Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4275 0 пікір 29 Тамыз, 2012 сағат 06:09

Заңғар Кәрімхан. Азат жырдың айбозы

(Ақын Ұларбек Байтайлақ шығармашылығы хақында)

 

Азаттыққа жету жолында елін сүйген ержүрек батырлар қандай қызмет сіңірсе, алты ауыз сөзі алты алашқа жайылған арқалы ақын-жыраулар да одан кем еңбек еткен жоқ. Тарлан тарихтың тереңіне сүңгісек, көне дүниедегі «Күлтегіннің көк тасында» ерлік пен елдік, бодандыққа бас имеу, бұғалыққа бағынбау сынды мәселелер алдыңғы кезекте жырланады. Көненің күмбіріндей болып бүгінде аман-есен ұрпағымен қауышқан «Күлтегін» жазуында: «Бектердің, халқының түзу еместігі үшін, табғаш (қытай - З.К.) халқының алдауына иланғаны үшін, өтірігіне көнгені үшін, інілі-ағалының дауласқанынан, бектің, халықтың жауласқанынан түркі халқы елдігінен айырылды. Қағандық қағанынан айырылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, сұлу қыздары күң болды. Түркі халықтары түркі атын тастап, табғаш бектерінің табғаш атын ұстап, табғаш қағанға бағынды. Елу жыл күш-жігерін жұмсады», - делінсе, енді бір тұсында «Көкте көк тәңірісі, түркінің қасиетті жер, суы былай депті: «Түркі халқы жойылмасын», - дейді, «Ел болсын», - дейді», - деген елдіктің өзекті сөзі айтылады.

«Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,

Сарбаздарымен аттанып,

Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен.
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген,
Білге қағандар екен,

(Ақын Ұларбек Байтайлақ шығармашылығы хақында)

 

Азаттыққа жету жолында елін сүйген ержүрек батырлар қандай қызмет сіңірсе, алты ауыз сөзі алты алашқа жайылған арқалы ақын-жыраулар да одан кем еңбек еткен жоқ. Тарлан тарихтың тереңіне сүңгісек, көне дүниедегі «Күлтегіннің көк тасында» ерлік пен елдік, бодандыққа бас имеу, бұғалыққа бағынбау сынды мәселелер алдыңғы кезекте жырланады. Көненің күмбіріндей болып бүгінде аман-есен ұрпағымен қауышқан «Күлтегін» жазуында: «Бектердің, халқының түзу еместігі үшін, табғаш (қытай - З.К.) халқының алдауына иланғаны үшін, өтірігіне көнгені үшін, інілі-ағалының дауласқанынан, бектің, халықтың жауласқанынан түркі халқы елдігінен айырылды. Қағандық қағанынан айырылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, сұлу қыздары күң болды. Түркі халықтары түркі атын тастап, табғаш бектерінің табғаш атын ұстап, табғаш қағанға бағынды. Елу жыл күш-жігерін жұмсады», - делінсе, енді бір тұсында «Көкте көк тәңірісі, түркінің қасиетті жер, суы былай депті: «Түркі халқы жойылмасын», - дейді, «Ел болсын», - дейді», - деген елдіктің өзекті сөзі айтылады.

«Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,

Сарбаздарымен аттанып,

Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен.
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген,
Білге қағандар екен,

Алып қағандар екен!»

Иә, бұл жолдарды оқығанымызда қай-қайсымыздың бойымызға мақтаныш сезімін ұялайды, рухымыз көтеріліп, кеудемізді шаттық кернейді. Арыстан жүрек, бура санды бабаларымыздың алдында күллі әлем бас иіп тұрғандай болады.

Талай дәуірдің тасасында қалмай, күні бүгінге анық, саф таза қалпында жеткен «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сынды әйгілі  батырлар жырының негізгі арқауы - ерлік, еркіндік, азаттық сияқты асыл ұғымдар болатын. «Жалаңаш барып жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деген асқақ ұранды кешегі жыраулар мұрасы қазіргі таңда ұлтты елдікке ұйыстыру, жас ұрпақты ерлікке шақыру мақсатында маңызды рөл атқарып, ұмытылмай келеді. Қазақ жұртына құтты мекен - Жерұйық іздеген Асан Қайғыдан бастап марқасқа Махамбет пен дауылпаз Дулаттарға дейінгі аралықтағы даңқтылар поэзиясының мәңгілік сарыны азаттыққа келіп тірелетіні заңдылық.

