Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Ақиқатқа қиянат 4610 10 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 16:11

Мендерес мадақтауға лайық па?

2021 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Стамбул қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінде сөз сөйлеп, Түркияның бұрынғы премьер-министрлерінің бірі Аднан Мендереске бір кездері өз еліне қазақтарды көшіріп әкеліп қамқорлық көрсеткені үшін алғыс айтты. Сол-ақ екен, көп ұзамай әлеуметтік желілерде Мендереске алғыс жаудырғандардың қатары көбейіп, қызды-қыздымен тіпті кейбіреулері Мендереске Астана қаласынан бір көше беріп, ескерткіш тұрғызу керек деген де пікірлерін де жайып салды. Қатардағы қарапайым желі қолданушылары былай тұрсын, мүйізі қарағайдай ел ағалары мен танымал қоғам белсенділерінің өзі дүрмекке еріп, Мендересті жаппай мадақтауы мені қатты таң қалдырды және қолыма қалам алып, осы мақаланы жазуға мәжбүр етті.

Сонымен бірнеше күннен бері жұрт жаппай мадақтап жатқан Аднан Мендерес деген кім? Ол не тындырды? Қазаққа сіңірген еңбегі қандай? Жетістігі қандай, кемшілігі қайсы? Осы сұрақтарға жауап іздеп, Түркияның тоғызыншы премьер-министрінің өміріне аз-кем шолу жасап көрелік.

Алдымен өмір-жолы мен саяси мұрасына, содан соң қазаққа тигізген пайдасына тоқталамыз.

Сонымен, біздің кейіпкеріміздің толық аты-жөні: Әли Аднан Эртекин Мендерес, 1899 жылы Измирге жақын маңдағы Айдын қаласында ауқатты жер иеленуші отбасында дүниеге келген. Оның аталары кезекті орыс-түрік соғысы кезінде Қырымнан жер ауып келген қырым татарлары еді. Бастауыш сыныпты қарапайым мектепте оқып, кейін Измир қаласындағы Америкалықтар ашқан миссионерлік мектепті тәмамдады. Ағылшын тілін жетік білген. 1930 жылдан бастап саясатқа араласып, Республикалық-халықтық партияның атынан депутат болып сайланып, оқу мен саясатты қатар алып жүреді. 1935 жылы Анкара университетін бітіріп, заңгер мамандығын алып шығады. Содан 1945 жылға дейін партия құрамында әртүрлі мемлекеттік қызметтерде жүрді. 1944 жылдың аяғына таман партия ішінен жік шығып, Махмут Джелал Баяр бастаған бір топ президент Исмет Иненюдің саясатын қатаң сынап, партия ішінде ішкі оппозиция пайда болды. Дінге қатты бүйрегі бұратын, исламистік көзқарасы басым, әрі бұрынан кемалистердің секуляристік саясатынан іштей қарсы болып жүрген Мендерес бірден Джелал Баярдың жағына шығады. Көп ұзамай 1945 жылы жікшілдердің бәрі депутаттық мандаттарынан айырылып, партия қатырынан қуылады.

Түркияның үш президенті: Мұстафа Кемал Ататүрік, Исмет Иненю және Махмут Джелал Баяр. (1935 жыл.) №1 сурет

