыр майда. Ал өзіңші?

- Мен былтыр сентябрде келгемін... Бірнеше хат жазып... бір жауап ала алмағаныма... менен суынып, ұмытқан шығар деп жүр едім... Жаңағы жасырынып тұрған себебім де сол. Іздейтін-іздемейтіндігіңді байқағым келді.

- Сенен суынбақпын ба!... Хат түгіл адресіңді де таба алмай, зар болдым!

Бір-бірімізге төне қарасып тұрып, тағы да жабыса қалғанымызды тағы да байқамай қалыппыз.

- Нимін ганса? -деді арт жағымыздан бір зейіл үн. Жалт қарап, құшағымызды жия қойдық. Майдан тәртібін сақтаушы сақшылар екен. Мақпал ұялғанынан нарт жанып, тұқыра қойыпты.

- Кешіріңіздер! -дедім мен қытай тілінде. - Біз көріспегенімізге көп уақыт өткен жұбайлар едік. Жаңа табысып тұрмыз!

- Жұбай?... некеленіп пе едіңдер?... Сы бұсы?[4] -деп Мақпалдан сұрады біреуі.

- Сы! -деді Мақпал тұқырған күйі. Тіпті қызара түсті.

Бұл шырайынан күмәнданған сақшылар, арамызға кіре түсіп, тақауырлай сұрады Мақпалдан:

- Қашан некеленген?

Мақпал енді өздерін жазғырған шыраймен тура қарап, таңданысты күлкімен сық-сық күле қайырды жауабын.

- Үш жылдан асты!... Оны сұрап қайтесіз!

- Әия, сіздер тұрмыс құрмаған қыз-жігітсіздер! Неке қағаздарың қане?

- Шәуешекте қалған. Жүгіріп барып әкеле қояйын ба? -деп жымиып едім. Мақпалдың сыңғырлай күлуінен бе, менің сөзімнен бе, екі сақшы мойығандай, бірақ, сол мойығандарына намыстанып, мойындамағысы келгендей, танаулары қусырыла қарады маған.

- Қалжыңды қой! -деп бірі тыжырынды да,

- Біздіңі бұл сұрауымыз қателік пе? -деп біреуі тікірейді.

- Сұрауларыңыз қате емес, «әйелдерге қалжыңдамаймыз» деп ұрандап жүргендеріңізде, мынадай зор қылмыстың үстінен түстіңіздер ғой! Енді неке қағазымызды әкелмей құтылмаспыз!

- Мына жігіт рас еріңіз бе? -деп Мақпалдан қайталай сұрады бірі.

- Рас емегенде...! -дегенінде Мақпалдың жүзі тағы қызара қалды. Сақшы тағы күмәндана қарады да, аты-жөні мен мектебін, оқып жатқан класын сұрап жазып алды. Менің де аты-жөнім мен адресімді жазып тұрып, «айя!» деді тыжырынып алып, «тәлім-тәрбие» беруге кірісті.

- Оқу-ағарту қызметкері мен партия мектебінің оқушысы күп-күндіз, халықтың көзінше сүйісе ме, басқалардың идеясын бұзып, халыққа жаман әсер туғызбай ма!

- Дұрыс, дұрыс! -деп шұлғып-шұлғып жібердім мен. Насихатын қысқартып, тез жөнелткім келді. - Енді идеямызды бұзбай сөйлеселік! Жүре беріңіздер!

- Тағы сөйлеспексіңдер ме! Уаң секретардың сөзін тыңдамайсыңдар ма!... Төңкеріс керек пе, керек емеспе!... Қайтыңдар орындарыңа!

- Мақұл, қайта тұрайықшы! -деді Мақпал, маған күлімдей қарап қолымнан тарта жөнелді. - Енді барамыз ғой, жиын аяқтаған соң-ақ жолығармыз!... Әйтеуір, қаншалық қиыншылық көрсем де күте алдым сені!

Енді айрылмасқа ант етіскендей қолымызды мықтап қыса ұстасып бір-бірімізге жаутақтай қарасып барып кірдік көпшілік арасына.

