«ЖАНАЗАСЫЗ ЖЕРЛЕНГЕН» АҚЫН
Қара аспанның қаһарына жұтылған сол тамұқ түнді қарғыс атсын!
Абыз ақынның мүрдесін жұмыла жұрт болып ақырғы, ақтық сапарға шығарып сала алмай, отбасында омалған барша жақындары мен жұрағаты осылай деп көз жастарын бұлады. Қармақшының түні де бәз әдетінен айнып, біртүрлі жосаланып тұрды.
Фәнидегі бес күндік тіршілігінің өзі адам айтса нанғысыз, әрі баянсыз болғаны былай тұрсын, ақырының да тап осылай қасірет қадасына байланатынын ол жалғанды жалпағынан басып жүрген күндерінде білген жоқ. Білсе рақатынан гөрі жан азабы басым осы бейопа жолды таңдап, таптаурын етпес еді. Алдашбай ахуннан сауат ашқан тәліптің талантын танып, өзі білім алған Бұхара шаһарына барып, діни сауатын жетілдіріп, дүнияуи пайымын ұштауға кеңес берген Қалжан ахун жас Тұрмағамбеттің өзгеден озық екенін бірден таныған. Сыр сүлейі жетіле келе, ой кемесінің желкенін керді, ақыры ол кезбеген жеті ықылымның түкпірі мен жалғаншының жықпылы қалмады.
Пенделік аңсар емес пе, түрменің табалдырығында жүріп алған соққыдан іштей қансырап жатса да соңғы деміне дейін үміт құшағында болыпты. Бір есін жиған сәтте басын көтеріп, балаларына қарап, «Сендерге қырық жыл азық та болармын, / Қырық жыл арттарыңа қазық та болармын!» деп, өз өмірін пайғамбарларша болжапты. Бірақ «Ей, Алла, ғафу әйлап тауфиқ, тәуба, / Пендеңді бұлт шөгетін шығар тауға» деп ислам ұлағатымен сүйегі ағарып, жаны жаңарған бейкүнә жанның демі біткен соң жаназасыз жерленетінін ешкім білген жоқ. Бір заманда шығармасына жанасқан рухани ұстазы Әбілқасым Фирдоусиге де өз байтағы осылай үкім еткен еді.
1937 жылдың қанды ізі суи қоймаған күмілжі мезгіл болатын. «Темірбек Жүргенов ұсталыпты. Жұмыс столының үстінен Ахмет Байтұрсынов пен Тұрмағамбет Ізтілеуұлына өмірлік пенсия тағайындау туралы үкімет құжаты табылыпты» деген хабар бұрқ ете қалған. «Несі бар, әлемдік «Шаһнаманы» ұлттың ұғымына шақтап шыққан сабаз емес пе. Сол пенсиясы құрымағырды Тұрекеңе бермегенде, кімге береді өзі?» деушілер де табылған. Тек күңкіл сөздің көбейгені болмаса, көңіл көншитін нақты ештеңе жоқ еді. Содан бері де екі жылға жетер-жетпес, сүт пісірімдей ғана уақыт өткен. Маңдай тер, адал ақысы үшін Кеңес өкіметінен өмірлік пенсия алмақ түгілі, Тұрекең түрмеден көз ашпай қойды. Қайта-қайта шақыртып тергейді, апталап, айлап ұстап, көңіліне қаяу салады, қол жұмсайды, Т. Жүргеновпен байланысын және оған тағылған жалған айыпқа ортақтастығын тәптіштейді. Ақыры бір кезде Бұхарада әйгілі «Мир-Араб», «Көкелташ» медреселерінде меңгерген араб, шағатай, парсы, түркі тілдері мен қадим негізін қопарған діни білімі де сау басына сақина болып жабысты. Қит етсе, «молда, Кеңестің саясатына қарсы, бай-құлақ, ескілікті уағыздайды» деп титығына тию көбейген кез. «Айына үш жүз сомнан аласың деп, / Пенсия бұйырып еді бұған бер деп. / Онысы ойынындай болып, жас баланың, / Отырмын түзеу үйде босқа шерлеп...» деп қамығыпты түрмеде отырған тарлан ақын, тарыққанда қолына жалғыз қолғанаты – қаламын алып.
Әсіресе, соңғы тағылған айып санаға сиымсыз, төрт жүгері сабағын ұрладың дейді. Бұл ұрлыққа есеп болса, «Алғаным төрт жүгері толық айып, / Айыбымды өзім де айттым жұртқа жайып» деп, Тұрекеңнің өзі жарияға жар салмас еді ғой. Аузынан Алласы түспеген адамға жала жабу – барып тұрған қорқаулық. Ақыры, мойындайтын қылмысы жоқ жерде мойындататын дәлелі болмайтынын білген даурықпа топтың тырнақ астынан кір іздеуден басқа амал-айласы қалмаған. Осылайша ғазиз ақынның ақырғы жылдары Қазалы, Ақмешіт, Шымкент түрмелерінің табалдырығын тоздырумен өткен. Оны соңғы рет тұтқындағанда Шымкент түрмесіне қамаған. Бұл жолы тергеушілер ақынға қылмыстық топтарға қатысын мойындатып, шынын айтқызамыз деп әбден ұрып-соққан. Ақыры, қата тиген соққының бірі табиғатында шырға, нәзік адамның жанын ғана жаралап қоймай, өмір шамының мезгілінен бұрын сөнуін де жеделдетті. Сол жылы Сыр сүлейі елу алты деген қыршын жастың бір қиясына енді ғана шыққалы тұрған.