Екінші президент Исмет Иненю мен болашақ үшінші президент Махмут Джелал Баярдың арасындағы текетірес ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан еді. (Екеуінің жасы да қаралайлас, Иненю 1884 жылы туылған, Джелал Баяр 1883 жылғы.) Иненю Ататүріктің оң қолы болса, Джелал Баяр сол қолы деуге болатын (№1 сурет). Иненю республика құрылған уақыттан бері премьер-министр, ал Баяр 1932 жылдан бастап қаржы министрі болды. Екеуінің арасындағы текетірес 1937 жылы Иненюдің премьерліктен кетіп, орнына Джелал Баярдың премьер болуымен аяқталды ақыры. Бұл кезде Ататүріктің көзі тірі еді. Алайда Джелал Баяр премьер-министр болып ұзақ отыра алған жоқ. 1938 жылы 10 қарашада Мұстафа Кемал Ататүрік бақилық болып, президенттік тақ Исмет Иненюге бұйырғаннан кейін екі ай өткенде, 1939 жылдың 25 қаңтарында жаңа президентпен тіл табыса алмаған Джелал Баяр отставкаға кетеді. Бұл уақытта Екінші Дүниежүзілік соғыс та жақындап қалған, саяси амбиция көрсететін уақыт емес еді. Партия мүшесі және қатардағы депутат болып тыныш жүре берді. Соғыс аяқталып, майдан шебі түрік шегарасынан алыстаған кезде саяси бәсекелестік қайта қыза түсті. Президенттің саясатын қатаң сынап, партиядан қуылғаннан кейін, Джелал Баяр бірнеше серіктесімен бірге 1946 жылдың 7 қаңтарында Демократиялық партияның негізін қалады. Әлбетте, Мендерес те жаңа партиядан табылды. Сол жылы өткен Парламент сайлауында жаңа құрылған партия жеңіске жете алмады. Сондықтан да, 4 жылдан кейін өтетін келесі сайлауда қалайда Республикалық-халықтық партияны жеңу міндет болды. Осы мақсатта партия жетекшілерінің біріне айналып үлгерген Мендерес қулыққа көшіп, популизмге бой алдырады. Сөйтіп ол 1950 жылы сайлау қарсаңында халыққа егер өзі сайлауда жеңіске жетсе азанды қайтадан арабша шақыруға рұқсат алып беруге уәде береді. Түркияда 1932 жылдан бастап 18 жыл бойы азан түрік тілінде шақырылып келген. Әрине, бұл басында халыққа ұнаған жоқ. Діншілдер бастаған талай көтерілістер болды. Алайда халық бұған үйреніп қалған еді. 1950 жылғы сайлау Түркияда алғаш рет демократиялық жолмен ашық әрі әділ өткен. (Бізде де сондай таза сайлау өтетін болса несиелік рақымшылық талап еткен Жанболат Мамайдың Президент болып сайланып кетуі әбден мүмкін.) Демократиялық партия айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Түркия заңдарына сай жеңіске жеткен партия басшысы бірден президент лауазымына қол жеткізеді. Президент жақтастарының бірін премьер-министр етіп тағайындайды. Партия төрағасы Махмут Джелал Баяр президент болып тағайындалды да, партия төрағалығын Аднан Мендереске береді. Сондай-ақ оны премьер-министр етіп тағайындайды. Мендерес премьер-министр болған күннің ертесіне-ақ сайлау алдында берген уәдесінде тұрып азанды арабша оқуға тыйым салатын 1932 жылғы бұйрықтың күшін жойып, қайтадан түрікшеден арабшаға аударып береді. Оның ең үлкен қателігі де осы болды. Егер де Аднан Мендерес болмағанда түріктер әлі күнге дейін азанды түрікше шақырып жүре берер еді. Тиісінше өзге мұсылман халықтары да үлгі алып, олар да өз тілдеріне аударып алар еді. Біз де тілімізді бұрап, тамағымызды кернеп арабша сарнамай-ақ, өз тілімізде құдайға сиынуға мүмкіндік болар еді. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің дамуына өз септігін тигізер еді деп ойлаймын.

Демократияны желеу еткен демократ Мендерес билікке келе салысымен күрт өзгеріп шыға келді. Ол өзі уәде еткен демократиялық принциптерден айнып, авторитарлық басқару стиліне көшеді. 10 жылдық билігінің соңына таман диктаторға айналуға шық тұрды. Ататүрік салып берген зайырлылық принциптерінен айнып, исламистік саясат ұстана бастады.

Дегенмен де, Мендерестің алғашқы 5 жылдығы Түркия үшін жақсы өтті. Түрік экономикасы жылына 8 пайыздық өсім беріп отырды. Түркия Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаны қайта қалпына келтіруге және коммунизмнің таралуын тежеуге бағытталған АҚШ-тың «Маршал жоспары» деп аталып кеткен бағдарламасына қатысып, елге біраз қаражат тартты. Маршал жоспары бойынша Түркия 1948-49 жылдары 28 миллион, 1949-50 жылдары 59 миллион, 1950-51 жылдары 50 миллион, жалпы саны 3 жылда 137 миллион доллар көмек алған. Бұл өте ауқымды қаражат еді. Соның арқасында түрік экономикасы едәуір алға ілгерілеп, Стамбул қаласын біраз жаңарту жұмыстарын жүргізіп алды. Қалай дегенмен де сырттан қомақты қаражат салынса кез-келген елдің экономикасы қарыштап дамиды, сондықтан да мұны Мендерестің жетістігі деуге келмес. Мендерес үкіметінің ең үлкен жетістігі – Түркияның өз монета сарайын салуы болды. Бұған дейін 120 жыл бойы түрік банкноталары мен монеталары Лондонда басылып келген.

