Ауыт Мұқибек. Көшке өш болмайық!
(Биыл Қазақстанға қазақ көшінің келгендігіне 50 жыл толу байланысымен)
Тарихты тұлғалар жасайды. Тәуелсіз мемлекеттің ірге тасын топтан озған тұлпар текті ұлдар ғана қалайды. Ұлтты да ұжданы асқақ азамат бір шаңырақ астына ұйыта алады. Бұл - өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат.
Шығыстағы көршіміз Қытай елінің Жаңа үкіметі өткен ғасырдың 49-жылы құрылғанымен, нағыз өркендеуге 1980-жылдардың басынан бастап әрең қадам басты. Оған жетекшілік еткен Дың Шияу пиң. Ол кәдімгі Қытайдың өз тумасы, Абай атамыз дүние салған жылы өмірге келген, кезінде Франциядан оқыған. Біздің Алашорданың көсемдері тірі болғанда, осы кісімен тұстас, замандас жасар еді. 1976-жылы қудалаудан құтылып, қайтадан билікке келгенде тұп-тура Нұркеңнің биылғы жасында - 72-де еді. Дың қызмет бөлісінде тек өтпелі сипаттағы Орталық Ақылшылар көмиетінің төрағасы, Орталық Әскери істер көмитетінің бас қолбасшысы міндетін ғана өтеді де, биліктің незізгі тізгінін өзінен кейін өсіп келе жатқан жас, талантты жігіттерге ұстатты. 1989-жылы зейнеткерлікке шықты. 1997-жылы қатыс болды.
(Биыл Қазақстанға қазақ көшінің келгендігіне 50 жыл толу байланысымен)
Тарихты тұлғалар жасайды. Тәуелсіз мемлекеттің ірге тасын топтан озған тұлпар текті ұлдар ғана қалайды. Ұлтты да ұжданы асқақ азамат бір шаңырақ астына ұйыта алады. Бұл - өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат.
Шығыстағы көршіміз Қытай елінің Жаңа үкіметі өткен ғасырдың 49-жылы құрылғанымен, нағыз өркендеуге 1980-жылдардың басынан бастап әрең қадам басты. Оған жетекшілік еткен Дың Шияу пиң. Ол кәдімгі Қытайдың өз тумасы, Абай атамыз дүние салған жылы өмірге келген, кезінде Франциядан оқыған. Біздің Алашорданың көсемдері тірі болғанда, осы кісімен тұстас, замандас жасар еді. 1976-жылы қудалаудан құтылып, қайтадан билікке келгенде тұп-тура Нұркеңнің биылғы жасында - 72-де еді. Дың қызмет бөлісінде тек өтпелі сипаттағы Орталық Ақылшылар көмиетінің төрағасы, Орталық Әскери істер көмитетінің бас қолбасшысы міндетін ғана өтеді де, биліктің незізгі тізгінін өзінен кейін өсіп келе жатқан жас, талантты жігіттерге ұстатты. 1989-жылы зейнеткерлікке шықты. 1997-жылы қатыс болды.
Дың кәрияның Қытайша модельдегі соцсиализм құруы, сыртқа қарата есікті айқара ашу саясатын жолға қоюы, барлық салада жаппай реформа жүргізуі өз алдына, ол әлемнің қай елімен болған депломатиялық қатынаста хан ұлтының мүддесін, Қытай елінің тұтастығын ең бірінші кезекке қойып отырды. Алыс-беріс пен барыс-келістің ең алғы шартында даулы Тайвань мен Шияңгаң (Гангонг) мәселесі тұрды.
Қытай жерінің кеңдігі тұрғысынан дүние жүзіндегі алдыңғы ондықтың үшіншісіне табан тіресе, халық саны жағынан бірінші орында тұрады ғой. Соған қарамастан, осынау «екі тілкім» арал мен «екі-ақ уыс» халық біреуді жұтпаса, жұтылмайтын бүкіл бір алып елдің ең жанды жері, алар биігі есептелді. Соның жолына бар күшін салды.