...Құлаққа ұрған мұлғын тыныштықты омырауын еріксіз парлаған көз жасы жуған қариялар мен екі иіндері солқылдап, бірін-бірі балаша жұбатып, басу айта жүріп, тұншыға солқылдаған ет жақын ағайынның зары ғана бөліп тұрды. Аз ауылда «алыс» деп алшақтататын, «жақын» деп жаба тоқитын да ешкім жоқ еді-ау өзі. Бәрі де кешегі басы аман, бауыры бүтін күнде бірінің аузындағысын екіншісі бөліп жеп отыратын бір атаның – Кетенің баласы. Төрдің төресіндей болған аузы дуалы ақын жаны қиналып, дүние шарқы пәлек болуға айналғанда «Жаназа, жаназамды...» деуге ғана шамасы әрең жеткен. «Жаназамды шығарыңдар» деді ме, әлде «зияным тиер, шығармаңдар» деді ме, онысын ешкім ұғып та, аңғарып та үлгерген ешкім жоқ. Базбіреулер білсе де білмеген, естісе де естімеген болған. Бірақ біреуінің батылы жетіп, «осылай етейік» деуге дәті бармағаны анық. Сөйтіп, соңғы шешім үнсіз қабылданған.
Кеудеден шыбын жаны қанаттанып ұшқанға дейін ол сөйлеп жатыпты. Басын сүйегендерге түрмеде тиген сансыз соққыдан жаны ауырғанын айтыпты. Тек сағат тілі соңғы сәттерін соғуға айналғанын сезе бастағанда ғана, «Биға!» деген дауысы тарғылданып шығыпты. Содан соң, бас жағына келген бәйбішесіне төрде тұрған кеу сандықты нұсқап, ауыл сыртындағы ұстазы Қожабай мешітін ымдап көрсетіп, «Өзің ие бол!» дегендей ғана ишара білдіріпті. Тұрекең түрменің табалдырығын тоздырып жүргенде баяғы Бұхарадан түйеге артып келген бай кітапханасын және «Шаһнаманың» қолжазбасын ақылды бәйбіше әуелде Қожабайдың қабырына көміп сақтаған еді. Шайыр соны ымыра еткен болса керек. Ол мұнан басқа тіс жарып ештеңе айтпапты. Тек, жанарынан әл тая бастағанда, «Қос қарғама Алла жар...» деген, шүңірек көздері жасаурап. Дүние дидарына келген Әбділәзиз, Әбділхай, Әбділхамит, Әбдісахи сияқты ат тізгінін ұстар 7 перзентінен бірінен соң бірі есейіп, ер жетіп тұрған шақтарында айырылып, ажал аждаһаның құшағына өз қолымен табыстап, аңырап қала берген Тұрекеңнің артында қалған Махмұтбек пен Әбдірауық еді. Пендеден пана таба алмасын білгендей, ақын көзінің ағы мен қарасын Аллаға аманаттапты. Содан соң бірнеше күн бойы күзетінде болып, үй-ішінде алқа қотан отырған ағайын-туыстарына барлай қарап алып, теріс айналып түсіп, өзімен-өзі «Әһлі исламның ақ туын ұстап, бірлігіңе шүбә келтірмеген қайран Тұреке, сенің де күнің қуырылғаны ма, тататын талқаныңның таусылғаны ма?» деп, күбірлеп ұзақ жатқан. Осы сөздерді айтып, әлденелердің басын шала бастағанда шырын дүние көз алдында дөңгеленіп бара жатты.
Бір сәтте есін қайта жиып алыпты. Талықси бастаған тұста төңірегіне көз тастап, ақырын ғана «Алла!» деген. Сосын, керіліп, бойын жазғанда шынашақтай тұлғасы зорайып кеткендей болыпты. Содан соң соңғы рет иек қағыпты. Есік ашылып кеткен екен. Сығырайған білте шам көктей соққан самалдан жалп етіп өшіпті.