Протекционизмнен экономиканың либералды моделіне өту қысқа мерзімді перспективада ғана тиімді болып шықты. Көп ұзамай экономика қайта дағдарысқа ұшырап, түрік лирасы долларға шаққанда 4,5 есеге құлдырап кетті. Мендерестің исламистік саясаты салдарынан елде ұлтшылдар мен діншілдер бас көтеріп, көптеген ұлтаралық қақтығыстар орын алып жатты. Солардың бірі 1955 жылдың 6-7 қыркүйегінде болған «Стамбул топалаңы». Ашуға мінген қалың адамдардың тобыры қалағы гректердің үйлерін тонап, шіркеулерін өртеп, грек зираттарындағы марқұмдардың сүйектерін қазып алып көшеге лақтырып, адам айтқысыз сұмдықтарға барды. Ресми мәлімет бойынша 16 грек өлген. Қала инфрақұрылымы бүлініп, қазіргі есеп бойынша 1,2 миллиард рубльдің шамасында шығын келген. Осыдан соң Стамбулда тұратын 100 мыңға жуық гректің жартысынан астамы көшіп кетті. Бұдан өзге де ірілі-ұсақты қырғындар орын алып, гректер, еврейлер т.б. көптеген этникалық азшылық өкілдері зардап шекті. Мұндай вандализм көріністері Аднан Мендерестің демократиялық үкіметінің тұсында орын алып жатты.

Демократиялық партия экономикадағы жетістіктері мен популистік саясатының арқасында 1954 және 1957 жылғы сайлауларда жеңіске жетті. Алайда Мендерес мұнымен шектелгісі келген жоқ. Түркия ол кезде конституция бойынша Президенттік-парламенттік республика еді, яғни биліктің жартысы президенттің, жартысы премьер-министрдің қолында. Оның келесі мақсаты елдің төртінші президенті болу еді. 1960 жылы Джелал Баяр 77 жаста болатын. Ол көп ұзамай кетеді. Орнына Мендерестің президент болу мүмкіндігі жоғары еді. Мендерес президент болып, конституцияны өзгертіп, елді қайтадан президенттік республикаға айналдырып, елді жеке-дара билеуді көздеді. Бәрі де осыдан қауіптеген болуы керек, елде жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, әскери төңкерістің белгілері анық байқала бастады. Университеттерде оқ атылып, күмәнді оқытушылар жұмыстан қуылып, күмәнді әскерилер мәжбүрлі түрде зейнетке жіберіліп жатты. Айталық, 1954-1958 жылдар аралығында үкіметке қарсы мақала жазған 238 журналист сотталды. Армия төңкеріс жасайды деген сылтаумен 15 генерал мен 150 полковникті, оның ішінде Бас штаб бастығы Нафиз Гюрманды және барлық жоғарғы қолбасшылықты отставкаға жіберді. Оппозицияға кеткен Республикалық-халықтық партия өкілдеріне қысым көрсетіліп, көптеген басылымдар жабылды. Көптеген оппозициялық басылымдардың редакцияларына қасақана өрт қойылды. Шеруге шыққан халыққа оқ атылып, жағдай бақылаудан шығып кетті. Бұрынғы президент, оппозиция жетекшісі Исмет Иненюді парламент жиналысына кіргізбей қоюы халықтың ашуын одан бетер қоздырды. Мендерес ақыры 1960 жылы 25 мамырда өзіне бағынбай кеткен Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің (Парламент) жұмысын тоқтатты. Бұл оның соңғы тұяқ серпуі еді.

Мендерес президент болғанда не болар еді? Әлбетте ол Ердоған сияқты референдум өткізіп, президенттік билікті күшейтіп, одан соң тағы бір референдум өткізіп елді зайырлы мемлекеттен ислам республикасына айналдырып жіберетін еді. (1986 жылы Пәкістан президенті Мұхаммед Зия-уль-Хак осылай істеген еді. Бірақ ол ислам республикасының қызығын ұзақ көре алмады. 1988 жылы ұшақ апатынан қаза тапты.) Бәрі де, ең алдымен әскерилер осындай сценарийден қауіптенді.

