Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3005 0 пікір 21 Тамыз, 2012 сағат 11:39

КҮЗГІ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ НЕМЕСЕ БАҒА НЕГЕ БАС БЕРМЕЙДІ?

Күрең күздің түсуімен қалың қарашаны әдеттегідей әлеуметтік ауыртпашылықтар қарсы алғалы тұр. Бірақ бұған халық «қыңқ» демейді. Себебі, қымбатшылыққа көз бен көңіл көндігіп, етіміз өліп кеткен. Бізге бәрібір. Қарсыласпаймыз. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бас болып бекітіп берген бағалар мен тарифтерді үнсіз қабылдап, қалтамызға салмақ түссе де, төлей береміз. Ел-жұрт тарапынан келіспеушілік болмаған соң түрлі желеуді алға тартқан монополистер тарифтерді үнемі көтерумен келеді.

Күрең күздің түсуімен қалың қарашаны әдеттегідей әлеуметтік ауыртпашылықтар қарсы алғалы тұр. Бірақ бұған халық «қыңқ» демейді. Себебі, қымбатшылыққа көз бен көңіл көндігіп, етіміз өліп кеткен. Бізге бәрібір. Қарсыласпаймыз. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бас болып бекітіп берген бағалар мен тарифтерді үнсіз қабылдап, қалтамызға салмақ түссе де, төлей береміз. Ел-жұрт тарапынан келіспеушілік болмаған соң түрлі желеуді алға тартқан монополистер тарифтерді үнемі көтерумен келеді.

Міне, 1 қыркүйектен бастап ыстық су мен жылуға, электр қуатына баға тағы өспекші. Есептегіш құралын қоймаған тұрғындар тіптен қиналғалы тұр. Күні кешеге дейін олар ыстық суға жан басына шаққанда 865,97 теңге төлеп келсе, қыркүйектен бастап 1238,23 теңге төлеуге мәжбүр. Ал жылу құны бұрынғы 49,60 теңгенің орнына 72,82 теңге көлемінде бекітілді. Жарықтық жарық бағасы да жоғарылайды. Қоқыс шығару құны да көтерілгелі жатыр. Мұның бәрі халықтың мойнына ауыр жүк емей немене? Алматы қаласында жолақы құны 80 теңгеге көтерілгелі қала халқынан сабыр кетті. Тиын санап, тебенін үнемдеп әлек. Тарифтермен бірге тұтыну тауарлары, азық-түлік бағасы да шарықтап шыға келетіні бесенеден белгілі. Жалпы, баға мен тарифті тежеуге мүмкіншілік бар ма? Қымбатшылық негізі неде? Баға саясатын реттеуде қандай кем-кетік бар? Осынау өзекті әлеуметтік-экономикалық  мәселе апта ортасында «Жас қазақ» конференциясында талқыланды. Басқосуға қаржыгер-сарапшы Қанат Берентаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, техника ғылымының докторы Бірлесбек Әлияров, «Алатау жарық компаниясы» АҚ-ның пайдалану жөніндегі басқарушы директоры Мадияр Көбегенов, экономист-сарапшы Меруерт Махмұтова және банк қызметкері Әсел Ахметовалар қатысты.

Жас қазақ: Жұмыссыздарымыз басымдау, өндірісіміз кемістеу, жалақымыз жайсыздау бола тұра, баға мен тариф бізде жиі көтеріледі. Мұның сыры неде? Әңгімемізді осыдан бастасақ. 
Қанат Берентаев: - Біздегі бағаның өсімі, нақты айтқанда,  азық-түліктің, электр қуаты мен басқа да тұрғын үй коммуналды-шаруашылық қызметінің, көліктің бар түрінің бағасының өсімі - халықтың табысынан әлдеқайда жоғары. Бірақ бұл мәселенің басын ешкім ашып айтпайды. Тарифтер көтеріледі. Жалақы сол күйінде қалады. Әсіресе, табысы төмен бюджеттік сала мамандарына, зейнеткерлерге, студенттер мен мүгедектерге тым қиын. Бұған қымбат дәрі-дәрмекті, медициналық қызметті және білім алу шығынының артуын қосыңыз. Сонда біздің елдің әлеуметтік тұрмысының көрінісі көз алдыңызға келеді. 