Бұның бәрі - кешегі. Ал бүгін ше?! Қазақ елі 1991 жылдың желтоқсанында анық азаттыққа қол жеткізгенде қуанбаған, қуаныштан көзіне жас алмаған адам кемде-кем. Сондағы ыстық сезімді, шаттықты қуанышты ауызы дұғалы ақындардан артық жырлаған ешкім де жоқ. Дәл бүгінгі күн - ертеңгі тарих екенін ескерсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері алты алашқа танымал, мәшһүр ақындардан бастап жас талапқа дейінгі қалам ұстаған барша қауым осынау қол жеткен азаттықты жырлауда, оның мәртебесін асқақтатып, қадірін ұғындыруда ерекше көрініп келеді. Коммунистік кезеңдегі әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан аға буынды айтпағанда қазақ поэзиясының жас өренінің қанаты қатайып, бүгінде ел мен жерге үлкен еңбек етуде екенін баса айтамыз. Енді өреміз жеткенше, ойымыз толғанша осы жас ақындардың бірі емес, бірегейі саналатын Ұларбек Дәлейұлының шығармашылығы туралы сөз қозғамақпыз.

Ұларбек Байтайлақ - ақын деген киелі атты ардақтай ұстап жүрген қалам иесі. Өне бойы ұлттық ділменен суарылған, қазақ десе қасқайып тұрып, керек десе жанын беретін жалынды жас. Сатқындықты кешірмейтін, екіжүзділікті жек көретін, әділетсіздікке төзбейтін күрескер. Өз басым осы жігітті ежелгі шығыстың жеті шайыры мен кешегі Махамбеттің сарқытындай көремін. Себебі Жаратқан Ие оған сондай қасиет берген, дарын сыйлаған. Бауыржан атамыз «Алдымен қазақ бол, сосын адам бол!» деп өсиет етіпті, сол айтқандай Ұларбек ақын, ең алдымен - қазақ! Күллі дүниедегі ең ақын халықтың, сөз қасиетін ұғып, қастерлеген халықтың өкілі!

Ұларбек ақынның «Қанымдағы қасқыр иісі» деген алғашқы жыр жинағы 2010 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Тұңғыш кітаптың бас атауын иеленген өлеңде («Қанымдағы қасқыр иісі») ақын қасқыр-адам образын бейнелей отырып, қазақ үшін киелі саналған аң төресі - қасқыр ұғымына тереңірек үңілуге, қыры мен сырын жақсы білуге ұмтылдырады.

Қанымдағы қасқыр иісі -

Қаздар асқан таудан-дүр,

Қан жосылтқан жаудан-дүр.

Сағыныштар өртеген,

Сазға басам бауырымды ертемен.

Рухымды жеті көктен таппас бұл,

Берген маған, ана қасқыр,

Ақ қасқыр!

- деп басталатын ақын жырында қасқыр ұғымының көнеден жеткенін, аспаннан алынған, яки тегін дүние еместігін аңғартады. Енді бір сәтте қасқыр бейнесі ақынға ауысып, ақын-қасқыр образы сомдалып шығады. Көкжалдардың тау басында орманға қарап ұлитыны сияқты ақын жыры тап-таза табиғат аясын жаңғыртып, ұлан кеңістікке жайылып жатады.

Күңгір-күңгір орман жырын оқиын,

Үңгір-үңгір шоқыларда шоқиып.

Қаным тасып,

Қанымдағы жыр тасып,

Аймен бірге кеттім ұзақ қырқа асып.

Ақын бұл жырында образдарды ойнатумен қатар, қасқыр атаулының қасиеттерін де жырға қоса кетеді. Айталық, қасқырлардың қарысқан мойны басқа жаққа бұрылмайтынын, қақпан қапқан тірсегін тісімен қиып жүре беретін қайсарлығын жазу арқылы жыр мазмұнын одан сайын байыта түседі, одан сайын әрлендіре түседі. Сөйтіп ақынның қасқырға немесе қасқырдың ақынға айналу құбылысы жыр тілінде маржандай әсем өрнектеледі. Бұл өлеңнің түйіні де біз күткендегідей болмай шығады, оқиық:

...Сары ала күз, сары ала күз,

Сары ала!

Оралғанда құлазыған далаға.

Қуғыншының қаны жұққан тісіммен

Қақпанымды сүйреп кірем молаға...