1960 жылдың 27 мамырына қараған түні генерал Джемал Гүрсел бастаған бір топ әскерилер әскери төңкеріс жасап, президент Махмут Джелал Баяр мен премьер-министр Аднан Мендерес бастаған үкіметтің барлық мүшелерін қамауға алды. Олардың барлығы да сотқа тартылып, Мәрмәр теңізіндегі Яссыада аралына жөнелтілді. Сот процесі 10 айға созылып, 1961 жылдың қыркүйегінде премьер-министр Аднан Мендерес, сыртқы істер министрі  Фатин Рюштю Зорлу және қаржы министрі  Хасан Полаткан өлім жазасына кесілді. Зорлу мен Полаткан 16 қыркүйек күні, Мендерес 17 қыркүйек күні сот шешімімен дарға асылды (№2 сурет). Әскери төңкеріс қантөгіссіз, бейбіт өтті.

Аднан Мендерес. №2 сурет

Мендереске 13 айыптау тағылып, оның 12 бойынша кінәлі деп танылды. Олар: жәрдемақыға бөлінген қаражаттарды жымқыру, сот билігінің тәуелсіздігін бұзу, мемлекеттік радионы саяси мүдде үшін пайдалану, кейбір оппозициялық депутаттар мен оппозиция жетекшілерінің жүріп-тұру еркіндігін шектеу, университеттерде рейд жүргізіп, бейбіт халыққа оқ жаудыру, валюталық заңнаманы бұзу, демократиялық партияны жақтап дауыс бермеген аудандарға қысым жасау т.б.

Мендерестің сот назарға алмаған өзге де қылмыстары бар еді. Айталық, ол Америкаға жағыну үшін 1951 жылы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің келісімінсіз түрік әскерлерін 1950-1953 жылдары болған Корей соғысында Оңтүстік Кореяның жағында соғысуға жіберді. Мыңдаған түрік ұлдары жет жерде қаза тапты және жарақат алды. 1952 жылы НАТО-ның өтініші бойынша коммунизмге қарсы тұрақты емес соғыс жүргізу үшін кейіннен Арнайы соғыс департаменті деп аталатын Мобилизацияны тергеу комиссиясы құрылды. 1954 жылы шетелдіктерге Түркияда мұнайды барлауға және өндіруге рұқсат берілді. Заң үстемдігін қорғаған Кассациялық сот алқасының төрағасы Бедри Кокер, Жоғарғы соттың бас прокуроры Рифат Алабай, 2-ші кассациялық сот төрағасы Хайдар Йүчекөк, Кассациялық сот алқасының мүшелері Мелехат Руакан, Камил Чошкуноглу, Фаик Урас пен Илхан Диздароғлу мәжбүрлі түрде қызметтерінен алынып, зейнеткерлікке жіберілді. Бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан трактор шығаратын зауытты және кейбір полиграфиялық зауыттарды экономикалық тиімділігі төмен деп жауып тастады. Жаңа президент Джемаль Гүрсел сыртқы күштердің реакциясынан қорқып бұлардың бәрін күн тәртібіне қойғызбады.

Бұрынғы президенттер Мұстафа Кемал Ататүрік те, Исмет Иненю де білім-ғылымға қатты көңіл бөліп, соның арқасында Түркия 1950 жылдары өз ұшағын жасап шығарытын жағдайға жетіп қалған-ды. Ататүрік әлемде алғашқылардың бірі болып авиация саласына ерекше көңіл бөлген адам. Ұзақ жылдар бойы мыңдағын адамның қажырлы еңбегінің арасында іске қосылған ұшақ және ұшақ қозғалтқыштарын құратын зауытты, оған қоса Эскишехир танк зауыты мен Қырыккале қару зауытын Мендерес НАТО стандарттарына сәйкес келмейді деген себеппен жауып тастайды. Осылайша түрік авиаиндустриясының тамырына балта шапты. Менедерес болмағанда біз бүгінде америкалық Боинг, француздық Эйрбас, Канадалық Бомбардье, бразилиялық Эмбраер немесе итальяндық АТР ұшақтарымен бірге түріктің де төл ұшағымен ұшып жүрер едік... Бүгінгі таңда әлемде 212 мемлекет болса, соның ішінде 7-8 мемлекет қана ұшақ өндіре алады. Осыған қарап-ақ Мендерестің Түркия үшін, тіпті бүкіл адамзат баласы үшін қандай зардап әкелгенін бағамдай беруге болады...

