Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5670 0 пікір 31 Шілде, 2012 сағат 09:32

Мұхан Исахан, Ақмарал Сатыбалды. ПЕРIШТЕДЕЙ ПӘК КҮЙГЕ БӨЛЕНГIҢ КЕЛСЕ, ТӘҢIРДIҢ РАЗЫЛЫҒЫ ҮШIН ТАРАУИХ ОҚЫ!

Тарауих намазы - Рамазанның қасиетiн арттырып, жан-дүниемiздi иллаһи шуаққа бөлейтiн ғибадат. Көңiл айдыны осы құлшылықты атқарумен нұрлана түседi. Ауыз ашып болған соң Ұлы Жаратушының тарту еткен сансыз рызығына шүкiршiлiк жасап, қарымтасына тарауих намазын оқып, рухани терең тыныс ала аламыз. Тарауих - таным көкжиегiмiздi хақ шұғыласына бөлейтiн Тәңiрдiң тәбәрiгi iспеттi. Тарауих намазын оқумен жыл он екi ай сусап қалған көңiлiмiз рух тұнығынан сусындап, имани азыққа қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болады.

Тарауих намазы - Рамазанның қасиетiн арттырып, жан-дүниемiздi иллаһи шуаққа бөлейтiн ғибадат. Көңiл айдыны осы құлшылықты атқарумен нұрлана түседi. Ауыз ашып болған соң Ұлы Жаратушының тарту еткен сансыз рызығына шүкiршiлiк жасап, қарымтасына тарауих намазын оқып, рухани терең тыныс ала аламыз. Тарауих - таным көкжиегiмiздi хақ шұғыласына бөлейтiн Тәңiрдiң тәбәрiгi iспеттi. Тарауих намазын оқумен жыл он екi ай сусап қалған көңiлiмiз рух тұнығынан сусындап, имани азыққа қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болады.