Алланың хақ бұйрығы жеткен сағатта жан тәсілім еткен жанды жерлетпейтін заң жер бетінде сірә, жоқ. Бірақ ел құлағы естімеген сұмдық тек біздің жұртта бар. Тап сол тұста сондай да қарғыс атқан қағида болыпты. Өкіметтен қорыққан қара құрымның пайғамбардай ақынды жария түрде жерлеуге де дәттері бармапты. Аузынан Сүбхан Алласы түспеген ғұламаны жер-ана қойнына ең соңғы, ақтық сапарға шығарып салуға Құдайдың жарық күні бұйырмай, мұлғын қараңғыда, Ай жарығымен үш ағайыны дымын білдірместен, ауыл шетінен төрт шақырымдай жерде тұрған бейітке жасырын жерлеп қайтқан. Бұл да жалғыз адамның тапқан жолы емес еді. Көбеңсіген көптің ұйғарымы солай болыпты. Артында қалып бара жатқан ел-жұрты, әулеті мен бала-шағасының тыныштығы үшін де осылай істеуден басқа шаралары қалмаған шығар.
Келер жылы Қармақшыдан НКВД қызметкерлері келіп, ақынның моласын жермен жексен етіп, тегістеп кетіпті. Содан соң бейітінің басы қарайтылмай, үйінді төмпешік күйінде ұзақ жыл жатып қалады. Арада жылдар жылжып, аруақ сауабы үшін басына төрт құлақ там тұрғызып, арына шапқан бір туысының өкімет адамдары көп жылға дейін қыр соңынан қалмапты. Қанның ізі кеуіп, жанның жарасы жазылушы ма еді? Қазір де Тұрмағамбеттің ауылына ат басын бұрсаңыз, сирек те болса, осы уақиғаның анық-қанығын айтатын көзі тірі куәгерлерді кездестіріп қаласыз.
Алдашбай ахуннан дәріс алған, Тұрекеңнің замандасы Оспан молданың сақалынан тарам-тарам болып аққан көз жасын көргендер сол оқиғаны еміренбей еске алмайды. Ескіліктің бәрін жау көрген залым заманның қара ниет адамы десек те, өкімет берген бұйрықтың ұшығын шығарып жіберген өз қандасы. Дінді апиын деп танығандар Оспанды таяққа жығып, қойнына қорсылдаған шошқаның торайын салып, көше аралатқанын Тұрмағамбеттің ауылдастары күні кеше көргендей, тұла бойы түршігіп айтады. Санаға түскен сызат бірнеше буын ұрпақ ауысқан тұста ғана тарқамақ. Көзі тірі куәгерлер тұрғанда сары дақты өшірем деу бос әурешілік. Етегіне салған әлгі настың исінен заманына нағылет айтып, балаша еңіреген Оспан да содан соң көп ұзамай, көз жұмыпты. Қыр соңына шам алып түскен НКВД қызметкерлері әлгі айлаларын Тұрмағамбетке де жасамақ болған екен. Боркемік мінез танытудан гөрі Алланың ақ өлімін қабылдауды дұрыс деп тапқан дамолла қасқайып тұрып алыпты. Әйтпесе, оған қойылған талап қара тастан да қатты еді. «Шошқа мен сыйырдың танауы мен аша тұяғы ұқсас. Сондықтан, шошқаны да халал жануардың қатарына қосасың» депті. Міне, жарыместер орындатпақ болған жартыкеш шарттың түрі. Сөзден есесін жіберетін Тұрмағамбет пе, «Олай болса, қатының мен туған қызыңның қойнына қатар бар, екеуі де бір ұрғашы емес пе?» деп, қоясын қотара салыпты. Сол сөзден кейін әлгілердің шүйіле түсуі асқынған. Шымкент түрмесінен келгенде ақын осындай халде.
Ақынның мәйітін түнделетіп көміп қайтқан үш туысы – Сақтаған Кәрібозов, Ысқақ Бәйдәулетов, Алмас Мұсабектердің кейінгі тағдырының не күйге түскені белгісіз. Тек мәселенің бас-аяғы мұнымен шектелмей, адам айтса нанғысыз сұмдық содан кейін болған.
Мәйітті көміп келгеннен кейін, арада екі-үш күн өтер-өтпесте аудан орталығынан сау етіп бір топ НКВД қызметкерлері келе қалады. Шайырды қашып жүр деп сылтауратып, ағайын-туыстың дегбірін ала бастаған әлгілер Тұрмағамбет өлді дегенге сенбей, зығырын еге бастапты. Ақыры, сөзге иланбаған ынсап білмейтін имансыздар қабырды ашу керек деген зұлым ниеттен айнымай қояды. Қолдан келетін қайран қайда, бұрын мұндайды көрмек түгілі, естімеген ет жақын ағайын жалғыз Аллаға зар төгумен болған. Топырағы тоңазып үлгермеген ғазиз ақынның аруағын қорлап, әлгілер мәйітті қайта қаздырып алыпты. Көмілген мүрде Тұрмағамбет екеніне көз жеткізген көр соқырлар білегіне таңба басып, бұдан былай іздеуді доғару үшін өлікті актілеп, туыстарына қайта жерлеуге келісім берген.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп, / Арманда болмай-ақ қой екі көзім!» деп зар төккен қайран Тұрекең. Ақырыңды болжаған екенсің-ау, данышпаным. Мына сиқы қашқан қоғамда қазір Сіз көретін ештеңе қалып жарыған жоқ.
Берік Жүсіпов,
фольклортанушы
Abai.kz