Әлім Орал. Жайықтың жайы кетіп барады. Экспедиция елді шулатып жүр
«Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа!» деген Асанқайғы атамыздан қалған өсиет қос өзенді бойлай қоныстанған ежелгі жұрт үшін бұлжымас қағидаға айналған. Бұған шүкір. Алайда өзінің тұма бастауын Ресей жеріндегі Орал тауларынан алатын біздің Жайық өзені жылдан-жылға арнасы басылып, шұрайлы шөбі мен жасыл орманы солғын тартып, Орал зауытынан шығатын шағын кеменің өзі қайраңдап, бауырлап қалатын апатты жағдайға ұшырағалы қашан? Кемі он, жиырма жылдың көлемі десек ағат болмас. Міне, осы аталған уақытпен шендескен, алдына адамзатқа ортақ, әсіресе екі ел үшін екібастан маңызы зор экологиялық экспедиция жасақталып, сапарға шығып келе жатқанына жиырма жыл болды. (1989 жылы оқушылардан жасақталған алғашқы экспедиция сапарға шығыпты) Біз осы экспедицияның Жайық өзенінің күрделі ахуалын сауықтыруға жасап жатқан қандай жұмысы бар деген мәселеге аз-кем сыни көзқараста тоқталғымыз келеді.

Алғашында «Провдухиннің ізімен» деген атпен шығып жүрген экспедиция артынан «Жайық - Орал» экологиялық экспедициясы деп атауын өзгертті. Бүгінде тіпті атағы дырдай: «Халықаралық "Жайық -Орал" тарихи-мәдени экологиялық экспедициясы» деп аталады. Аты мен затының құбылуына сай оның қаржылық қажеті де еселеп өскені мәлім. Экспедицияны жасақтап, Жайықтан Орынборға, немесе керсінше Орынбордан Оралға аттандыруға, жолда елді мекендерге тоқтап, әр түрлі мәдени шаралар өткізуге, қысқасы киім-кешек, ішіп-жемінен бастап, бүкіл керек-жарағымен қамтамасыз ету үшін жылда қыруар қаржы шығын болуда. Сонда не бітті? Жайық өзенінің проблемасы жеңілдеді ме? Жоқ. Өйткені өзеннің экологиялық апатты жағдайы асқынбаса, әзірге жеңілдей қойғанын біз көріп отырған жоқпыз. Экспедицияның тұрақты жетекшілерінің бірі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко бастаған топ (арасында өлкетанушы атанаған Ж.Ақбай сияқты зейнеткерлері бар) жыл сайын елді дүрліктіріп, өзенге түсіп, жорықтарын жасап жатады. Жергілікті баспасөз бүгін «Жайық - Орал» жорыққа аттанды»,-деп жатса, аз күн өтпей «Экспедиция оралды» деп тағы жарты әлемге жар салудан танбайды. Ал, экспедиция мүшелерінің Ірілі-ұсақты кездесулер мен мәдени шаралар өткізіп, суға шомылып, балық жеп, шашылық шайнап, сыра-пыра ішіп қайтқаннан басқа бітіретін істері шамалы. Әлі күнге үкімет оларға құлақ аспай отыр. Орал мен Астана арасында шыр-пыр болып жүрген депутатымыздың үнін естімейтін үкіметіміздің құлағы тас керең, не естімейтін құлаққа естілмейтін сөз айтып, депутат атанып жүрген Тарасенко ханымның «жанайқайы» құр айқай, жаңғырық қана.
Экспедицияның тарихи негізіне Провдухин деген саяхатшының тірлігі себеп болған деседі. Ал Валериан Провдухин - орыс жазушысы, Орынбор жерінде туған, аң атып, балық аулап, өзінше Жайық бойын кезіп саяхат жасағанды ұнатқан. Сол сапары барысында казактар жайлы жазған.
Жыл сайын «Жайық - Орал» экспедициясын ұйымдастырып, босқа арамтер болғанша, оған бөлінетін қаржыға неге нақты жұмыстар істемеске? Мәселен, сол экспедиция аттанып жататын Орал қаласындағы Жайық өзенінің жағалауы күл-қоқысқа толып, әбден ластанып болды. Суға шомылушылар үшін жағажай жасалмаған, демалушылар кез-келген жерді бүлдіріп кете барады. Демалысқа сай орын дайындалса: құм төгіліп, қоқыс салатын жәшіктер қойылып, орындықтар орнатылып, т.б. қажеттіліктер істелсе, өзен жағалауы қазіргісіндей күйге ұшырамаған болар еді. Жайыққа да халыққа да еш пайдасы жоқ, үкімет қаржысын босқа шашқаннан басқаны білмейтін «Жайық -Орал» сияқты бір топ демалушылардың ғана күйін күйттеген экспедицияның барынан жоғы абзал. Қаржы демекші, ғаламторда және баспасөздегі «Жайық -Орал» экспедициясы туралы мәліметтерде оның қаржы көзі аталмайды. «Біздің бұлай сапарға шығуымыздың бар құпиясы демеушілер тарапынан» дейді оған қатысушылардың кейбірі. Болса болар. Бірақ демеушілер де өз қалталарынан алып беріп жатпаған шығар. Онда жұмыс жасап жатқан ел-жұрттың үлесі, маңдай тері бар болар. Тарасенко ханым, парламент мәжілісінде Жайық өзенінің мәселесін көтергендей болып жүр, бірақ депутаттың сөзі мен ісі бір-бірімен үйлеспейтін сияқты. Жиырма жылда бірде-бір Жайыққа да халыққа да пайдалы шаруа істелмепті...
Доспанбеттей, Махамбеттей аруақты ата-бабамыз: «Айналайын Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда?..» деп тебірене жырлаған өзеніміздің үстінде сауық-сайран құрғанша, нақты іспен шұғылданған мың есе артық емес пе?
«Абай-ақпарат»