Кұн ұзақ шұрылдап ашыққан асқазанымызға үйiлiп-төгiлiп тамақ барған соң денемiздi ауырлық басатыны белгiлi. Ал, ауыз ашып болған соң құптан намазымен қосып тарауихты оқығанымызда Аллаға отыз рет иiлiп, алпыс рет сәжде жасаймыз. Бұл Құдай Тағалаға құлшылығымызды арттырумен бiрге, асқазанымыздағы аста-төк астың оңай әрi тез қорытылуына өз септiгiн тигiзедi. Әлбетте, бiз жасаған ғибадатымыздан дүниелiк пайда көрудi көздемеймiз. Десекте, дiнiмiзде ауыз бекiтiп мол сауап алумен бiрге, iшкен асымыздың қарымтасына оны оңай қорыту жағы да ұтымды қарастырылған.
"Тарауихтың" сөздiк мағынасы - "тынығу" ұғымын бiлдiредi. Ал, рухани мағынасы Рамазан кештерiнiң белгiленген мезгiлiнде Ұлы Жаратушыға мiнәжат ете отырып дене мен рух арасындағы тепе-теңдiктi сақтау ұғымына саяды. Тарауих намазы хақында дiн ғұламалары түрлi көзқараста болғанымен, негiзiнен құлшылықтың бұл түрi парыз емес, сауабы мол сүннет амалына жатады. Алла Елшiсi (с.а.у) тарауих намазының сүннет болу мәселесiне қатысты: "Хақ Тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет еттi. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады", (Бұхари мен Мүсiлмнiң хадис жинағы) - деген болатын.
Хз. Айша (р.а) анамыздың айтуына қарағанда Хақ Елшiсi (с.а.у) Рамазан айында ауыз ашып болғаннан кейiн мешiтке барып сахабаларымен тарауих намазын қылады. Келесi күнi де Алла Елшiсi (с.а.у) сахабаларымен бiрге мешiтте тарауих намазын оқиды. Үшiншi күнi Алла Елшiсi (с.а.у) мешiтке келмейдi. Алла Елшiсiн (с.а.у) сахабалары таң рауандап атқанға дейiн күтедi. Таңғы намаз үшiн мешiтке аяқ басқан Адамзаттың ардақтысы (с.а.у) сахабаларға қарап: "Сiздердiң тарауих намазын оқу үшiн мешiтке жиналғандарыңызды бiлдiм. Бiрақ, сiздер бұл намазды парыз ретiнде қабылдамасын деп, мен әдейi келмедiм", (Әл-Хуласа, Фатау-й Хиндийе) - дейдi.
Осы хадиске байланысты Ханафи, Шафиғи, Ханбали және Малики мәзхаптарының ғалымдары тарауих намазын парыз емес, сүннет амалына жатқызады. Тарауих намазы - құптан намазы мен таң атудың аралығында оқылады. Тарауих намазы түннiң үшiншi бөлiгi кiрместен бұрын оқылғаны абзал. Ғалымдардың көпшiлiгi тарауих намазын құптан намазының үтiрiнен бұрын оқуды құптаған. Әсiлi, ғалымдар тарапынан тарауих намазы үтiр намазынан бұрын оқылсын деген нақты пәтуа берiлмеген. Бiрақ, тарауих үтiр намазынан кейiн оқылса, оның сөкеттiгi жоқ. Дегенмен, ғалымдар белгiлi-бiр тәртiпке негiздеу үшiн тарауих намазын құптан намазының парызы мен үтiрiнiң аралығында қылуды көбiрек мақұлдаған.
Ахлу сунна бағытындағы белгiлi төрт мазхаптың өкiлдерi Рамазан айында тарауих намазының оқылуын бiрауыздан сүннет амалына балағанымен, тарауих намазының қанша иiлуден (рәкат) тұратындығы хақында ғұламалардың түрлi көзқарастары бар. Ханафи, Шафиғи, және Ханбали мазхабының өкiлдерi тарауих намазының жиырма рәкаттан тұрады деп үкiм берсе, Малики мазхабының өкiлдерi тарауих намазын отыз алты рәкат деп бiледi. Оның себебi, Мекке халқы тарауих намазының әр төрт рәкатынан кейiн қағбаны тәуап жасайтын. Ал, Мәдина тұрғындары тәуап жасай алмайтын болғандықтан, оның есесiне он алты рәкат намаз оқыған. Малики мазхабының өкiлдерi Мұхаммед (с.а.у) өмiрiнiң соңғы он жылын Мәдина қаласында өткiзгендiктен, фикх (құқық) мәселесiнде көбiнесе осы қала тұрғындарының үкiмдерiн негiзге алады. Сондықтан да, Малики мазхабының өкiлдерi тарауих намазын отыз алты рәкат деп бiледi. Бұдан басқа базбiр ғалымдар Айша (р.а) анамыздан жеткен дерекке сүйенiп, тарауих намазын сегiз рәкаттан тұратынын айтады. Бiрақ, тарауих намазының жиырма рәкаттан тұратынын жақтайтын ғалымдар Айша (р.а) анамыз жеткiзген деректе Алла Елшiсiнiң (с.а.у) сегiз рәкат тарауих намазын емес, тахажжуд (түн ортасында ұйқыдан тұрып оқитын намаз) намазын оқығанын алға тартады.
