Жұма, 27 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4233 9 пікір 15 Желтоқсан, 2021 сағат 14:30

Қазақыландырудың мәні неде?

Еліміздегі елді мекендердің, білім мен мәденит ошақтарының, көшелердің атауларын қазақыландырудың мәні неде, осы? Бұл арзан патриотизм, сасық намыстың жетегіндегі популистік шаралар емес пе? Ұлтаралық татулыққа кері әсерін тигізіп жүрмей ме? Жоқ! Дәл осы мәселеге келгенде табандылық қажет. Неге?

Біріншіден - бұл тарихи әділет. Ешкім тарихи фактілерге қарсы уәж айта алмасы хақ. Басқаша айтар болса - бұл идеологиялық мақсатта тарихты бұрмалау деген сөз.

Екіншіден - бұл биліктің мысы мен қауқарының көрсеткіші. Ертең бұдан да маңызды шешімдер қабылдау керек болғанда халықтың қолдауына шын ие болу үшін - дәл осындай кезде өз қауқарын көрсете білуі тиіс. Оның үстіне, саяси тұрғыдан талдар болсақ - қай жағынан алып қарасақ та бұл айналып өтуге болмайтын қадам. Әсіресе, шекаралық аймақтағы елді мекендерге қатысты мәселе тіпті де өзекті.

Үшіншіден - бұл бірліктің кепілі. Ұлтаралық кикілжіңдерге себеп болар эмоциялық факторларлдың алдын алу. Мұның көрінісін бір емес, бірнеше оқиғалардан көріп те үлгердік, осы отыз жыл ішінде.

Төртіншіден - бұл рухани аманат. Қазақтың байтақ даласы үшін малын да, жанын да қиған батырлардың, аузы дуалы абыздар мен билердің, әруақты әулиелердің аманаты. Ондай кісілердің аманатына қиянат жасау - кім үшін болса да жеңіл тие қоймасы анық.

Бұл айтылғандар Қазақстанның әр бұрышындағы өзге тілде, өзге ұлттардың атындағы елді мекендер мен мекемелерге қатысы бар. Соның ішінде, Алматы облысындағы Қарадала өңіріне қатысы ерекше. Аудан тұрғындарының бастамасы болса, оған ауданның аты берілген ұлт өкілдері де қарсылық танытпасы белгілі болса (қарсылық танытуға еш реті де жоқ қой, әсілі), еліміздің түкпір-түкпіріндегі зиялы қауым мен қоғам белсенділері қолдап пікірлер жазып жатса, жоғарыда атап өткен себептердің бәрі дәлме дәл келіп тұратын болса - бұл шешімді созбалақтаудың несі қажет?

Дәл қазір осы пікір - ел жақтағы ақыл тоқтатқан саналы жастардан бастап, сөз ұстаған ақсақалдарға дейінгі халықтың бәріне ортақ пікір. Саналы жастар деп отырғаным - айғай мен ұранға салып емес, мәдениет пен сауаттылықты ту етіп ұстап, елідк мәселеге араласып жүрген жас буын, адуынды буын. Сондықтан, елдің пікірімен санасып, тарихи әділетке жүгініп, сауатты һәм салауатты шешім қабылдар кез келді!

Едіге Қожахмет

Abai.kz

9 пікір