1986-жылы 2-қырқүйекте Америка тілшісі Маик Уалластың «Қазір Қытай-Америка қатынасында үлкен алауыздық бар ма?» деген сұрағына:
-Бар. Қытай мен Совет Одағының қатынасында үш кедергі бар десек, Қытай-Америка қатынасында да бір кедергі - Тайвань мәселесі, бұғаздың екі жағын бірлікке келтіру мәселесі бар. - деп жауап береді Дың ақсақал. Тілші тағы: «Тайваньның Ұлы құрлықпен бірлікке келуінің не қажеті бар» - дегенде:
-Бұл әуелі ұлт мәселесі, ұлттық сүйіспеншілік мәселесі. Қытай ұлты ұрпақтарының бәрі Қытайдың бірлікке келуін үміт етеді. Бөлшектеу ұлт еркіне қайшы іс.- деп түсіндірді. («Дың Шияу пиң мақалаларынан таңдамалылар», 3-том, 309-, 311-беттер)
Бұл күнде Қазақстан да Қытай секілді әлем таныған дербес ел. Нұрсұлтан Назарбаев та Дың Шияу пиң сияқты бір халықтың сенім артқан тұлғасы. Мемлекеттер көлемі, тарихы, дамуы, әл-ауқаты жағынан ілгері-кейін болуы заңдылық, ал құқық, мүдде жағынан келгенде мұлде тең дәрежеде. Елбасылардың да мәртебесі солай. Осы қағиданы негіге ала отырып, Қытай үкіметі сыртқы саясатта «Бейбіт қатар тұрудың бес принципін» белгілеген. Азуын айға білеген Америкадан бастап, ешбір елді осы белгілемеден арыға аттап бастырған емес.
Сондықтан қазақ ұлтының диаспорасы бар елдердің басшыларымен кездекенде, шеттегі қазақтардың мүддесін, олардың Қазақстанға кедергісіз көшуін қамтамасыз ету шарты астында тиімді келісім жасау тәуелсіз Қазақстанның, қазақ халқының президенті ретінде Н.Назарбаевтың да бірінші парызы. Өйткені, қазіргі таңда әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жүрген қазақ баласының да бір-біріне қослуға, бір қазаннан дәм татуға хақысы әбден бар. Шикізат жағынан кез-келген мемлекет Қазақ еліне тәуелді. Халқының саны аз, «Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің алдында тұратын» Қазақ елінің кең жер мен мол байлық сынды зор мүмкіндігі тұрғанда, қандастарымызды көшіріп алуға қатысты механизмді дұрыс, оңтайлы шешуге, оны ұлттық идеалогиямызға айналдыруға да шамасы кемел жетеді.
Соңғы бірнеше жылдың көлемінде «Көші-қон», «Шетелдегі қандастар», «Оралмандар мәселесі» деген сөздер қазақ билігінің аузынан айтылмайтын болды. Елбасының өткен екі жылдағы «Жолдауынан» бұл атауларды мүлдем кездестіре алмадық. Тіпті, кеше ғана «Егемен Қазақстан» газетінде басылған, бүгінде барша қазақстандықтардың талқысына түсіп жатқан «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында да бұл терминдер атымен жоқ. Қайта, Қызылағаштағы апаттан, Жаңаөзендегі қырғыннан кейін алыстан келген сол бауырларымыз барынша жағымсыз етіліп көрсетіле бастады. Бар бәле-қазаны бастарына үйіп-төгетін болдық. Көші-қон саласын басқаратын құзіреттілікті қоярға оңтайлы жер таппадық. Таратып жіберуге батпадық. Ақырында ел көзінен ауашалап, есігі берік, ызғары қатты, шешімі қатал Ішкі Істер министрлігінің қорасына апарып тықтық та тастадық. Сөйтіп қазақтардың Атамекенге оралатын жолын барынша тарылттық, қиындаттық. Азаматтық алуына бір жыл тосқауыл қойдық. Бұрыннан алып келе жатқан азынаулақ квотасынан айырдық. Дәл осы тұста «ҚР ІІМ-нің Көші-қон полциясы комитеді» деген алпамсадай аты, Патрис Нокин деген төрағасы бар Комитет қазақ көшін қарқындатуға, оның түйінін шешіп, жобасын жасауға мүлдем қауқарсыз. Қазір жалпы Қазақстан қоғамында Көші-қон деген ұғым бұрын-соңды болмағандай, алыс-жақын шетелде бірде-бір қазақ баласы жоқтай өлі тыныштық орнап тұр...