Тарауих намазын мұсылмандардың өздерiне қарасты мешiтте жамағат болып оқуы - сүннет кифая (қажеттiлiкке қарай мiндеттiлiк). Сондықтан, бiр жамағат тарауих намазын өзiне тиесiлi мешiтте оқымаған жағдайда, сол жамағат сүннетке қайшы әдепсiздiк жасаған болып саналады. Ал, тарауих намазын өз үйiнде жалғыз оқыған адам әдепсiздiк жасамағанымен, жамағат сауабынан құр қалады (Әл-Мухит. Радиуддин Сарахси).
Задында, Хақ Елшiсi (с.а.у) мешiтте тарауих намазын оқығанда сахабалар сiлтiдей тынып, оған ұйыған. Бiрақ, Пайғамбармыз (с.а.у) көз жұмғаннан кейiн сахабалар мешiтте тарауих намазын жеке-жеке оқыған. Хз. Омар (р.а.) халиф болып тұрған шақта, бiр күнi Рамазан айында мешiтте жамағаттың жеке-жеке тарауих намазын оқып жатқанын көрiп, олардың шашыраңқы түрде құлшылық жасағанын ұнатпай, хз. Убейдi имам қылып, бұдан кейiн тарауих намазын жамағат болып оқуды бұйырады. Осыдан соң тарауих намазын жамағат болып оқу үрдiсi қалыптасады (Сиражул-Ваххаж, Фатау-й Хиндийе).
Шариғат үкiмi бойынша бiр мешiтте екi рет тарауих намазының оқылуы макрух (құпталмаған). Сондай-ақ, бiр жерде тұрып жамағаттың екi бөлiнiп тарауих намазын оқуы және бiр имамның бiр кеште екi рет тарауих намазын оқытуы да макрух. Әйтседе, бiр мұсылман тахуалығына сай екi рет тарауих намазын оқыса, бұл шариғатқа қайшы емес. Тарауихты басынан аяғына дейiн бiр имамның оқытқаны дұрыс. Бiрақ, құптан намазының парызын бөлек имам, тарауихты бөлек имам оқытса, бұл да шариғатқа қайшы келмейдi (Әл-Мухит. Радиуддин Сарахси).
Тарауих намазын жамағат болып оқығанда ер адам мен әйел адамдардың имамға ұйыуы мiндеттi. Әрбiр екi немесе төрт рәкаттан кейiн сәлем берiп, аздап тынығуы мустахаб (шариғат құптаған). Тынығу барысында жамағат болып зiкiр салып, дұға жасаса құба-құп. Тiптi, үнсiз iштен тафаккур (ақиқат туралы терең ойлану) жасаса да, жамағаттың өз ықтиярындағы iс. Себебi, шариғат "тарауих" сөзiне сәйкес әрбiр төрт рәкаттан кейiн демалып алуға рұқсат бередi.
Рамазан айындағы тарауих намазында Құранды хатым қылу сүннет. Екi рет хатым қылудың сауабы одан да жоғары. Құранды хатым етiп Рамазанның жиырма жетiсi, яғни, қасиеттi Қадыр түнiнде бiтiрген абзал. Бiрақ, имам жамағатты зерiктiрiп алмау мәселесiн ескергенi жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелердi оқығаны құба-құп (Сиражул-Ваххаж, Фатау-й Хиндийе).
Байыбына барған жанға қасиеттi Рамазандағы тарауих намазы ымырт түсiсiмен Алла үйiнде бiр ауылдың немесе бiр көшенiң адамдарының басын қосатын иллаһи ұйытқысы iспеттi. Ауызбiршiлiгi бар елге Алланың берекесiнiң жауатынын ескерсек, тарауихтың мұсылмандардың берекесiн арттыратын қасиеттi iс-шара екенiне көз жеткiземiз. Алла Тағала Құран-Кәрiмде: "Сендер Менi еске алсаңдар, Мен де сендердi еске аламын", - дейдi. Демек, тарауихта бiз қауым болып Тәңiрдi еске алсақ, Тәңiр баршамызды еске алады. Бiз Тәңiр-Тағалаға сәжде жасап жалбарынсақ, Тәңiр-Тағала бiзге түгесiлмес мейiрiмiмен қарайды. Хақ сәулесi бiздiң жан-сарайымызды жадыратып, көкiрек қазынамызды хикметке толтырады. Пенделiк мақамнан ұзақтаған рухымыз хақ шұғыласына шомып, перiштедей пәк күйге бөленедi. Перiштедей нұрланған пейiлiмiз жұмыр басты пенденiң жаратылысындағы жұмбақ сырға қанығып, хақиқатпен қауышады. Ендеше, Хақ-Тағаламен қауыштыратын һәм ауызбiршiлiгiмiздi арттыратын тарауих намазының сауабынан құр қалмайық ағайын!

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963