Иә, қасқырда қақпанға түстім екен деп, қуғыншыға оңай тұтылатын мінез жоқ. Ақынның осы жырының сәтті шығуы - барлығымыз атын естіп, түсін түстегенімізбен, ол хайуанның ішкі мінез-құлқын, қайсыбір көзге түсе бермес қасиеттерін, жануар біткеннен айшықтап, даралап тұратын өзгеше болмыс, өзгеше жаратылыс қалпын қапысыз танып, терең меңгеруінде. Қойына шапқан түз тағысын қарғап-сілеудің орнынан айрықша ынтызарлықпен, ерекше сүйсініспен қарайтын қазақтың психологиясына жетіктігінде.

«Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» дегенді шығарған қазекең қасқырды қасқыр атамай, өзгеше атаулар беріп отырғаны баршамызға мәлім. «Көк бөрі», «арлан», «көкжал», «ит-құс», «ұлыма» деп атап, көп хайуаннан артық қадір тұтқан.

Көкбөрі - азаттық символы, еркіндік бейнесі. Цирк өнерін шығарған адамзат баласының қолына үйренбеген жалғыз аң да осы бөрі. Демек, бөріні басты тотемі етіп білген көне түркінің, бүгінгі қазақтың еркіндікке деген құштарлығы, аңсары осыдан-ақ байқалмай ма. Қазақ пен көкбөріні салыстыра айту мысалына атақты қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин «Кесік бас, тірі тұлып» хикаятында сонау бір қанқұйлы кезеңнің суретін жаза отырып, бас кейіпкер Жа-Ламаның бір қазақты тірідей сойып, терісін сыпыру сәтінде оның (қазақтың) қасқырға ұқсайтынын айтып, сүйсінетінін келтіруге болар.

Бөрілі байрақ көтеріп, шаң аралас қанды жорықтар жасап, жауының тізесін бүктірген бабалар мұратының ең асылы - азаттық. Ал азаттықты қасқыр бейнесімен бірге қарастырып, өзгеше үңілуіміздің де өзіндік себебі бар.

Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен.

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен...

Бөрі басы - ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым,

- деп жырлаған Сүйінбай баба жыры да мәңгілік ұран, мәңгілік сарын. Осы бір ұлы мұрат жолына ат ізін салып, жаңа жырларын туындатқан Ұлар ақын шығармашылығының өзектілігі де өз маңызын жоғалта қоймайтыны анық.

«Қанымдағы қасқыр иісі» кітабының аңдатпасында: «Жас ақын - Ұларбек Дәлейұлы Байтайлақтың бұл алғашқы жыр жинағынан адамзат өркениетінің бесігі болған ен даланы, Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі шығыс халықтары - Ғұн, Сақ тайпаларының айбынды жорықтары мен қанды майдандарының дабыл дауысы естілгендей болады. Шығыстың даңқты жеті жұлдызының жауһар жыр үлгілерін өзіміздің кәдімгі жыраулық сарынмен бірлестіре отырып, қазақы бояумен тамаша өрнектейді», - деп жазылған.

Десек те, Ұларбек ежелгі шығыс поэзиясы мен далалық бабалар жыры салған соқпаққа түсіп алып, содан қалған сарында кете бермейді. Арнасы кең, ауқымы зор осы екі поэзия үлгілерін жетік меңгеруінің арқасында қазіргі заманғы жыр тудыру ақын мақсатына айналғалы қашан. Парсы, Иран, ежелгі шығыс жырларының ерекшелігін игерген ақын шығармашылығының екінші қанаты, ол жыраулар поэзиясы десек қателеспеспіз. Шын жүйріктің (пырақтың) қолтығында кішкентай қос қанат біткен болса, Ұлар ақынның жалпы шығармашылығы екі қанатты болуымен дараланады. Егер сол қанаттардың бірі болмаған күнде сыңар қанатпен ұша алмаған құс баласын көргендей болар едік, шыңға шығар шығармашылықтың бір қайнауы ішінде қалғанын білгендей болар едік. Ақынның шығармашылық стилі өзгеден ерекшеленіп тұратыны сондықтан.

