Қалың қалай, Омбының қазағы?
Ресейде бір миллионнан астам қазақ тұрса да бір қазақ тілді мектеп жоқ. Қазақтың тарихи жері саналатын Аштархан, Омбы, Томбы, Орынбор аймағында қазақ ауылдары көп. Ал қалалық ортада қазақтардың үлесі басым мекендер жетерлік.
Омбы аймағындағы 2010 жылы қазақтың саны ресми түрде 80 мың адамды құраған, бұл орыстардан кейінгі екінші орында дегенді білдіреді. Ал бейресми деректер бойынша Омбы өлкесінде 200 мыңнан астам қазақ бар. Қазақтардың саны қалай өзгергені 2021 жылғы халықтық санақтан кейін белгілі болуы тиіс.
Омбы аймағының басшысы Александр Бурковтың мәліметі бойынша, қазақтардың басым бөлігі қалалық аймақта тұрады. Ал қалған бөлігі Қазақстанмен шекаралас ауылдарда тұрады. Бұл мыңдаған шақырымға созылған Қазақстан-Ресей шекарасындағы қазақ ауылдары деген сөз.
Омбы аймағында қазақтың көптігіне қарамастан толық қазақ тіліндегі мектептер жоқ. Аймақта бар болғаны қазақ тілін оқытатын жеті орталық қана бар. Оның бесеуі облыс аудандарында болса, екеуі Омбы қаласында орналасқан. Оның өзі мектеп ішіндегі қосымша орталықтар ғана. Университет аумағында бір ғана қазақ тілін үйрету орталығы бар. Ресей билігі қазақтардың толық мектебінің болмауын қазақ тіліне деген сұраныстың аздығы деп түсіндіреді. Алайда, шындығында тілді үйренуге ниетті қазақтар саны көп, бірақ оны қолдауға Мәскеу құлықсыз. Қазақ тіліндегі газеттерді редакция ұжымы демеушілерсіз шығаруға мәжбүр. Соның бірі «Омбы қазақтары» газеті.
Омбы аймағының басшысының мәліметінше, облыста 12 қазаққа тиесілі ұлттық бірлестіктер бар. Олардың басым бөлігі қазақ мәдениетін жандандыру, қазақ тілін үйрету, кездесулер ұйымдастыру, қазақ тіліндегі кітаптар тарату, Наурыз мерекесін тойлау және басқа шараларды іске асырады. Көпшілігі Қазақстандағы Президент қорымен бірлесе шаралар ұйымдастырып тұрады. Бірақ, ол аздық етеді. Себебі жүздеген мың қазақты рухани, ұлттық, мәдени құндылықтармен сусындату үшін жүйелі жұмыстар мен қыруар қаржыландыру қажет.
Омбыда қазақтың зиялылары білім алып, Алаштың ардақтылары ағартушылық жолын бастаған. Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлихан, Сәкен Сейфуллин, Жұмабай Шаяхметов, Көшке Кемеңгерұлы сынды арыстар Омбыда білімін тереңдеткен. 2004 жылы Омбыда Сәкен Сейфуллин мен Шоқан Уәлиханға ескерткіш ашылған еді.
Омбының басты сауда жасайтын елі Қазақстан. Шекаралас болғандықтан бұл заңдылық. 2020 жылы Омбы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 350 миллион долларды құраған. Негізінен ауыл шаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарлары. Қазақстан мен Омбының ортақ мәселесі бар, ол Ертіс өзенінің тартылып бара жатқандығы. Қытай тарапы Ертіс бойынша су бөгеттерін салып, су деңгейі төмендеп кетті. Ол Қазақстанда Ертіс, ал Ресейде Объ өзеніне өз әсерін тигізуде. Ресей тарапы судың үздіксіз болуын қалайды, алайда өзі Каспийге құятын ірі өзен бойларына су бекеттерін салып жатыр. Бұл «бізге бер, ал біз ойланамыз» принципіне ұқсайды.
Омбыда 10 мың қазақстандық студент бар. Олардың басым бөлігі қазақстандық орыстар және көпшілігі оқуын бітірген соң, тарихи отандарында қалуды құп көреді. Ал қазақ студенттердің барлығы дерлік отандарына, яғни Қазақстанға қайтады.
Ресейдегі әлеуметтік жағдай нашарлап, санкция әсерінен баға өскен сәтте Омбыдан Қазақстанға көшіп келуші қазақтар саны да артыпты. Алайда пандемиялық шектеулерге байланысты көш екі жыл тоқтап қалған. Коронавирус пандемиясы аяқталса, көш жанданады деген үміт бар.
Ка Мырза
Abai.kz