Демек, стратегиялық тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы мен тарифін мемлекеттік реттеудің жоқтығы халықтың әл-ауқатын қиындата, күрделендіре түсуде. Елдегі халықтың 60 пайызы кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр, ал табысы  ең төменгі ресми күнкөріс деңгейіне жақын жұрт қайыршылықта өмір сүріп жатқаны ащы да болса шындық. Баға мен тарифтің тым қымбаттауы табысы төмен топты тығырыққа тіреп отыр. Соның нәтижесінде бұлар адам өміріне аса қажетті тауарлар мен қызметтен бас тартуға мәжбүр. Әрине, мұндай жағдай кімнің көңілін өсірсін? Сондықтан ел-жұрт кезекті қымбатшылықты қинала ауыр қабылдайды. Мұның аяғы әлеуметтік көңіл-күйдің бұзылуына, сөйтіп, оның ушығуына әкелетіні анық. Қоңыр күзде нан, ет пен сүт құны көтерілсе, жасыратыны жоқ, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал күрт құлдырайды. Үкімет Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік түбегейлі іске кіріскенше, әзірше баға өсімін өздері жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық  бағам бойынша «есептен шығаруға» қауқарлы. Соның нәтижесінде біздің баға ресейлік деңгейге амалсыздан жақындап жатыр. Ал мұндай жағдайда біздің жалақымыз бен зейнетақымыз неге ресейлік үдеден шықпайды? Меніңше, Үкімет бұл мәселеге басын ауыртып отырған жоқ. Мұндайда табылатын желеу көп. Мәселен, күні бүгінге дейін жалғасып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы мен басқа да түрлі «объективті» жағдайды сыныққа сылтау ете салады. Дегенмен ел-жұрт ақымақ емес, бәрін біледі. Баға мен тарифтердің үздіксіз көтерілуі - Үкіметтің жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясатының сықпыты. Ол халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруді күйттемейді, қайта мемлекеттің әлеуметтік шығындарын қысқартып, өзінің әлеуметтік міндеттемесін халықтың мойнына жылы итере салуға икемді. 
Мадияр Көбегенов: Бұл мәселе жөнінде  енді мен өз пікірімді айтайын. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары «Энергетика туралы» заң қабылданды. Осы заң шеңберінде энергетика құрылымында әжептәуір өзгерістер болды. Кезіндегі «Алматы Пауэр Консолидэйтед» компаниясының өзі үш арнаға бөлініп, үш кәсіпорын болып қайта құрылды. Алғашқысы өндіруші «Алматы электр стансалары» компаниясы. Оған ТЭЦ-1, ТЭЦ-2, ТЭЦ-3, Қапшағай ГЭС-і сияқты кәсіпорындар кірді. Бұлар электр энергиясын өндіреді. Табиғи монополиялық тұлға. Ал біздің «Алатау жарық компаниясы» АҚ (одан әрі - «АЖК») осы мекеменің өндіріп берген қуатын тұтынушыға тасымалдап, жеткізіп беру қызметімен айналысады. Анығы, өнімді тасымалдап, таратып береміз. Соңғысы электр энергиясымен қамтамасыз етуші компания. («Алматы энергосбыт). Сонда бұрынғы бір компаниядан үш кәсіпорын туындады. Әрқайсысының өзінің атқаратын қызметі бар. Осы қызметтер үшін тұрғындар арнайы белгіленген тариф бойынша, есептегіш құралдары арқылы төлем төлейді. Ақшаны «Алматы энергосбыт» компаниясы жинайды. Осы тарифтің ішінде әр компанияның құрамдас бөлігі бар. «АЖК» 2009 жылдың бірінші қыркүйегінде