Қуаныш екпінімен көпшілікті қаға-соға жол ашып, Мақпалды орнына жеткіздім де, көмектескен ұйғыр әйел мен қыздың қолдарын қатты-қатты қысып, алғыс айтып қайттым. Уаң секретардың сөзі біткен екен. Басқа біреуі жәбірлемей-жерлемей, жуас қана сөйлеп тұр. Барлық сала, барлық орындардың «тарих тапсыру (боқша тастау)» науқанының басталғанын жариялады. Бұл науқанда қылмыс атаулы құртылатындығы, түймедей кемшіліктің де жасырынып қала алмайтындығы бірнеше рет қайталанды. «Либрализмге от ашылады», «мен айтпайын, сен де айтпа» дегендей, қылмыстарын бірлесіп жасыратын, тіл біріктіретін адамдар аяусыз жазаланады», «көкке ұшса аяғынан, жерге кірсе шашынан тартылып шығады», «аспанда тор, жерде қақпан құрулы» деген жаттанды сөйлемдерді шешен нақтап зекіре сөйледі де, тыңдаушылар ұран шақыра, қол шатырлата қарсы алды. «Бүгіннен бастап тарих тапсырып болғанша әр сала, әр кәсіп, әр орындағы жұмысшы-қызметшілердің рұқсатсыз барыс-келіс байланыстары тоқтатылатындығы жарияланып тынды соңында.

«Япырай, әрең табысқанда тағы да бір сыпыра уақыт көрісе алмай қаламыз-ау!» деген күдік, ең зор қатердей тітіркендірді.

Майданда сіресіп тұрғандар екі шеттен сап бойынша тізіліп кетіп жатты. Тылсымдай тынған жым-жырттық орнай қалыпты. Мен өз сабымның ең соңына барып, Мақпалға телмірумен болдым. Ол да көз жазар емес. Құшағымыз жетпесе де көзіміз жетер жерден қозғалғысы келмегендей жаудырады да тұрды. Микрафаонда майдан басқарушы жағынан мектебінің аты аталып, сабақтастарының жалжып бара жатқанын сезбей тұрып қалып еді. Бағанағы қазақ қызы күліп жіберіп, қолынан тарта жөнелді. Қол бұлғап хош  айта кеткен Мақпалдың соңынан әлі де көз алмай қарап тұрғанымда, бізді тергеген сақшының бірі командирының алдын тоса қалды. Бірдемені қысқаша айта сала қағаз ұсынды. Бағанағы қылмысымызды мектебіне мәлімдеген қағаз екенін түсіндім. «Некеліміз деп берген жауабымыз үшін Мақпалым енді мектебінің кергісіне түседі-ау» деген хауіп тықыршытты енді.

«Үш жылдың алдында өз сеніміміз бойынша өздігімізден некеленген жайымызды сабақтастарының алдында қалай сөйлеп, қайтып түсіндіре алмақ! Клас меңгерушісіне сақшының шағымы жеткенше өзімнің жетіп мәлімдеп, түсіндіруім қажет қой!»

Бір бастығыма партия мектебіндегі жұмысымның қисынын тауып айтып рұқсат алғанымша недәуір уақыт өтіп еді. Соңғы тізбектегі Мақпалды мектеп қақпасына кіре бергенінде қуып жетіппін.

- Мақпал! -дегенімде жалт қайрылып, саптан шықты да тұра қалды. Командиры Мақпалға «кіріп кет» дегенді қолымен бұйыра сала маған беттеді. Бет-аузы ақтаңдақтанып жонылғанша қырылған отыз жастардағы ұйғыр жігіт екен.

- Иолдаш сізнің атыңыз кім? Қай идарадан? -деп сұрады менен.

- Мағарып назаратынан. Атым Биғабіл.

Сақшының қағазын жанқалтасынан суырып ала үңілді.

- Ыһ...ы, сіз қайтып тұрыңыз, сөйлесуге мүтлақ[5] рұқсат берілмейді! Чоң жиында не деді, аңладыңыз ма[6]?

- Аңладым! Мақпалдың сынып журыны[7] кім? Сол кісімен сөйлеспекпін!

- Тез қайтып кетіңіз, бұ һарекет уақыты!

