163,4 млрд доллар. Үкімет есеп бере ме?
Қазақстанның мемлекеттік қарызы жылдан-жылға көбейіп жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару» тұжырымдамасында 2021 жылы мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 30,6 пайызға өскені жазылған.
«Мемлекеттік қарыз есебінде қызмет көрсетуге арналған республикалық бюджеттің шығыстары 2015 жылғы 296,5 млрд теңгеден 2021 жылы шамамен 1,1 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде бюджетке түсетін борыштық жүктеменің деңгейі республикалық бюджет түсімдерінің 9,7%-дан 2013 жылғы трансферттерді қоса алғанда, 2020 жылы 13,1%-ға дейін өсті», - делінген құжатта.
Осы көктемде Мәжіліс депутататтары Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша «мемлекеттік жене мемлекеттің кепіл болуымен алынған қарыз сомасы 21,5 трлн теңге немесе 51,2 млрд долларды құрайды» деген ақпарат берді.
Үкіметтің қарызын өтеу үшін жұмсалатын жиынтық шығын 2020 жылы 1,5 трлн болса, 2021 жылы 2 трлн, ал 2025 жылға қарай 2,7 трлн болады деп болжанып отыр. Мәжіліс депутаттары бұл жағдай елдің экономикасына, қоғамның тұрақты дамуына керу әсер беретінін айтқан. Соңғы бес жылда мемлекеттік қарыз 117%-ға яғни, 9 трлн теңгеге жеткен.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов шикізаттың бағасы түсетін болса, Қазақстанның сыртқы қарызы экономикамызға қауіп төндіретін айтыпты.
«Әзірге мемлекет сыртқы қарызды жабуға жағдайы жетіп тұрғанда алаңдамауға болады. Бірақ Қазақстанның экономикасы нарықтағы кез-келген өзгеріске төтеп бере алмайды. Оның үстіне ішкі қарыздың болуы өте қауіпті жағдай тудырады. Биыл Ұлттық банктің статистикасы бойынша, еліміздің сыртқы қарызы 163,4 млрд доллорды құрайды. Егер осы соманы Қазақстанның әрбір тұрғынына бөлетін болсақ, шамамен әр адам қазіргі ақша құнымен санағанда 8800 доллор яғни, 4 млн теңге қарыз болып шығады», - дейді сарапшы.
Ұлттық банктің түсіндіруі бойынша, сыртқы қарыз дегеніміз – Халықаралық әдістемеге сәйкес есептелген макроэкономикалық көрсеткіш. Қарыздан басқа оның құрамына қазақстандық кәсіпорындардың тауарды шетелге жеткізу бойынша алдын-ала жартылай немесе толық ақшасы төленген тауарлар туралы міндеттемелері, шетелдік инвесторлардың қазақстандық банктерге қойған депозиттері т.б кіреді.
Ұлттық банк не дейді? Ұлттық банк:
«Қазақстанның сыртқы борышы 163,4 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 80%-ы АҚШ долларымен, 4%-ы еуромен, 4%-ы теңгемен. Сыртқы борыштың себептері көбіне Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін белсенді түрде шетелден тікелей инвестиция тартуымен байланысты. Халықаралық әдістемеге сай, мұндай инвестициялар елдің сыртқы борышы болып саналады. Фирмааралық қарыз 101,2 млрд долларды құрап тұр. Алайда Халықаралық тәжірибеде фирмааралық қарыздар «қаупі аз делініп», сыртқы борышты есептеген кезде алынып тасталады... Сонымен фирмааралық борышты алып тастағанда 62,2 млрд АҚШ доллары қарыз бар», - дейді.
Ұлттық банктің айтып отырған фирмааралық қарызын Расул Рысмамбетов былай түсіндіріпті:
«Сыртқы қарыз екі үлкен топқа бөлінеді: мемлекеттік қарыз және фирмааралық қарыз. Үкімет кепілдік берген мемлекеттік қарыз 13,2 млрд долларды құрайды. Фирмааралық қарыз дегеніміз не? Бұл – шетелдік компания Қазақстандағы кәсібіне 30 млрд доллар құяды. Мысалы, «Chevron» компаниясы Қазақстанмен біріккен «Теңізшевройл» компаниясына инвестиция салады, бұл іске Қазақстан ешқандай жауапкершілік алмайды».
«Біз сыртқы қарыз 160 млрд доллардан асады дейміз, ал бұл – ЖІӨ-нің 90 пайызы деген сөз. Мемлекеттік қарыз 8-9 пайызын алса, ішкі квазимемлекеттік секторда 20-22 млрд доллар қарыз бар. Яғни ЖІӨ-нің 13 пайызын алады. Бұл жердегі қауіп мынада: квазимемлекеттік секторлар төлемдерден қиындық көретін болса, инвесторлар ол қарызды Қазақстан Үкіметінен сұрайды», - деп түсіндірді маман. «Әзірге жағдай тұрақты. Бірақ біздің жалпы ішкі өніміміз көп жағдайда мұнайға, метал өндірісіне, газға т.б. шикізат өнімдеріне тәуелді. Нарықтағы кез-келген теріс динамика қауіп төндіреді. Мәселен, мұнай бағасы барреліне 30-40 доллорға түсіп, ол ұзақ уақытқа созылатын болса, мына қарыздарымызды қалай өтейміз деген сұрақ туады», - деді сарапшы.
Сыртқа қарыздың ең үлкен сомасы Нидерланды елінен алынған – 44,1 млрд доллар. Одан кейін еліміздің Ұлыбританияға 23,4 млрд доллар, АҚШ- қа 13 млрд доллар, Францияға 11,7 млрд доллар берешегі бар. Халықаралық ұйымдардан 11 млрд доллар алсақ, Бермуд аралдарынан 10,1 млрд доллар, Қытайдан 10 млрд доллар қарыз алған екенбіз. Ал, Ресейдің алдындағы қарыз 9,2 млрд долларға жеткен. Жапониянікі 5,6 млрд доллар, Гонконгтікі 4,2 млрд доллар, Виргин аралдарынікі 3 млрд долларға жуықтады. Сонымен қатар, Бразилия, Гренландия, Исландия, Конго, Сирия, Черногория, Ямайка сияқты елдерге 100 мың доллардай тағы қарызбыз.
Вице-премьер-министр Әлихан Смаилов 2024 жылға қарай Қазақстанның мемлекеттік қарызы 33 трлн теңге боладтынын айтады.
«Бюджет шығыстары бойынша біз тиісті жылға инфляцияның нысаналы деңгейіне қарай жасалған бюджет шығыстарының өсуін шектейтін 10 жылдағы нақты ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу деңгейімен контрциклдік ереже қоямыз.
Осының барлығы бізге бюджетке тапшылықты төмендететін, кірістерді өсіріп, шығыстарды ұстап қалуды көздейтін мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 32 пайызын құрап, қалыпты ұстап тұратын мүмкіндік береді. Бұл 2024 жылға қарай 32,8 трлн теңге болады», - депті Смаилов Сенаттың кезекті отырысында.
«Салық заңнамасына өзгерістер енгізіп, Халықаралық салық салуды, трансферттік баға белгілеуді, акциздік саясатты жетілдіретін боламыз. Сондай-ақ, тау-кен металлургия кешені бойынша ұсынысты дайындаймыз. Мұның бәрі бізге 2024 жылы Ұлттық қорды пайдалануды қазіргі 4,5 трлн-нан 2,4 трлн-ға теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - депті вице-премьер Смаилов.
Айжан Темірхан
Abai.kz