орташа мерзімге арналған тарифті белгілеп, соны  қоғам алдында, құзырлы мекеме алдында қорғадық. Біздің құрамдас бөлігіміз 3 теңге 41 тиын болды. Тұтынушыға қуатты тасымалдап жеткізіп бергеніміз үшін біздің қызмет құны осындай деңгейде бекітілді. Содан күні бүгінге дейін біздің тарифіміз 2009 жылдың бірінші қыркүйегінен өзгерген жоқ. Ал біздің серіктестеріміз бұл мезгілдің ішінде бір емес, бірнеше рет өзгертті. Осы жерде баса айтқым келетіні, біз нарықтық, капиталистік қоғамда өмір сүріп отырмыз. Бұл қоғамның өзіне тән ерекшеліктері, заңдылығы болады. Мәселен, біз бұл қоғамда инфляциядан құтылмаймыз. Ол бас көтермей тұрмайды. Қазіргі жылдық инфляциялық көрсеткіш 7-7,5 пайыз мөлшерінде көрініп жүргенін білесіздер. Демек, осыған байланысты біздің тарифіміз 7-7,5 пайыз деңгейінде көтерілуі керек. Әйтпесе, біздің жағдайымыз қиындайды. Себебі, біз үш жылдан бері тарифті көтергеніміз жоқ. Біздің де тораптарымыз, құрылғыларымыз бар. Олар бірнеше жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрген жоқ. Жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша, біздің құрылғыларымыздың 60-70 пайызының тозығы жеткен. Осындай деңгейде отырып біз тұтынушыға өнімді жеткізіп беріп жатырмыз. Білікті мамандарымыздың арқасында, әрине. Одан әрі күтуге болмайды. Күтетін болсақ, апат көбейеді, шығын молаяды. Оның үстіне, энергетика саласында нормативті құжаттар бойынша құрылымдық ережелер бар. Қауіпсіздік ережесі, техниканы пайдалану ережесі бар, мұны ескермесек, өндірісте апатты жағдай орын алып, тұтынушыға өнімді жеткізуге мүмкіншілік болмай қалады. 
Әсел Ахметова: Меніңше, жалпы коммуналдық тарифтердің өсуінің бірнеше себебі бар. Көңілдеріңізге келсін, келмесін ашығын айтайын, тарифтердің қымбаттауы тұтынушылардың, яғни қарапайым халықтың қаражаттан одан әрі қысылуына әкеліп тірейді. Бұл, сондай-ақ өндірілетін тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына да жол ашады.  Ал күнделікті тұрмыста  бізде түрлі мұқтаждықтар орын алып жатады. Мәселен,  жөндеу жұмыстарын жүргізу, отбасылық іс-шаралар ұйымдастыру, тіпті жаңа техниканы, жиһазды алу қажеттілігі туындайды. Осындай кезде тұрғындардың қолында қаражат болмағандықтан, ақша қажеттілігінен  қарызға, банктерден несие алуға жүгінеді. Бұл жағдайды тек биылға ғана тән деуге келмейді, осы көрініс бірнеше жыл қатарынан қалыптасып отыр. Мен мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Мәселен, Хоум Кредит Банкінің  несие беру мөлшерін салыстыратын болсақ, биылғы жылдың алты айында банк, өткен жылға қарағанда, 2 есе артық несие беріп үлгерді. Жалпы биылғы жылы «тұтынушылық несиелеу көлемі 20 пайызға өседі» деген болжамды бірнеше сарапшы тілге тиек еткен еді. Нарықтағы қазіргі жағдай оны растап отыр.
Екінші жағынан, алып қарағанда, коммуналдық қызметтерді тұтынушыға жеткізетін кәсіпорындардың  іс-әрекетін де  түсінуге  болады. Жиналатын қаражат құрал-жабдықты жаңартуға, тіпті қызметкерлердің жалақысын уақытында беруге жұмсалатынын ескерсек, оған түсіністікпен қарауға болатын сияқты. 