«Ақындық алдымен мида, одан кейін ойда, жүректе. Ұйқасқа құл болғандар ақын емес. Ақын болу үшін алдымен терең ой керек, тебіренетін жүрек керек», - деп жазыпты ұлтымыздың даңқты батырларының бірі Бауыржан Момышұлы. Ұларбек ақында көп ақындарда кездесе бермейтін бір нәрсе бар. Ол - жүрек. Жүрек болғанда барлық адамға тән, еттен жаралған, қызыл қаны сорғалап, тамыры адырайып дүрсілдете соғып тұратын жүрек емес, шығыстағы Хинган тауларынан бастап күнбатыстағы Альпінің қырлы шыңдарына дейінгі кешегі көк түріктің Ұлы Даласын қапысыз сүйе алатын; қара жердің астынан жоғарыдағы жеті қат көкке дейінгі аралықты түсіне, түйсіне алатын һәм кеудесіне сыймай атойлап тұратын үлкен Жүрек бар. Жүрекке үлкен деген анықтауыш қою арқылы біз жүректің көлемі, яки мөлшерін айтып отырған жоқпыз, ақ қағаз - ары, қара сия - қаны болған ақын баласының ең жанды жерінің ерекшелігін баса айтпақпыз. Иә, бұл жүрек - басқа жүректен өзгеше. Кешегі даңқты бабаларымыздың дала сүйген, түбінде бір қыл сақталған ұлы жүректерін ашып көрген ешкім жоқ, Ұлар ақынның да жүрегі сондай ма деп еріксіз таңданасыз. Өмірде көп нәрсенің жүрекке тікелей байланысты екені әмбеге аян. Осындай, қазіргі күнгі ақын деген ағайындардан табыла бермес ерекше жүрекпен Ұлардың таңдайына жыр қонған ақын болмауы, ақындық мінезге сай батыр болмауы мүмкін емес. Бүгінгінің оқымыстылары атақты ғалым Сахаровтың миының қарапайым адамдардікінен үлкен болғанын айтады. Ұлардың жүрегі асып бара жатқан үлкен болмауы мүмкін, бірақ сол ет-жүректің жалғыз ғана серті - Аспантауда күн астында туып, түнде жортып, кешегі бөрілі байрақ көтеріп, жорыққа аттанған түрік жұртының, бүгінгі қазақ ұлтының азаттығы үшін шығарға жаны бөлек.

Шүбәсіз, риясыз сенуге ақын өлеңдерін оқу, отты жырларын түсіне білу көз жеткізеді. Ендігі кезекте Ұларбек Дәлей баласының теңізді көтерген дауылпаздай жырына, жусандай сағыныш иісі бұрқыраған жырларының ой иірімдеріне, асқардың басынан ағылған сарқырамадай сөз саптауына үңілейік.

Тебінгісін тер басқан,

Бұқадай мойынын алты қарыс шел басқан,

Жолбарыстай шұбардың

Ақ таңға белін талдырып,

Төскейдегі ордалы жылан тобының,

Іргесінде алаң ұйқысын қандырып.

Ақ шатырдан айбалтасын ала ұшқан

Ата жауының тілерсегін қидырып,

Айдарын кесіп,

Ай тұмсық көн етігін сүйдіріп.

Бұл - ақынның «Тебінгісін тер басқан...» деген өлеңінен үзінді. Жалпы ақын жырларының тақырып аумағы белгілі - көне бабалар ғұмыры, жорықты жолдарының шежіресі, бірнеше буын, әлденеше дәуір ауысқаннан кейінгі кезең сипаты. Басқаша сөзбен ақынның өзі айтқандай, «Жазатын тақырыбым, әрине, Ежелгі Сақ, Түріктер дәуірі. Сол заманның қуанышы, қайғысы. Бұл - осы дәуірден жазатын тақырып таба алмағандығымнан емес, соңымнан ерген бір оқырман болса соған ошақтан ары аттасаң-ақ құшақ ашатын далалық мінездің, Бөрі тектің, адамдық ардың сұлбасын болса да жүрегінде бейнелеп беру. Соған талпындыру». Ең бастысы, ақын өзінің не жазып отырғанын, не айтқысы келгенін жақсы біледі, жақсы сезінеді. Сол жақсы біліп, сезінгендіктен ғой, оқырманды қинамай, миына шым-шытырық, елес көріністерді тықпалай бермей, анық та қанық жазады. Ол өмірді, ол ортаны өз көзімізбен көрмесек те, сөзден сұлу бейне жасайды. Бейнесі кәдімгідей қозғалып, сезімді түртіп, қанды ойнатып, бойыңызға бір белгі беріп әсер етсе - ақын мақсатының орындалғаны.

Ақын жырлары ХХІ ғасырда жазылды демесеңіз, дәл сол орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының жауһарындай дүние. Бойыңызда бағзы түркілік, бергі қазақтық бір тамшы қан болса, дүр сілкінбеуіңіз, рухтанбауыңыз мүмкін емес. Рухты да отты өлең жазып, бабалар үнімен бүгінгі ұрпақты жалғастыра алғаны үшін Ұларбек ақынды қазіргі қазақ әдебиетіндегі бірегей талант иесі дейтініміз сондықтан.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318