Қанат Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Амандық Ғаббасұлы Баталов Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды.
Ақорда ресми түрде "Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Алматы облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі лауазымынан босатылсын" деген хабарлама таратты.
Қанат Бозымбаев 1969 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы «Эдем ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде экономист болып бастаған. 1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі, 1997 жылы «Алмаз және Компания» компаниясының экономикалық мәселелер жөніндегі директоры, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің өңірлік саясат бөлімінің басшысы, 1997-1998 жылдары «Мұнай тасымалдау жөніндегі «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының жиынтық-қаржылық департаментінің бастығы, экономикалық мәселелер бойынша вице-президенті, 1998-2000 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің мұнай және газ департаментінің басшысы, Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі. «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті, «KEGOC» ашық акционерлік қоғамының президенті, «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «KEGOC» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, 2009-2013 жылдар аралығында Жамбыл облысының әкімі, 2013-2016 жылдар аралығында Павлодар облысының әкімі, 2016-2019 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі қызметтерін атқарған.
2019 жылдың 18 желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалған. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне жетік.
Abai.kz