Әйтпесе, келгісі келмей тұрған қазақ, жібермей отырған шетел жоқ. Шеттегі Алаш жұртының түгелімен бір шаңырақ астына топтасқысы, ұрпақтарын азат елдің ауасымен тыныстатқысы, әрең қолы жеткен тәуелсіз елде тұрғысы келеді. Бар кінарат біздің елімізден болып отыр. Керек қылмай отырған Қазақстанның өзі. Бұл ешбір ақылға сыймайтын жағдай.
Израйльдың көші-қон саясатын жолға қойғанына ғасырдан асты. Бұл үрдісті бір күнде ақсатқан, күн тәртібінен түсірген емес. Германияға да алпыс жылдан асыпты немістерді шақырғалы. Бұл ел де көш қарқынын үдетпесе, бәсеңдеткен жоқ. Біз көп үлгі алатын, жалтақтап қабағына қарай беретін батыстағы көршіміз Ресей екі сөзінің бірінде сырттағы орыстардың мәселесін ту етіп көтереді де отырады. Демек, қандастарын шақырған, мемлекет құраушы ұлттың мүддесін бар мүддеден биік қойған елдердің қай-қайсысы да ұтылған емес. Қайта әлемде еңсесі биік, тұғыры мықты, азуы алты қарыс алпауытқа айналды. Енді ешкімге жалтақтамайды да, біреудің қолтығына кірмейді де.
Қазіргі айтылып жүрген мәліметтерге сенсек, 20 жылда Қазақстанға оралған қандастарымыздың саны сегіз жүз мыңның ар жақ-бер жағында ғана екен. Шетелде әлі де бес миллион қазақтың барын ескерсек, бұл тым аз сан. Оның үстіне, тәуелсіздікке жиырма жыл болмай жатып, енді ғана басталған, қарқын алып үлгірмеген көштің жолын жаптық, міне.
Бұл нені көрсетеді?
Бұл - «Қазақстан шынымен де тәуелсіз ел ме, жоқ па?» - деген салмағы батпан сұрақ тудыратын мәселе.
Дың Шияу пиңнің 1982-жылы 24-қыркүекте Англияның бас уәзірі Э.Тэтчер ханымды қабылдағанда айтқан мына сөзіне қараңыз:
«Егер, Қытай 1997-жылы яғни жаңа Қытай үкіметі құрылғанына 48 жыл болғанға дейін Шияңгаңды (Ганконгты) қайтарып алмаса, Қытайдың әрқандай басшысы және Қытай үкіметі қытай халқына да, дүние жүзі халқына да жауап бере алмайды. Егер, Шияңгаңды (Ганконгты) қайтарып алмаса, онда Қытай үкіметінің Шиң империясының соңғы үкіметі болғаны, ал Қытай басшыларының Ли Хұң жаң* болғаны ғой!». («Дың Шияу пиң мақалаларынан таңдамалылар», 3-том, 22-бет)
Қазақ көші тоқтатылған қазіргі кезеңде Дыңның осы сұрағын біз де өз елімізге қойып көрейікші: «Біз тәуелсіздікті кім үшін, неге алдық?»- деген ой келеді алдымен. Ел құсаған екі миллиард емес, айналдырған аз қазақтың басын қоса алмасақ, ертең арғы беттегі қандастарымыз ұлттық салт-санасынан, дінінен айырылып, аты бар да, заты жоқ дүбараға айналып кетсе, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кешегі Кеңес Одағынан не айырмасы болғаны?
Қазақстан анау Орысқа кеткен Омбыны, Саратов пен Астраханды, Қытайға кеткен Шығыс Түркістанды, Өзбекке кеткен Ташкентті қайтарып алмай-ақ қойсын делік. Бастан құлақ садаға болсын! Құдай қалған даламызға тыныштық, берекесін берсін! Шынайы тәуелсіз ел екені рас болса, Ақорда халқаралық нормативтермен баяғыда шешіліп қойған Көші-қон мәселесін дұрыс жолға қойып, сыртта қалып отырған бес миллион қазақтың қыл үстінде тұрған қиын тағдырын шешуі, Көш саясатын мемлекеттің ең өзекті мәселесіне айналдыруы керек қой!