Мендерес мұның бәрін не үшін істеді? Әрине, американдықтардың мүддесі үшін. Түркияда АҚШ-тың ықпалы өте күшті еді. Түркия ұзақ уақыт бойы КСРО-дан қауіптеніп өмір сүрді. 1942, 1946, 1947 жылдары Джозеф Сталин Түркияны басып алудың жоспарын да жан-жақты талқылаған деген деректер бар. АҚШ араға түсіп, Түркияны сақтап қалды. Сондықтан да Мендерес АҚШ-тың қас-қабағына қарап саясат жүргізді. Американдықтарды ренжітпесем билікте ұзақ отырамын деп ойлаған болса керек. Неғұрлым ұзақ отырса, ойға алған жоспарларын іске асыруға солғұрлым жақсырақ болмақ. Бәлкім ол шариғат заңдарына сүйене отырып билік жүргізген Османлы сұлтаны болуды армандаған шығар...

Президент Махмут Джелал Баяр мен партияның өзге де 12 мүшесі өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілді. Сот шешімімен демократиялық партия таратылды. Джелал Баяр Мендерес сияқты әсіре діншіл болған жоқ. Сондықтан да болар, ол қатал жазаға тартылған жоқ. 1964 жылы денсаулық жағдайына байланысты түрмеден босатылса, 1966 жылы толық ақталып шықты. 1974 жылы барлық құқықтары қалпына келтірілді. 1986 жылы 103 жасында дүниеден өтті.

Генерал Джемал Гүрсель президент, Исмет Иненю қайтадан премьер-министр болды. Мендерес өзіне лайықты әділ жазасын алды. Бірақ азанды қайтадан түрікшеге аударуға ешкімнің де батылы бармады. Себебі түрік қоғамы 10 жылдың ішінде біраз өзгеріп, зайырлы жолдан біраз ауытқып кеткен еді. Қысқасы, Мендерес жынды бөтелкеден шығарып жіберді. Оны қайтадан орнына кіргізу ешкімнің де қолынан келмейтін еді. Ататүріктің принциптеріне адал әскерилер одан кейін тағы да үш рет (1973, 1980 және 1997 жылдары) әскери төңкеріс жасап, исламистік жолға түскен үкіметтерді төңкерді. Алайда Тұрғыт Озал, Сүлейман Демирел, Нәжмеддин Эрбақан, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған сияқты дінге бүйрегі бұратын басшылар билікке бірінен соң бір келіп, Түркияны Ататүрік салып берген жолдан 180 градусқа бұрып жіберді. Мендерес, Зорлу және Полаткан 1987 жылы Тұрғыт Озалдың бастамасымен ақталып, 1990 жылы құрмет көрсетіліп қайта жерленді. Измир қаласындағы әуежайға, университетке т.б. жерлерге атын беріп, бүгінде құрмет көрсетуде. Осылайша зайырлы жолдан бас тартып, исламистік саясат жүргізген Мендерес Ататүріктің антиподына айналып шыға келді. Мендерес дарға асылған Яссыада аралы бүгінде «Бостандық пен демократия аралы» деп аталады. Ердоғанның да Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитін осы аралда өткізуінің де символдық мәні бар болса керек...

№3 сурет

Аднан Мендерес жалпы қарама-қайшылыққа толы, күрделі адам. Демократияны жақтап билікке келді де, анти-демократиялық саясат жүргізді. Өмірде бес уақыт намаз оқып, дінді қатаң ұстанған адам. Сөйте тұра мына суреттен (№3 сурет) Джерманияда сыралатып отырғанын көреміз. Дін жолындағы адам алкогольді ішімдікке үйір болады ма, жемқорлыққа батады ма?

1957-1958 жылдары Алжирде Азаттық соғысы басталғанда мұсылман алжир халқының Тәуелсіздік алуына қарсы болып, католиктің француздарды жақтап шықты. Қысқасы, Мендерестің дінді саяси мақсаттарына шебер пайдаланған үлкен авантюрист болғанын көреміз.

Мұрағат деректері бойынша Мендерес 1951-1960 жылдар аралығында 43 адамды өлім жазасына кесу туралы бұйрыққа қол қойып, олардың барлығы да орындалған. Олардың ішіндегі ең атышулысы 1955 жылы 14 сәуірде тыңшылық жасағаны үшін өлім жазасына кесілген Хаяти Карашахин болды. Оған кесілген өлім жазасы Анкара қаласының Саманпазары ауданында көпшілік алдында орындалды. Айыбы – орыстар пайдасына тыңшылық жасағаны үшін. 20 ғасырдың ортасында, демократиялық үкімет осындай қадамға барды. Демократиялық үкімет, Карл!