Меруерт Махмұтова:  Бұл мәселе жөніндегі пікірім мынадай. Шынын айту керек, жалпы біздің табысымыз тарифтерге, бағаға қарағанда жиі өспейді. Табыс табатындардыкі ілуде бір көтерілсе, жұмысы жоқтар қу шөппен ауыз сүртетіні белгілі. Қалай дегенде де, кез келген қымбатшылық халықтың мойнына ауыр жүк. Мұны мойындағанымыз абзал. 
Осы жерде айта кететін бір жайт, оны да біреу білер, біреу білмес, 2009 жылы табиғи монополияшылар тарифтер есебінен инвестиция жасауға мүмкіншілік беретін ережеге қол жеткізді. Қарапайым тілмен айтқанда, табиғи монополияшылар халықтың төлеген төлемінен инвестиция жасауға мүмкіншілік алды. Соның арқасында, олар өздерінің  біраз мәселесін шешіп жатыр. Бірақ неге екені белгісіз, бүгінгі қонақтар бұл жөнінде айтпай отыр. 
Осы жерде айтқым келіп отырғаны, кезінде, осыдан 20 жыл бұрын жекешеленген табиғи монополиялық компаниялар мойнына алған міндеттемелерін толық орындаған жоқ. Меншік иелері тозығы жеткен жабдықтарды жөндеуге инвестиция салмады. Қазір сол ауыртпашылықты біздер, қарапайым тұтынушылар атқарып жатырмыз. 
Мадияр Көбегенов: Мен сіздермен келіспеймін. Айтар уәжім бар: уақыт өткен сайын біздің, табиғи монополияшы кәсіпорындардың  шығыны өсіп жатыр. Жөндеу жұмыстарына пайдаланатын материалдардың, қосалқы бөлшектердің бағасы шарықтауда. Бірақ бұл туралы мына жерде отырғандардың бірде-біреуі ауызға алмады. Бұл шығын ба, шығын. Біз Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 2,5 млн халыққа қызмет көрсетіп отырмыз. Егер тарифті көтермесек, кәсіпорындар, кіші және орта бизнес, жеке тұтынушы, бәрі-бәрі қуатсыз адыра қалады. Оны бәріңіз де біліп отырсыздар. Ал біз тұтынушы есебінен инвестициялық міндетімізді шешіп отырғанымыз жоқ. Бұл - қисынсыз әңгіме. Біздің қызметімізді Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік бақылап отырады. Заң шеңберінен шығуға құқымыз да, қақымыз да жоқ. Әрбір қадамымыз бақылауда. Агенттікке әр тоқсан сайын, жарты жыл сайын, жыл аяғында есеп беріп отырмыз. Тарифтен түскен қаржыны біз көбіне ағымдағы жөндеу жұмыстарына пайдаланамыз. Ал инвестициялық жобаларға компания өз қаржысынан, өзінің тауып отырған қосымша табысынан бөледі. Үш жыл бойы тарифті көтермеген соң, әу бастағы белгіленген мерзім аяқталған соң, біз агенттікке өтініш жаздық. Тарифті көтеру мәселесіне біз бір күнде немесе бір айда келгеніміз жоқ. Бұл көп жылғы еңбек. Қызу талқылау барысында сан түрлі пікір, ұсыныс болды. Қоғамдық талқылау ұйымдастырдық. БАҚ  арқылы хабарланғаннан кейін тыңдауға түрлі қоғамдық ұйым өкілдері келіп қатысты. Түрлі деңгейде өзіміз де ұсынымызды қорғадық. Есептелген өндірістік, қаржылық қызметімізді, шығындарды  дәлелдедік. Нәтижесінде, Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік біздің тұтынушыға жеткізіп берген бір киловатт сағат электр қуаты үшін тарифті 4 теңге 42 тиын мөлшерінде белгілеп, бекітіп берді. Сонда әр киловатт сағат үшін 1 теңге 1 тиын қосылды. 