Дыңның 1989-жылғы елді жайлай бастаған жемқорлыққа қарсы Тиянь-Анминь алаңына шыққан өрімдей студент жастарды қырып салғанын, қолының қызыл қанға боялғанын әлем жұртшылығы жақсы біледі. Бідікі қарусыз қара халықты тапа-тал түсте қуалап жүріп атқыласа, олар түн қараңғысында қалың танкпен мыжып-жаншып өте шыққан. Ондағы адам шығыны біздің Жаңаөзен мен Шетпедегі оққа ұшқан бейкүнә жандардан неше ондаған есеге артық болғаны да мәлім. Бірақ, ұлы репорматордың айналасы жиырма жылдың ішінде, артта шаң қауып қалған өз мемлекетін тікесінен тік тұрғызған ерлігін де ешкім жоққа шығара алмайды. Бұрынғы Кеңес Одағының басшысы М.Горбачевпен кездескенде ол: «Өмірімде бір-ақ іс қалды, ол - Тайвань мәселесі. Мен ол мәселе шешілген кезге жете алмайтын сияқтымын. Бітірген істерім - Жапониямен, Америкамен қатынасты реттедім. Совет Одағымен де қатынасты жөнге салдым. Шияңгаңды (Ганконгты) қайтарып алуды тұрақтандырып, Англиямен келісімге келдік. Бұл сыртқы қатынас жағындағы араласқандарым. Ел ішінде партияның негізі ұстанымын, төртті осызамандандыру құрлысын өзек етуді, төрт негізгі принципке табанды болуды белгілеу жұмысына араластым. Әлі жүзеге аса қоймағаны - басшылық міндеттегі өмірлік лауазымдылық жойылмады, бұл - түзімдегі маңызды мәселе.»-деген еді. («Дың Шияу пиң мақалаларынан таңдамалылар», 3-том, 532-бет) Бұл - Кеңес Одағының күйреу алдында тұрған; Қытайдың жан басына шаққандағы ІЖӨ-ін екі еселеп, дамудың даңғыл жолына еркін түсіп кеткен кезі болатын. Ол бұл жерде жоғарыдағы аты аталған алпауыт мемлекеттермен арадағы болатын жай ғана қалыпты депломатиялық қатынастарды айтып отырған жоқ, дүние жүзіне Тайваньға болған Қытайдың толық иелік ұқығын мойндатқанын, сыртқа сүйем жер жібермегенін, ұлтының ұлы арманын орындағанын, ендігары бұл мәселеге нүкте қойғанын аса сыпайылықпен меңзеп тұр. Шалдың осы өзінің астарында таба мен мақтанның алма-кезек есіп тұрғанын Михаил Сергеевич сезді ме екен деші сол кезде?! Кейін тақ мәселесін де екі кезектен артық отырмайтын етіп, оң шешіп кетті жарықтық. Оның еліне сіңірген осынау ұлан-қайыр еңбегі манағы «бұлікшілерді» қанға бөктірген айыбын жуып-шайып жіберді. Атын Қытай тариқына алтын әріппен жаздырды. Бүкіл дүние жүзін таңырқатты...
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев та халқымыздың тәлейіне туылған, қиын-қытау заманның қыспағынан өткен, соқпағымен жүрген кемеңгер. Қазақ елінің өркендеуіне көп тер төкті. Оның ел ішіндегі беделі де ерекше, жиырма жылдан бері аттан түсірмей алып келе жатырмыз. Бір мемлекеттің басшысы ретінде әлем таниды. Танып қана қоймай, айтқанына бас шұлғиды. Бұл жағынан Ресейдің қошамет-қолпашы, ықылас-пейілі тіпті алабөтен, бәрін басып түсетіндей. Солай дей тұрғанмен, ең маңызды саналатын ұлттық мәселе, соның ішінде осы шеттегі бес миллион қазақтың тарихи Отанына олралуының тоқтатылғанын еске алсақ, Дың атқарған істің алдында жер шұқып қаламыз. Қазақстанның «Шегараны бекемдеу», «Жаңа астананы салу», «ЕҚЫҰ-на төрағалық ету», «Қысқы Азияда ойындарын өткізу», «Әлемдегі түрлі дін өкілдерінің басын қосқан жиналыстар шақыру», «Ислам конференциясына басшылық жасау», «Кеден одағына кіру»... дегендерінің көбі «дақпырты жер жарған», уақыт шаңына көміліп қала беретін жай даңғазалар.
