Еуропа: «Қош бол, «Сбер», - дейді. Мамин ше?
«Сбербанк» Орталық және Шығыс Еуропадағы өзінің еншілес несиелік ұйымдарын сату туралы келісімге қол қойды. 100% Ресейге тиесілі банктің баспасөз қызметі: «Sberbank Europe AG жаңа бизнес-модельдерді зерттеп, нарықтың тиімді жағына көңіл бөлу үшін Орталық және Шығыс Еуропадағы орнын босатуға шешім қабылдады», - деп мәлімдеген.
Бұған дейін «Сбербанк» төрағасының орынбасары Лев Хасис банктің Түркия нарығынан кеткенін және Еуропа нарығынан кетуіне геосаяси жағдайлар себеп болып отырғанын айтқан болатын.
Ресей Қырым аумағын күштеп қосып алғаннан кейін Еуроодақ пен АҚШ санкциясының астында қалған. «Сбербанк» капиталының еуропалық және америкалық қаржы нарығына шығуына шектеу қойылған.
Әлемнің алпауыт елдері Ресей банкінен іргесін аулақ салуға тырысуда, ал, біздің билік «Сбербанкке» «халықтың жеке деректерін» сеніп тапсырмақ.
Премьер-министр Асқар Мамин «Қазақстан үшін «Сбербанк» платформасы цифрлық трансформацияда жеке деректерді қорғау жағынан ең тиімдісі» деп санайды.
«Цифрлық трансформация ең бастысы, мемлекеттік қызметтің және мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын көтереді, халыққа қолжетімділігін арттырады. Үлкен көлемдегі деректер кезінде жылдам және тиімді шешім қабылдауға цифрлық трансформацияның көмегі зор. Осы мәселе тұрғысынан келгенде біздің платформалық шешімдерге бет бұрғанымыз дұрыс. Қазіргі уақытта бірнеше платформалық шешім бар. Біз осы міндетті іске асыру аясында қандай мүмкіндіктеріміз бар екенін мұқият зерттедік. Хуавей, Майкрософт, өздеріңіз білетін Амазон бар. Бірақ осы мәселені зерттегенде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бірінші орынға қойдық. Жеке деректерді қорғау туралы әрдайым айтып келеміз. Осы тұрғыда бізге ең қолайлысы және тиімдісі – «Сбер» платформасы», - деген еді Премьер-министр.
Маминнің айтуынша, бұл жұмысқа отандық IT мамандары шақырылады, сондықтан жеке деректердің қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ-мыс.
Ал, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақстанда «Сбер» сияқты ауқымды платформа жоқ екенін алға тартып, Ресейден дайын платформаны сатып алған тиімді» деп санайды.
«Бұл шешімге келмес бұрын біз жан-жақты зерттеу жүргіздік. Әсіресе, пандемия басталғалы бері қай елдің қандай платформаны қолданатынын зерттедік. Рас, мұндай технологиялар Google, Amazon, Facebook секілді алпауыт компанияларда бар. Алайда, олар өздері қолданып жатқан технологияны ешкімге бермейді. Қыруар қаражатқа сатып алғанның өзінде де ашық кодтарын ұсынбайды. Ашық код біздің бағдарламашылар үшін платформаны әрі қарай жетілдіріп, дамыту, техникалық қызмет көрсету және сүйемелдеу үшін ауадай қажет. Егер платформаны ашық кодсыз алатын болсақ, біз олардың бизнес модельдеріне бағынышты болып қаламыз. Оның үстіне әрбір жаңарту, жетілдіру үшін біз тағы да қосымша ақша төлеуге мәжбүр болар едік. Ал «Сбер» компаниясы бізге бәрін қолжетімді етіп, платформаның барлық компоненттерінің бастапқы кодтарын көрсетеді және Қазақстандағы серверлерге орналастырады. Келісім осындай», - деп Маминнің сөзін құптап пікір білдірген.
«Сбербанк» Босния мен Герцеговинадағы (Sberbank BH D.D. Sarajevo және Sberbank a.d. Banja Luka), Хорватиядағы (Sberbank d.D.), Венгриядағы (Sberbank Magyarország Zrt.), Сербия (Sberbank Srbija A.d. Beograd) және Словениядағы (Sberbank banka d.D.) еншілес несие ұйымдарын сатады. Келісімнің жалпы сомасы – 500 миллион еуро. Олардың 2020 жылдың соңында 162 филиалы және 600 000-ға жуық клиенттері болған.
Айжан Темірхан
Abai.kz