Меруерт Махмұтова: Менің де айтарымды тыңдаңыз. Біздің орталық «Тарифтер мен бағаның өсуі отбасы табысына қаншалықты әсер етеді?» - деген талдау-зерттеу жұмысын жасады. Табиғи монополия иелері, соның бірі сіздер, тарифті көтергенде отбасының табысына, кіріс-шығысына мән бермейсіздер. Салыстыра қарауды да жөн санамайсыздар. Қалай да табыс табуды ойлайсыздар. Соның салдарынан тарифтер болса, жылда 20 пайызға көтеріледі. Мұны біреудің қалтасы көтереді, екіншісінікі көтермейді. Мәселен, электр қуатының бағасы биылдың өзінде  өзгерді, соған қарамастан, енді  тағы өскелі жатыр әрі  мұнымен шектелмесі және анық. 
Жас қазақ: Сауат Мыңбаев энергетика министрі болған кезінде: «Біздің елде электр қуаты арзан оның құны 2015 жылға дейін қымбаттай береді», - деген еді. Айтқаны шындыққа айналып келеді... 
Қанат Берентаев: Міне, көріп отырсыздар, тариф көтерудің басты негізі осы өндірістік құрал-жабдықтың тозығы, оған пәленбай жылдан бері көк тиынның бөлінбегені, сөйтіп, бағаның қайта қаралмағаны сылтау. Бұған отынның, қосалқы бөлшектің қымбаттаған құнын қосасыздар. Ең құрығанда,  айтар уәждеріңіз қызметкер-жұмысшыға жалақы қосамыз деген сылтау. Құдайым-ау, бұл соңғы 20 жылда өзгермеген әуен ғой. Дегенмен осы уақыт ішінде жағдай неге өзгермеді? Қараңыздар, өндірістік қуатты арттыру өте баяу жүруде. Шығын жоғары деңгейде. Жылу беру жағдайына біз қыс сайын көз жеткіземіз. Еліміздің көптеген қалаларының қазандықтары қатып қалады. 
Бұған қоса тарифтерді түзгенде кәсіпорындар бір «қулыққа» барады. Мұны әңгіме барысында Меруерт айтып өтті. Осы «қулық» арқасында инфрақұрылымды дамытуды  инвестициялау ісі ақырын халықтың мойнына көше қояды. Қараңыз, бір ғана үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында электр қуатының тарифі  жылына 10 пайыз, ал шойын жол құны - 8 пайызға өседі екен. Мұны біз заңсыз өсім дей аламыз ба? Жоқ, айта алмаймыз. 
Мадияр Көбегенов: - Қайта жөндеу, қайта жасақтау мәселесі жөнінде мен мынаны айтқым келеді. Рас, кезіндегі АПК компаниясы бұл мәселеге мүлде бас ауыртпаған, тіпті көк тиын да бөлмей, халықтан сыпырып ақшаны жиып алып отырған. Мен өзге табиғи монополистер жөнінде ештеңе айта алмаймын, ал біздің компания жөндеу, қайта жасақтау шаруасына 2007 жылдан бастап көңіл бөле бастады. Енді 100 пайызға дейін тозығы жеткен өндірістік технологияны аз уақыттың ішінде жөндеп немесе ауыстырып шығуға материалдық мүмкіншілікті былай қойғанда, біздің физикалық мүмкіндігіміз жоқ. Анығын айтқанда, біз етек-жеңімізді толық жиюымыз үшін әлі кемінде 20 жыл уақыт қажет. 
- Сіздерге мемлекеттен қолдау бар ма? 
- Мемлекеттік қолдау жоқ деп айта алмаймыз. Мысалы, Азиада кезінде бірнеше подстансалар салынды. Оған республикалық бюджеттен біршама қаржы көзі бөлінді. Соның арқасында тасымал  қуатының деңгейі көтеріліп келеді. «Метрополитеннің» іске қосылуына орай, тағы екі подстанса салынды. Мұның бәрінде мемлекеттің үлесі бар. Сондықтан мемлекет тұрғын үй коммуналды-шаруашылық қызметіне қолдау көрсетпей отыр деген де бекер әңгіме. 
