Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3571 3 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 17:42

Кеткен қателіктерге сараптама жасалмады

Қарап отырсақ, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығына аяқ басыппыз. Уақыт еліміздің қоғамдық-саяси өміріне өз ізін қалдырып жатыр. Мына төмендегі мақала бұдан тоғыз жыл бұрын жазылып, көне компьютерімде ұмыт қалған екен. Оқып қарасам, оның өзектілігі әлі күнге жойылмапты. Соны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Азия құрлығының ортасына орналасқан Қазақстан дейтін ел өз тәуелсіздігінің 21 жылын атап өтуде. Қазақстан «әлі жас, бесіктен белі шыққан жоқ» дейтін кезден өттік. Жиырма бір – жігіттік жас. Кеңес Одағы Екінші жаһан соғысында қатты бүлінген шаруашылықты жиырма жылға жетпей қалпына келтіріп, ғарышқа адам ұшырған. Қазақстан да тоқмейілсушіліктен арылып, ертеңге көз тігуі қажет.

Мен өз елімді, қазақ жұртын, Қазақстанымды сүйемін. Сондықтан да елімнің ертеңі үшін алаңдаймын. Енді бір 20 жылдан соң, тіпті енді бір он жылдан соң Қазақстан қандай болады? Бұл сауал әр патриот қазақты, қазақстандықты ойландырмай қоймаса керек. Ал ертеңіміз қандай болу керектігін анықтау үшін бізге өткенімізді білген абзал. «Келешекте қайталамау үшін жіберілген қателіктеріміз қандай? Оның салдары не болады? Оны түзету үшін не істеу керек?»

Осы төңіректе бір ойланып көрелікші. Қазақстанды жиырма жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев екі жүйенің, екі формацияның ара жігінен шыққан, Қазақстанды қал-қадерінше басқарған адам. Алла тағаланың ол да бір бойында жетістігі мен кемістігі қатар жүрген пендесі. Неге екендігі белгісіз, Президент соңғы жылдарда өз табиғатына жат, өз ұлтына қарсы шешімдер қабылдап жүр. Жеке басқа табынушылықтың қай жағында жүргеніміз беймәлім, бірақ жағымпаздық ауыздықсыз етек жайып барады. Қазақстанның егемендік декларациясы қабылданған күнге байланысты Республика күні мерекесі (25-қазан) алынып тасталып, Тұңғыш Президент күні (1-желтоқсан) сияқты мереке енгізілуі көкейге қонбайды. Мемлекет қайраткерінің бағасын әдетте замандастары емес уақыт береді.

Идеологтар мен PR мамандар Елбасы беделін сақтаудың дозасын білуі керек еді. Назарбаевтың абыройы «Тұңғыш Президент күніне» тіреліп тұрған жоқ. Енді 20 жылдан кейін бұл күн мерекелер тізбесінде бола ма, болмай ма, бір құдай біледі. Алты рет ұсынылғанына қарамастан Президентке Нобель сыйлығы бұйырмағаны жұртқа мәлім ғой.

Мойындайтын бір шындық – Қазақстанның 20 жылда қол жеткізген азды-көпті табыстарымен бірге жіберген қателіктері де аз болған жоқ. Олар қандай қателіктер еді? Келешекте қайталамау үшін осыны да айқындап алайық.

Қазақ мемлекеттілігін құрап отырған бізге, қазақ халқына не керек? Бізге елде тұрып жатқан түрлі ұлт диаспораларының мәдени дамуына қамқорлық жасайтын азаматтық қоғамды дамыта отырып, Ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастыр ма4ызды. Дәл қазір Қазақстан Қазақ ұлттық мемлекеттілігінен гөрі орыс тілді, орысқолды азаматтық мемлекеттілікке айналып барады. Біздің ата-бабаларымыз аңсаған, кешегі Алаш арыстары белгілеген жолға қайта түскеніміз жөн!

Өтпелі кезеңде Қазақстанда авторитарлық режим жұмыс істеді. Атқарушы, заң шығарушы, сот билігі сияқты мемлекеттік биліктің үш тармағы бір қолға шоғырлану арқылы Қазақстан авторитарлық билікті күшейтті. Бірақ одан күрт дамыған ештемеміз жоқ. Кеткен кемшіліктер, орын алған ағаттықтар көбейді. Өкініштісі Қазақстанда кеткен қателіктерге сараптау ешқашан жасалған емес. Соның салдарынан елдегі кері кетушіліктерді жетістік ретінде кеңінен дәріптеушілік етек жайды. Өз елімізге өзіміз жау емеспіз. Орын алған қателіктерді, кеткен қисынсыздықтарды түземесек, қайтіп алға басуға болады?! «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген әдеби қағида мемлекетке де қатысты деп ойлаймын.

Менің ойымша 21 жылдық тәуелсіздік тарихында етегімізден тартқан қателіктердің бастысы – мемлекеттің ұлттық сипатының шайылып бара жатқаны. Жыл сайын бөлініп жатқан миллиардтаған қаржыға қарамастан мемлекеттік тіл мемлекет үшін қажеттіліктен қағыс қалып тұр. Министрліктер мен ведомстволар қазақ тіліне пысқырмайтын болды. Бүкіл шенеуніктер элитасының тілі – орыс тілі. Бұл әсіресе Кедендік одақ іске кірісуімен тіпті өршіп кетті. Бірқатар министрліктер есептерін мемлекеттік тілді жасауды доғарды.

