Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1954 1 пікір 19 Қараша, 2021 сағат 17:52

Алматы қаласы жастарының саяси мәдениеті қандай деңгейде?

Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Алматы қаласындағы жастардың саяси мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететін факторлар» атты стратегиялық сессия өткізді.

Сессияның фасилитаторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов сөз басында жастардың саясаттағы рөліне тоқталып, белсенді жастардың үлес салмағы оңтүстік астанада басқалармен салыстырғанда әлдейқайда жоғары екенін тілге тиек етті.

Алғашқы болып сөз тізгіні тиген саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әміребаев саяси мәдениеттің ұлттық негіздері бар екенін қаперден шығармауға шақырды. «Саяси мәдениеттің іргесі ұлттық тәрбие арқылы қалыптасады. Оны елемей саяси мәдениетті дамытамыз деу бос әурешілік болады» дейді ол.

Зерттеуші, ғалым Алмасбек Шағырбаевтың ойынша қазіргі таңда жастардың саяси көзқарасына әлеуметтік желі сияқты ештеңе қатты әсер етіп жатқан жоқ. Ол жақта әртүрлі топтардың мүддесі тайталасып жатқандықтан, жастар оларға еріп, қате саяси ұстанымға ұрынып жатады. Сол себепті жастар өз саяси мәдениетін әлеуметтік желідегі жауапкершіліктен бастау керек екенін атап өтті.

Азаматтық белсенді, былтыр елімізде өткен парламент сайлауында бақылаушы болған Асылтай Тасболат жастардың саяси мәдениеті еркіндіктің арқасында қалыптасады деп санайды. «Бала өсе келе ата-анасынан тәуелсіз болып, жеке-дара ұстаным иесі атанатынын ескерсек, жастар да есейе келе мемлекеттің саясатынан бөлек өз бетінше саяси мәдениет қалыптастырады. Оларға мемлекет өз саясатын таңбай, еркін қалыптасуына жағдай жасауы керек. Саяси мәдениет мәжбүрлікпен қалыптаспайды, еркін таңдау идеялары арқылы қалыптасады» деп пікірін білдірді А.Тасболат.

Философия, саясаттану және дінтану институтының тағы бір ғалымы Дамир Фазылжанның сөзіне құлақ түрсек цифровизация үрдістерінің жастарға ықпалы аса орасан екен. «Жастардың жаңа құрылғылар мен цифрлық бағдарламаларды оңай меңгеруі көңіл қуантатыны рас, бірақ олар сонымен қатар тұтынушы. Қандай ақпарат алады, соны тұтынады. Нені тұтынады, соның ықпалына түседі» дейді ол.

Сессия соңында фасилитациялық тақта негізінде арнайы ұсыныстар мен шешу жолдары әзірленіп, ол құзырлы мекемелерге жолданатын болып келісілді.

Қ.Қарабаев

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440