Әсел Ахметова: Міне, көрдіңіздер ме, тарифтердің үздіксіз қымбаттай беретініне көз жетіп отыр. Осы жерде менің айтқым келетіні, мүмкін бізге тұрғын үй коммуналды-шаруашылық тарифтерін бір жылда  бірнеше рет емес, бір ғана мәрте өзгертуге рұқсат беретін заң жобасын жасау керек шығар. Бұл өндірушіге де, тасымалдаушыға да және қамтамасыз етуші компанияға да, ең бастысы, қарапайым халыққа тиімді болмақ. 
Бірлесбек Әлияров: «Тарифтер неге үздіксіз өсе береді?» - деп отырсыздар ғой. Ол неге өспеуі керек? 1996 жылы зейнетақы қанша болып еді? 3,5 мың теңге болды. Дұрыс айтасыздар. Қазір қанша? Бүгінгі меже бойынша - 24 мың теңге. Болашақта 32 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сонда күні бүгінге дейін зейнетақы 10-15 рет көтерілді, ал тарифтер 4-ақ рет өсті. Тарифтердің ауыртпашылығын көтере алмайтындай бізде кедейлер көп емес. 16,5 млн халықтың үштен бірі ғана кедей. Сіздер, журналис­тер, БАҚ өкілдері популизмге ұрынбауларыңыз керек. Байлар ақша төлемейді дейді. Төлейді. Ілуде бір кездесетін оқиғаны кейбір арналар дабырайтып, даңғаза етіп көрсетеді, сіздер соған сенесіздер. Сенбеңіздер. Мысалы, мен өзімді кедей санамаймын, үлкен үйім бар,  қыстыгүні жарыққа 20 мың теңге, газға 100 мың теңге мөлшерінде төлеймін. Төлемесем жарықсыз қалып, қатып өлемін ғой. 16 млн халықтың бір млн-ы кедей-кепшік болса, солардың жоғын жоқтап, күйін күйттеп отырмаймыз ғой. Әрі-беріден соң, тарифті төлей алмайтындарға арналған жеке төлем жүйесі бар. Тұтынған жарығы 90 квт/сағаттан аспаса, төмен тарифпен төлем төлейді. Түнгі сағат 23.00-ден таңғы 7-ге дейін бұл амал бойынша 3 теңге төлейсің. Шамаң келмесе, осы жүйеге қосыл. Оған шамаң жетпей бара жатса, үнемде. 
Мадияр Көбегенов: Дұрыс айтасыз. Біздің қоғамда қуат көзін үнемдеу мәдениеті дамымаған. БАҚ осы жағын терең талдап, жазуы тиіс. Сонда қалтаға ауыртпашылық түспейді. Ойбай, «тариф қымбат, неге қымбат?» деп шулағанды жақсы көреміз, сөйте тұра, үйімізде, жұмыста барлық бөлменің жарығын жарқыратып қоямыз. Коммуналды-шаруашылық қызмет түрлерінің құнын төлеуге қиналады екенсің, үнемдеуді үйрен. Қыста үйің суық болса, қымта. Қазір жылу үнемдейтін жаңа материалдар, технологиялар шығып жатыр. Соны қолдану керек. Ал ыстық суға, суық суға есептегіш құралын қоймағандар кінәні өзінен іздесін. Есептегіш құралын қоймай отыр ма, демек, қымбат тарифті төлеуге қауқарлы. 
Бірлесбек Әлияров: Капиталистік қоғам ешкімнің көңіліне қарамайды. Қызметті пайдаландың ба, ақысын төле. Ал ең бастысы, еңбек еткен адам ешқашан кедей болмайды. Қазақ осыны ұғынуы тиіс.

Конференцияны жүргізген Гүлзат Нұрмолдақызы

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364