Жеке өміріне келер болсақ, Аднан Мендерес 1929 жылы Измирдің атақты отбасыларының біріның қызы Фатма Берин Эвлиязадеге үйленіп, Юксел, Мутлу және Айдын атты үш ұлы болады. Олардың барлығы да саясатпен белсенді айналысып, тағдырлары қайғылы аяқталды. Үлкен ұлы өзіне-өзі қол жұмсаса, ортаншы ұлы жол апатынан қаза тапты. Кіші ұлы жол апатынан аман қалғанымен ғұмыр бойы мүгедек болып, 2011 жылы бақилық болды.

Ал енді сол Мендерестің қазақтарға жасаған қандай жақсылығы болды? Енді соған тоқталайық:

Яхья Кемаль Беятлы. №4 сурет

Махмут Джелал Баяр. Түркияның үшінші Президенті (№5 сурет)

Асылында, Қытай асып, Кәшмир арқылы Пәкістанға қоныстанған қазақтарды Түркияға қоныстандыру ісін бірінше болып қолға алған Түркияның Пәкістандағы тұңғыш елшісі - Яхья Кемаль Беятлы мырза (№4 суретте). Ол сонда жүріп қазақтармен танысып, олардың Түркияға көшу туралы өтінішін ұйымдастырып, Анкараға жолдаған да осы Яхья Кемаль Беятлы болатын. Сондықтан да біз, қазақтар алдымен алғысты осы кісіге айтуымыз керек. Бюрократиялық кедергілер салдарынан қазақтардың өтініші қаралмай біраз уақыт жатып қалған. Беятлы мырза денсаулық жағдайына байланысты елшіліктен босап 1949 жылы Түркияға оралады. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуге шамасы болмаған сияқты. Өтініш қаралғанша бірнеше жыл өтіп кеткен. Кейін өтініш қаралып, Мендереске дейін жеткен. Шындығында, Мендерес бұл іспен арнайы шұғылданған жоқ, оның түрікшілдік идеясы да жоқ болатын. Ол бар болғаны төменгі инстанциялардың бәрінен өтіп, өзіне келген дайын құжатқа қол қойып, әрі қарай президенттің қол қоюына жібереді. Мендерес қол қойған құжатта барлық үкімет мүшелерінің қолы бар. (№6 және 7 сурет) (Егер Мендерес қазақтардың көшіріп алу туралы жеке бұйрық шығарса онда алғыс айтуға болар еді. Бірақ оның қол қойғаны жеке бұйрық емес, үкіметтің қаулысы. Оған қоса Мендерес президент емес, премьер-министр болатын.) Бұл істе соңғы шешімді президент Махмут Джелал Баяр (№5) қабылдайды. Иә, президенттің бұл құжатқа вето қоюға да құқығы болды. Бірақ ол олай істемеді. Президент Джелал Баяр қазақтарға көмектесу туралы құжатқа қол қояды. Президенттің қолы қойылғаннан кейін барып құжат заңды күшіне енеді. (Түркияға қоныс аударып келген қазақтардың көсемі Қалибек Хәкім мен оның ұлы Хасан Оралтайды президенттің өзі жеке қабылдаған.) Сондықтан да, Түркияға көшірілген қазақтар алдымен елші Яхья Кемаль Беятлы мен сол кездегі президент Махмут Джелал Баярға қарыздар. Осы екі кісіге алғыс айтсақ тарихи әділдік орнаған болар еді.

Қазақтарға көмек көрсету туралы тарихи құжат. №6 сурет

Біздің президентіміз сол саммитте Мендереске алғысты саясат үшін «әдейі» айтқан шығар, Ердоғанның көңіліне қарап... Оны да түсінуге болады. Ердоған өзін Мендерестің ізін жалғастырушы санайды. Егер де, Тоқаев мырза алғысты Мендереске емес, Джелал Баярға айтқанда бұл сөзсіз Ердоғанның көңіліне тиер еді. Біздің президент тарихи сәттің, әдемі кештің шырқын бұзғысы келмеген шығар. Сондықтан да бұған түсіністікпен қарауға болады... Ал шындығында алғыс айтуға лайықты тұлғалар - Яхья Кемаль Беятлы мен Махмут Джелал Баяр... Тарихи шындық осы!

Оралбек Ж. Өтеғұлов

Филолог, саясаттанушы
Ақтөбе қаласы

Abai.kz

10 пікір