- Журынның аты Сұңжанхуа! -деді Мақпал, оның арт жағынан. - Мен шақырып келейін!

Жүгіре жөнелген Мақпалға шытына қарап бұрылды «құманданы». Қолын артына қайырып, мығымси жылжыды соңынан. Мақпал айланған бұрылысқа барып тоқтады. Сол жерде тергемек екен. Мақпал қайта шыққанда алдынан көлденеңдей сөйлеп тоса қалды.

- Сұңжурын бөлімінде, -деп маған дауыстады Мақпал. - Сізге келсін деді, күтіп отыр, кіре беріңіз!

Босағадағы хабар бөлмінен шығып қарап тұрған қытай шалға иек қаға салып кірдім.

- Ахуалымызды мына кісі де сұрап тұр, дене тәрбие ұстазы ғой, айтып берейін! -деп жымиды Мақпал жақындай бергенімде. - Сіз кіре беріңіз, мына қатардағы 5-ші номірде. Ол кісі класымыздың саяси жетекшісі. Мен туралы толық біледі. Ашық сөйлесе беріңіз!

Бесінші номірдің есігін қаққанымда, көк бешпет-сым киген келті шашты, қараторы толық денелі әйел есік ашып қарсы алды. Көк шапкыны ол да желкеге Мақпалша қондырған екен. Қол беріп, шұлғи амандасты да столының қарсы жағындағы орындықты нұсқап отырғызды. Амандасуына қарағанда қазақша, ұйғыршаны араластырып, жатық сөйлейтін кісі көрінді. Маған тым жылы күлімсіреп, зерттеген шыраймен қарай берді жүзіме. Кескінімді іштей құптағандай бас изей салып, атымды сұрады. Араласпа тілде сұраудан сұрау тудыра отырып, менің баяндамақ мәселемнің барлығын сөйлетіп тынды. Партиялы-партиясыздығымды да сұрады соңында. Былтыр апрелде Дөрбілжінде аудан секретарының өз кепілдігіне ие болып жолдама алып келгенімді естігенде орнынан тұра құттықтап, қолымды қысты.

- Мақпал екеуің енді бақытты, төңкерістік семия боласыздар, қандай жақсы, а, бек жақсы!... Білемісің-білмеймісің, Мақпал менің қызым, һәм менің оқушым! Осы курс түгігеннен кейін тойларыңды өзім басқарып беремін!

- Рахымет! Сіздің күйеу бала болсам, мен тіпті қуанар едім!

- Білемісің-білмеймісің, Мақпалды азаттыққа шығарған менің жезним мен апайым. Алтай жерлік парткомда шлейді. Мақпалды және ұрлап алып кетпек болып жүрген бірнеше аксиятшыны[8] жезним біліпті. Соның үшін өз үйіне апарып, апайыма жарым жыл бақтырған. Апайым ханзуша тіл-жазу үйреткен. Былтыр күзде біздің осы мектеп оқушы қабылдайтын кезде маған таныстырып жіберіп берген. Аэропланмен жіберіпті. Жезнимнің таныстыруын Мақпалдың боқшасына қосып қойдым. Бек яқшы.

- Ол кісіге де рахымет айтып хат жазамыз! Қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз! -деп күрсіндім мен.

- Жезним жазған тексеру материалынан бәрін түсіндім. Мақпал бек яқшы қыз. Зорлап апарған жерінде қаншалық жазаланса да, көп таяқ жесе де, әйел болышқа пақат ұнамай қойған! Сен оны ерден шыққан деп ойлама, мақұл ма?

- Олай ойламаймын. Ол көпе көрнеу зорлықпен кетті ғой. Тіпті бала тапса да маған өзі талап етіп қайтып келсе, өзімдікі деп серт еткенмін!

- Жоқ, ол тіпті де... ешкіміне көнбеген! Оны үш жігіт зорламақ болған, ұнамағанлықы үшін үшеуінен де қатты таяқ жеген!.. А, мен бекер көп сөйлеп қойдым ба! -деп қызара қарқылдап күлген Сұңжурын орнынан ұшып тұрды. - Өздерің қазір осында сөйлесіп алыңдар! Онан соң тарих тапсыру әрекеті біткенше келме! Сабақдашлары оған пікір айтып, сындап әурелемейтін болсын! Мақұл ма?...

