Жұма, 27 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4569 21 пікір 13 Желтоқсан, 2021 сағат 17:41

Бауырлас ұлтқа ешкім кектенбейді

Перзент ғұмыры пайым-парасатымен, ой-өресімен ған емес, өскен өңір, туған топырағымен де тұтасып кетеді. Сөзді “кие” деп ұққан халқымыздың бағамында аса ірі астрофизикалық байқамдар жатыр. Мәселен, өзіміз Ілияс Жансүгіровтың жусанды белінде туғанымызды кішкенеден мақтан етіп өстік. Жер атауы жебеді, оң-солымызды таныған шағымыздан дем берді, тынысымызды ашты. Еңбектеріне құштар болдық, қырнай-қырнай келе Ілияс атамыздың Әсет Найманбаев шығармашылығына аңсары ауып, екеуара ішкі рухани үндестік түзгенін бағамдадық. Мұндай туындыгерлік желінін түзуді өзіміз де мақсат еттік.

10-сынып оқығанда Атырау қаласында өткен Республикалық “Махамбет оқуына” қатыстым. “Жетісудан келген бала ғой” деп Атыраудағы ағайындар төбесіне көтерді. Белеңге жетелеген тағы да туған жер. Жетісу… Мен сол кезден жер-су атауларының айрықша маңызын түсіндім. Мекемтас ақсақал да өз кітабында қазақты отарлаудың тікелей жолы топонимиканы өзгерту екендігін айтады емес пе?..

Ұлттық сананың қалыптасуы, көңіл құндағында мемлекетшілдік пен азаматтық қасиеттерінің оянуы үшін жер-су атауларының маңызы айрықша. Жер-су атаулары, алдымен, тәрбие. Жер-су атаулары - тарихи тәлім.
Қазір Стамбұлдағы жатақханамызда Әзірбайжан жігіттерімен бірге тұрып жатырмыз. Күнделікті әңгіме барысында бауырластар әрбір мекенінің тарихын ерекше серпіліспен баяндай жөнеледі. Қызығасың. Барлығы әзірбайжан халқына тиесілі, әзірбайжан халқына қатысты тарихи дерекнамалар, ұлттық атаулар. Ең бастысы, әрбір әзірбайжан перзенті бұ хақында жетік біледі. Біздің көшеде кез келген жас дарынды тоқтатып, ұлтының тарихы жайында сұрап көріңіз. Әрекетіңізге өкініп қаласыз… Қуыстанамыз. Неден қуыстанамыз? Білмеймін.

Бірсырыпа деректерді сүзіп, оларды әлеуметтендіре келе, қазіргі медиада алаңында “Ұйғыр ауданының” атын өзгертуге қатысты айтылып жатқан ұсыныстар орынды деп есептеймін. Елді-мекен, ауыл-аймақ атауы жас зерденің қалыптасуында, тәлім-тәрбиенің орнығуында аса маңызды.
Елді-мекен атауы - елім деп еміренген әрбір азаматқа күш береді. Ұлт жолындағы мақсат-мұратын айқындауға, өскен өңір, туған жерін құрметтеуге сеп болады.

Елді-мекен атауы - білімнің қайнарына, тарихтың тұңғиығына жетелейлі. Мұндайда тарихын оқыған, тарихын жетік білген ұлт жаһандану үрдісінде “желінбейді”.

Елді-мекен атауы - бірлік мен ұлттық бірегейліктің басты басқұры. Оның әр қазақ перзентінің санасына бекем орнығып, көңіліне ұялауының нәтижесінде ұлттық бірегейлік қуаты күшейеді.

Сондықтан, жаһандану тегеурінін төтеп береміз десек, ұлттық жер-су атауларымен қайтара қауышуымыз қажет. Себебі, қазақ даласының әр тарсын түртсең, тарихы сөйлей жөнеледі.

Жас ұрпақ, жаңа ұрпақтың буыны ретінде Ұйғыр ауданының атауын өзгерту бастамасын толық қолдаймын! Елді-мекен атауына ерекше назар аудару, алдымен, өзіңді тану, топырағыңды қадірлеу…

Дастан Қазтай

Abai.kz

21 пікір