«Шегераны бекітуге» келейікші, Кеңес Одағы тарағаннан кейін, айналамыздағы көршілеріміздің оған өздері мүдделі болды. Ең алдымен Қытай жағы құлшыныс танытты. Өйткені, Қазақстан арқылы ол елге суық қарулар түрлі жолдармен молынан кіріп кетті. Ондағы еркіндік, тәуелсіздік жолында күресіп келе жатқан ұлттар жаппай қарулана бастады. Тибет пен ұйғырдың тәуелсіздікке деген ынтасы арта түсті. Қарулы қақтығыстар күн санап көбейді. Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп жатқан мезгілде, он бір мың қандасымыз Үрімжідегі Қазақстан елшілігінен виза ала алмай, шуылдап жатты. Қысқы Азияда ойындарын өткізген Қазақ елі болғанымен, қатысқан спортшылардың қатарында қазақтар жоқтың қасы екенін көрдік. Әлемдегі түрлі дін өкілдерінің басын қосқан қаншама жиналыстар шақырғанымызбен, басқа елді былай қойғанда, өз елімізде терактілер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұгінгі кеден одағыңыз, түптеп келгенде, қазаққа қайтадан құлдық қамытын кигізетін қатерлі әрекет деп шулап жатыр халық.
Астананың Арқа төсіне жөткелуі, әдемі етіп салнуы ұлттық құндылық екенінде сөз жоқ. Ал, бар болымысынан айырылып бара жатқан алыстағы бес миллион қазақты көшіріп әкеліп, ел қатарына қосу, таза ұлттық мемлекет құру - одан да зор тарихи мәні бар, баға жетпес маңызды қарекет екені естен шықпау керек! Көші-қонды тоқтату тікелей қазақ ұлтының тағдырына, тәуелсіздіктің мәңгілігіне, мемлекеттің болашағына ашықтан-ашық балта шапқандық. Бұлай болғанда, Елбасымыздың өз сөзімен айтсақ, «ұлт мемлекеттіліксіз өмір сүре алмайды, құрып кетеді. Өз кезегінде ұлттың жойылуы оның мемлекетінің өмір сүруін мәнсіз етеді». Демек, алдымен ұлттың ұпайы түгел болса, басқасы ешқайда қашпайды. Сондай-ақ, ұлт үшін тәуелсіздіктен қастерлі ештеме жоқ. Оның жолындағы күрес - күрестердің ұлысы. Құдайға шүкір, қазақтың қолы бұл ұлы мәртебеге жетті. Ата- бабамыздың атының тұяғы тиген, ащы тері, қызыл қаны төгілген алып аймақтарымыздың біразы алпауыттардың қанжығасында кеткенімен, қалған даламыз да тақиямызға тар келмейді. Қытай кірген одықта Қазақ елінің де картасы тұр. Сосын бұл тәуелсіздік Қазақстан аумағындағы елге ғана тән емес, әлемнің түкпір-түкпіріне тарихтың алай-дүлей кесепаттарының кесірінен тарыдай шашылған барлық қара көздерге ортақ. Сондықтан оның дәмін барша қазақ татуға, игілігін күллі алаш жұрты көруге құқылы. Солай еткізуге Қазақстан да, оның президенті де міндетті. Батыр бабаларымыздың аңсаған бар арманы да сол болатын. Қазақстанның тұрақтылығын, мәңгілігін сақтауда, оны өркендететуде де жүктің ауыры, талаптың үлкені қазақтарға түседі.
Қазақ халқы саны жағынан әлемдегі аз ұлт. Тәуелсіздік алғанымызға небәрі жиырма-ақ жыл. Көшке сонша өш болудың керегі жоқ!
29.07.2012
Алматы
Ли Хұң жаң* - Шиң империясының үкіметі атынан Қытай-Англия «Янтай шартына», Қытай-Франция «Магуан шартына», «Қытай-Россия құпия шартына» және «Шиншоу шарты» секілді тиімсіз келісімдерге қол қойып, жер сатқан уәзір.
«ҰЛТ TIMES» апталығы