Осы сөзбен сыртқа шығып кетіп еді. Лып етіп Мақпал кіріп келді.

- Бес минут қана! -деп сықылықтай кірді де, тағы да асыла түсті мойныма. Құшұрлана қысқан құшағымнан үні әрең шығып, алқына сөйледі. - Зыдауян[9] бес минутқа ғана... сөйлесіп ал деді... менің саған жазған хаттарымның біреуі де тимеген бе?

- Сенің жазу үлгіңмен сенің атыңда 51-ші жыл 10-шы наурызда жазылған бір хатты Әлия деген сайқалдың кітаптарының арасынан тауып көрдім. Онда: «балалы болдым. Енді оны тастап кете алмаймын, хош бол!» дегендей суық сөз бар екен. Сенікі екендігіне сенбедім.

- Астағыпыралла, мен олай болмақ түгіл... қойшы! -деп күліп жіберді де, өкси жөнелді Мақпал. Құшағымда жылай отырып сұрады. - Онан соң қайттың?

- Онан соң... ол ұзақ әңгіме, кейін айтып берермін! Мен сол хатта жазылған адресің бойынша қайталай өтініп бір хат жазғанмын. Тимеді ме?... «Сарсүмбе поштаханасы арқылы Мақпалға!» деп қана жазып едім.

- Бәле, ондай әдірістен хат тие ме маған! -деп сықылық қаққан Мақпал, ернімнен, иегімнен, бетімнен, маңдайымнан сүйе берді, сөйлей берді. - Сен де қиналып, ақылдан айрыла жаздапсың-ау жаным!... Оның лажысыздықтың далбасасы ғана ғой, Биғаным!... Алдыңғы жылғы Сауырда Гүлсанадан айтып қайтқан сәлемің ғана қалдырды ғой мені өлімнен!... Сені ойлап тұрып, қамалған үйімнің діңгегін де талай құшақтап сүйдім ғой!... Осы ерніңді сағынып, есіктің тұтқасын да қанша сүйдім десеңші! Бәрінен күлкілісі қотыр-қотыр келсаптың басы! -дегенінде қатар күлдік екеуіміз.

- Бес минуты бітті ғой әттегене! -деп мен де шөпелдеттім.

- Енді... енді... он бес-ақ күн ғой, жаным!... Шыдалық!..

- Жап-жақын жерде тұрып... көрісе алмау... тіпті қиын ғой!

- Міне, соғанға дейін жол азығың болсын! -деп Мақпал тілін де тосты аузыма...

 

Әділетті тергеушім, әйелдерге қалжыңдамайтын мезгілде партияға «тарих тапсыру» деп аталатын қылмыс тапсыру науқаны басталған күні не істегенімді көрдіңіз бе!... Қылмыстар түгелімен мүсәдыраланатынын ести сала қылмыс тауып, қылмыс жалмап, қылмыстан қылмыс туғызып, өршеленіп, дүниедегі барлық қылмысты жекеменшігіме тартып жиып, жырғай қоймадым ба! Із-тозсыз жоғалған менің Мақпалым да ойда жоқта, міне, қылмыс қоймаларының бірінен жарқ етіп шыға келді ғой. «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көр» дегендей, жиянгерлікті менің қылмыс банкымнен ғана іздегейсіздер!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



[1] Жепаңжүн - азаттық армия (компартия армиясы).

[2] Барабан. Ырғағына қарай осылай атайтын.

[3] Ака (ұйғырша) - аға.

[4] Сы, бұсы? (қытайша) - рас па? (айтылуы - рас па, рас емеспе?)

[5] Мұтлақ (ұйғырша) - мүлде.

[6] Аңладыңыз ма (ұйғырша) - естідіңіз бе.

[7] Сынып журыны - клас меңгерушісі.

[8] Аксиятшы (ұйғырша) - кертартпа.

[9] Зыдайян (қытайша) - нұсқаушы, саяси жақтағы лауазым. Бұл да Сұңжуріннің өзі.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963