Қазақстандағы саясат та, экономика да Орталық Азиядағы басқа елдер сияқты ұлттық мемлекетті нығайтуға бағытталуға тиіс еді. Іс жүзінде атқарылып жатқан шаруаның дені ұлттық мемлекет емес, азаматтық мемлекеттің диірменіне су құюда. Егер бұл үрдіс жалғаса беретін болса қазақтың ұлттық ойы мен ұлттық санасы әлеуметтік сілкіністер арқылы мұндай теріс құбылысқа тосқауыл қоюы әбден мүмкін.

Еліміздегі тағы бір теріс құбылыс – көзбояушылық. Кеңестік кезеңнен, партиялық биліктен қалған көзбояушылық көріністері Қазақстан үшін соншалықты етене болып кетті. Жоғарғы билік орындарынан біреу келетін болса жағдайды бүркемелеп «ауруды тыңдай, ақсақты дыңдай» етіп көрсетушілік нормаға айналды. Соның салдарынан бүгін «іске қосылған» зауыт, фабрикалар ертесіне қайта жабылып жатыр. Кімді алдаймыз? Қарапайым адамдарды тіршіліктің «парадтық» жағы емес күнделікті «ауласының» жағдайы толғандырады. Бұл теріс құбылыс сайлау, референдум тәрізді демократиялық институттардың өңін айналдырып, өміріміздің әр саласына еніп кетті. Көзбояушылық саяси алаяқтыққа жол ашты.

Қазақстандағы ең сорақы құбылыс – «коррупция». «Транспаренси Интернейшнл» ұйымының жаңа методикасы бойынша Қазақстан коррупциялық теріс көрсеткіштер жағынан әлем елдерінің алдыңғы легінде жүр. Қазақстандағы коррупцияның басты ұясы – сот билігі мен атқарушы органдар. Мемлекеттік билік пен сот билігі тазармайынша елде бұл құбылыс аяқ тартпайды.

Демократиялық режим мен тоталитарлық режим арасындағы авторитарлық билік мәңгілік болуы мүмкін емес. Енді бес-он жылда оның ішкі потенциалы толықтай сарқылады. Ары қарай Қазақстан қандай жолмен жүруі керек? Монархиялық, хандық билік өзін әлемге демократиялық мемлекет ретінде танытқан Қазақстан үшін қол емес. Ендеше біз дамудың демократиялық қағидаттарына сүйенуіміз ләзім. Онда бізге авторитаризмге қайта ұрынбау үшін парламенттік республика ұстыны керек болады.

Мемлекет басшысы кім болса да екі мерзімнен артық сайланбайтын, Парламент алдында қатаң есеп беретін принциптер басшылыққа алынуы керек. Яғни бұл жерде Қазақстанға жаңа Конституция сұранып тұр.

Тегінде қолданыстағы Ата заңымыздың кемістіктері толып жатыр. Ең бастысы онда Қазақстанның Қазақ мемлекеттілігі екендігі түйінделмеген. Осыдан барып еліміздегі түрлі диаспора өкілдерінің жергілікті ұлтты менсінбеушілігі, тіпті басынушылығы орын алып жүр. Олихаргтардың бәрі өзін қазақ жерінің қожайыны сезінеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шет елдердегі қандастарымызды атамекенге қайтару ісі қарқынды жүргенімен қазір бұл іс тоқтап қалды. Үкімет оралмандарды квота арқылы елге қайтару мәселесіне қатысты үш жылға мораторий (масқара!) жариялады.

Бұл мәселенің астарында Қазақ мемлекеттігін нығайтудан туындайтын қорқыныш жатыр. Қазақстанда қазақтар санының көбеюі таразы басын ұлттық мемлекетті нығайту пайдасына аударып жібереді. Халықаралық нормалар бойынша мемлекетте жергілікті ұлт халықтың үштен екі бөлегінен асса ол моноұлтты мемлекет болып саналады. Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты қодан жасалған ұйымдар керек болмай қалады. Шенеуніктер осыдан зәресі қалмайды. Өйткені орысқол өзі де, баласы да жұмыссыз қалудан шошиды.

Сондықтан 2009 жылғы санақ қорындысы бойынша ілкіде елде қазақтар саны 67 пайыз деп жарияланса, іле-шала 63 пайыз деп төмендетілгені есте. Е.Ертісбаев сияқты сарапшысымақтардың Жаңаөзен көтерілісінің себебін Үкіметтің дәрменсіздігінен емес оралмандардан көруі «Нұрлы көшті» тоқтатты. Бұл да қателік!

Басы ашық дұрыс идеологияның болмауы салдарынан Қазақстан ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі болып табылатын ақпараттық экспансиядан да қорғана алмай отыр.

Қазақстанның қабылдануға тиісті жаңа Конституциясы Қазақстанның Қазақ Республикасы екендігін, мемлекет құраушы ұлт қазақтар екендігін паш етуге тиіс. Жаңа мемлекет әлеуметтік теңдікке, әлеуметтік әділеттілікке бағытталған социалистік мемлекет болуға тиіс!

Марат Бәйділдаұлы Тоқашбаев

жазушы, публицист

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475